Соңғы жылдары электр қуатын үнемдейтін лампаларға деген сұраныс артып отыр. Үнемді болғанымен де осы заманауи шырақтың төңірегіндегі даудың көрігі де қызып тұр. Әрине, пайдалы заттың зиянды жағы да қоса жүретінінен болар.
Белгілісі, бүгінде дүниежүзіндегі елдердің басым бөлігі осы электр қуатын үнемдейтін лампаларды пайдалануға көшіп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын яғни 2009 жылы Еуропалық комиссия 2012 жылға қарай Еуроодаққа қарайтын елдерде кез келген шам түрлерін электр жарығын үнемдейтін лампаларға толығымен ауыстыру туралы шешім қабылдаған болатын. Электр қуатының құлағын ұстаған мамандар осы амалдың арқасында алдағы онжылдықта 80 миллиард киловатт/сағат электр қуатын үнемдеуге қол жеткізетіндерін айтады. Осыған орай елімізде «Энергия үнемдеу шаралары туралы бағдарлама» бекітілген-тін. Ильич шамына қарағанда әлдеқайда жетілген заманауи шырақ түрі, осылайша кең қолдауға ие болды. Бұған әсіресе жеке кәсіппен шұғылданатындар ерекше қуанған-тын. Өйткені жеке тұлғаларға қарағанда заңды тұлғалар электр қуатына жоғары бағамен төлейтіндігі белгілі. Алайда мамандар бұл лампаның зиянды жағына да көптеп көңіл бөлуді сұранып отыр. Себебі қуат үнемдейтін лампалардың ішінде сынаптың болуы үлкен қауіптен хабар бергендей. Қауіпті химиялық затқа жататындықтан сынаптың адам ағзасына да, айнала қоршаған ортаға да тигізер зияны шаш етектен.
Ең қауіптісі, сынған шырақтан бөлінген сынап ағзада білдірмей жинала береді. Жылдар өте ағзаны әлсіретіп, қауіпті аурулардың қатары қылтия бастайды. Мәселен, сынап тері және онкологиялық дерттердің туындауына алғышарттардың бірі болуы да мүмкін. Жарықты үнемдейтін лампа мен адам жанарының арасы 30 сантиметрден кем болмауы керек екен. Швейцариялық ғалымдар мұндайда энергия үнемдейтін лампалардың магниттік өрісінің адам денсаулығына тигізетін кері әсері жоқ екенін дәлелдепті. Алайда қыр астында қауіп жоқ демеңіз. Әсіресе сезімтал адамдарға күндізгі жарық кері әсерін тигізеді...
Қымбат бағалы үнем лампаларын жасап шығаратын өндіріс орындары өз өнімдерінің 12 000 – 15 000 мың сағатқа дейін жұмыс істейтінін айтады. Ал арзанырақтары 6 000 – 10 000 мың сағатқа шыдас беруі мүмкін. Дүниежүзілік стандарт бойынша дәл осы лампалардың коэффициенті R=82-ге тең болуы керек. Егер одан төмен болған жағдайда көзге тигізер зияны көп. Осы лампаның астында, жанында отырып жұмыс істегенде «сваркадан» кейінгі көз қызаратынындай «жарақат» алуға болады. Мамандар Қытайда жасалған өнімге тіптен жолаудың керегі жоқ дейді. Әрі арзан деп қызығудың да қажеті шамалы. Қарапайым қолданыстағы лампаларға қарағанда, бірнеше есе қымбатырақ болғанымен де бұл лампалардың да қауіпті екенін естен шығармаған абзал. Алда-жалда дәл осы лампаларды сындырып алсаңыз, онда төгілген сынаптың қатерлі құрығына іліктім дей беріңіз. Сонымен қатар қолданыстан шығарылған лампаларды кез келген жерге тастай салу да тағы бір қауіпті жақындатары сөзсіз. Үнем лампаларын пайдалануда ұқыптылық танытқан жөн. Ең дұрысы, осы лампаларды жерге көміп тастаған дұрыс дейді экологтар... Бұл лампалардың да өз атауы бар, яғни шағын люминесцентті лампалар (КЛЛ) деп аталады. Құрылысына келсек, сынаппен, инертті газбен (аргон, ксенон) толтырылған. Оның іші люминефронмен қапталған. Негізі, энергетика саласының мамандары мұндай лампаларды ұзақ жанып тұратын жерлерде, мәселен дәлізде, асханада, түнгі кезекшілік уақытында пайдалануды ұсынады. Яғни одан қашық жүрген дұрыс. Бүгінде елімізде осы үнем лампаларын жаппай жарнамалау науқаны жүргізіліп жатыр. Әрине, қат нәрсеге айналар қуат көзін үнемдеген де дұрыс. Алайда үнемдейміз деп жүріп үлкен қауіптің апанына түспейміз бе?
«ПАЙДАСЫ»: Қарапайым қолданыстағы лампалар орташа есеппен 40 теңге тұрса, үнем лампалары 350-450 теңге тұрады. Оңтүстіктегі орташа тариф 1 квт/сағ құны – 10,23 теңге. Лампаның қуаты – 100W және 20W. 6 000 мың сағатқа кәдімгі 40 теңге тұратын алты лампа керек. Ол 240 теңге болады. 6 000 сағатта алты лампа 600 квт қуат жейді. Сонда тарифке көбейткенде 6 138 теңге болады. Үнем лампасы 6 000 сағатта 1 228 теңге жұтады. Бір лампадан 4 800 теңге ұтуға болады.
ЗИЯНЫ: оның құрамындағы химиялық қосындылар адам ағзасына зиянды. Әсіресе көзге. Сынапты пайдалы деп ешкім айта алмайды. Сығырайып жанатын үнем лампаларынан жас өскіндердің көруі нашарласа кімнен көресіз? Жарнамаламас бұрын еліміздің барлық аймақтарында осы лампалардың көзін жоюмен айналысатын арнайы мекемелер құрылып, қаладағы әр үйдің жанында ескірген электр қуатын үнемдейтін лампаларды ғана салатын арнайы жеке контейнерлер орнатылуы тиіс еді. Алайда мұны артық шығын көретіндер көп. Дегенмен халық денсаулығы үшін маңызы бар іс. Алайда бұл жағы мүлдем ескерілмеген.