Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлі Қазақстанда діни сауаты жоғары имамдардың әлі де болса жетіспей жатқандығын айта келіп, «Алдағы уақытта әртүрлі теріс ағымдарға жол бермеу үшін республика мешіттеріне қазақстандық діни жоғары оқу орындарын бітірген имамдар жіберіледі. Алайда имамдардың айлық алмауы бүгінгі ең үлкен мәселенің бірі болып тұр. Оларға айлық тағайындалмағаннан кейін ауылдық жерде имам тұрақтату өте қиын. Рас, біз зайырлы мемлекетпіз, дін мемлекеттен бөлек. Бірақ имамдардың бала-шағасы жоқ па? Оның баласы мектепке бармай ма? Имам садақа алса, бәріңіз шулап кетесіздер. Сонда олар қалай күн көруі керек?» – деп, мәселені төтесінен қойды. Әйтсе де «діні мемлекеттен бөлек саналған елде имамдарды қалайша мемлекеттік қызметкерге айналдыра аламыз?» деп бұған қарсы пікір айтушылар да баршылық. Тараптар пікірін «Ой-көкпар» айдарында тоғыстырып көрген едік.
Оңғар қажы ӨМІРБЕК, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы
Иә
– Өте орынды ұсыныс. Өз басым имамдарға мемлекет тарапынан жалақы тағайындалуын құптаймын. Егер оларға мемлекет тарапынан жалақы тағайындар болсақ, имамдарға қатысты бір мәселенің шешілуіне ғана емес, өзге діни ағымдардың кең етек жаймауына да мұрындық болар едік. Өйткені имамдарға тұрақты айлық тағайындалмағаннан кейін олар алыс, шалғай жатқан ауылдарға барғысы келмейді. Алыс ауылдардағы мешіттерге имам тұрақтата алмағаннан кейін кім көрінген ауылдық мешітке иелік етіп, ауыл тұрғындарының өзге ағымдардың жетегінде кетуіне ықпал етуде. Осылайша ауылдық жердегі имамның тұрақсыздығынан, оларға айлық тағайындалмауынан түрлі діни секталар шалғай ауылдағы тұрғындардың миын улап, өз қатарларына тартуда. Біле білсек, бұл – мемлекет қауіпсіздігіне де қатысты дүние.
Көптеген елдер дін қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жалақы тағайындаған. Мәселен, Түркияда мешіт имамдарына, Еуропа елдерінде шіркеу қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жалақы беріледі. Сондықтан біз де осы елдердің үрдісімен мешіт имамдарын мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырсақ, дұрыс болар еді. Дін мемлекеттен бөлек деген сөз – дінді «не болсаң, о бол» деп лақтырып тастап, өз бетімен жіберу деген сөз емес. «Зайырлы мемлекетпіз» деп дінді еркіне жібергеннен кейін тиісінше оның өсіп-өркендеуіне де жағдай жасау керек. Түркия да зайырлы ел саналады, әйтсе де олар діндерін қамқорлыққа алып, қанатын кең жаюына ықпал етіп отыр. Біз де осы ұстанымда болсақ, өте дұрыс болар еді. Елімізде бүгінде 2400-ге жуық мешіт бар. Ал осы мешіт имамдарының барлығында тұрақты айлық жоқ. Оларға мемлекет тарапынан бір тиын бөлінбейді. Қалалық жердің әл-ауқаты ауылдық жерге қарағанда дұрыстау болғандықтан, қалалық мешіттердегі имамдарымыз жұрттан түскен пітір-садақамен күндерін көрсе, ауылдық тұрғындар мешітке садақа бермек түгіл, өз күндерін өздері әрең көріп отыр. Имамды ғана емес, мешіттерді де мемлекет есебінен қаржыландыру керек. Тіпті ауылдық мешіттерді қыстың күні жылытудың өзі қиямет-қайым. Қыста мешіттің іші қара суық болып тұрғаннан кейін оған имам қалай отырады, мешітке халық қайтіп бас сұғады? Жылыту жүйесі түгіл, электр жарығына қаржы таппай отырған ауылдық мешіттер бар. Ал айлық алмаса, сырттан барған имамның басында баспанасы болмаса, ол жерге имам қайтіп тұрақтайды? Қалай күн көреді, бала-шағасын қайтіп асырайды? Айта кетер жайт – елімізді іштен ірітуге жанын сала кіріскен секталар мен өзге діни ағымдардың барлығы шетелден қаржыландырылады. Тек біз ғана мешіт имамдарын қамқорлықсыз қалдырып отырмыз. Бүгінде өзге діннің етегінен ұстаған отандастарымыздың көбеюінің де бір сыры – осында. Бүгінде елімізде тоғыз медресе халқымыздың жылдар бойы қалыптасқан мәзһабын насихаттайтын шәкірттер тәрбиелеуде. Яғни қазақстандық имамдар жеткілікті. Тек ендігі жерде оларды шалғай алыс жерлерге тұрақтандырудың амалын жасауымыз керек.
Рустам АЛПЫСБАЕВ, шығыстанушы
Жоқ
– Жоқ, бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Дін мәселесі – өте нәзік нәрсе. Соңғы кездері жастардың дінге бет бұра бастағанын байқап жүрміз. Ендеше, дін мәселесін де дер кезінде шешіп, діни ахуалдың дұрыс қалыптасуына баса көңіл бөлген жөн. Атап айта кетерлік жайт – дін мемлекеттен бөлек болуы керек. Алайда бүгінгі қоғамда орын алып жатқан жайттарға қарап отырсақ, дінді қадағалаусыз қалдыруға болмайтынын байқаймыз. Әйтсе де имамдарды мемлекетке тәуелді қылмай, жалақы тағайындаудың бірнеше жолдары бар. Мәселен, халықтан түскен пітір-садақаны орталықтандырып, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі барлық имамдарға жалақы тағайындап қойсақ, ештеңеден ұтылмас едік. Өйткені бүгінгі күні халықтан түскен қаржы мен қайырымды азаматтардың еліміздегі ислам дінінің өсіп-өркендеп, қанатын кең жаюы үшін қайырымдылық ретінде бөлген ақшаларының еш есебі жоқ.
Осы мақсатқа түскен ақша мен жұмсалып жатқан қаржы туралы мәлімет еш жерде айтылмайды.
Егер біз бүгін мемлекет тарапынан имамдарға жалақы тағайындар болсақ, имамдар мемлекеттік қызметкерге айналады. Зайырлы мемлекетпіз деп, діні мемлекеттен бөлек саналатын елде бұлай істей де алмаймыз. Сондықтан ең дұрыс жол халық тарапынан мешіттерге түскен қаржының есебінен имамдарға жалақы тағайындау болып табылады.
Көптеген Қиыр Шығыс елдерінде халықтан түскен пітір-садақаларды қор арқылы жинақтап, имамдарға бөліп беру арқылы халықтан түскен қаржының жалақы ретінде таратылу жүйесі енгізілген. Әйтсе де бұл жүйе бізге жарамайды, қорлар жұмысы мемлекеттік қызмет саналып, бюрократиясы көбейеді. Тіпті біреулердің ықпалы арқылы ол қаржы белгілі бір діни ұйымдарға да қызмет етіп кетуі мүмкін. Бұл қаржыға еліміздегі діни істер жөніндегі агенттік иелік жасаса да болар еді. Бірақ аталмыш агенттіктің қызметі мүлдем басқа. Осы орайда айта кетер жайт – Мысыр елінде Әль-Асқар университеті жұмыс жасайды. Бізде де діни білім беретін, елдегі діни ахуалды бақылап отыратын осындай университет керек-ақ. Ал университет жанынан құрылған қорлар имамдардың діни дәрежесін көтеріп, жалақы тағайындап, олардың біліктілігін бақылап, халықтан пітір-садақаға жиналған қаржының есебін жасап отырса, дұрыс болар еді.
Бейтарап пікір
Ершат ОҢҒАРОВ, Ph.D доктор, теолог:
– Имамдарға мемлекет тарапынан жалақы тағайындалуы керек. Бірақ бұған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңымыз рұқсат бермейді. Сондықтан алдымен осы заңымызға өзгерістер енгізу керек. Егер біз бүгін имамдарға жалақы тағайындайтын болсақ, ертең еліміздегі дәстүрлі емес діннің өкілдері де өздеріне мемлекет тарапынан жалақы тағайындалуын талап етіп шыға келеді. Осы орайда Ресей және Еуропа елдері секілді екі дінге үстемдік берілуі керек. Оның бірі ислам дініндегі сүнниттік бағыт болса, екіншісі – христиан дініндегі православ бағыты бойынша. Өйткені халқымыздың 70 пайызы ислам дінін ұстанса, қалғанының 25 пайызы – христиан бағытында. Біз де осы екі дінге басымдық берсек, дұрыс болар еді. Ауылдық жердегі мешіттерге мүлдем ақша түспейді. Сондықтан ауыл имамдарының 8-9 айлап айлық алмағанын жиі естиміз. Немесе жалпы халықтан түсетін қаржыны қайырымдылық, зекет қорына орталықтандыру арқылы имамдарға жалақы тағайындалуы тиіс. Біз тек осы жолдармен ғана имамдардың жалақы мәселесін шеше аламыз.