Оқтау тақтай

“Ет асайын” деді әйелім. Кеше төркінінен келген, енем сыбығамды беріп жібергенін “сраз”түсіндім. Төркінінен келсе құры қол қайтпағанын осылай сездіреді. Дастарқанның үстіне құрт, май жайғасып, ортаға бауырсақ шашылады. Сөйтіп қайынжұртымның мәрттігін көзіме шұқып көрсетеді. Менің шешем де қайтарымызда бірдемелер тықпалап жатады, өзі келсе де екі сөмкесіз келмейді, бірақ, “каким то оброзом”, дастарқанда шекер, сосын, бәрениден басқа ештеңе көрінбей... “Ет ассайшы десең”, “өзі азғантай-ақ, ертең біреу-міреу кеп қаса ше...” деп... Обшым “ассаң асшы” дедім...
Қазанда ет қайнап жатса, кайф ұстамайтын қазақ бар ма, мен де, төрде шәниіп, тойыма түскен теледидарға телміріп, жарнама-жарнаманың арасынан кино іздеп жатқам. “Оқтай-тақтай қайда?” деген ананың даусы жаман шықты ше. Жаман шыққан дауыстан, жаман болатынын түсіндім мен. Өйткені, оқтай-тақтайы құрғырдың түбіне жеткен мен едім. Түбіне жеткенде былай ғой, отбасылық жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұратынбыз. Бізбен көрші өзіміз секілді жас семья тұратын. Сол үйдің келіншегі сұрап алған. Әйелім жоқта қазан-ошаққа қожайындық жасап берген едім. Ол көршіміз үйінен жылан шыққандай бір күнде апыр-топыр көшіп кетті де, екіортада біз оқтай-тақтайсыз қалдық. Ол да өзі біліп бере қоймады, мен де бомайтын бір ағашқа бола “меличник” бола қоймадым.... Амал жоқ, соны айттым, әйеліме. Қай қатын байының қазан-ошаққа арласқанын ұната қойсын, тем более, ол келіншекпен анау-мынау айтып әзілдескенімізді байқап қалған, өзіне қарағанда әдемілеу болғасын ба, үйбикем жақтыра қоймаушы еді, қысқасы, менің ақымақ екенім, үйдегіні далаға таситыным, жұрттың байының пысықтығы, қыста қар сұрасаң бермейтіні, короче, біраз нәрсе айтылды, со екіарада. Менде үн жоқ. Менен үн шықпаған соң, жалғыз өзі қашанғы сайрай берсін, аздап басылайын деді. Мүмкіндікті жібермейм ғой, “не істейміз?” деп әлжуаз түрмен сұрақ қойып үлгердім. “Базарға барып ап кел” деді өктем үнмен. Үйде проезден басқа ақша жоқтұғын, өктем үнінен-ақ ақшаны оның беретіні белгілі болды. Демек, қайынжұрттан құрқол қайтпаған, оқтай-тақтайды көршіден-ақ сұрап алуға болады, тек, бұл да бір “очко” жинаудың амалы да,”үйдегілер ақша бердіні” іс-қимылмен жеткізе білуі... Менің әке-шешем де зейнетақы алғанда... Қойш құрысын, киіндім де, “спонсор” берген азғана ақшаны қалтама сап, базарға кеттім.
***
Аптауыздан түскенім сол ед, жылмиып, Жақып пен Айсар жолыға кеткені. Екеуінің де түрінен түр жоқ, көздері ісініп, шаштары ұйпаланып кеткен. Айсардың әйелі ауруханада жатқанын білетін едім, соған қарағанда, қатынсыз үйде қырғын ішіс болған секілді. Он бір жыл бірге оқыған құрдастарымның құлқыны белгілі, а, деп аузымды ашқанша, нағып жүргенімді сұрады алдымен. Мен “әшейін” жүргенімді айттым, “қатыным оқтай-тақтайға жұмсады” деп қалай айтасың енді. Олар ауырып тұрғандарын айтты. Ол ауру өзімді де айналып өтпеген, олардың да маған “өтісі өткен”, амал жоқ, базар маңындағы арзанқол асханаға жайғастық. Алғашында әжептеуір салиқалы әңгіме айттық, жұмыс туралы, айлықтың мөлшері, осындайда пысықтығымыз ұстайтын әдетпен, тағы да бір жұмыстар қарастыру керектігі, бір айлыққа қарап отырмай, қосымша тірлікпен айналысу керектігі сөз болды арамызда. Тек мен, әрбіріміз екінші бокалды тауысқан кезде тықырши бастадым. “Спонсордың” ақшасы азғантай екенін айттым ғой, үйде ет пісіп жатыр, ең маңыздысы, қамыр жаятын... Қысқасы, үлкен тәуекелмен екі құрдасыма, үйге “мебель” керегін жеткіздім. Айналайындар, өте ақылды адамға тән сабырмен тыңдап, түсіністік танытып, менің осындай үлкен мәселе шешу жолында жүргеніме қуаныштарын білдірді. Қуанғанда, біздің үйде ет асылып жатқаны қуантты оларды. Сөйтіп, үлкен мәселенің оңтайлы шешімін табуға атсалысты.
- Табамыз, базарда отырмыз ғой, - деді Айсар, как будто, біз айдалада отырмыз деп ойлап отырғандай.
- Жаңғақ ағашынан істелгенін алу керек, солар, мықты болады, жаңғақ ағашы өмірі сынбайды, - деп, Жақып та үлкен жаңалық ашты.
- Оқтай-тақтай деген, тиын тұрады ғой, - деді Айсар, құдды бір үйіне күнде оқтай-тақтай апарып жүргендей. Айсардың сенімді шыққан үнінен кейін, тағы бір-бір бокалға тапсырыс бердік.
***
Үш құрдас іркес-тіркес базар аралап жүрміз. Базарды бұрын да аралап жүрміз ғой, тек, бірдеме алу үшін арнайы келуім бірінші рет еді. Аналардың да гид боп жүргені шамалы, нәски сататын әйелден сұрап, ол шалбар сататын әйелдер жақты көрсетіп, олар насыбайшыларға, насыбайшылар, темір сатып отырғандарға жұмсап, олар... әйтеуір бір түкпірден таптық-ау, ақыры.
- Оқтай-тақтай керек, - дедік.
- Міне, - деді сатушы.
- Бізге жаңғақтаң жасалғаны...
- Осылар жаңғақтан жасалған..
Сатушының сөзіне қарағанда базар бойынша тек жаңғақтан жасалған оқтай-тақтай сатылады, оның өзі тек бір жерде, сол сатушының өзінде ғана екен.
- Алайық,- деп шешкенбіз, бағасын сұрадық, масқара болғанда, ақша жетпеді. Жететін де еді, сыра ішпегенімізде. Оқтай-тақтайға, сосын, барып қайтуға ғана жететін ақшаны ұлылылыққа тән, сұңғыла дәлдікпен берген әйелімнің математик екенін мойындағым кеп тұрды да, қойш дедім ше.
***
- Не істейміз?
Бұл сұрақты мен қойдым.
- Біздің үйден ап кесек ше, - деді Айсар. Қатын жоқтағы қожайындығымның сазайын тартып тұрмын ғой, құрдасымды аяп, басымды шайқадым. Ол желкесін қасыды. Осы біздің бар ғой, Жақыптың басы бар ғой, керемет істейді ше, “оқтайдың өзін ғана алайық та, тақтайдың не керегі бар, қамырды, үйіңде шәй ішетін үстелге жая салады ғой, біздің қатын сүйтеді” деді. Сөйтіп ойда-жоқта үлкен жаңалық аштық. Ол жаңалығымызға шын қуандық, заманында, ұлы жаңалық ашқан Архимед те бұлай қуана алмаған шығар. Тек, қуанышымыз ұзаққа созылмады, жоспарымызды сатушы бұзды, оқтай-тақтай екі бөлек сатылмайды екен, “алсаңдар бірге аласыңдар, болмаса, жоқ, жаңғақтан істелген оқтай-тақтай мықты болады, қазір-ақ біреу кеп ап кетеді” деп қатаң талап қойды. Құрып кеткір қу ағашты шынымен-ақ дәл қазір көз алдымызда біреу ап кететіндей, үш жақтап жалынып жатырмыз. Әшейінде қатын көрсек, кісімсіп қалатын, паңдығымыз далада қалды. Осы бір ағаштың дәл қазір сұмдық керек боп тұрғанын, ақшамыздың аздау боп қағанын, жаңғақтан істелгендіктен қымбат екенін білмей қалғанымызды, үшеумізді біздің үйде бір әйелдің күтіп отырғанын, күні ертең қалған ақшаны әкеп, тақтайын да алатынымызды, сатушының мейірімді екенін, оны түрінен-ақ байқауға болатынын... обшым, айтпағанымыз қалмады, ақыры көндірдік. Әйелді көндіру таланттың жоғары шыңын қажет ететінін ескерсек, үшеумізден де керемет дипломат шығатынын ұғынуға болар еді. Сатушыны көндіргенімізге қуандық, одан бөлек, қалтамызда тағы да бір-бір бокал сыраға жететін ақша қалғанын білгенде, оған енді, шынымен қуандық.
***
Әп-әдемі, мәдениетті түрде қалған ақшамызға сыра ішіп, оқтайды “жуып” отырғанбыз. Көрші үстелде отырған төрт жігіттің бірі кенеттен Айсарға ілінісе кеткені. Іліктің неден басталғанын ешкім түсіндіріп бере алмасы анық, бірақ, алғашқы соққыны Айсар жұмсады. Олар да қарап қалмады, біз де қарсы шықтық. Оқтайым барда не қам бар, мен де атой сап майданға кірдім. Тек, шабуылым ұзаққа бармады, алғашқы сілтеуден кейін-ақ, “жаңғақ ағашынан істелген, өмірі сынбайтын, мықты оқтайым” ортасынан қақ бөлінгені. Дәл ортасында көз бар екен, үшеуміздің алты көзіміз, оқтайдағы жалғыз көзді көрмеген соң, кімді кінәлайсың, көргенде де не істер едік, бар ақшамызға алдық қой оны. Бөлінген оқтайдың бір бөлігін Жақып пайдаланды да, біз жеңіске жеттік. Жеңіске жеткенде, милиция кеп қалды, сөйтіп, белгісіз себеппен басталған соғыс, милиция бөлімшесіне қамалумен аяқталды.
***
Ол кезде қазіргідей ұялы байланыс жоқ, сотканы екінің бірі ұстамайтын кез еді. Сондықтан, Жақыптың аға лейтенант ағасына хабарласу қиын болды бізге. Бұл жерде де “дипломатиялық шеберлігімізді” пайдаланып, кезекші көкенің “жақын ағамыз” болатынын керемет шынайылықпен дәлелдеп, Жақыптың ағасын шақырттық. Қанша дегенмен, аға лейтенант қой, келді де, “оқтаумен ұрғанымыз қатындық екенін, еркек болған соң, қолмен шығу керектігін, вообше-то төбелес дегеннің жақсы еместігін, енді өзімізге қиын болатынын” ұза-аа-қ түсіндірді. Жақыпты бір-екі рет ұрды ма, бірдеңе қылды, қолымен. Ақырында, таяқ жегендерден де, таяқ жегізгендерден де, кешірім сұрап, енді қайталамайтын боп, бостандыққа шықтық. Айтпақшы, таяқ жеген төрт жігіттің бірі, Жақыптың туған құда баласының, кластасының жүретін қызының ауылдасы екенін, онымен Жақыптың бір вечерде бірге болғанын да, сол татулық үстінде анықтап дәлелдедік. Соның арқасында таяқ жеген жігіттер “заявление” жазудың өздеріне “позор” екенін түсініп, кешірім берді-ай, әйтеуір.
***
Базарға түсте кеткеннен, таң ата, зорығып үйге зорға жеттік. Оқтайды мен, жартысын, Айсар алып кірді, Жақыпқа қару ұстату қауіпті екенін білдік қой. Кірсек, әйелім шала ұйқы болып жатыр екен, біздің келгенімізге шаттана қойған жоқ, онысына мән беруге шамамыз да келмеді біздің. Сүйегіне дейін еріп пісіп, суы тартылып қалған етті, отыз жылдық ашаршылықтан келгендей апыл-ғұпыл жеп жатырмыз. Айтпақшы, Жақыптың ағасына жолымызға ақша берген, оған “тамақпен ішетін бірдеңе” алып, жаяу келгенбіз. Сонша жерден көтеріп келген соң, ертеңге қалдырудың керегі жоғын білдік те, “тамақ астында” қалдырдық. Оқтай-тақтай үшін жасалған ұлы жорығым осылай аяқталды менің.
...Содан кейін мені әйелім базарға жұмсаған емес...
facebook.com

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста