Ырым-тиым һәм "жаман боладының" кері

Мысалы деймін да, біз кейбір ырымдарды ата-бабамызға теліп, іштей иемденіп, ұлттық құндылық ретінде қарап жүреміз, сөйтсек ол басқа ұлттарда да бар боп шығады. Кейде бір нанымдарды көзге ілмей, ондайға несін сенеді осы жұрт дей берсең, ғылыми негізге кезігесің. Шариғатта жоқ дегенің қайта сол шариғаттан енгені белгілі боп жатады.
Қысқасы, қазақтың ғайыпқа деген сенімінің бір бөлшегі болып табылатын ырымдар осы күні негіздісі бар, негізсізі бар, “жалпыадамзаттығы” бар, ұлттығы бар, аймақтық, тіпті жеке үйішілігі бар, тарихиы мен инновациялығы бар - барлығы мидай араласып кетті. Әлі де бүгілмеген саусағыңыз болса, фен-шуйды, Правдинаны және жұлдыз-жорамалды қосамыз.
Басқаны қайдам, өзімнің ырымшылдығыма едәуір әсер еткен нәрсе 90-жылдардың басындағы “Арай”, “Қазақстан әйелдері” секілді журналдар мен “Мыңнан бір мезет” секілді қосымшалар болды. Оқып алған нәрсені дереу “практиковать” ете бастайсың. Мысалы, ең көп “жүзеге асырған” “жырымым” – егер бір жаққа шығып бара жатып, әлденені ұмытып үйге қайта кірсең, міндетті түрде айнаға қарауың керек, әйтпесе жолың болмай қалады. Міне, әйтпесе! Естігенім емес, оқығаным. Дәу де болса, аты аталған басылымдардың бірінен. Әлгі болмағыр сенімнің жүрегімнен қай уақытта сыпырылып түсіп қалғаны есімде жоқ, бір білетінім соны дап-дардай болғанша аянбай атқарып жүрдім.
Қойшы әйтеуір, күндердің бір күнінде алғашқы мүшелге де толдық. Тола сала ырымның астында қалдық. Ішінен іріктеп алғанымыз – тәуір киіміңді біреуге беруің керек және өзіңнің бойыңдай қара матаны алысқа апарып тастауың қажет. Тоқсаныншы жылдардың соңы ғой, тәуір киім өзімде де болмаған болу керек, бірақ қара мата табылды ғой деймін. Кейін білдім, кісі бойындай қара мата көрші Диля тәтенің идеясы екен. Ұйғыр халқының ұмытыла бастаған ырымы көрінеді.
Қалаға келдік. Ауылдан келетін әр туысты асыға күтетінбіз. Күндердің келетін делегацияның басты миссиясы оқу фронтын қаражатпен және сарымай, құрт, варенье секілді оқ-дәрілермен қамтамассыз ету ғой. Бір күні тылдан келетін негізгі көмектің бірі - сарымай күрт тоқтады. Түркістаннан келген құдалар айтты, «жолға сарымай алып шығуға болмайды екен» деп түсіндірілді бізге. Неге екенін ешкім сұрамапты, ешкім айтпапты. Сірә, жаман болатын болу керек.
Мысық өтсе, үш айналып, ақшаны жерге тастап барып, тф-тф деп тақтай ұрып жүріп жаттық. Неге екені, бірақ сол қолмен тамақ ішсең, шайтан ортақтасып кетеді дегенге аса мән бермеппіз. Сөйтсек, адамның табиғаты сол екен ғой. Әйтеуір бір сенімге мұқтаж, бірақ онысы оңай болса істейді, сәл қолайына жақпаса, ақтала салады.
Сөйтіп жүргенде, ырымның қырын кететін жері де болатынын, жарқырағанның бәрі алтын емесін ұға бастадық. Бажайлап қараған адамға озығы да, тозығы да көрініп тұр екен.
Мысалы, түнде тырнақ алма дейді. Тыйым. Бірақ бұл қандай да бір мистикалық нанымнан емес, гигиеналық және техникалық қауіпсіздік талаптарынан туған. Түнде дала қараңғы. Киіз үйдің іші де жарқырап тұрғаны шамалы. Қолыңды кесесің, кеспеген күнде де тырнағыңның ұшып барып қайда қонатынын білмейсің. Ал біз бейбақ осыны бертінге дейін сақтап, күндіз ұмытып, кеш түскенде еске түсіп, ертеңге қалдырып, тағы ұмытып, мектепке аюдай болып талай бардық. Рас, бұл жақсы тыйым... болған, дегенмен қазір өзекті емес.
Сыпыртқыны тігінен қойсаң, жаман болады дейтін. Негізі, жаман болмайды екен ғой, тек ұшы майысып, дұрыс сыпырмай қалады екен. Әлі де сыпыртқы пайдаланамыз, демек, әлі де пайдасы бар қағида, тек соңғы жаман болады дегеннің қосылып, қарапайым қағиданың нанымға айналып кеткені болмаса.
Ұйықтағанда басыңды судың ағатын бағытына берсең, «тожы» жаман болады. Әрине, жаман болады, өйткені су еңіске ағады, ал ұйықтағанда басың төмен, аяғың жоғары тұрса, қайдан жақсы ұйқы болсын. Енді осы ырымның жер бедері мен қолайлылыққа ғана қатысты екеніне мән бергіңіз келмесе, жүргеніңіз сол, Астананың көп қабатты үйлерінде “Есіл қай жаққа ағатын еді” деп сұрап.
Ал егер Есілді бағдар ұстап, басыңызды ағысқа қарама-қарсы бергенде, басыңыз есікке қарап қалса ше? Есікке қаратуға болмайды ғой. Қайсысына “амал етеміз”? (Мыжып кеттім бе? Куә болған жайттар болғасын жазып отырмын.) “Басты есікке қаратуға болмайдыны” өзімше екі түрлі түсіндірме жасадым. 1. Есіктен суық ұруы мүмкін. Тиісінше, терезеден ұрса, басты терезеге қаратуға болмайды, жаман болады. 2. Білуімше, киіз үйдің есігі көбіне күншығысқа қарайды. Басыңды есікке берсең, аяғың құбыланы тебеді. Қазақ осыны да ескерген болуы мүмкін.
Енді мына қызыққа қараңыз. Тізеңді құшақтама дейді. Неге? Белгісіз. Бірақ жақында бір хадис естідім. Мағынасы бойынша, жұма күні имам құтпа айтып жатқанда тізені құшақтап отыру құпталмайтын әрекетке жатады. Мұндай отырыс ұйқы шақырады, нәтижесінде құтпаны дұрыс тыңдай алмай қалуың және дәреттің бұзылуы мүмкін. Яғни кейбір ырымдардың негізін шариғаттан алғанмен, өзгеріске түскенін байқаймыз.
Күлді баспа, сүйекті теппе. Бір жағы - тазалық, екіншіден, бұл - таза сүннет. Өйткені хадистерде күл-қоқыстың жындардың мекені, ал сүйектің олардың тамағы екені айтылған.
Қалай болғанда да, адам жаны бір нәрсеге сенуге бейім тұрады. Сенгің келгенге сене бер, ең бастысы сол, ал не нәрсеге сеніп жатырсың, ол маңызды емес деп азғыратындар бар. Қала берді, жұрт айтқанның бәрін қазақтың дәстүрлі наным-сеніміне теліп, оған сын көзбен қарағанды ұлттың жауы етіп көрсеткісі келетіндер де табылады. Халықтың ғасырлар бойғы тұрмыс тәжірибесінен туған қағидаттарының түбін тексермей, "дінде жоқ" деп аттандап жүргендер де жоқ емес. Ойлаймын да, аймақ-аймақтағы қолданыста жүрген барлық наным-сенімді жинақтап, ғылыми, тарихи, теологиялық тұрғыдан талдап, классификациялап, үлкен зерттеу жасаса ғой деп. Білуімше, бұл тақырып зерттелген жоқ. Тіпті қай ғылымның объектісіне жатқызарымды білмеймін. Жалпылама, субъективті, шолу түрінде аз-маз жазбалар болған шығар, ал анадай түбегейлі зерттеу мүмкін ба, мүмкін емес па, оны да білмеймін.
Мұрат Есжан
Facebook-тегі парақшасынан

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста