Жұма күнінің сіз білмейтін қасиеттері

Алла Тағала жексенбіні Исаның (ғ.с.) қауымына, сенбіні Мұсаның (ғ.с.) қауымына, ал жұманы Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмметiне мейрам күні етiп бердi.

Адамзат тарихындағы ұлық, әрі маңызды оқиғалар жұма күндері болған. Бұл жайлы Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жұма – күн шуағы шашылған күндердiң ең жақсысы. Адам (ғ.с.) жұма күнi жаратылған, жұма күнi пейiшке кiрген, жұма күнi пейіштен шығарылған. Қиямет күні де жұма күнi болмақ»[1], – деп хабар береді.

Шынында, жұма күні Алла Тағала адамзаттың атасы Адамды (ғ.с.) жаратты. Жұма күні Адам (ғ.с.) жұмаққа кірді. Осы күні Адам (ғ.с.) жұмақтан шығарылып, жерге түсірілді. Бұл оқиғалардың бәрі діни кітаптарда кеңінен баяндалған. Адам (ғ.с.) жұмақта жеме деген нәрсені жеп, күнә жасады. (Күнәнің негізі – Алланың бұйырғанын істемеу). Алла Тағала оған басқаша жаза белгілеуі де мүмкін еді. Алла Тағала оны жерге түсіріп, халифа етіп қойды. Бұл – үлкен нығмет, құрмет, әрі қуаныш емес пе?! Міне, осы оқиғаларды еске алып, жұма күндері мешіттерде жиналып, Аллаға шүкір айту, дұға оқу – мұсылмандарға қарыз әрі парыз.

Қиямет күні де жұмаға сәйкес келеді екен. Бұл да мұсылмандар үшін қуаныш. Өйткені, олар бұл күні Алла Тағалаға қауышады, жәннатқа кіреді, онда Құдіретті Иеміздің дидарын көру мүмкіншілігі туады.

Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметі біріншілердің қатарында жәннатқа кіреді. Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етілген мына бір хадисте:  «Біз (бұл дүниеде) – ең соңы, қиямет күні ең алдымыз. Жәннатқа кірушілердің алғашы да – біз»,[2] – делінген.

Қасиетті күнде атқарылатын ғибадаттың басқа күндердегіден сауабы мол. Сондықтан, жүрегінде иманы бар мұсылман жұма күннің қадір-қасиетін жақсы біледі, әрі бұл күнді Жаратушы Иеміздің разылығына кенелу үшін Жаратқанның әміріне сай ерекше өткізуге әрекет етеді. Алла Тағала иманды құлдарына:

 «Ей, мүминдер! Жұма күнi жұма намазына азан шақырылса, Алланы еске алуға (намазға) асығыңдар да, сауданы тоқтата тұрыңдар. Біле-білсеңдер, сендер үшін осы жақсы»,[3] – деп бұйырады.

Жұма намазына екі рет азан шақырылады. Мұның да тарихы, әрі себебі бар. Аяттағы «азан» –жұма күні айтылатын екінші азан. Әбу Бәкір (р.а.) және Омардың (р.а.) заманында, шынында, жұма намазына азан бір рет шақырылатын. Османның (р.а.) халифалық дәуірінде мұсылман қауымы көбейді. Жұма күндері алыс тұратын кейбір тіршілік қамында жүрген мұсылмандар азан шақырғанын естімей қалатын, ал есіткендері де намазға үлгере алмайтын.

Ислам – әу бастан бірлік пен ынтымақ діні. Бұл айтылғандардың көбі намаз арқылы амалға асады. Мысалы, дініміз күнделікті бес уақыт намазды үйлерімізде немесе өзімізге жақын мешіттерде жамағат болып оқуды бұйырады. Бір ауыл немесе көшеде тұратын мұсылмандар күнде бес рет кездесіп, бір-бірімен сәлемдеседі, бір мешіттің ішінде отырып, Аллаға мінәжат етеді.

Жұма намазын оқу үшін мұсылмандар үлкендеу мешітте бас қосады. Бірге ғибадат етіп, үгіт-насихат тыңдайды, дін және дүние істері бойынша ақыл-кеңес алады, бір-бірімен танысады. Жұма күндері кездесе алмағандар жылында өткізілетін екі айт мерекесінде жүздесіп, бір-бірінің хал-жағдайын сұрайды.

Жұма намазында мемлекет қайраткері мен қарапайым жұмысшы, бай мен кедей, ақ пен қара өңді мұсылмандар бір сапта тұрып, Аллаға сәжде етеді. Осылайша намаз адамдарды теңдікке, әрі бірлікке шақырады.

Үстіне таза киім киіп, жұпар иіс сеуіп, жұма намазына келгендердің жиыны басқа дін өкілдерін әуесін келтіріп, оларға оң ықпал етеді.

Расында, аптасына бір рет келетін жұма намазы дүниелік істерінен абзал. Аяттағы «Біле білсеңдер, сендер үшін осы жақсы» деген сөздің мән-мағынасы да – осы.

Бір жұмада Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма намазының құтпасын оқып тұр еді. Сол сәтте алыс сапардан қалаға сауда керуені кіріп келді. Мешітте отырған мұсылмандардың кейбіреулері орындарынан тұра ұмтылып, керуенді қарсы алуға шығып кетті. Алла Тағала Пайғамбарымызға: «(Ей, Мұхаммед!) Бірер кәсіпті немесе тамашаны көре қалса, олар сені тік тұрып (хұтпа оқыған) бетінде тастап, саудасына жүгіріп кете береді. Сен айт: «Тамашадан да, саудадан да Алланың қарамағындағы сауап артық. Алла – ризық берушінің ең жақсысы»,[4] – деп хабар берді.

Құрметті бауырлар! Ендеше, Алла Тағаланың алдыңдағы сауаптың артық екендігін ұмытпай, үнемі жақсылыққа, әрі сауапты істерге асығу керек. Тариқ ибн Шиһабтан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жамағат болып жұма намаз оқу – әрбір мұсылман үшін парыз. Бұл үкім төрт адамға жүрмейді. Олар: құл, әйел, сәби және науқас адамдар»[5], – деді.

Балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, жүрегінде иманы бар әрбір мұсылманға жұма намазын оқу – парыз. Хадисте көрсетілген төрт адамға – құл, әйел, сәби және науқасқа жұма намазы бұйырылмайды. Өйткені, жұма намазы жамағатпен мешітте оқылады. Оған да біршама күш және әрекет керек. Ислам діні адамдарға жеңілдікті қалайды. Бұл топтағы кісілер шарасыз, әрі шамасыз болғандықтан, шариғат оларға мүмкіндіктен тыс ауырлық пен қиыншылықты жүктемейді. Алла Тағала: «...Сондай-ақ, Алла сендерге дінде ешқандай ауырлық түсірмеді»[6], – деді.

Бұл дүниедегi әрбiр нәрсенiң жақсылық қасиеттерi болатыны сияқты, жұма күнiнiң де Алла Тағаланың жасырып қойған қасиеттерi бар. Яғни, Алла Тағала қайсы пендем осы жасырын сырға жетсе, ол үшiн ұлық нығметтерiмнен берер едiм деп тұрғандай. Пенделеріне Алла Тағала ненi бұйырса, оның пайда-зиянын тексерiп жатуымыздың қажетi жоқ. Сонда да болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметтерiн ғибадатқа қызықтырып, кейбiреулерiнiң сырларын ашып көрсетiп кеткен.

Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма күні туралы сөз сөйлеп: «Онда бір сағат бар. Мұсылмандардан кімде-кім сол сағат ішінде намаз оқып, Алладан қажетін сұрайтын болса, Алла оған береді»,– деді және қолымен оның (сағаттың) аздығына ишара етті»[7].

«Сағат» деп былайғы жұрт алпыс минуттық уақыт деп қабылдайды, ал хадисте келген сағат сөзі «аз уақыт» деген ұғымды білдіреді. Бұл уақыт аз болғандықтан, оны дұрыс әрі ұтымды пайдалану керек. Дүние тіршілігі үшін өтетін күндер мен жылдар осы аз ғана сағатқа арзымайды. Өйткені, Алла Тағала пенденің осы уақытта жасаған дұғасы мен ғибадатын қабыл етемін және тілеген тілегі мен сұраған қажетін өтеймін деп тұр.

Бір хадисте сол сағат жұма күннің ішінде деп айтылса, басқа хадисте имам мінберге шығып құтпа оқитын уақыттан бастап жұма намазын оқып бітіргенше деп айтылады. Үшіншісінде намазға тәкбир айтылғаннан бастап намазды оқып бітіргенше делінген болса, төртіншісінде екінті уақытынан күн батқанға дейін делінеді. Әрбірінде мағлұмат түрліше берілген. Бұл – хикмет. Алла Тағала кейбір нәрселерді белгісіз етіп қойды. Мысалы: Қадір түні, Исм-Ағзам және т.б.

Егер Алла Тағала жұма күндегі сағатты анық айтса, пенделер сол уақытта ғибадат етіп, қалған уақытта ықылас көрсетпес еді. Сол сағатты білмеген соң, оны табу үшін мұсылман адам күні бойы ғибадатқа құштарлы болып өтеді. Осылайша Алла Тағала мұсылмандарды жұма күнгі құлшылыққа қызықтырады.

Жұма күнiнiң қасиеттерi жайындағы хабарлардың бiрiнде: «Алла Тағала әр жұмада алты жүз мың адамды тозақтан босатады», – деп айтылады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистердің бірінде: «Кiмде-кiм жұма күнi немесе жұма түнiнде дүние салса, Алла Тағала оған шәһидтiң сауабын жазады және қабiр сынағынан сақтайды»[8], – дейді.

Ия, Алла Тағала адамдарды қабiрде де сынайды. Нәкiр мен Мункир атты екi перiште келіп, қабірдегі мәйітті сұрақ-жауапқа тартады. Ол сынақ бұл дүниенiң сынағынан да қиын.

Сахабалардың бірі – Каъб жұма жайында былай деген: «Алла Тағала қалалардан – Мекке қаласын, айлардан – Рамазан айын, күндерден – Жұма күнiн, түндерден – Қадір түнiн ұлық еттi. Жұма күнi аспандағы құстар да бiр-бiрiне жолыққан уақытта «Жақсы күннiң жақсылығы болсын», – деп сәлемдеседі».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметтерiне: «Бiздердiң жүрегiмiз Алланың қолында, жолда жатқан жапырақты жел қалай домалатса, Алла Тағала жүрегiмiздi қалаған жағына солай бұрып қояды», – деп хабар береді.

Жұма күнiнiң мархаматын, сауабын iздемеген кiсi көп жақсылықтан мақрұм қалады. Жүрегі қатып, мейір-шапағат пен қайырымдылық сияқты ізгіліктер өшеді. Соңында иманына қауіп төніп, жападан жалғыз қалып, бейшара күйге түседі. Шайтан мен нәпсі үлкен, әрі қауіпті сынақтар арқылы мұсылмандардың иман саламаттығына көп зиян келтіреді. Иман-ның әлсіздеуіне жол ашатын және оның күшейуіне кедергі жасайтын әртүрлі нәрселерден мұсылман адамның сақтанып жүргені абзал. Үнемі жұма намазына барып, уағыз-насихат тыңдап, ғибадатын атқаратын адам бұл секілді қауіптерден аулақ болады. Ал жұма намазына бармайтындардың жүректері қатып, қарая бастайды. Бұл – жүректегі иман нұрының сөніп бара жатқандығының дәлелі.

Әбу әл-Жағд ад-Дамрийден (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кiмде-кiм жұма намазын үш рет себепсiз (елемей) қалдырса, Алла оның жүрегiн мөрлеп қояды»,[9] – деген.

Адамның жүрегі мөрленсе, оған бірде-бір жақсылық кірмейтін болып қалады. Ондай адамдар жақсылық істеуді де, жақсылықтың не екенін де білмейді. Ол өзі үшін және отбасы мен қоғам үшін де зиян келтіріп, айналасына қауіп төндіреді. Бұл – үлкен апат.

Жұма намаз оқитын мұсылмандары көп болған қоғамда жақсылық та мол болады. Жұма намаз оқымайтын мұсылмандар көбейген ортаға әртүрлі жамандықтар мен қиыншылық тез көбейе бастайды.

Жұма күндеріміз баянды, ғибадаттарымыз кәміл болуы үшін шариғат көрсеткен тәртіп пен әдептерді орындауымыз қажет. Олар мыналар:

1. Жұма күнгі ғибадатты бейсенбi күннің екінті намаз уақытынан бастаған дұрыс. Сол уақыттан Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат және истиғфар айтуды, қосымша намаздар мен дұға жасауды бастау тақуалыққа жатады. Ғұламаларымыздың айтуынша: «Алла Тағала пенделерiне көп жақсылықтар береді. Соның көбісі бейсенбi күннiң кешiнде, жұманың күндiзiнде сұраған пендесiне тиеді. Жұма күнiнiң қасиетiн бейсенбi күннен бастап күткен адамның несiбесi мол болады екен», – дейдi.

2. Мұсылман адам аптасына бір рет шомылып тұруы керек. Өйткені, ислам діні тазалыққа шақырады. Жұма күнi шомылған жақсы. Әбу Һұрайраның (р.а.) риуаятында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбір мұсылман адам жеті күнде (аптасына) бір рет жұма күні шомылуы керек»[10], – деді.

Ибн Омардың (р.а.) риуаятында: «Балиғат жасына жеткен әрбiр кiсiге жұма күнi шомылуы керек»[11], – деген.

Сәмраның (р.а.) риуаятында: «Кімде-кiм жұма күнi дәрет алса, дәрет алғанның сауабын алады. Ал, кiмде-кiм жұма күнi ғұсыл алса (шомылса), ол аса сауапты»[12], – деген.

Осыған орай Зәһирий мен Имам Ахмад мазһабының өкілдері жұма күні шомылуды уәжіп деп санаған. Ханафи мазһабы бұл күні ғұсыл құйыну «мустахаб» деп алған.

3. Жұмаға тісі мен аузын тазалап, үстіне иіс сеуіп барған дұрыс. Өйткені, ол күні көпшілік жұрт жиналып, бір-бірімен аралас-құралас болып жүргенде ауызы мен денесінен келетін хош иіс оларды бір-біріне жақындастырады. Әнәстың (р.а.) риуаятында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):  «Мисуак (тіс пен ауызды тазалау) туралы мен сендерге көп айттым»[13],– деген.

4. Жұма күнгі ғибадатқа арнайы жаңа немесе таза, әдемі киім киген жақсы. Өйткені, жұма намазы көпшілік мұсылмандар жиналатын апталық мереке. Шырайлы болып көріну – мұсылмандардың бір-біріне деген сүйіспеншілікті оятады. Абдулла ибн Сәләм (р.а.) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма күні мінбарға тұрып: «Егер жұма күні үшін күнделікті жұмыс киімнен басқа тағы екі киім сатып алғандарыңда, сол жақсы болатын еді», – дегенін естідім»[14].

5. Жұма намазын оқу үшін мешітке ертерек барған абзал. Ерте барған адам құлшылғын ерте бастайды: тәспі тартып, зікір айтады, қаза немесе қосымша намаздарын оқиды, уағыз тыңдайды. Оның сауабы да молырақ болады.

Әбу Һұрайра (р.а.) былай риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жұма күні мешіттің әрбір есігінде періштелер тұрып, мешітке келген намазхандарды жазып отырады. Жұмаға ерте келген адам құрбандыққа түйе сойғанның сауабын алады. Кейін келген сиыр құрбандық еткеннiң сауабын алады. Үшiншi келген адам қой құрбандық еткеннiң сауабын алады. Төртiншi келген адам бiр тауық сойғанның сауабын алады. Бесінші келген адам жұмыртқа садақа еткеннің сауабын алады.Мешіт имамы келген уақытта періштелер амал кітаптарын жауып, имамның сөзін (уағызын) тыңдауға өтеді»[15].

Мешіт имамы құтпа үшін мінбарға шықпай тұрып, ерте келген адамдарға қосымша сауаптар жазылады. Осы уақыттан кейiн келгендерге тек намаздың ғана сауабы беріледі.

Алғашқы уақыт дегенiмiз – күн шыққанға дейiнгі кез. Екiншi уақыт – күн көтерiлгенге дейiнгі шақ. Үшiншi уақыт – аяқ табандары күйгенге дейiнгі мезгіл. Төртiншi және бесiншi уақыт – сәскеден кейiн түс ауғанша. Бұл екеуiнде сауап азырақ.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш нәрсе бар. Егер адамдар бұл үш нәрсенiң сауабы қаншалықты екенiн бiлсе, олар сауап iздеп, түйенiң желгенiндей жүгiрер едi. Бiрiншiсi – азан айту, екiншiсi – алдыңғы сапта тұру, үшiншiсi – жұмаға ерте бару», – деп хабар береді. Ахмад ибн Ханбал: «Бұлардың ең ұлығы – жұмаға ерте бару», – деген екен.

Ғұламаларымыз айтады: «Жұма күнi болғанда перiштелер мешiттердiң есiгiнiң алдында тұрып, келгендерді келгендей жазып отырады. Егер бiр кiсi жұма намазына кеш қалатын болса, перiштелер осы кiсi жайлы: «Пәленше неге өз уақытынан кешiктi екен?» – деп сұрап: «Ей, Жаратқан Иемiз, егер ол пенденің жұмаға келуiне кедейшілік кедергi еткен болса, оны бай қыл. Егер науқас болса, шипа бер. Басына бiр iс түскен болса, мүшкілін жеңіл ет. Ниет-ойын пайдасыз дүние iсі улаған болса, оның жүрегiн Өзiңе бұр», – деп дұға етіп, истиғфар айтады».

Сахабалардың кезінде жұманың алғашқы уақыты сәре уақыты деп, таң атпай мұсылмандар мешітке барып алады екен. Ибн Масғуд (р.а.) жұма күндердің бірінде үйінен ерте шығып мешiтке барса, үш кiсi одан бұрын келген екен. Сол кезде ибн Масъуд өзiне өзi кейіп: «Төрт адамның төртiншiсi болдың, ә?» – дептi.

6. Жұма намазына барған адам мешіт әдептерін сақтауы тиіс. Яғни, дүние сөзін сөйлемейді, тыныш отырып, имамның уағызын тыңдайды, адамдардың үстiнен аттап өтпейді. Бұл жайында Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім жақсылап дәрет алып, жұма намазына барса, мешітте имамға жақын отырса, оның уағызын тыңдаса, бос сөз сөйлемесе, ол адамның осы жұма мен алдынғы жұма арасындағы және қосымша үш күндік күнәлары кешіріледі. Кімде-кім алдында (жайнамазда) жатқан ұсақ тастарды теріп алса, ол адам сауап іс істепті»[16], – деген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма күнi құтпа оқып тұрғанда бiр кiсiнiң адамдардың үстiнен аттап келiп отырғанын көредi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма намазды оқып болғаннан кейiн анау кiсiге: «Ей, пәленше! Бүгін неге сен бізбен бірге намаз оқымадың ғой», – дейдi. Ол: «Намаз оқыдым ғой», – деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бiз сенiң адамдардың үстінен аттап бара жатқаныңды көрмедiк пе?!» – деп, оның жақсы iс істемегеніне ишара етеді. Мешiтте отырған жамағаттың үстiнен аттап өту – үлкен айып әрі оларды құрметтемеу болып саналады.

7. Жұма намазы төрт рәкағат сүннет, екі рәкағат парыз және төрт рәкағат сүннет етіп оқылады. Омар (р.а.): «Жұма намазы екі рәкағат. Ораза айт намазы екі рәкағат. Құрбан айт намазы екі рәкағат. Сапар намазы екі рәкағат. Түгелі осы, қысқармайды. Бұл Мұхаммедтің (с.ғ.с.) айтқаны бойынша»[17], – деді. Бұл хадисте айтылған жұманың екі рәкағат намазы парыз.

Абдулла ибн Масъудтан (р.а.) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма намазының парызынан алдын төрт рәкағат және парызынан соң төрт рәкағат намаз оқитын еді»[18]. Бұл төрт рәкағат сүннет.

Құрметтi жамағат, Алла Тағала барлығымызға мызғымас иман, пайдалы iлiм, адал ризық, таза жүрек берiп, екi дүниеде де ізгі пенделерiнiң қатарына қосқай! Әмин!

Бақтыбай Бейсенбаев
ҚМДБ ОҚО өкіл имамы

 


[1] Муслим.
[2] Муслим.
[3] «Жұма» сүресi, 9-аят.
[4] «Жұма» сүресi, 11-аят.
[5] Әбу Дәуд пен Бәйһақи.
[6] «Хаж» сүресі, 78-аят.
[7] Бұхари мен Муслим.
[8] «Дуррат ән-насихин» кітабы.
[9] Тирмизи, Ахмад.
[10] Нәсәи.
[11] Бұхари, Муслим.
[12] Әбу Дәуід, Тирмизи.
[13] Бұхари.
[14] Ибн Мәжә, Әбу Дәуід.
[15] Бұхари, Муслим.
[16] Муслим, Тирмизи.
[17] Нәсәи, Ахмад, Ибн Мәжә
[18] Тирмизи

muslim.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста