Қоғам - қатыгез. Сүрінгенді сүйейтін, жығылғанға жылы қабақ танытатындар қатары сирек. Тек қате басқанды күндеп, адасқанды аластауға әзір. Сөйте тұра қазіргі қоғам бұзылған деп бөсеміз. Ал сол қоғамның керегесін кімдер керетіндігіне мән бермейміз. Тек өзімізді идеал санап, өзгенің ішкі жай-күйіне үңіліп те көрмейміз. Өзге тұрмақ аялдамада жөнді киім кимеген жанды кездестірсек, бойымызды аулақ салып, жылдам кетуге тырысамыз. Ал жол торыған жезөкшені жолықтырғандағы жиіркенішіңіздің жайы бөлек. ...Ол анадан осылай туды ма?.. Жоқ. Ит тірлікке икемделіп, жан баққан нәзікжандылардың құпияға толы қилы тағдыры жаныңды түршіктіреді. Кездейсоқ кездескен жезөкшенің жан сыры саусақтарымды еріксіз пернетақтаға тартты.
ОЙНАП ЖҮРІП, ОТ БАСТЫ
Бірнеше ай бұрын үй маңындағы дүкеннен темекі сұрап жалынып тұрған жас қызды кездестірдім. Сатушы «онсыз да қарызың көп, қашан төлейсің, әлде қол шықпай жүр ме?», - деп бетін қайтарып жіберді. Жүзі төмен қараған күйі жас қыз «бүгін тапсам, беремін» деді қиылып. Қарызын ала алмай, ауызы күйген болса керек, сатушы ақыры темекі берген жоқ. Әңгіме ауанынан, қыздың кейпінен «түнгі көбелек» екенін аңғару қиын емес. Артынан жалма-жан шылым алып мен де шықтым. Бар ойым - тілдесу. Жол қиылысына жетіп қалған қызды қуып жетіп, темекі ұсындым. Жүзінде шарасыздық, әрі ашу бар қыз бажырая қарады. Ілтипатпен темекіні қайта нұсқадым. Бір талын алды да, басын изеп жүре берді.
- Мынаны да ал.
Ол маған селқос қарап:
- Не үшін? - деді.
Айтарға сөз таппай:
- Уақытың болса, аз-кем әңгімелесейік, - дедім.
Шамасы ол да жалғыздықтан жалықса керек, не қарсылық, не келісім ишарасын танытпастан, қорапты алды да жүре берді. Артынан еріп, аллеядағы ол отырған орындыққа қатарласа жайғастым. Темекісін тұтатып, құшырлана демін ішіне тартты да, будақтаған көк түтінді маңғаздана шығарып, шылым ұсынды. Бас тарттым да, «студентсің бе?» дедім. үнсіз, шылымын сорып, сорып алды да:
- Болғанмын. ...Менен сізге не керек? - деді төбеден ұрғандай.
Мен өзімнің журналист екенімді айтып, біраз әңгіме-дүкен құруды өтіндім. Орнынан атып тұрып, «мені түсіріп тұр ма?» деді. Сабырға шақырып, онымен кездейсоқ кездескендігіме және газет тілшісі екендігіме сендірдім. Ол екіұдай оймен орындыққа отырды. Әңгіме былай өрбіді.
- Қалаға үш жыл бұрын келдім. Грант бұйырмаған соң, әке-шешем қатардан қалмасын деп осындағы бір оқу орнына түсірді (кейіпкердің айтуымен оқу орнының аты көрсетілмеді). Алғашқыда жатақханада жаттым. Қалаға бой үйреткен соң, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, сайрандауға көштік. Содан жатақхана тәртіптеріне мойынсынбай бірнеше қыз пәтер жалдап тұрдық. Күнде сыланып-сипанып, клубтан шықпайтын болдық. Сондай бір кеште Нұрланмен таныстым. Менен төрт жас үлкен жігіт біраз есті көрініп, көңілім кетті. Оған мен де ұнасам керек, кездесіп жүрдік. Қай кезде де оның дегенінен шықпай, айтқанын істеуге тырысатынмын. Ата-анамның «ауылға қайт» дегенін ескерместен, ананы-мынаны сылтау етіп, жаңа жылды Нұрланмен қарсы алдым. Үйде қыздардың жоқтығын пайдаланып, екеуміз оңаша қалдық. Ол менен артық ешкімді сүймегендігін және сүймейтіндігін айтып, сұлу сөздерімен құшағына құлатты. Масайрап жатып, не бүлдіргенімді де байқамаппын. Таңертең құшағында ояндым. Өкінерімді не кімге өкпелерімді білмедім. Ал ол болса өткен түннің ерекше болғанын айтып, мені ешқашан тастамайтындығына иландырды. Кейін бұл қатынасқа етім де үйреніп кетті. Жігітімнің вахтадан келуін асыға күтетінмін. Бірнеше айдан соң аяғымның ауыр екендігін білдім. Сол сәтте сенген сүйіктім сырт айналды. «Сендей шөпжелкенің жүзін көргем. Әлдекімнен тапқаныңды маған таңба» деп кете барды. Еңіреп артынан ергеніме қарамастан, тастап кетті. Кейін телефон номерін де ауыстырып, біржола жоғалды. Мен басыммен қайғы болып жүріп, оқуды да жайына қалдырдым. Құрбыларымның кеңесімен баланы алдырудан басқа амал таппадым. Әке-шешемнің оқуға деп берген қаржысын шімірікпестен түсік жасатуға жараттым. Жұрт оқуын аяқтап елге қайтқанда, анама «жаз бойы жұмыс жасап, ақша табамын» деп таныс қызбен қалада қалдым. Аңқау анам сеніп, ақылымнан айналды. Не керек, сыртым бүтін, ішім түтін болып жүріп, құрбымның қасына дүкенге жұмысқа тұрдым. Жалақым аз, жұмысым көп. Жүргізуші ағайдың менде ойы барын бұрын да сезетінмін. Құрбымның үйде жоқтығын пайдаланған ол, түн ортасында үйге жеткізіп салып, арам ойын жүзеге асырды. Еңіреп жатқан маған «несіне жылайсың, ақыңды төлеймін» деп 5000 теңге тастап кетті. Кәсібім осылай басталды. Шофер ағай менің тұрақты клиентіме айналды. Жеңіл ақшаға дәнігіп алдым. Бұл әрекетімді Айман білген күні-ақ менен сырт айналды. Далада қалдым. Ұятты әлдеқашан жерлеген мені шофер «қамқоршым» бір жеңгетайдың қолына тапсырды. Мен оның үшінші қызы болдым. Клиенттерім көбейе түсті. Қыздардың ішінде жасы мен болғандықтан, бір түнде бірнеше адамды қабылдайтынмын. Мол қаржыдан ауылға да салып тұрдым. Анам байғұс: «Өзіңе жетсін. Бізді ойламай сабағыңа, денсаулығыңа қара», - дейді. Ал менде қайдағы оқу? Өзімді тап бір «түн ханшайымындай» сезінетінді шығардым. Көкірегіме нан пісіп, жеңгетаймен тапқан пайдамды бөліскім келмей, жанжалдасып қалдым. Ол мендей жеңілтектің жетіп артылатындығын айтып, үйінен қуып шықты. Енді міне, өмірден қанша таяқ жесе де сабақ алмаған бейшара, әр жерде бас сауғалап жүрмін,- деп көзіне жас алды.
Өңменге тығылған өксіктің нендей өкініштен үйірілгенін білмей мен отырмын. Десе де пәк көңілді қыздың қала «түлкісінің» тұзағына түсіп, тағдыры тәлкекке айналғандығына аянышпен қарадым. Біршама үнсіздіктен соң, «енді осылай жүре бермексің бе, ауылыңа қайтып, жаңа өмір баста» дей бергенім сол еді, орнынан атып тұрып, «ақылың өзіңе, маған оңай дейсің бе» деді де асығыс жүріп кетті. Аузыма сөз түспей, тек ойымда Әлібек Шегебайдың:
Адаммын ғой, аңсаймын ауылымды,
Ата-анамды, туысқан, бауырымды.
Білмейді ғой, әттең-ай, олар бірақ
Менің мына сайтани «сауығымды», - деген өлең жолдары сайрап тұрды.
Әлі әлсін-әлсін сол маңнан Әселді іздеймін. Кездестірмедім. Мүмкін, тұрақты мекен жайы жоқ, көкек өмір кешіп жүрген талдырмаш қыз қайта тамұққа түскен болар...
ӘКЕСІ ОТЫР ТҮРМЕДЕ, ШЕШЕСІ ОНЫҢ ТҮН КЕЗБЕ
Бір танысым үш жастағы сүп-сүйкімді баланың күтушісі. Алайда оның қызметі өзгелерден өзгерек. Ол күндіз емес, баланың түн ұйқысының тыныштығын күзетеді. Ал анасының «қызметі» түнде қызады. «Жансу жетіскеннен жезөкше болып жүрген жоқ. Амалы құрыған әлсіз әйелдің бұл - лажсыз әрекеті», - дейді танысым.
Жансудың жеті жасында әкесі мен шешесі ажырасып, шынашақтай қыз әкесінің қолында қалады. Жалғыздыққа шыдамаған әкесі ішкілікке салынып, жоқшылықтың тауқыметін тартады. Оқуға да мұршасы келмеген бойжеткен 19 жасында тұрмысқа шығуды жөн көріп, бір жігіттің етегінен ұстайды. Алайда қырсық бір айналдырса, шыр айналдырмай ма? Ә дегенде маңдайынан сипамаған тағдыр Жансуды тағы сынға салады. Күйеуі кездейсоқ төбелеске қатысып, 20 жыл бас бостандығынан айырылады. Қайын жұрты «қайғы сенімен қатар келді» деп, келінді қуып шығады. Тағдырының бойжеткенге деген тосын сыйы мұнымен таусылмаған екен. Далада қалғанда жүкті екенін біледі. Бір басына мың тауқымет артқан тағдырына налып, өз-өзіне қол жұмсамақ та болады. Бірақ құрсағындағы шарананың жанын қимай, сүйенер сүйеуінің жоқтығына қарамастан босануға белін бекем буады.
Жесір, үріп ауызға салғандай сұлу қызға көз сүзетіндер қатары көбейеді. Қаржыдан қысылған ол есті түрде харам жолмен табыс табуға кіріседі. Алайда көшеге шығып көрінгеннің балағына жармаспайды, арнайы шақырыстарға шығып жүреді. Бірнеше айға қажетті қаржыны жинап, босанып та алады. Сақтаған ақшасы сарқылғанда, кәнігі кәсібіне қайта кіріседі.
Бүгінде Жансу ауқатты адамның «куыршағы». Жеке үймен қамтыған ол адамның да талабы бар. Тек өзіне ғана қызмет етуді шарт еткен. Алайда «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген. Өзіне қанша серт берсе де, түнгі «кезекшілігіне» шығып кете береді. Бірақ ол ана екенін ешқашан ұмытқан емес. Баласы дегенде бәріне даяр. Әу баста-ақ баласы үшін тірі өлікке айналып күн кешерін білген. Өзі ішер ас, киер киімге жарымағандықтан, баласын барынша қамтуға тырысады. Қамтамасыз етіп те жүр. Тек ертеңгі күні ананың амалсыз жасаған құрбандығын балақай түсінер ме екен? Әй, бірақ...
ТҮЙІН.
«Жасырайын несіне жан жарасын,
Аздап рас, басында арланасың.
Етің өліп кеткен соң, ит тірлікке
Икемделіп, ас ішіп, жан бағасың». («Жезөкше мұңы»)
Ж.ҚҰРБАН
- Психолог пайымы
Раушан БАЗАРБАЙ, психолог-психоталдаушы:
ПРОТЕСТТЕН АРЫЛУҒА БОЛАДЫ
Жыныстық сезімталдық - табиғи қасиет. Ол жыныстық қатынаста болмаған әлі пәк қыздарда да болады, яғни өз-өзін мастурбациялық түрмен қанағаттандыру. Ол үшін бұл әрекетті айыптаудың қажеті жоқ. Ол - табиғи қажеттілік.
Бұл мәселені бір жақты қарауға болмайды, өйткені оның әртүрлі себептері болады. Мысалы, өзін-өзі тыя алады деген әйел адам, мүмкін сексуалдық түрде жетілмеген, немесе шошынған болуы мүмкін, немесе тағы сан алуан себептерге байланысты сексуалдық қажеттілігін білдіртпей, тұншықтырып жүрген болар. Жалпы, сексуалдық қажеттілікті ұятсыздық деп қарауға мүлдем болмайды, солай қарағанның салдарынан әйелдер түрлі сырқаттарға тап болуы да ықтимал.
Егер де мәселе төңірегі жезөкшелікте болса, онда оның себептері мен салдары тіптен басқа. Қаражат тапшылығы, сана төмендігі, ішкі комплекстерден арылу амалы деп қарастыру керек.
Көбіне жезөкшелер сексті мүлдем ұнатпайды да. Тек сұраныс бар болған соң, қаражат қажеттігіне ұласып, тұтынушыны қанағаттандыру амалдарын ғана жасайды. Өзіндік ләззат алу туралы мұнда сөз қозғаудың да қажеті шамалы.
Нәсіпқұмарлыққа әкелетін себептердің бірі - психологиялық «протест» - «Қарсылық». Яғни өзінің өміріндегі белгілі бір жағдайларға қарсылық ретінде, мысалға ата-анасына қарсылық, немесе алғашқы сүйіктісіне ерегісу, немесе қоғамдағы өзіне деген көзқарасына қарсы тұру әрекеті. Бұл, әрине, психологиялық әлсіздікке жатады. Мұндай протесттерді психологтың көмегімен шешуге болады.
Жалпы, сексуалдық қажеттіліктерге өзіне тыйымдар салу, ол тек сексуалдық тұрғыда сауаттылық болғанда ғана құпталады. Яғни сауаттылық деп бұл жағдайда жыныстық серіктесті дұрыс таңдауында, кез келген адаммен емес белгілі бір талаптарға сай келетін, қалауы оянатын жағдайда ғана дұрыс деп қабылдауға болады. Ал жезөкшелікке ұрыну ол тек қаражат мәселесін шешу, басқа амалы жоқ деп сезіну, яғни бұл өзін-өзі төмен санау комплекстерінен пайда болады. Өзін бағаламаудан қалыптасады. Ол психологиялық дерт, емдеуге болады. Ең бастысы, жан дүниесін билеген комплекстерден арылту. Сонда ғана адам өзіне басқа көзбен қарап, сексуалдық қажеттілігін өзіне қажетті мөлшерде және ләззат алатындай етіп қанағаттандыра алады. Екеуара ләззат болмаған жағдайда сексуалдық қажеттілігін қанағаттандыру мүмкін болмайды.