Еліміздегі балабақшаларды 100 пайыз қазақ тіліне көшіретін кез жетті ме?

Таяуда Мәжіліс депутаты Тәңірберген Бердоңғаров тілді дамыту үшін балабақшаларды 100 пайыз қазақ тіліне көшіру қажеттігін ұсынды. Тіпті ол журналистерге берген сұхбатында: «Балабақшадан бастап, барлық білім ошақтарының санын көбейтіп, олардың бәрін 100 пайыз қазақ тіліне көшіру қажет. Осылайша білім беру тәсілін өзгерткеніміз дұрыс» деген еді. Шынында да, еліміздегі балабақшаларды 100 пайыз қазақ тіліне көшіретін кез жетті ме?
Бұл ретте мамандар пікірі екіге айырылды.


Қазыбек ИСА, «Жас қазақ үні» газетінің бас директоры, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:
Иә

– Балабақшалардың барлығын қазақ тіліне көшіретін уақыт әлдеқашан жеткен. Тәуелсіздік қалай басталды, солай, ең алғашқы қолға алынатын істердің бірі осы болуы тиіс еді. Мен сізге айтайын, кеңес заманында Алматыда «Ер Төстік» деген жалғыз қазақ балабақшасы ашыл­ған бо­ла­тын. Сонда оның қазақ тілінде ашыл­ған­дығына көбісі қарсы шыққан. Өкі­ніштісі сол – қарсы болғандардың де­ні өзіміздің қа­зақтілділер еді. Сол ба­лабақша кеңес ке­зінде ашылғанымен, жап-жақсы дамыды, ондағы тәрбие­лен­ген балалар ешкімнен кем қалған жоқ. Жаңа туған сәбиге, әлі оң-солын таны­майтын балаға үш тілді үйрету – олардың миын атала қылу деген сөз. Бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Бұл туралы талай айтылып та, жазылып та жатыр. Алайда нәтиже шығар емес. Тағы да қайталап айтамын: 13 жасқа дейін бала өз ана тілінде тәрбиеленуі керек.
Былайша айтқанда, ананың тілі мен ананың сүті – егіз ұғым. Ана тілінің сүтін қанып ішкен баланың дүниетанымы, ұғым-түсінігі, мінез-құлқы, бір сөзбен айтқанда, ұлттық ділі жоғары қалыптасады. Ал өз туған тілінің сүтінен толықтай нәр ала алмаған бала қанша дарынды болса да, ұлттық діңі босаңдау болып, уызына жары­маған болып есептелінеді. Сондықтан балабақшаларымызды 100 пайыз қазақ тіліне көшіру деген сөз келешек ұрпа­ғы­мызды уызына қандыру дегенді білдіреді. Бала 12 жастан кейін-ақ, уызына әбден қанған соң, мектептерде басқа тілдерді меңгеріп үлгере алады. Бірақ бес-алты, тіпті 100 тіл білсе де, өз ана тілін білмесе – оның бар­лығы бекер. Сондықтан келешек ұрпа­ғымыздың ең алдымен іргетасын берік қалап алуымыз қажет. Елбасымыздың өзі биылғы «Болашақтың іргетасын бірге қалаймыз!» деген Жолдауында: «2017 жыл­ға қарай мемлекеттік тілді білетін қа­зақ­стандықтар санын 80 пайызға, ал 2020 жылы 95 пайызға жеткізуіміз керек», — деді. Тіпті «он жылдан кейін мектеп бітіру­ші­лердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығуы тиіс» деп тапсырма берді. Ха­лық­тың 95 пайызы қазақ тілін толық мең­геруі үшін ең бірінші оны балабақшадан баста­уымыз қажет. Сонда мектеп бітіру­шілер де қазақ тілін біліп шығатын болады.

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:
Жоқ

– Мен үш тұғырлы тілді қолдаймын. Мә­селен, менің туыстарымның балалары үш тілді жатқа біледі. Үйінде – қазақша, да­лада орысша сөйлеседі, ал компьютер ал­дында отырғанда өзінің 4-5 жасар дос­тарымен ағылшынша пікір алмасады. Бұл жаман ба? Ал олар 13-15 жастан асқаннан кейін басқа тілдерді меңгеруі қиынға со­ға­ды. Біздің кейбір зиялыларымыз «ба­ла­ның тілі қазақша шықпай қалады, ұлттық менталитеті төмендеп кетеді» деп аттандап жа­тады. Оның барлығы – әншейін әңгіме. Жас өскіндерімізді балабақшадан бастап үш тілділікке үйретуіміз керек. Әйтпесе бір­ың­ғай бір тілге көше салу оңай. Қазақтілді мамандарымыз да жеткілікті. Оларды ба­ла­бақшаға жұмысқа шақырсақ, балалар қа­зақ тілін оп-оңай алып кетеді. Бірақ ба­лалар кішкентай кезінде барлық нәрсені тез меңгеріп кететіндігін ескеруіміз қажет. Осы­ны дұрыс пайдалана білуге тиіспіз.
Кезінде бір ғұлама «Балаға үш жасқа дейін жақсы тәрбие беру керек» деп айт­қан екен. Осының мәнісіне ұғынып қара­саңыз, адам баласы өз өмірінде 70 пайыз ақ­паратты үш жасқа дейін алады екен. Ал қалған 30 пайызын білім ошағы, жоғары оқу орны, өмір мектебінен үйренеді. Міне,  мәселе қайда жатыр? Осыны неге біз пайдаланбаймыз? Құдайға шүкір, қазақ тілі дамып жатыр. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ оны ұрандатып, ұпай жинаудың амалы ретінде пайдаланудың керегі жоқ. Тіл мәселесін көтере бергеннен ештеңе шық­пайды. Неге біз елімізді жайлаған жем­қор­лықты, жұмыссыздық мәселесін көтер­мей­міз? Неге өрімдей жас қыздарымыздың жез­өкшелікке салынып, Саин көшесін жаға­лағанын айтпаймыз? Ал оны жетер жеріне жеткізіп айтсақ, сол қыздарды «крышевать» ететін бандиттер сабап кетуі мүмкін. Үлкен бір компанияның жемқор­лығын ашып көтерсек те, оның басшысы бір күні жоқ қылып жіберуі ғажап емес. Сосын айналып келіп тілді талғажау етеміз. Бұл жерде балабақшалардың барлығын 100 пайыз қазақ тіліне көшірудің керегі жоқ. Біздің балаларымыз үш тұғырлы тілді үйреніп, бәсекелестікке қабілетті болуы тиіс. Қазір қарап тұрсаңыз, еврейлер АҚШ-та да, Жапонияда да, Қытайда да – барлық елдерді аралап жүреді. Бірақ олар түбі еврей екендігін ұмытпайды. Себебі олар бәсекелестікке қабілетті, көп тілді меңгергендігінен сондай дәрежеге жетіп отыр. Ал біздің балала­ры­мыздың кейбірі ғана шетелде жұмыс істейді. Көбі тіл білмегендіктен онда бара алмайды. Сондық­тан үш тұғырлы тіл біздің елімізге аса қажет. Жастарымыз көп тілді жетік меңгерсе, онда олар болашақта әлемдік мәдениетті, өркениеттілікті тез қабылдайтын болады. Шетелде қандай жақсы жаңалық шықса, оның орыс тілінде аударылғанын күтпей-ақ, қазақшаланғанын тоспай-ақ, бірден қағып алады. «Мен қазақпын, ана тілінен басқа ешқандай тілді білмеймін және білгім де келмейді» деп отыра берсек, біз бәсекелестікке қабілетті бола алмаймыз. Сондықтан жастарымыздың үш тілді қатар меңгеруі – уақыт талабы.

Түйін
Міне, қос маманның балабақшаларды толықтай қазақтілді етуге деген көзқарасы – осындай. Енді мұның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін ажыратуды патша көңілді оқырмандардың өз еншісіне қалдырдық. Дегенмен осыдан шамалы уақыт қана бұрын «Мемлекеттік тіл туралы заң» жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілер алдында ресейлік және отандық кейбір орыстілді басылымдар өре түрегеліп, қазақ тілінің кең етек жаюына қарсылық білдірген еді. Мүмкін, ана тілін дамытуды балабақшадан бастасақ, уақыт өте келе қазақ тілі үстемдік құрып, мемлекеттік тілге қарсы шығушылар саны азаяр ма еді? Енді бұл – уақыт еншісіндегі мәселе...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста