Алаштың БИЗНЕС ӘЛІППЕСІ

Мұнайдың мол қоры Куәйтпен теңесуге мүмкіндік береді

                                                    Абай ОМАРОВ (коллаж)

Біз әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдердің қатарындамыз. Көмірсутегінің бай қоры елімізге тиімді энергетикалық саясат  құруға мүмкіндік бергені сөзсіз. Соңғы жиырма жылдың ішінде аталмыш сала үкімет пен бизнестің күшімен орталықтандырылған һәм мемлекетке бағытталған саладан нарықтық, тиімділігі жоғары салаға айналды. Бұл елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, көмірсутегі қоры бойынша ТМД елдері ішінде ғана емес, ірі мұнай өндіруші елдер ішінде алға суырылып шығуға жағдай жасады.
Мұнай және газ министрлігінің мәліметінше,  құрлықтағы және теңіз астындағы нақтыланған көмірсутегі қоры – 4,8 млрд тонна немесе 35 млрд баррель шамасында. Алайда кейбір сарапшылардың бағалауынша, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі мұнай қоры 17 млрд т немесе 124,3 млрд баррельді құрауы мүмкін. Сондықтан мұнай мен газдың мол қорын есепке алғанда, болашақта да еліміз әлемдік мұнай-газ  өндірісі саласының қақ ортасынан көріне бермек. 
Алдағы уақытта мұнай мен газ өндірісі артып, мұнай өндіруші елдердің алдыңғы ондығына еніп, Куәйтпен теңесетін боламыз. Мұнай-газ өндірісі  көлемінің өсуі екі фактормен түсіндіріледі. Біріншіден, бұл шетелдік капиталдың, әсіресе мұнай-газ саласына тікелей шетелдік инвестицияның көптеп құйылуы. Екіншіден,  мұнай-газ саласына әлемдік нарықтағы баға да әсерін тигізбей қоймайды.

Кен орындары 
Қазақстандағы мұнайдың басты қоры (90 пайыздан астамы) 15 ірі кен орнында шоғырланған: Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Өзен, Жетібай, Жаңажол, Қаламқас, Кеңқияқ, Қаражамбас, Құмкөл, Солтүстік Бозашы, Әлібекмола, Орталық және Шығыс Прорва, Кенбай, Королевское. Тең жартысы екі алып мұнай кенішінде – Қашаған мен Теңізде. Геологиялық қордың осылайша бір орында шоғырлануы өндірісті арзандатады.  Бірақ қордың жер қойнауында орналасуы, химиялық қоспалардың көптігі кен орындарын егжей-тегжейлі зерттеп, бастапқы кезеңде мол қаржы құюды талап етеді. Біздегі кен орындары он төрт облыстың алтауында: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облысында.  Мұнай қорының 70 пайызға жуығы – батыста. Әсіресе Атырау облысында барланған мұнай қоры орасан, мұнда 80-нен астам мұнай кеніші ашылған. Облыстағы ірі кен орындары – Теңіз, Королевское, Кенбай. «Теңізшевройл» компаниясы­ның мәліметінше, Теңіз бен Королевс­кое кенішіндегі өндірілетін мұнай қоры 750 млн тоннадан 1,1 млрд тонна шамасында деп бағаланған.
Маңғыстау облысының аумағында 70-тен астам кен орны ашылған. Жартысында өндіріс жүруде, қалғаны – дайындықтың соңғы сатысында. Мұндағы ірі кен орындары – Өзен, Жетібай, Қаламқас, Қаражамбас.
15-тен астам көмірсутегі қоры – Батыс Қазақстан облысының аумағында.  Мұнда ең негізгісі – Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кеніші. Сондай-ақ Ақтөбе облысының да мұнай-газ әлеуеті зор. Мұнда ашылған кеніш саны – 25. 
Қашаған
Еліміздің мұнай-газ саласының әлеуеттік ресурсын әрмен қарай көтеруге Каспий және Арал теңізі акваторийі қойнауында жүргізілген зерттеудің маңызы зор болды. Каспийдің  солтүстігінде 2000 жылы ашылған Қашаған кен орнындағы өндірілетін мұнай қоры кем дегенде  9 млрд баррель деп бағалануы соңғы отыз жыл ішінде әлем деңгейінде аса маңызды оқиға саналады. Қашағанда жүйелі мұнай өндірісі 2013 жылы басталады деп жоспарланған. Сөйтіп, келесі онжылдықтың соңына қарай өндіру көлемі жылына 75 млн т (тәулігіне 1,5 баррель) жетуі мүмкін. 
Тасымал бағыты
Еліміз өндірілген мұнайдың негізгі бөлігін мұнай желісі арқылы тасымалдайды. Бұл орайда ел ішінде мұнай өңдейтін үш ірі зауыт барын айта кету керек. Үш зауытта кең көлемде модернизация жүргізу жоспарланған. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдан бастап жаңғыртылған мұнай өңдеуші сала елдің жоғары сапалы мұнай өнімдеріне деген сұранысын толық қанағаттандыруы қажет екенін айтқан. Сонымен бірге еліміз мұнайдың басым бөлігін экспорттайтыны белгілі. Сондықтан экспорт бағыттарына инвестиция құюдың маңызы зор.
Теңіз айлағына шыға алмайтын еліміздің мұнай экспорты Ресейге тәуелді. Дегенмен соңғы жылдары бұл тәуелділікті біршама азайтуға қол жеткізілді. 1997 жылы Үкіметтің шешімімен мұнай тасымалдайтын ұлттық компания «ҚазТрансОйл» құрылған болатын.  Барлық магистральдық мұнай желілері соған берілді. Қазақстандық құбыр желілері жүйесі жеке-дара үш учаскеден тұрады, оларды ресейлік «Транснефть» компаниясының жүйесі жалғастырады. Бұл орайда мұнай экспортының басым бөлігі Атырау–Самара және КТК (Каспий құбыр консорциумы) бағытымен өтеді. Мұнай экспортының едәуір бөлігі теміржол арқылы да тасымалданады.
Соңғы он жыл ішінде мұнай экспортына арналған екі жаңа ірі құбыр желісі салынған еді. Біріншісі – Каспий құбыр желісі консорциумы (КТК) – ұзындығы 1580 шақырымды құрайтын бұл құбыр желісі Теңіз кенішін Қара теңізде орналасқан Новороссийск теңіз портымен жалғастырады. 2001 жылы салынған КТК арқылы соңғы уақытта жылына тәулігіне 650 мың баррель мұнай өтеді. Екіншісі – Қазақстанды Қытаймен байланыстыратын құбыр желісі.  Оның жобалық қуаты тәулігіне 200 мың баррель немесе 10 млн т. Ол Орталық Қазақстан мен «ҚазТрансОйл» құбыр желісінің шығыс бөлігін Қытаймен жалғастырады. Бұл құбыр желісінің  құрылысы 2006 жылы аяқталған. Әзірге ол толық қуатпен жұмыс істеп тұрған жоқ. Сондай-ақ Кеңқияқ – Атырау, Әлімбекмола – Кеңқияқ, Солтүстік Бозашы – Қаражамбас, Кеңқияқ –Құмкөл жаңа құбыр желілері іске қосылған. Ақтау айлағы мен теміржолдағы бірқатар терминалдың да қуаты артқан. 
2008 жылы еліміз Каспий теңізі мен осы елдің аумағы арқылы халықаралық нарыққа Баку–Тбилиси–Жейхан жүйесімен тасымалдау жөнінде Әзірбайжанмен арадағы келісімді заңдастырды. Бұл Ескене–Құрық құбыр желісінің маңызын одан сайын арттырады. Алдын ала есеп­теуге сәйкес, Қазақстан–Түрік­менстан–Иран бағыты – қазақстандық мұнайды Парсы шығанағы елдеріне жеткізуде ең қолайлы тәсіл. Жоба бойынша құбыр желісі Батыс Қазақ­станнан басталып, Батыс Түрікменстан­ды кесіп өтіп, әрмен қарай Иранның солтүстік аймағына жетуі тиіс.


Тақтатас төңкерісінен не күтеміз?
Мұнай өндірісіндегі «тақтатас төңкерісі» (тақтатас немесе сланец – минералды-органикалық пайдалы қазба) сланец газы өндіріле бастағаннан кейін шықты.  Ал сланец газының кең көлемді өндірісі 2000 жылдары басталған болатын. 2010 жылы АҚШ-та оның өндірісіне құйылған қаржының жылдық көлемі 21 млрд долларды құраған. Бұл өз кезегінде газдың әлемдік бағасын құлдыратты.  2012 жылы АҚШ-тағы газдың бағасы «көгілдір отынға» бай Ресейдегі бағадан төмен болды. «Базэл» директоры Олег Дерипасканың пікірінше, шикі мұнайдың арқасында Ресей әрі кетсе үш-төрт жыл «тоқ өмір» сүреді. Өйткені алдағы уақытта нарықты тақтатас газы мен тақтатас мұнайы жаулап алады.
Мамандардың айтуынша, мұнайдың қымбат құны тақтатас мұнайын өндірудің экономикалық және технологиялық тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды шығаруды ынталандырады. Оның үстіне, мұнай импортына тәуелділіктен құтылғысы келетін елдер мұндай жобаларға қатты қолдау көрсетіп отыр.
Нарыққа тақтатас мұнайының шығуы адамзат қоғамы мұнай қорымен әлі көпке дейін, тіпті жүз жылға дейін қамтамасыз етілген деуге негіз бар. Өйткені тақтатас мұнайының әлемдік қоры 3 трлн баррельді құрайды. Бұл қордың 70 пайызы – Америкада. 
Ресей Ғылым академиясы энергетикалық зерттеулер институты­ның болжамынша, тақтатас мұнайының өндірісін ынталандыру нәтижесінде  алдағы 20 шақты жылдың ішінде қара алтынның құны 80 долларға түсуі керек. Кейбір сарапшылар тіпті 60 доллар деп отыр. Әлбетте, 2030 жылға дейін әлі талай өзгеріс болады. Алайда бюджеттің мұнай-газ саласына тәуелділігін қазірден бастап кеміту қажеттігі туындайды.


Мұнайсыз әлем... Ол қандай болмақ?
Бүгінгі заманда мұнайсыз өмірді көзге елестету қиын.  Алайда қара алтынның қоры сарқылатыны да – белгілі жайт. Біреулер 10-15 жыл деп  шошытса, енді біреулер «жарты ғасырмен» жұбатады. Әйтсе де түптің түбінде адамзаттың тегін де таза балама қуат көздеріне көшетіні сөзсіз. Табиғи қуаттың артықшылығы орасан. Бұл – таза ауа,  мұнай дақтарынан (күкірттен) құтылу, арзан энергия, ауаны ластамайтын таза көлік және т.б.  2017 жылғы ЕХРО көрмесінің тақырыбы ретінде балама қуат көздерінің таңдап алынуы да бекер емес. Сондай мұнайсыз әлем қандай болмақ?


Осыдан 20 жылдай бұрын америкалық ғалымдар мынадай статистикалық дерек келтіреді: өткен ғасырдың 50-жылдары шахтадағы көмір өндірісіне жұмсалған шығынның қайтарым/өсімінің пропорциясы 80:1 болса, 70-жылдарға қарай бұл көрсеткіш 30:1 дейін кеміді. 40-жылдары мұнай мен газдың өндіріске жұмсалған қуат қайтарымы 100:1, ал 70-жылдары 23:1 болды. Ал қуаттың балама көздерін өндіруге жұмсалған қуат өсімі аз: жүгеріден этанол өндіруде – 1,3:1, күн панельдері – 1,9:1, ал желден қуат алатын құрылғы 2:1 болмақ.
Осылайша, бүгінгі тиімділігі жоғары қазба байлыққа негізделген қуат көздері мен болашақтағы балама қуат көздерінің тиімділігі арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Мұны түсінген мемлекеттер дайындықты қазірден бастайды. 
Тиімділігі төмен табиғи қуат өндірісін жолға қою жер көлемінің ауқымдылығын қажет етеді. Мәселен, келешекте толқын қуатын өндіруге жұмсалған энергия өсімі 15:1 дейін жетуі мүмкін, бұл басқа балама қуат көздеріне қарағанда көбірек. Әйтсе де бұл шаруа теңіз жағалауының біраз бөлігін қуат өндірісіне лайықтауға мәжбүр ететіні сөзсіз. Канададағы Фанди шығанағы толқыннан қуат өндіретін электр стансыларымен толуы ғажап емес. Бұл өз кезегінде жағалаудағы елді мекендердің наразылығын тудыруы мүмкін.
АҚШ ғалымы Д.Тэйнтердің айтуынша, балама қуат көздерінен энергия өндіре бастағанда адамдардың қалаға шоғырлану мүмкіндігі азаяды. Бос жатқан жерге үй қаптап, қаладағы  инфрақұрылымның басым бөлігі қажеті болмай, тіпті құруы мүмкін.
Индустриалдық қоғамды ұстап тұруға қажетті пайдалы жұмысқа қол жеткізу үшін балама қуат көздерінен алынған энергия жинақталады. Энергия жіберетін желілер салынады, қуатты көп көлемде сақтау үшін жаңа технологиялар шығарылады. Бұл да қоршаған ортаға өзгеше әсер етіп, біраз қиындықтар туғызады.
Саясат та сырт қалмайды. Халқы көп, бірақ жер көлемі аз елдер балама қуат көздерінен өздеріне қажет мөлшерде энергия өндіре алмайды. Егер мұндай елдер қуат импорттай алмаса, басқа елдермен кірігуге немесе аймақтық конфедерациялар құруға мәжбүр болады. Бәлкім, қуатты жеткілікті түрде шоғырландыра алмайтындықтан, алпауыт мемлекеттер өз ұстанымын басқа елдерге таңа алмайды. Сонда БҰҰ сияқты ұйымдар, жоғары держава тұжырымдамасының мәні жойылады.
Қалай болғанда да, энергетикалық рента­бельділігі төмен келешек бүгінгі тіршіліктен мүлде өзгеше болатыны айқын. Ол біз ойла­ған­­нан қорқынышты болмауы да мүмкін. Өйт­кені құрып біткен мүмкіндіктердің орнына басқалары пайда болады. Көп адам үшін жаңа­ша өмірге ауысу қиын тигенімен, адамзат­тың бастан кешірмеген қиыншылығы жоқ, мұны да еңсереді. Тек келешекке бүгіннен бас­тап дайындалу   әр елдің басым бағытына ай­налуы тиіс. ЕХРО-2017 көрмесінің көздейтін мақ­саты да – сол.


Қара алтынның әлемдік қоры
Жер бетіндегі мұнайдың барланған қоры 270-300 млрд тонна. Ал нақты мөлшері 140 млрд т. Мұнайдың бай қоры Аляска жағалауында, Мексика шығанағында, Оңтүстік Американың солтүстік аудандарында (Маракайбо ойпаты), Солтүстік теңізде, Баренц, Беринг және Каспий теңіздерінде, Африканың батыс жағалауында (Гвиней шығанағы), Парсы шығанағында, Оңтүстік Азия аралдары маңында  шоғырланған.
Мұнай қоры бай елдер – Таяу және Орта Шығыс елдері (Сауд Арабиясы, Ирак, БАЭ, Куәйт, Иран, Катар, Бахрейн және т.б.), Латын Америкасы (Мексика, Венесуэла, Эквадор), Африка (Алжир, Ливия, Нигерия, Габон), Оңтүстік-Шығыс Азия (Индонезия, Бруней т.б.) – осылардың бәрінде әлемдік мұнай қорының бестен төрт  бөлігі жи­нақтал­ған. Сондай-ақ Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлы­бри­тания, Канада, Румыния және өзге де өнеркәсібі да­мы­ған елдерде де қара майдың қоры мол.


Мұнай бағасы                                                                                                                                

Мұнай баррелінің орташа жылдық бағасы (доллармен)

Мұнай баррелінің орташа жылдық бағасы (алтын унцийімен)

Қызық дерек
• Мұнайдың әр баррелінің жартысынан ғана бензин өндіріледі, қалған бөлігі түрлі тауарлар шығаруға жұмсалады.
Мұнайдың көмегімен DVD және CD дискілер, телефон, компьютер, танк, ұшақ, ерін далабы мен иіс су, тіс ұнтағы мен кір жуғыш ұнтақ, антисептиктер мен дәрі-дәрмек өндіріледі.
Мұнайдың бір тамшысы 25 литр суды жарамсыз етеді.
Мұнай қара ғана емес, сондай-ақ түссіз, жасыл, қоңыр, сары түсті де болады.
Химиялық құрамы жағынан мұнай тас көмірге ұқсас – мұнда да негізгі құрамдас бөлігі көміртек болып табылады.
Ғалымдар мұнай қорының таусылу-таусылмайтынына қатысты  бір шешімге әлі күнге дейін келген жоқ.
1874 жылы фенолдан салицил қышқылын бөлу әдісі ойлап табылды. Содан бері өмірді ацетисалицил қышқылы немесе аспиринсіз елестету қиын.

Бетті дайындаған Гүлнар АХМЕТОВА

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста