Естеріңізде болса, Асқар Мамин Астана қаласының әкімі болып тұрған кезінде елордадағы қоғамдық көлік кондукторларына бірінші кезекте тек қазақша сөйлеуді міндеттеген болатын. Бұл істің қаншалықты атқарылып жатқанын тексеру үшін тіпті өзінің орынбасарлары мен мемлекеттік лауазымды қызметкерлерге күнделікті қоғамдық көлікке мінуді жүктепті. Соның нәтижесінде Астанадағы жолаушылар тасымалдайтын көліктерде бірінші кезекте тек қазақша сөйлеп, сұраған жағдайда ғана ресми тілде жауап беру біршама ілгерілеген болатын. Қоғамдық орын – республика жұртшылығының ең көп жүретін жері. Демек, елімізде мемлекеттік тілді жаппай қолданысқа енгізетін де – сол орындар. Ендеше, осы мәселені республика бойынша міндеттеп, қолға алатын кез жетті ме? Қазақстандықтарды қазақша сөйлетуді, бәлкім, жаңа заң шығарып, енгізу арқылы автобус, троллейбустардан бастау қажет шығар?
Мамай АХЕТ, Алматы қалалық тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама басқармасының бастығы
Иә
– Міндеттеу керек. Міндеттейтін мезгіл де туды. Қазір осындай талап қойып жатырмыз. Бұған қоғамымызда кез келген қоғам өкілі түсіністікпен қарайтын ахуал қалыптасты. Көлік меншік иелері болсын, қоғамдық көлікпен айналысатын мемлекеттік орындар болсын – барлықтарына мемлекеттік тілде хабарлама беретін уақыт жетті деп ойлаймын. Алматы қаласындағы көлік басқармасымен біріге отырып, қала ішіндегі барлық автопарктерге қарайтын көліктердің ішіндегі көрнекі ақпараттардың дұрыс рәсімделуіне көмектесіп келе жатырмыз. Әлі де болса кемшіліктер болуы мүмкін. Бірақ солардың барлығын жинап алып, осында бірнеше рет жиын өткізіп, Көлік басқармасымен бірге жұмыс істеп жүрміз.
Қаладағы қоғамдық көліктің көпшілігі жекеменшіктікі ғой, солардың ішіндегі хабарлап тұратын қондырғыларға да мемлекеттік тілде хабарлап тұруға аударма жасауға көмек бердік. Қоғамдық көліктердегі кондукторды қадағалау мүмкін емес. Бұл жерде қала тұрғынының немесе қоғам мүшесінің рухани сергектігі, яғни белсенділігі қажет деп есептеймін. Яғни өзі отырған көліктің ішінде дұрыс анықтама берілуін, хабардың мемлекеттік тілде алынуын талап етуге әркім-ақ құқылы. Сондықтан олардың барлығын тәртіпке шақыратын қоғамдық орта. Қай уақытта да кондукторлардың кәсіби шеберлігі бірінші орынға шығады ғой. Олардан білуін талап ететін, айналып келгенде, тағы да жолаушылар. Жолаушылар 1-2 рет талап еткеннен кейін олар өздігінен жұмысын кәсіби дұрыс атқаруға тырысады деп ойлаймын. Бұған дейін біз маршруттардың маңдайшаларындағы көрнекі ақпараттармен айналысып келдік. Қазір Алматы қаласы бойынша жарнамаларды реттейтін аударма комитеттерінің өкілдері, жергілікті билік, прокуратура өкілдері жарнамаларға қарайтын арнайы комиссия жұмысшы тобы құрылды. Сол жұмысшы тобы көліктегі мемлекеттік тілді үлкен мәселе ретінде шығарғалы отырмыз. Осының тетіктерін, арнайы тәртіптерін бекіту керек. Өйткені олардың барлықтарын қорғайтын кәсіпкерлік туралы заң бар. Ешкімді ешкім тексеруге қазір хақысы жоқ. Тексеру үшін алдымен құқық қорғау, прокуратура органдарында тіркеліп, содан кейін барып жүзеге асырылады. Жүзеге асырудың, ретке келтірудің тетіктерін бірге қарастыратын боламыз. Тілдің мәселесі –мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Елді мекендердің көпшілігінде Кеңес өкіметінен бергі кезеңінде көптеген атаулар қазір өзгерді. Жаңа заман талаптарына сайы, әсіресе Кеңестер одағы кезінде құрылған мекен атауларын, тек Алматыға қатысты емес, бүкіл республика бойынша ретке келтіру – барлық жерге ортақ мәселе.
Әбдіхамит ТАМАБАЕВ, «Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ Жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бөлімінің бастығы
Жоқ
– Бір тілде деп міндеттеген жоқпыз. Міндеттеме – екі тілде. Екі тілде бірдей хабарлау керек. Заңда қалай жазылды, солай істеу керек. Міндеттеме: қоғамдық көліктердегі хабарлағыштың тетігін аялдамаға келгенде басса, таспаға жазылған екі тілдегі ақпарат хабарланады. Жүргізуші хабарлауға тиіс емес, себебі оған алаңдауға болмайды. Біздің кондукторларға қоятын талабымыз – заң бойынша екі тілде хабарлауы керек. Қазақстан халқының барлығы бірдей, талап барлығына бірдей. Мемлекет тарапынан қоятынымыз – екі тілде болу. Тек бір тілде болса, заңбұзушылық болып кетеді. Не болмаса орысша, не бірыңғай қазақша болса, заңға қайшы. Бір тілді енгізу бізге әлі ерте.
Егер Астана қаласында тек қазақша хабарланып жатса, заң бойынша біздікі кішкене заңбұзушылық болып отыр. Таңертеңгі 6-дан кешкі 11,12-ге дейін сөйлеу оңай емес. Тек аялдама аттарын ғана хабарламай, жолаушылармен де сөйлеседі кондукторлар. Міндет бойынша, хабарлағыш таспасында жазылуы керек, аялдаманы хабарлағыш хабарлауы керек. Ал біз шеттен шығып, кондукторды мәжбүрлейміз. Ал кондукторға бір нәрсені екі рет айту, екі тілде хабарлау – өте ауыр. Екі тілде хабарлау – кондуктордың міндеті, қызметі, әрине. Дегенмен адамгершілік тұрғысында қарайтын болсақ, екі тілде бірдей хабарлап тұрудың қиындығын іштей түсінеміз. Бірақ «Астана көліктерінде қазақша хабарланады» дегенді жақсы жетістік деп қабылдауға әлі ертерек. Кондукторларды арнайы курстан міндетті түрде өткізу керек. Ол жердегі міндет тек қана аялдама аттарын білумен шектелмейді, курста қызмет этикасын, тәртібін оқытады. 2002 жылдан бері Астанада кондукторлар дайындайтын «Жолаушылар көлігінің оқу, даярлау орталығы» бар. Емтихан тапсырушы адам қандай тілде сөйлесе де, емтихан кезінде тілін бұрмалап болса да, аялдама аттарын мемлекеттік тілде айтып шығады. Ал оны тәжірибеде қолдану-қолданбауы – екінші мәселе.
Бейтарап пікір
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
«Мемлекеттік тіл болған соң, қазақша хабарлауды міндеттеу керек. Мысалы, Алматы қаласының көптеген көшелерінің атаулары ауысты. Дзержинский – Наурызбай батыр, Коммунистический – Абылай хан, Ташкентский Райымбек болып өзгерді. «Абылайхан даңғылы», «Райымбек батыр көшесі» деп хабарлап тұрса, насихаттаған секілді болады. Ол жерде ешқандай заңсыздық, басқа ұлттарды кемсіту жоқ. Қазақтың елі, жері, қаласы болғаннан кейін, қазақ тілінде айту керек. Тиісті орындар бұл жұмыспен шұғылдануы керек. Қазақ тіліне көшеміз дейміз, қазақ мемлекеті деген ұғымымыздың әліпбиі секілді мәселе ғой бұл. Болар-болмас мәселе сияқты болғанымен, бұл – үлкен мәселе. Кондукторлар орыс тілінде де сөйлесін, бірақ негізгі басымдылықты қазақ тіліне беру керек.