Қазірде дала қазағының да, қала қазағының да жан қайғысының бірі де, бірегейі жер мәселесі. «Қала қазағы өз алдына ауыл қазағының жайылымдық жерге зар болып малын көгендеп қойып бағып отырғаны тіптен қауіпті» дейді мамандар. Ендеше бүгін Алаш айнасы соңғы кездері ауылдағы ағайынның бітіспес мұңына айналған жер мәселесін сараптап көруді жөн көрді.
Кезінде Тәуелсіздік алған жылдары жекелеген шаруа қожалықтары құрылып, ауылдық-аймақтардағы шаруалар жерді пайдаланудың жаңаша тәсіліне көшкені белгілі. Осы тұста білетіндер көлемді жайылымдық жерлерді қарпып қалуға тырысып бақты. Ал аңқылдаған қайсыбір аңқау ел «өкімет өзегімді талдырмайды» деген әлі де беймарал күйден арыла алмауда. Бір ескеретіні, кезінде сол көлемді жерлерді жалға алып, тіпті пысықайлық танытып жекешелендіріп алған шаруалардың дәурені қазір жүріп-ақ тұр. Шаруалардың бұл тарабы қазірде қоңсысына бөтен елдің малын қондырмайды. Жайылымына бөтен мал кірсе, жауын көргендей тықсырады. Бұдан соң жайылымы жоқ, жері жоқ үй шаруасы малын көгендеп қойып бағуды қанағат тұтып жүр. Бұған қатысты мамандар: «Қазақтың малы патша өкіметі тұсында көгенделіп бағылды, Ресей империясы кезінде көгенделді, тың игеруді желеу етіп мал басын тағы көгендедік, өз еншімізді алып отырған нақ қазіргі тұста да ауылдағы ағайын жайылымдық жер таппай малын тағы көгендеп бағып отыр. Сонда қазақтың малы байлаудан қашан босайды? Мал шаруашылығының 90 пайызы үй шаруашылығындағы шаруалардың қолында. Ал олардың 80 пайызында жайылымдық жер жоқ. Егер атқарушы билік бұл мәселені уақытылы шешпесе малдың басын одан әрі кемітіп аламыз» деседі.
Бізге инновация жетіспейді
БҰҰ-ның деректеріне қарағанда, еліміздің 272,5 млн гектар жайылымдық жерінің 179,9 миллионы шөлейттенуге дейін жеткен көрінеді. Ал отандық мамандардың байыптауынша, қазірде жекелеген қолдағы жайылымдық жерлердің жай-күйі «бас қатырарлықтай» деңгейге жеткен. Өйткені біз жерді пайдаланудың сауатты әдіс-тәсілін меңгере алмай отырмыз. Бүгінде шаруаларға пайдалануға берген жайылымдық жерлеріміздің 80 пайызы мүлде жарамсыз саналып отыр. Басты себеп: жекелеген шаруаның жерді күтіп баптауға қауқары жоқ. Техникалық қуаттылығы жарамсыз.
Сарапшылардың дені «мұндай жарамсыз жайылымдық жерлерде мал азығын даярлауға мүлде мүмкіншілік жоқ. Тозығы жеткен жайылымдық жермен мал шаруашылығын өркендету мүмкін» емес деп дабыл қағуда.
Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:
- Біз жайылымдық жерлерді жеке қолға беру арқылы мал шаруашылығын өзіндік деңгейінен күрт төмендетіп алдық. Қазір келіп «ауылдағы әрбір шаңырақта жоқ дегенде бес ірі қарадан болуы керек» деп дабыра саламыз. Тозығы жеткен жайылымдық жерімізбен мал азығынан жылда тапшылық көріп отырмыз. Жем-шөптен тарыққан шаруалардың мал басы жыл сайын кеміп отыр. Мұнымен қалайша мал басын өсірмекпіз? Дамушы елдердің дені жерді пайдалану әдісін индустриалдық-инновациялық бағытпен жүзеге асырады. Ал бізде шаруа қожалық-тарының көпшілігі жерін қорып, өзгелердің малдарын жайылымына түсірмейді. Мемлекеттен жалға алған жерлерін жекеменшігіндей көретіндердің дені жерді тиімді пайдалана алмай, жайылымға берілген шұрайлы жерлер құрғап, шөлді аймақтарға айналып барады. Осы кемшіліктерді инновациялық тәжірибеге сүйене отырып жою қажет. Мысалы, Германия, Израил, Малайзия тәрізді елдер жерді негізінен басты өндіріс құралы ретінде пайдаланады. Бұл елдерде шаруалар қандайда бір жерлерді жалға алса мемлекетке салық төлейді, тапқан пайдасын бөліседі, пайдаланған жерін үнемі тыңайтып, жайнатып отырады. Былайша алғанда дамушы және дамыған елдердің басым бөлігінде жер қатынасын реттеу және оны пайдалану тәсілі арқылы мемлекет те, шаруа да тек пайдаға батуы керек. Ал бізде бәленбай мыңдаған гектарды жалға алған ауқаттылар не мемлекетке жарытып салық төлемейді, не жері жоқ шаруаларға арзан бағамен мал азығын даярлауға септігін тигізбейді, өзгенің малынан жерлерін қызғыштай қорып отырады да қояды. Мәселе бұлай жалғаса беретін болса күні ертең малдың басы күрт төмендеп көгендеп бағатын да мал қалмай, бар малды көгендеп бағудың өзі мұң болмақ. Ендеше бұған сауатты мемлекеттік шешімдер қажет.
Әуелден есемізді жіберіп алдық
Жалпы, жер мәселесін қаузағанда мамандар «әуел бастан-ақ жерден есесі кеткен елміз» деседі. Мысалы, патша өкіметі тұсында да біршама құнарлы жеріміз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Бұл ретте «Қазақ және жер тағдыры» комиссиясының төрағасы Сапабек Әсіпұлы былай дейді:
- Кезінде Ресей империясы қазақтың құнарлы жерлеріне мұжықтарды орналастыра бастаған тұста қазақтар өзінің 45 миллион десиятина ең құнарлы жерлерінен айырылып қалды. Шөл далаға ығысқан қазақта мал шаруашылығы қайдан дамысын? Осындай әрекеттен соң қазақтар отырықшылық көрмеді. Қысы-жазы көшіп-қонып жүруге мәжбүр болды. Көшпенді елдің белгілі бір өнеркәсіп саласымен айналысуы да қиын екені белгілі. Бұл – Кеңес өкіметі құрылғанға дейінгі жағдай. Ал кеңестік өкімет заманында тың игеруді желеу етіп, тағы 25 миллион гектар жерімізден айырылдық. Ең құнарлы, шөбі шүйгін, мал өсіруге қолайлы деген қазақ даласын Украинадан, Белоруссиядан келген тың игерушілер иемденіп қалды. Осылай тағы да құнарлы жерді уыстан шығарып алдық. Қазір жеріміздің 67 пайызы шөл және шөлейтті аймақтар. Бұларды ғылым тілінде «адамның күнкөрісіне мейлінше қолайсыз аймақтар» деп есептейді. Мал шаруашылығын дамытпақ түгілі, ол аймақтарда күн көру тауқымет. Ал біз 72-ке жуық ауылды-аймақты сол қолайсыз жерде қоныстандырып отырмыз. Осы жайттың бетін ашып, қанша зар қақсадық. Бірақ селт еткен қазақты көрмедім. Міне, нақ қазір бірінші шешілуі тиіс мәселе бізде – осы. Олай етпесек мал шаруашылығын алдағы 3-4 жылда мүлде тұралатып аламыз.
Үлестің басым бөлігін мемлекеттік ету керек
Негізінде, ауылдағы ағайынның жер мәселесін шешуге қатысты бізде шешімдер жоқ емес, бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі жайылымдық жерлердің біртұтас саясатын жүргізу мәселесін көтеріп-ақ жүр. Тіпті «Жайылымдық жерлер» туралы заң да қабылданып бұл заң аясында елде жайылымдық кеңес құру; көпжылдық шөптер егіп, тозып кеткен жерлерді қалпына келтіру; күн және жел генераторларын пайдалану арқылы жайылымдарға жылу-жарық беру; аймақтардағы құдықтарды қалпына келтіру істерін жүргізу де жоспарлануда. Дегенмен мамандардың пайымдауынша, біз елде малдың өсімін арттырып, мал шаруашылығын дамытамыз десек, алдымен, «мал өсіретін орта қалыптастырып, шаруаны дөңгелетуге жағдай жасағанымыз жөн». Ол үшін Үкімет мынадай ұсыныстарға назар аударуы тиіс: а) Жайылымдық жерлердің 60 пайызы мемлекет меншігіне қайтарылуы қажет. ә) Шаруалар жалға алған жайылымдық жерлерінің есебі ретінде мемлекетке салық төлеуі керек; б) Жерді несиеге беру үрдісі жалғасын табуы керек; в) Ең бастысы «Жер кодексін» қайта қарап, жоғарыда аталған ұсыныстарды кодекске енгізу мәселесі қарастырылғаны абзал.
Міне, мамандар «осы аталған жайттарға назар аударылатын болса, жаңа «Жер кодексі» түзіліп, оған сауатты ұсыныстар енгізілсе, қазақта жердің қадірі артып біліп, көштің бағыты түзеледі» деседі....
P.S. Жалпы, бір ғана жайылымдық жер мәселесінен ел қазынасы әжептәуір шығынға ұшырайды екен. Мәселен, өткен жылы жайылымдық жерлердің эрозияға ұшырауы салдарынан мемлекетке келген шығын 779 миллион долларды шамаласа, екінші қайтара сорланудың (тұздану) зардабынан 2,5 миллиард доллар шығынға ұшыраппыз. Бағамдасақ, жайылымдық жерлердің шамадан тыс тозуы; шөл және шөлейт аймақтардың көбеюі, қала берді сол тозған жайылымның өзінің жетіспеушілігі қазақтың малын еріксіз көгендетіп тұр. Ал көгендегі малдың бүйірі шыға тоқ болмайтыны тағы анық. Олай болса қазақтың малы шөбі шүйгін жайылымға бас қоюуы үшін мамандар тарапынан айтылған ұсыныстарға назар аударылуы керек. «Сонда ғана қазақтың малы көгеннен босап, мал шаруашылығының мәні келіседі» дейді мамандар.
Малымызды көгендеп қойып бағып жүрміз
Последние статьи автора