Жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесін енгізу керек пе?

Әлемде 2010 жылы 950 табиғи және антропогендік апат тіркеліп, оның экономикаға келтірген шығыны 222 млрд долларды құрапты. Оның ішінде Гаити мен Қытай, Чили, Жапониядағы жер сілкіністері, Пәкістандағы су тасқыны, Мексика бұғазындағы төгілген мұнай зардаптарының шығыны орасан зор. Адам шығынына жол берген Қазақстандағы Қызылағаш трагедиясының да техникалық және табиғи себептері бар екені белгілі. Осы фактілер мен дүниежүзілік тәжірибеге сүйенген отандық сақтандырушылар соңғы кездері жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан міндетті сақтандыру керек деген мәселені көтеріп жүр. Бұл ұсынысты таяудағы онлайн сұхбатында Ұлттық банк басшысы Г.Марченко мырза да қолдапты. Дегенмен халқымыздың басым бөлігі айлығы шайлығынан аспайтын әлеуметтік топты құрайтынын ескерсек, қоғамымызға мұндай сақтандыру түрін міндеттеу артықтау емес пе деген пікірлер де бар. Жалпы, елімізде жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан міндетті сақтандыру керек пе?

Мұрат Қылышбай, «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары
Иә

– Таяуда біздің сақтандыру ком­па­ния­мыз жылжымайтын мүлікті табиғи апат­тан міндетті сақтандыру мәселесін кө­теріп, арнайы баспасөз мәслихатын өт­кізген болатын. Әрі бұл іске Үкіметтің де атсалысуын сұрап отырмыз.
Жалпы, дүниежүзілік тәжірибеге сүйе­нетін болсақ, зілзала қаупі жоғары мем­лекеттерде – Түркияда, Жапо­ния­да, АҚШ-та, Жаңа Зеландияда осындай сақтандыру міндетті түрде жүргізіледі. Өздеріңізге белгілі, соңғы кездері Қазақстанда да табиғи апаттар үдеп тұр. Сейсмологтар Қазақстан халқының 20 пайызға жуығы шоғырланған Алматы облысы мен Алматы қала­сы­ның қауіпсіз емес екенін ескертіп отыр. Ал мұнда 44 млн шаршы метрге жуық тұр­ғын үй орналасқан. Қаржы жүйе­сі­нің ең шоғырланған аймағы да – осы өңір. 
«Сақтағанды Құдай сақтайды» демекші, алда-жалда қиын жағдай орын алса, мемлекет орасан шығынға батары сөзсіз. Сондықтан өзге мемлекеттердің тәжірибе­сіне сүйеніп, бізге де табиғи апаттардың сал­дарын жабу қорын құру керек деп есеп­тейміз. Бұл қордың пішіні мен пошымы әр мемлекетте әртүрлі. Соның ішіндегі бізге лайықтысын таңдап алуымыз қа­жет. Негізі, нарығымызда актуралық қо­ғам мен бірлестіктер жұмыс істейді. Міне, осын­дай қордың, жалпы зардаптың шы­ғы­нын есептейтін – солар. Қордың мөл­шерін белгілеп алғаннан кейін, оған сақ­тан­дырушылар­дың, сонымен қатар Үкі­мет­тің қатысуы қандай деңгейде болатынын шешу керек.
Бүгіндері жылжымайтын мүлікті табиғи апаттан сақтандыру ерікті түрде жүр­гізі­леді. Мұндағы полис келісімшарт­тың күр­делілігіне қарай 5 мың теңгеден басталады. Ал 5 мың теңгенің полисіне сақ­тандыру компаниясы 500 мың теңгеге дейін төлем жасайды. Әзірге нарықтағы бұл сақтандыру түрін пайдаланушылардың аясы тар. Сондықтан болашақта төлем көлемінің төмендейтінін болжап отырмыз. Қалай дегенмен де, бұл арада жылжымайтын мү­лікті табиғи апаттардан мін­детті сақтанды­ру­дың бір адамға шаққандағы құнын дөп ба­сып айту қиын. Ең алдымен, ол үшін осы не­гізде құры­латын қордың көлемін актуарийлер белгілеуі тиіс. Сонда шыққан ци­фр­­ды әрбір қазақстандықтың басына шақ­қанда бұл реттегі тарифтің көлемі шы­ға келеді.
Ал енді Қазақстанға қай елдің сақтан­дыру үлгісі сай келеді дегенге келсек, біз еліміздің сақтандырушылар қауымдасты­ғына мүше компаниялар, Түркияның үл­гісі лайық болар деген пікірге тоқталып отыр­мыз. Бұл жүйе бойынша, мемлекет апат­қа қарсы пул құрады да, сақтандыру ком­па­ниялары тұрғын үй иелерімен келі­сімшарт­қа отырады. Әркім өз тұрғын үйін сақтан­ды­рады, ал пулдың өзі халықаралық компаниялар тарапынан қай­та сақтанды­ры­лады. Демек, салынған қаржы жойылып кетеді деген күмән болмайды.

Алғатбек Қыдырбекұлы, халықаралық экономика сарапшысы
Жоқ

– Жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан міндетті сақтандыру керек дегенге мен түбегейлі қарсымын. Яғни сақтандырушылардың тағы бір қосым­ша қаржы көзін ашып, оның үстінен пайыздап пайда табуына, солайша халықты ақымақ қылуына наразымын. Ал сақтандырушыларға жұрттан ақша тар­тудың басқа бір ақылды амалын ойлап тапсын деп кеңес берер едім.
Құдай оның бетін ары қылсын, бі­рақ алда-жалда үлкен апат бір аймақты жайратып кетті делік. Оның орасан шы­ғынын біздің нарығымыздағы бар­лық сақтандыру компаниясының ка­питалын қо­сып жіберсек те, өтей ал­май­мыз. Яғ­ни отандық сақтандыру нарығын, оның қар­жылық мүмкіндігін ше­тел­дік­тер­мен мүл­де салыстыруға кел­мейді. Олар, біріншіден, сол халық­ара­лық деңгейге жетіп алсын, содан кейін жоғарыдағыдай мә­селе көте­ру­ле­ріне болады. 
Қазақта «көрпеңе қарай көсіл» деген жақсы сөз бар. Біздің сақтандырушылар осыны елеп-ескермей, қоғамда нақты мә­селе емес, дабыра сөз қозғап жүр.
Ал егер жылжымайтын мүлікті табиғи апаттан міндетті сақтандыруды енгіздік де­лік. Мен Ақтөбеде тұрсам, неге мүлкімді зіл­заладан сақтандыруым тиіс?! Сол секіл­ді су тапшы аймақта мекендеп, неге су тасқынынан сақтандыру жасауым керек?! Міне, халық арасында осындай на­р­а­зылықтар туындай бастайды.
Мәселен, жүргізуші жауапкершілігіне мін­детті сақтандыру жасап, жылына 20 мың теңгедей ақша төлейміз. Осы күнге дейін соның қызығын көріп, жетісіп жүр­ген бір жүргізушіні көрген жоқпын. Сақ­тан­дыру төлемін алу үшін, ерінбесең, екі ай сабылып жүруің қажет. Олай ешкім де жүрмейді. Қазір уақыт – ақша. Есесіне сол сақтанды­рудан түскен ақшаның қызығын сақтандыру компаниялары көріп отыр. Яғни олар қордағы ақшаны қаржылық ұйым­дардың айналымына салып, үстінен па­йыздап пайда тауып жүр. Жинақтаушы зей­нетақы қор­ла­рындағы жағдай да – солай. Осыны көріп-біліп отырып, енді жылжымайтын мү­лікті міндетті сақтандыруды қоштасақ, оны ха­лық қолдай қоймас деп ойлаймын.

ДЕРЕК
Түркия. /Зілзаладан міндетті сақтандыру/. Апат қоры 1999 жылғы зұлматты жер сілкінісінен кейін 2000 жылы құрылған. Ол жер сілкінісінен кейін қирап қалған баспананы жаңадан салу немесе бүлінгенін түбегейлі жөндеп беруді мемлекет тарапынан қаржыландыруды мақсат етеді. Мұндай сақтандыру құны келісімшарт күрделілігіне қарай 35 евродан басталады. 2000 мен 2003 жылдар аралығында мұнда шамамен 50 зілзала тіркелген. Осы факті бойынша 7 млн доллар төлем жасалған.
Франция. /Сақтандырылатын қауіп-қатерлер – су тасқыны, жардың опырылып түсуі, өрт/. Caisse Centrale de Reassurance (CatNat) қорғаныс жүйесінің негізі 1982 жылы қаланған. ССR – мемлекеттік қайта сақтандырушы компания. 1982 және 2005 жылдар аралығында француз үкіметі 110 000 рет табиғи апатты тіркеген, осы жылдар барысында шамамен 6,5 млрд евро төлем жасалған.
Жапония. /Сақтандырылатын қауіп-қатерлер – зілзала/. Зілзаладан сақтандыру – мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Бұл арада үкімет пен сақтандыру компаниялары қауіп-қатер тәуекелін өзара бөліседі. 1964 жылғы Ниигатаның талқандалуы міндетті сақтандыру бойынша үкіметтің түбегейлі шешім қабылдауына ықпал еткен.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста