Біздің елімізде әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыларды шамамен 4,2 млн адам алады. Деректерге жүгінсек, биылғы жылы сол 4,2 млн адамға 1,1 триллион теңге мемлекеттік төлем төленген. Осы іспетті деректерді тізбелегенде бірқатар сарапшы қауым «халқына мұндай әлеуметтік төлем төлеуге әлемдегі дамыған мемлекеттердің барлығының күші жете бермейді» деседі. Тіпті мамандардың пайымдауынша, соңғы кезде атаулы әлеуметтік мемлекеттік көмектерді өсірген сайын сол көмекті заңды-заңсыз тұрғыда алып қалғысы келетіндердің сапы да күрт өскен. Міне, мұндай жайттарды ескерсек, болашақта біз үшін еңбек қоғамын құру анағұрлым тиімді болмақ. «Еңбекшіл қоғам құру арқылы біз жұмысқа құлқы жоқ, шынайы еңбектенгісі келмейтін жалқаулардан арыламыз. Кеңестік тілмен айтқанда, жатыпішерлердің еңбекке деген ынтасын ашқанымыз жөн» дейді мамандар. Бұған байланысты тіпті «жатыпішерлік туралы» бапты енгізу қажет деген ұсыныс білдіргендер де болды. Осы тұста біз аталмыш сауалды мамандар талқысына салып көрдік...
Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты:
иә
– Жалпы, жатыпішерлік туралы бап бізге қажет. Мұны қолдау керек. Әрине, біз бұлай десек, бұл пікірімізді бірқатар қоғам өкілдері түсінбей қалуы да мүмкін. Өткенде біраз Мәжіліс депутаттары «мемлекетке масылдықтан арылуға шақырғанда» біраз қауым дүрлігіп, осы пікірге соншалықты қарсы лап берген болатын. Бұл жерде мәселені тереңінен түсінген абзал. Біз қазірде инновациялық экономикаға бет бұрған мемлекет ретінде алдымен еңбекшіл қоғам құру арқылы халықтың белсенділігін арттырғанымыз абзал. Егер біздің мемлекетімізде халықтың басым бөлігі еңбек қоғамында өмір сүруге ниеттеніп, жоқтан бар жасап, тырбанып тырысса, жалқаулықтан арылса, сөзсіз, бұл – жақсылықтың нышаны.
Сол жақсы істерге қол жеткізу үшін бірінші кезекте, әлбетте, арнайы шаралар қарастыруымыз керек. Міне, жатыпішерлік туралы арнайы бап енгізу сол шаралардың бір бөлігі. Егер болашақта жатыпішерлік туралы бап қабылданар болса, біріншіден, әлеуметтік заңнама жаңарады. Екіншіден, әлеуметтік еңбек қатынастарының тиімді үлгісі қалыптасады. Үшіншіден, еңбекке қатысу арқылы қазақстандықтардың өмір сапасы артады. Бұған қоса, әлеуметтік жаңарудың мәдени компоненті дамиді. Ең бастысы, әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесі қалыптасады. Қазір біздің мемлекетімізде 4,2 млн халық мемлекеттік әлеуметтік көмекке жүгінеді. Ауылдық аймақтар халқының 80 пайызы сол мемлекеттен берілетін атаулы көмектерге иек артып күн көріп отырған жайы бар. Тіптен қол-аяғы балғадай, қарулы жігіттердің өзі жұмыс істеуден қашқақтап, баласына бөлінетін немесе арнайы жұмыссыздықпен қамтуға қатысты мекемелердің тарапынан берілетін жәрдемақыға сеніп күн кешуде. Мұндай үрдістер жалпыға бірдей еңбек қоғамын қалыптастыруға кері ықпал етеді. Демек, біз үшін жатыпішерлер мен жалқауларға жауапкершілік жүктейтін арнайы бап болғаны жөн. Мен мұны қолдаймын. Сондықтан «мұндай бап керек» деп ашып айта аламын. Бұл мемлекеттен бөлінер болмашы жәрдемақыны халықтан «қызғанғаным» емес. Керісінше біздің халық сол жәрдемақымен күнелтпей, мемлекетке алақан жаймай, өздігімен тәуелсіз тұлға ретінде гүлденіп, «өзін-өзі толыққанды қамтамасыз ете алатын деңгейге жетсе екен» деген халыққа жанашыр пейілден туған пікір. Сондықтан мұны теріс түсінбейтін шығарсыздар. Егер біз өркениеттіліктің биігінен көрінгіміз келсе, мұндай ұсыныстарға оң көзқарас танытқанымыз жөн.
Өмірәлі ҚОПАБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Мына ұсыныс ақылға қонымсыз дүние. Жатыпішерлерді жазалау, оларды жауапкершілікке тарту Кеңес өкіметі тұсында болған. Ол кезеңдері жұмысшы таптың жауапкершілігі мықты болатын. Өкімет жұмыс берді ме, соны сен жатыпішерлікке салынбай істеуге міндетті едің. Әрине, кеңестік заман маманға жұмыс тауып бере алды. Сосын барып одан жауапкершілікті талап етті. Ал қазір біздің елімізде жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайызды құрады. Бұған бірдеңе етіп тырбанып, өзін-өзі жұмыспен қамтып, отырған қауымды қоссақ, көрсеткіш одан әрі өседі. Ойлап қарасақ, елімізде жұмыссыз «екі қолға бір күрек таба алмай» жүрген қауымның саны да аз емес.
Демек, бұл жерде біз халықты жұмыспен толыққанды қамти алмай отырып, қалайша оларды жатыпішерлердің санатына қосып жібереміз. Өзі жұмыссыз, жағдайы төмен отбасы болмашы жәрдемақымен күнелтіп отырған қауымды қалайша жатыпішер деп, қалай ғана арнайы баппен жауапкершілік жүктеуге болады?! Бұл тіптен қажет емес. Мұны мен қолдамаймын. Заңдық тұрғыдан алып қарасақ, мұның өзі адамның құқығын шектеумен пара-пар жайт. Бізді қазірде әлем елдерінің дені демократиялық мемлекет ретінде таниды. Осылайша демократиялық ел атана отырып, арнайы бап енгізіп, адам құқығын шектеумен айналысқанымыз тіпті қисынға келмейді. Ақыр соңында мұндай арнайы бап енгізер болсақ, сол жаңағы сіз бен біз тілге тиек етіп отырған «жатыпішерлер» өздерінің құқығын айтып шыға келеді. Сондықтан бұл оң нәтижемен жүзеге аспайтын дүние. Осыған орай айтарым, бұл елдегі мәселені шешудің бірден-бір басты тетігі емес. Егер біз енжарлықты, жатыпішерлікті тыямыз десек, шынымен де, оң нәтиже беретін оңды жұмыстар жасауға дағдыланғанымыз жөн. Қазіргі заманда «мемлекетке масыл болып отырған жатыпішерлер толып жүр» дегенге сене қою қиын. Керісінше ас-ауқатына мардымсыз қаржы жұмсап күнелтіп жүргендер көп. Әрине, мұндай ұсыныстарды айтып отырған тараптың дені халықты осы арқылы жалқаулықтан арылтамыз, жауапкершілігін арттырамыз деп ойлайтын шығар. Бірақ қоғамның өкілі ретінде айтарым, халық мемлекеттің қолдауын қай кезде де мықтап сезінуі керек. Халықтың қолайлы өмір сүруіне қазірде жағдайлар жасалып, түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, болашағы зор жобалар назарға ілігіп, экономикамызды жаңашылдыққа, технологиялық дамуға бейімдеуге барынша бейіл танытылып жатыр. Міне, осы жайттар әрі қарай жалғасын табуы керек. Өркениетке деген ұмтылыс халықты өзінен-өзі енжарлық пен жатыпішерліктен алып шығады. Сондықтан үнемі даму жолында халықтың еңсесін көтеріп отырғанымыз жөн. Халықты қолдау – мемлекеттің парызы.
Бейтарап пікір
Сапабек ӘСІПҰЛЫ, жазушы-ғалым:
– Қазаққа қойылатын негізгі айыптың бірі жұрт қазақты жалқау, жатыпішер дейді. Мен мұндай пікірлерді мүлде қолдамаймын. Біздің қазақ халқы – жатыпішер емес, керісінше, қай кезеңде де еңбектен мехнат тауып, бейнетінің зейнетін көргісі келетін қауым. Қазір біздің жеріміздің үштен екісі, яғни 67 пайызы шөл және шөлейтті аймақтар. Бұларды ғылым тілінде «адамның күнкөрісіне мейлінше қолайсыз аймақтар» деп есептейді. Өнеркәсіп дамытпақ түгіл, ол аймақтарда күн көрудің өзі тауқымет.
Бұған қоса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «қазақ халқының орташа өмір сүру жасы 60-65 жастан әрі аспайды» деген есеп-қисап шығарды. Біздің ел ең ұзақ жасады дегеннің өзінде 80-90 жастың аралығын құрайды екен. Көрдіңіз бе, қазақ ұзақ ғұмыр жасай алмай отыр. Оның барлығы елдің салауатты тірлік кешуіне әлі де толыққанды жағдай жасалмай отырғандығында. Сондықтан нақ қазір жатыпішерлерді жауапқа тарту туралы сөз ету әлі ертерек. Мұндай әңгіме қозғау үшін алдымен халықтың өмір сүруіне толыққанды қолайлы жағдай туғызып барып бұқараға жауапкершілік жүктеу керек.