Елімізде халықтың үштен бірін құрайтын жастар мәселесіне немқұрайды қарауға болмайды. Жастар арасындағы діни радикализм де үлкен тақырып. Ал елімізде жастар саясатымен, жастар ісімен айналысатын республикалық деңгейдегі мекеме жоқ. Осындай бір мекеме құру жөнінде бастамалардың көтеріліп келе жатқанына көп жыл болды. Соңғы кездері жастар саясатымен айналысатын комитет құру керектігі жиі сөз бола бастады. Алайда Мәжіліс депутаты Бақыт Сыздықова оған қарсы шығып, «комитет емес, агенттік құру қажет» дегенді айтып, депутаттық сауал жолдады. Бұл бастаманы қолдайтын депутаттар баршылық көрінеді. Алайда жастар мәселесінің шешімін табуы агенттікке қарап тұрған жоқ деп есептейтіндер де жоқ емес.
Бақыт Сыздықова, Мәжіліс депутаты:
Иә
– Жастар саясатының мәртебесін сапалы деңгейге көтеретін кез жетті деп есептеймін. Еліміз тұрғындарының 30 пайызын жастар құрайды екен, яғни олар – 29 жасқа дейінгі азаматтар. Соған қарамастан, Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясатын реттеп жатқан мекеме жоқ. Ол стихиялық түрде жүзеге асып жатыр. Мемлекеттік басқару органдарының ішінде жастар мәселесімен айналысатын толыққанды бір құрылым болуы керек. Дәл қазір оның бірқатар функцияларын Білім және ғылым министрлігіне қарасты Жастар саясаты және тәрбиелік жұмыстары жөніндегі департамент атқарып жүр. Ал аймақтарға қатысты қарастыратын болсақ, Алматы қаласының жастар саясаты жөніндегі басқармасы ғана бар.
Бұл құрылымдар халықтың 30 пайызын құрайтын жастар мәселесімен айналысуға жеткіліксіз.
Қазіргі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси ауыр кезеңдерде жастар ісімен республикалық, аймақтық, қалалық деңгейде жұмыс жасайтын бір құрылымның болмауы үлкен қателік деп есептеймін.
Осыған байланысты біз Үкіметке облыстық, қалалық әкімшіліктерде жастар ісімен айналысатын бөлімдер ашуды ұсындық. Сондай-ақ Қазақстан Үкіметінің жанында Жастар ісі бойынша агенттік құру мәселесін қарастыруды көтеріп отырмыз.
Бізде қазір жастар ұйымдарының кездесулерін ұйымдастыратын қарапайым кеңсе де жоқ. Олар әрбір жиналысында бір жерден кеңсе жалдайды. Ол ақшаның да сұрауы бар. Мен жастар парламентіне жетекшілік етемін. Бізде бір жиын Конгресс-Холлда өткен еді, бізден 800 мың теңге талап етті. Бір қызығы, бұл ғимаратқа Алла Пугачева келсе, оған да қойылатын талап дәл осындай. Бірақ біз коммерциялық мекеме емеспіз ғой.
Қазіргі кезде жастар саясаты жөнінде арнайы заң қаралып жатыр. Алайда оның қаржылай мәселесі мәз емес сияқты, бар болғаны 300 млн теңгені құрайды. Меніңше, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы кезеңінде осындай бюджетті заң шығару ұяттау болады. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінің өзіне қыруар күш қажет. Алайда бұл шешуге болатын мәселе. Мәселен, Оралда жас отбасыларға арналған үй салынды. Осындай жобаларды іске асыру үшін 2012 жылы республикалық бюджеттен жергілікті басқару органдарына 20 млрд теңге бөліну керек.
Олжас ҚОРҒАНБЕК, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттері мен магистранттарының «Сенім» кәсіподағының төрағасы:
Жоқ
– Жастар ісімен айналысатын агенттік немесе комитет құру мәселесі алғаш рет ұсынылып отырған жоқ. Жыл сайын өзіне қолдау іздеген, имидж қалыптастырғысы келетін бір депутат осы ұсынысты көтеріп отырады. Өз басым мұны өздеріне пиар жасау үшін істейді деп есептеймін. Меніңше, жастарға арнап жеке бір министрлік ашып қойсақ та, сол шешілмеген мәселелер баяғы күйінде қала береді. Әсілінде, құрылымдардың санын арттыра беруден түк пайда жоқ деген пікірді осыдан бірер жыл бұрын Елбасының өзі де айтқан болатын. Бүгін агенттік ашатын болсақ, ертең сол агенттіктің жұмысын бақылайтын тағы бір орган керек болады. Немесе жастар мәселесін басқа қырынан зерттейтін тағы бір мекеме құрамыз деп бастама көтереміз. Қысқасы, құрылымдана бергеннен мәселе шешілмейді.
Жеке басым жастарға қатысты көптеген мәселелердің шешімін таппай жатуын құрылымдардың немесе қаржылай ресурстардың аздығынан емес, білікті кадрлердің жоқтығынан деп білемін. Бізде жастарға қатысты арнайы заң жоқ. Ертең тағы бір депутат шығып, «бізге осындай заң керек» деп бастама көтереді. Керегі керек, бірақ одан нақты өмірде мәселе шешілмейді. Қолдағы бар құрылымдар мен заңдар, қаржылай ресурстар арқылы да талай мәселені шешуге болар еді. Елімізде жастар саясатын тиімді жүзеге асыру үшін жастар ұйымдарына жыл сайын 1 миллиардтан астам қаржы бөлінеді және бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп жатыр. Бұл да аз ақша емес. Алайда жастарға бюджеттен ақша неғұрлым көбейіп отырғанымен, жастардың проблемалары да соғұрлым көбейіп жатқан сияқты. Сол қаржының барлығы біздің кейбір шенеуніктерді жемқорлыққа жетелейтіндей.
Қысқасы, жастар саясатын жүргізуге де арнайы кадрлер керек. Ол да өзінің мамандарын талап етеді. Ал ондай кадрлер дайындалмай жатып қандай да бір құрылым жасақтау тек ақша шашу болып шығады. Мәселен, ертең бір агенттік ашсақ, оны сол шолақ белсенді жастармен, түрлі амалдармен ақша жымқыруды ғана білетін шағын топпен толтырамыз. Ал олар сол агенттікті мемлекеттен бөлінген қаржыны түрлі тендер арқылы өздеріне ұнамды ұйымдарға таратып берумен ғана шектелетін мекемеге айналдырады. Сол айтқандай, бір қарағанда, жастар мәселесімен айналысатын орган керек-ақ сияқты. Бірақ ол құрылған жағдайда кәсіби мамандардың жоқтығынан жемқорларға жем боламыз. Жастар саясатымен жас адам айналысуы керек деген ереже жоқ, онымен маман айналысуы керек. Кәдімгі кәсіби маманданған, мемлекеттік саясатты меңгерген кадр керек. Ал бізде ондай кадрлер жоқ. Демек, агенттік ашуға да ерте.
Түйін
Елімізде жастарға қатысты шешімін таппаған мәселелер көп екені белгілі. Демек, онымен айналысатын бір құрылым қажет екені де сөзсіз. Мәселен, Ресей, Германия сынды көптеген елдерде жастар мәселесімен арнайы айналысатын немесе оның міндетін қосалқы түрде жүктеп алған министрліктер бар. Ендеше, жастар мәселесімен республикалық деңгейде айналысатын агенттіктің болуы көптік етпейді. Алайда белсенді жас Олжас Қорғанбек айтпақшы, білікті кадр жоқ жерде агенттіктің тиімділігі күмәнді болар еді.