ЗАҢДЫ САҚТАУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Дін саласы бойынша жұртшылықты қызықтыратын өзекті тақырыптардың арасында дін саласындағы қолданыстағы заңнаманы діни алаңдағы субъектілер мен тұрғындардың сақтауы мәселесі жиі толғандыратын мәселелер қатарына жатады.

Еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет болып табылады. Бұл жерде зайырлылық ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті болып табылмайтын мемлекеттік құрылысты білдіреді. Яғни, азаматтар арасындағы қатынастар, жалпы қоғамдық қатынастар мемлекет тарапынан заңдарда белгіленген құқық нормалары негізінде реттеледі.

Аталған қағидатқа сәйкес, мемлекет азаматтардың діни сенім бостандығы құқығына кепілдік береді, алайда діндердің саясатқа араласуына немесе мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыруына жол берілмейді.

Басқаша айтқанда, заңдар барлық тараптарға міндетті болып табылатын жүріс-тұрыс ережелерін анықтайды және оларды орындауды мемлекет қамтамасыз етеді. Мемлекет, осы орайда, қажет болған жағдайда, заң нормаларын мәжбүрлеу тәртібінде қамтамасыз ете алатындығын айта кету керек. Бұл – кез келген құқықтық мемлекеттің тәжірибесі.

Біздің еліміздегі діни қатынастар қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңмен (бұдан әрі - Заң) реттеледі. Осы ретте, қолданыстағы заң неге рұқсат береді және неге тыйым салады деген мәселені тереңірек қарастырып өтелік.

Ел аумағында тек ресми тіркелген діни бірлестіктерге ғана діни қызметпен айналысуға рұқсат етіледі.

Егер қандай да бір ұйымдасқан адамдар тобы тиісті тіркеуден өтпей, діни жиналыстар өткізетін болса мұндай жағдайда олардың қызметі заңға қайшы деп танылады және әкімшілік жазаға әкеп соғады. Атап айтқанда, еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 490-бабының тиісті бөліктері бойынша тіркелмеген діни бірлестіктердің қызметіне басшылық жасау, қатысу немесе қызметін қаржыландырғаны үшін тиісінше 50, 100, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 18 конфессияны білдіретін 3700-ден астам діни бірлестіктер өз қызметтерін заңды негізде жүзеге асыруда. Олардың басым көпшілігін исламдық және православтық христиандың бірлестіктер құрайтын болса да, елімізде протестанттық, католиктік, буддистік, кришнаиттік, иудейлік және өзге де де діни қауымдар әрекет етеді.

Құдайға құлшылық ету, жоралар, рәсімдер және діни жиналыстар тәрізді діни шаралар заңмен белгіленген орындарда бөгетсіз өткізіледі.

Оларға ғибадат үйлері мен діни бірлестіктердің өзге ғимараттары, құлшылық ету орындары, зираттар мен крематорийлер жатады. Діни іс-шаралар қажет болған жағдайда тұрғынжайлар мен қоғамдық тамақтандыру нысандарында өткізіле алады (ас беру т.б.) Алайда мұндай жағдайда жақын жерде тұратын тұлғалардың құқықтары мен мүдделері сақталуы шарт.

Бұдан басқа, заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес діни іс-шаралар әкімдіктер тарапынан келісілген жеке үй-жайларда (намазханалар) өткізіле алады. Мұндай үй-жайларда намаз оқуға ғана рұқсат етіледі, алайда уағыз айтуға болмайды.

Осы ретте, қолданыстағы Заңда діни іс-шараларды өткізуге жол берілмейтін орындар белгіленгенін айта кету қажет. Бұл қатарға мемлекеттік органдардың, әскери құрылымдар мен білім беру ұйымдарының ғимараттары енгізілген.

Барлық мешіттер мен өзге діндердің ғибадат үйлерінде өздерінің ішкі жүріс-тұрыс ережелері бар. Олар діндер мен діни қағидалардың ерекшеліктерін ескере отырып жасалған.

Дінге сенушілер ғибадат үйлеріне дұға оқу, өздерінің құдайға деген сезімдерін білдіру, рухани жетілу үшін келетіндігін білеміз. Бұл әркімнің жеке басының ісі, оған ешкім кедергі келтірмеуі керек.

Өкінішке орай, кейде мешітке баратын жекелеген азаматтар тарапынан мешіттердің ішкі тәртібін бұзу, имамдармен дін мәселесінде дауласу тәрізді көріністер орын алып, оған жұртшылық куә болып жататын жағдайлар ұшырасады. Бірқатар өңірлерде жекелеген адамдардың зираттардағы қабір үстіндегі тастарды қирату секілді вандализм актілерін жасауға дейін барғанын да білеміз.

Мемлекет еліміздің қолданыстағы заңнамалары мен жалпыадамзаттық құндылықтарға шақыратын діни нормалар тұрғысынан мұндай жағдайларға жол бермейді.

Елімізде заңды діни қызметке кедергі келтіруге, дінге қатыстылығына байланысты азаматтардың құқықтарын бұзуға, қандай да дін өкілдерінің қадір тұтатын заттары мен құрылыстарын қорлауға жол берілмейді.

Ғибадат үйлерінің ішкі ережелерін бұзатын, имамдарға, сондай-ақ басқа діндердің діни қызметшілерінің жұмыстарына кедергі келтіретін адамдардың әрекеттері заңға қайшы деп танылады. Мұндай іс-әрекеттер нақты жағдайларға байланысты заңды діни қызметке кедергі келтіру (ӘҚБтК 490 б. 2 т.), бұзақылық (ұсақ бұзақылық – ӘҚБтК 434 б., қылмыстық – ҚР Қылмыстық Кодексінің 293 б.) ретінде бағаланады.

Осы ретте, вандализм үшін де қылмыстық жауапкершілік көзделгенін айта кету керек.

Заңда миссионерлік қызметті жүзеге асыру тәртібі анықталған.

Заңның 8-бабының 1-тармағына сәйкес, діни ілімдерді таратуға бағытталған қызметті тек тіркеуден өткен азаматтар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жүргізе алады және олар Қазақстанда ресми тіркелген діни бірлестіктің өкілдері болуы тиіс.

Яғни, Заң бойынша тіркеуден өткен миссионерлер ғана еліміз аумағында діни ілімдерді тарата алады. Яғни, көшеде, таксиде, автобуста, аялдамада немесе басқа да қоғамдық орындарда (базарда, жатақханада, сауда-cаттық орталықтары және т.б.) тиісті рұқсаты жоқ кез-келген адам қандай да бір діннің артықшылығы туралы уағыз, үгіт-насихат жүргізген жағдайда мұндай адамдар заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл - заң бұзушылық.

Миссионерлік қызмет талаптарын бұзғаны үшін ӘҚБтК-ның 490-бабының 3-бөлігіне сәйкес Қазақстан азаматтарына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салатын, ал шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға айыппұлға қоса еліміздің аумағынан шығарылып жiберілетін әкімшілік жауапқа тарту көзделген.

Елімізде діни әдебиетті тарату тәртібі бекітілген.

Азаматтар және діни бірлестіктер өздерінің қалауы бойынша діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды сатып алуға және пайдалануға құқылы. Алайда, Заң талабы мұндай материалдарды тек ғибадат үйлерінде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы тұрақты орындарда ғана таратуға рұқсат береді.

Мұндай орындарға белгілі талаптарға сәйкес келетін стационарлық орындар, яғни кітап дүкендері жатады. Бүгінгі күні еліміз бойынша ресми түрде осындай дүкендер жұмыс істейді.

Базарда, көшеде немесе өзге де қоғамдық орындарда адамдарға өздігінен діни әдебиетті таратуға болмайды. Бұл - заң бұзушылық.

Діни бірлестіктерге діни әдебиетті тарату үшін елімізге алып келу тек дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін рұқсат етіледі.

Миссионерлер өз жұмысында тек сараптамадан өткен діни әдебиетті пайдалана алады. Мемлекеттің мұндағы мақсаты анық - қоғамда заңға қайшы және деструктивті мазмұндағы материалдардың таралуына және пайдалануына жол бермеу.

Дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған әдебиеттер тізімі дін саласындағы уәкілетті органның ресми сайтында орналастырылып отырады.

Дін саласын реттейтін қолданыстағы заңды түсіндіру бойынша мемлекеттік органдар тарапынан қазіргі күнде жүргізіп отырған ауқымды жұмыстарға қарамастан, діни әдебиеттерді заңсыз тарату фактілері орын алуда. Осы орайда, діни әдебиетті тарату талаптарын бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғатынын ескеру керек. Мәселен, ӘҚБтК 490-бабының 3-тармақшасының 1 бөлігі осындай жағдайларда қызметтi үш ай мерзімге тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – 50, ал заңды тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды жүктейді.

Жалпы, мемлекеттік органдар тарапынан діни қызмет туралы заңнама ережелерінің мүлтіксіз орындалуына бақылауды қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Діни саладағы заңнаманы бұзудың басым бөлігі миссионерлік қызметті заңсыз жүргізу, заңсыз діни жиналыстар өткізу және діни әдебиеттерді заңмен қарастырылмаған жерлерде таратумен байланысты.

Жалпы, уәкілетті органмен және жергілікті әкімдіктермен жүргізіліп отырған түсіндіру және алдын алу жұмыстарының нәтижесінде дін саласындағы құқық бұзушылық деректері жылдан-жылға төмендеуде. Мәселен, 2017 жылы елімізде дін саласындағы заңнаманы бұзу бойынша 322 дерек анықталған болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 137 деректі құрады. (сонын ішінде - ӘҚБтК 453 және 489 баптары бойынша 24 құқықбұзушылықтар құқық қорғау органдарымен анықталған).

Өкінішке орай, діни субъектілер, азаматтар мен тұрғындар тарапынан қолданыстағы заңнама талаптарын бұзу деректері әлі де болса орын алып отырады. Сондықтан біз алдағы уақытта да барлық мүдделі тараптармен бірлесе отырып, діни қызмет саласындағы заңнаманы бұзушылыққа жол бермеуге және оны мүлтіксіз орындауға шақыру бойынша жұмыстарды тұрақты түрде күшейте беретін боламыз. Өйткені еліміздің қолданыстағы заңнамаларын сақтау жағдайында ғана қоғамымызда дін бостандығы қамтамасыз етілетін болады. 

Н. Шубаев,

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің

Діни қызмет саласындағы құқық қолдану практикасы басқармасының басшысы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста