ТАСБАҚА ҰША МА?
Күнін көру үшін қазақтарға жалданып, құрылыс жұмыстарына жегіліп жүрген өзбектің қарғадай екі баласы сылақ жасап жатып, кәкір-шүкірді әңгіме етіп жүрсе керек. Сыртынан бір ағамыз тыңдап тұрыпты-мыс.
Содан, әңгіме қыза түскен сәтте жасы кішісі үлкеніне, “Мен білмейді екенмін, тасбақа да ұшады екен ғой” деп қалыпты. Ересегі басын көтеріп алып, “Ә, анаңды пахтуан етейін. О заман да, бұ заман, тасбақа ұшатын ба еді? Мұндай оттаубай гәпті саған кім айтып жүр?” деп зекіпті. Ыңғайсызданып қалған кішісі, “Ташмат әка айтты!” депті. Сол кезде әлгісі сәл бәсеңдеп, зіркілін түсіріп, “Ташмат әка айтты дейсің бе? Е, ол айтса, тасбақа ұшады. Бірақ, тым пәс ұшады да...” деп, алақанын жайып, жерге қарай жақындатып, амалсыз болса да, айтқанынан қайтып, сөзінен таныпты да, әрі қарай сылағын жалғастыра беріпті.
...Үлкен айтса, соның ішінде жөн білетін, білімі кәміл ағасы айтса, өзімшіл топастығын жеңіп, соның сөзіне тоқтам жасайтын інілік ізет, ұлт болып илануға тұрарлық бір анадан туғандай бітімгершілік мәдениет біздің қазақ баласының басына қашан орнығар екен?!
Берік Жүсүпов
Фейсбуктегі парақшасынан