Интернет технологияларын көзге ілеспес жылдамдықпен дамытып отырған алпауыт елдер, бұл салада монополиске айналып бара жатқандай. Десек те, шексіз ғаламтор кеңістігінде шама-шарқында өз орнын айқындауға кім-кімнің де ықтияры жоғары екені даусыз. Әйтсе де ақпараттық бәсеке белең алған бүгінгі жаһанданған әлемде баршаға ортақ ғаламтордың мүмкіндігін әркім өзіне тиімді пайдаланып қалғысы келетіні – шындық. Бұл ретте әлеуметтік желілердің алатын орны ерекше. Алайда интернет игілігін енді-енді танып-біліп, заманауи инновациялық жобаларды жүзеге асыра бастаған қазіргі қазақ қоғамының өзінің төл әлеуметтік желісі құрылмаған. Ал қазақтілді интернет тұтынушылар өзгенің ұсынған желілерін пайдалануға мәжбүр. Осы орайда «неге біз өзіміздің отандық әлеуметтік желімізді құрып алмаймыз» деген де ой келеді. Алайда біздің қазіргі жағдайымызда өзгемен бәсекеге түсе алатын отандық әлеуметтік желі құру мүмкін бе? Бұл ретте мамандар пікірі де – әрқилы.
Ертай Нүсіпжанов, «INSPIREmedia» продюсерлік орталығының басқарушы директоры:
иә
– Иә, әбден мүмкін. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, осыдан шамамен он жыл бұрын «интернет» деген атау біздің қоғамға біраз түсініксіздеу болған. Әлі есімде, сол уақытта мен оқыған университеттің кітапханасындағы интернет залына студенттер кезекке тұрып, онда алдын ала талон алып кіретінбіз. Сонда жастар интернет желісінің электронды пошта, «online-chat» сияқты қарапайым функцияларын ғана қолдануды білетін. Сәл кейіндеу, қазақ жастарының басын қосқан Қазақстандағы алғашқы интернет-форумдар пайда бола бастады. Меніңше, қазақ сайттарының қарқынды даму кезеңі осы уақытқа тән. Бұл жағдай осыдан бес жыл бұрын қандай еді?!
Қазір бұл уақыттан қатты алыстай қоймадық. Бірақ еліміздегі ақпараттық техника саласының қарқынын, бес жыл бұрынғы жағдаймен салыстырып айтсақ, айырмашылық өте көп. Сол уақыттағы ІТ саласындағы үздік деп саналған маманды алмастыратын жаңа толқындар да пайда болды. Бүгінде қазақ сайттарының арнайы конференциясы өтіп, қоғамда әлеуметтік желілер төңірегінде қызу талқылаулар жүріп жатыр. Бұл қазақ сайттарының дамылсыз дамып жатқандығын байқатады. Себебі бізде он жыл емес, жиырма жыл уақыт өтсе де, мұрты бұзылмаған немесе әлі де жақсы бір нәтижесін бере алмай келе жатқан өзге де мәселелер бар. Сондықтан алдағы бес жылдықта да үлкен өзгеріс болары сөзсіз.
Оның үстіне, қазақ тіліндегі әлеуметтік желілерге қоғамның сұранысы да жоғары. Ғаламтордағы көп қызметтердің арасындағы танымал ресурстардың бірі – әлеуметтік желілер екені де белгілі. Мен біздің орталықта қызмет ететін арнайы кәсіби мамандармен кеңестім. Бүгінгі таңда біздің елде онға жуық әлеуметтік желі болса, олардың бірнешеуі ғана халықаралық стандартқа сәйкесе алады екен. Өкініштісі, әзірге олардың арасында қазақ тілдісі жоқ болып тұр. Ал қазақтілді әлеуметтік желілерді жасақтауға бізде ресурс та жеткілікті. Әлеуметтік желілерге ортақ белгілер: қолданушылар арасындағы өзара белсенді байланыс, жалпыға ұсынылатын профильдік ақпарат, құжаттар, басқа қолданушылардың профильдік ақпаратын, материалымен танысу, бөлісу, қолданушылар әрекеті туралы ақпарат алып отыру сияқты бірқатар қарапайым ерекшеліктерімен анықталатыны белгілі. Ғаламтор қызметін қамтамасыз ететін хостинг, провайдер қызметі, веб сервер, ІТ қолдау қызметімен қоса, сайт жасау технологиялары, әлеуметтік инженерия сияқты бірқатар пункттер неғұрлым дамыған сайын, соғұрлым сайт сапасы, функционалдығы, ыңғайлылығы мен тартымдылығы арта түсері анық.Сайт жасаудың көптеген жобаларға ортақ, қарапайым топтарын жіктеп жіберсек: жоба жетекшісі, дизайнер, беттеуші, интерфейс кодтаушы, веб платформа жасақтаушы, контент маманы, веб аналитик және т.б. яғни, бір жоба құрамында бірнеше бағыттық мамандар еңбек етуі талап болып тұр.
Ақпараттық технология кеңістігінде аты шыққан талантты тұлғалар жетерлік. Ондай азаматтар қазақы ортадан да шығары сөзсіз. «Қазақы қоғамға арналған заманауи веб ресурс қазақы ортада өскен, көзі ашық, сауатты, білімді, зымыраған уақыт жаңарған сайын жарияланып отыратын ғылыми, танымдық жаңалықтан әрқашан хабардар болып жүретін азаматтарымыздың қолынан келеді» десек, артық айтпағанымыз болар. Демек, өзіміздің отандық әлеуметтік желіні құрудың мүмкіндігі зор деп айта аламын.
Ерлік Ержанұлы, «ҚазАқпарат» агенттігінің Алматы қосынының аға тілшісі:
жоқ
– Дәл қазіргі уақытта бізге өзіміздің дербес отандық әлеуметтік желі құруға аса қажеттілік туып отырған жоқ. Оның үстіне, бізде мемлекеттік тілде интернет тұтынатын адамдар контингенті өте ауқымды емес, ақпараттық нарығымыз да соншалықты үлкен емес. Сонымен қатар, еліміздің көптеген шалғай аймақтары үшін ғаламтор әлі де болса қолжетімсіз болып тұр. Сондықтан да біз бұл мәселеде технологиясы мықты дамыған елдермен айтарлықтай бәсекеге түсе алмаспыз. Тіпті, аясы зор, мықты бір әлеуметтік желімен бірлесіп, өзіміздің ішімізде ғана пайдалануға болатын қазақ тіліндегі жеке желі ашқанның өзінде, жобаны үйлестірушілер бұдан қаржылай пайда да таба алмайды.
Ал бүгінгі нарық талаптары – қатал. Осы орайда қазақстандық тұтынушылар интернет кеңістігінде әлдеқашан қалыптасып үлгерген әлеуметтік желілердің ішінен өз орнын айшықтап алғанының өзін олжаға балап отырмыз әзірге.
Бүгінгі күні бірқатар елдер төл әлеуметтік желілерін дамыту үшін өзгенің ұсынып отырған желілеріне шектеу қойып, қажет жағдайда тыйым салып та отыр. Мұндай қадам ең бірінші кезекте ақпараттық қауіпсіздік мәселесінен туындап отыр. Мысалы, бірқатар араб елдеріндегі төңкерістер мен Батыстағы толқулар негізінен ғаламтордағы әлеуметтік желілер мүмкіндігін пайдалану арқылы орын алған. Бұл ретте бүгінгі Қазақстан ашық қоғам ретінде, қоғамның барлық саласын құқықтық негізде, тиісті заңмен реттеп, жүйелеп отыруға бейім. Біздің жағдайда әлеуметтік желілер ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп тұрған жоқ. Оның үстіне, қазақстандық интернет тұтынушылар әлеуметтік желілерді енді-енді игере бастады. Сондықтан болар, бізде интернет пайдалану мәдениеті қалыптасып үлгермеген. Кім не болса, соны айтып, кім не болса, соны жазатын жайттар аз емес. Сол себепті интернетті белгілі бір деңгейде бақылауға алып, ондағы ұсынылатын дүниелерді мүмкіндігінше сүзгіден өткізіп отыру қажет. Бірақ бұл жерде де тіл мәселесіне келгенде біршама қиындықтар бар. Өйткені кейбір желілерде қазақ тіліндегі таңбаларды қолдану мүмкін емес. Кезінде бірқатар қазақ зиялылары «Mail.Ru» үйлестірушілеріне қазақ тілін аталған желіге енгізуге байланысты ұсыныспен шыққанын білеміз. Алайда ондағы IT мамандар ол ұсынысты қабылдамады. Есесіне, қазіргі кезде қазақтілді тұтынушылар «Facebook», «Twitter» желілерінде белсенді бола бастады. Себебі мұнда қазақ әріптерін таңбалау жағынан проблема жоқ. Мұның сыртындағы біз «В контакте», «Одноклассники» сынды тағы бірнеше әлеуметтік желілерді пайдаланамыз. Олардың әрқайсысы – бір-бірімен толық бәсекеге түсе алатын, аудиториясы өте ауқымды желілер. Осындай ақпараттық интернет технологияларымен тайталаса алатындай біздің қаншалықты мүмкіндіктеріміз бар? Осы тұрғыдан алғанда «біз өзіміздің жеке әлеуметтік желімізді құрамыз деуіміз босқа ақша шашу, тыраштану сияқты әрекет болып қалмай ма?» деген де қауіп жоқ емес. Қазір мемлекет тарапынан қолдау болып, алдағы 2025 жылдары латын қарпіне көшу межеленіп отыр. Осындай қадамдар бізге интернет кеңістігінде бәсекеге қабілетті болуымызға жаңа мүмкіндіктер ашып бермесе, әзірге өзгенің қолданысындағы желілерді өзіміздің пайдамызға қарай оңтайландыру жағын ойламасқа амал жоқ.
Бейтарап пікір
Нұрлан Қабдайұлы, «Хабар» арнасының редакторы:
– Қазіргі қазақ қоғамы заманауи ақпараттық технологияларды игеру жолында сәтті қадамдар жасай бастады. Бұрынғыдай емес, біздің бүгінде өзгемен бәсекеге түсе алатын отандық әлеуметтік желі кұруға әлеуетіміз әбден жетеді. Біз аз уақытта әлеуметтік желінің тілі мен оны пайдалану жолын жақсы меңгердік десек те болады. Бұл ретте жастардың ғана емес, әсіресе үлкен буынның, саяси элитаның да әлеуметтік желілерге көптеп келе бастауын жақсы құбылыс деп бағалағанымыз жөн. Дегенмен бізге бұл бағытта «өзгемен...» дегенде, кімдермен бәсекелесе алатынымызды нақты анықтап алуымыз керек шығар. Бұл қарекетте кейбір көрші-қолаңды басып озуға шамамыздың жететіні анық, ал әлеуметтік желіге ертерек қол артқан батыс жұрты бізді шаңына ілестіре қояр ма екен?