Көрші Ресей көлік басқаруға құқық беретін сенімхатты қолданыстан алып тастауды ұйғарып отыр. Көлікке сенімхат беруді алып тастау төңірегіндегі мәселелер біздің елде де аз көтеріліп жатқан жоқ. Өткен жылы ғана IV шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Ержан Рахметов: «Автомобильді басқару құқығын беретін нотариалдық расталған сенімхатты алып тастау қажет», – деп ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке сауал жолдаған болатын. Алайда кейбір мамандар бұл пікірмен келіспейді. Сонымен, «Көлік басқаруға құқық беретін сенімхат жүйесінен бас тарту қажет пе?» Бұл ретте мамандар пікірі екіге айырылды.
Жұмажан ЖАҢБЫРОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
Иә
– Әлбетте, бас тарту керек. Көлік басқаруға берілетін сенімхаттың бізге түкке де керегі жоқ. Ол – артық қағаз. Жүргізушілер сол бір жапырақ қағаз үшін қаншама әуре-сарсаңға салынады. Оны нотариусқа алып барып рәсімдейсің, Жол полициясына апарып тіркейсің. Қаншама қаржы босқа кетеді. Уақытыңды алады. Мәселен, көлік саны бізден көп Түркия, Белоруссия, Польша, тіпті көрші Ресейдің өзі көлік басқаруға берілетін сенімхаттан бас тартып отыр. Оның үстіне, қағаз жинау көбейген сайын жемқорлықтың етек алатыны белгілі. Сондықтан қарапайым халықты әуре-сарсаңға салып, сенімхатты нотариалдық растап, оны Жол полициясына тіркеп, шығынға батырғанша, одан құтылудың амалын қарастырғанымыз жөн. Мысалы, шетелде көліктің техникалық құжаты мен жүргізуші куәлігің болса болды, саған ешкім тимейді. Сенімхат сұрап, басыңды қатырмайды. Өйткені оларда әрбір көліктің нөмірі компьютерде тұрады. Сол арқылы кез келген уақытта көліктің кімге тиесілі екендігін анықтайды.
Бұл жерде, ең бірінші, жүргізушінің көлікті жүргізудегі іс-тәжірибесі мықты болып, жол ережесін сақтауы қажет. Бүкіл мәселе – осында.
Біреулер сенімхатты жойсақ, көлік ұрлаушылар көбейіп кетеді деп қауіптеніп жатады. Мынадай ақпараттық технологияның дамыған заманында ұрланған көлікті анықтау аса қиын емес. Тек көлік иесі көлігінің жоғалғандығы жайлы ақпаратты Жол полициясына дер кезінде жеткізсе болғаны. Мысалы, қазіргі жастар жүргізуші куәлігін сатып алып, әкесінің көлігіне сенімхат жаздырып, ешқандай тәжірибесі жоқ, рульге отырады. Оның арты не болатыны белгілі. Оның үстіне, қазіргі көліктердің қозғалтқышының қуаты, оның технологиялық күші көп жүргізушінің іс-тәжірибесіне сәйкес келмейді. Қанша көлік жүргізгенімен, жаңа техниканы игеру оңай емес. Мәселен, мен 40 жыл рульде отырған адаммын. Бірақ мен баламның көлігін ешқашан жүргізбеймін. Өйткені оның көлігінің техникалық мүмкіндігі менікінен мүлдем басқа. Оның көлігінің қыр-сырын мен білмеймін. Осы секілді әрбір көліктің өзінің басқару тәртібі, ережесі болады. Оны үйрену үшін біраз уақыт керек. Кейбір көліктерде тежегішті қатты басу керек болса, енді бірінде жай басу керек, осы секілді өзгешеліктер бар. Сондықтан жүргізетін көліктің қыр-сырын терең меңгермей жатып, жылдамдықты арттыру өте қауіпті.
Мен тағы да қайталап айтамын, біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп отырғандықтан, экономикасы қарқынды дамыған мемлекеттердің іс-тәжірибесін пайдалануымыз керек. Онсыз болмайды. Енді дамыған елдердің басым көбі көлік басқаруға берілетін сенімхаттан бас тартып отырғанда, біздің әлі күнге дейін кеңестік ескі сүрлеу бойынша қағазбастылыққа салынып отырғанымыз дұрыс емес.
Рамазан СӘРПЕКОВ, Мәжіліс депутаты:
Жоқ
– Жоқ, мен бұған келіспеймін. Өйткені мен бұл салада біраз жыл қызмет еттім. Әділет министрлігінде сенімхат беру тәртібі бойынша, Парламентте де жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізген кезде де осы мәселеге байланысты біраз жұмыстар атқардық. Көлік басқаруға берілетін сенімхат әлі күнге дейін өзінің мәнін жоғалтқан жоқ. Шын мәнінде, бұл өзінің өміршеңдігін дәлелдей алған қолданыстағы ең озық тәжірибе деп есептеймін.
Мәселен, бізде үлкен кісілердің атына жазылған көліктер әлі күнге дейін бар. Тіпті Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарымыздың, Батыр аналарымыздың атына жазылған көліктер жетіп-артылады. Енді үлкен кісілердің көлік жүргізуге мүмкіндігі жоқ. Бірақ ол кісілер сенімхат бермесе, олардың атына жазылған көліктерді басқа біреулер қалай жүргізеді? Егер біз сенімхат жүйесінен бас тартсақ, онда екінің бірі көлік жүргізіп, оның арты қайғылы жағдайларға душар етпей ме?
Жалпы, сенімхат деген көліктің кімнің меншігінде екендігін, егер жол қауіпсіздігі орын алса немесе басқа да келеңсіз жағдайлар болғанда, оған кім жауап беруі тиіс екендігін анықтау үшін қажет. Сенімхат сол үшін беріледі. Сенімхат беретін кісі оны алушы адамға белгілі бір міндеттемелер жүктейді. Мәселен, жол ережесін бұзған жағдайда немесе көлік салығын төлеу кезінде сенімхатты алған адам шығынды өтеуге қатыса алады. Осының барлығы сенімхатта көрсетілген. Сондықтан ол тек көлік жүргізу үшін ғана емес, жалпы, көлік мәселесінде туындайтын басқа да құқықтық қатынастардың барлығын реттеп отыру үшін қажет. Көлік басқаруға берілетін сенімхаттың балама түрін әлі ешкім ойлап тапқан жоқ. Сол үшін одан бас тарту негізсіз деп есептеймін. Егер оны жойсақ, онда әркім тек өзінің ғана көлігін жүргізуі тиіс болып қалады. Сондықтан оның мәні үлкен, оны қолданыстан алып тастауға болмайды.
Әрі-беріден соң, ертеңгі күні біреудің ұрланған көлігін біреу мініп жүрсе, оның ішінде кімнің ақ, кімнің қара екендігін анықтау да қиын болып қалады. Мұның барлығы айналып келгенде сотқа барып тіреледі. Сондай кезде қалай дәлелдейсің? Жалпы, сенімхат – көп нәрсені тәртіпте ұстап, реттеп тұрған құжат. Қазір мемлекеттік те, жеке нотариустер де өте көп. Солардың куәландыруы бойынша сенімхат алып, көлікті үш жыл жүргізгеннен кейін оны сатып, өзінің пайдасына жаратуға дейін рұқсат беретін сенімхаттар болады. Мен заңгер ретінде әрі бұл мәселені жетік білетін азамат ретінде айтып отырмын, көлікті басқаруға берілетін сенімхатты алып тастауға болмайды. Олай етсек, мұның арты үлкен тәртіпсіздіктерге душар етуі мүмкін.
Түйін
Жоғарыдағы қос кейіпкеріміздің де айтып отырған сөздерінің жаны бар. Сонымен, көлік басқаруға берілетін сенімхаттан бас тартуымыз керек пе, әлде жоқ па? Енді бұл мәселе бізде бүгін-ертең шешіле қоймасы анық. Алайда қандай қорытындыға келсек те, «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, жан-жақты ойланып-толғанып, сала мамандарының пікірін ескере отырып шешкеніміз дұрыс шығар. Бұл сауалға сіз не дейсіз, ойлы оқырман?