Бірде, үлкен сапардан қайтып келе жатып, Ұлы Жібек жолы бойындағы бір мешітке бас сұқтым. Күндізгі намаздың уақыты өтіп бара жатқан еді. Сондықтан, ешқайда назар салмастан, Құдайға құлшылық жасауға кірісіп кеттім. Қасымдағы серіктерімнің бәрі Ислам дінінен хабары бар, бірақ намаз оқымайтын жігіттер еді. Олар мені күтіп, көлікте қалып қойды.
Парызымды өтеп шықсам, менің серіктерімнің қасында екі-үш ерекше киінген ер кісілер пайда бола қалыпты. Олар мені көре сала:
«Жолдастарыңыз намаз оқымайды екен, оларға неге дағуат жасамайсыз?» – деп сұрады. Мен сасыңқырап қалдым. Өйткені, оларға намаз оқу керектігі жөнінде аз айтылған жоқ еді. Оны айтсам, ақталғандай болам ба деп ойладым ба, қайдам, әйтеуір:
«Иә, Құдай қаласа, айта жатармыз» – дедім де қойдым. Ал аналар болса:
«Жоқ, ол болмайды, айту керек, әйтпесе, осыңыз үшін о дүниеде жауап бересіз» – деп, мені тығырыққа тірей бастады. Мен не айтарымды білмедім де, олармен тезірек қоштасып жүріп кетуге тырыстым. Жолда қасымдағы сапарластарымнан:
«Әлгі жігіттер неге намаз оқымайсыңдар?» – деп сендерді әбден сөкті ме?» – деп сұрадым. Ал олар:
«Жоқ, намаз туралы сөз болған жоқ. Бірақ, «лә иләһә илләлла» - деші» - деп қоймады. Біз: «Оны не үшін айтамыз?» - деп сұрап едік, «лә иләһә илләлла» - деп бір рет айтсаңдар, жұмаққа кіресіңдер деген жауап алдық» – десіп жатыр. Мен олардан:
«Ал, сендер айттыңдар ма?» – деп сұрадым.
«Әрине, айттық. Жұмаққа кімнің кіргісі келмейді?».
Олардың жауабы осы болды.
Бұл сөз менің көңіліме қона қоймады. Өйткені, өмірде куәлік сөзін бір-ақ рет айтып, жанын қинамай жәннатқа кіріп кетудің жөні қалай болар екен деп ойладым. Бұл оқиға осы тақырып жөнінде ізденуіме себеп болды. Ол ізденісті мен көңілім қанағаттанарлық жауап тапқанымша тоқтатқан жоқпын.
Жалпы алғанда, жолда жолыққан жігіттердің: «Куәлік сөзін бір рет айтсаң, жұмаққа кіресің» - деген сөзі аса негізсіз болып шықпады. Өйткені, осы пікірді қуаттайтын хадистер баршылық екен. Мысалы, Алланың Елшісі (с.ғ.с.) өзінің хадистерінің бірінде: «Шынында, Алла Тағала «Бір Алладан басқа тәңір жоқ» - деп шын жүректен айтқан адамды тозақ отына харам етеді, бірақ ол сөзді Алланың жүзін қалап айтса» - деген екен. Бұл хадисті Бұхари мен Мүслим жеткізген. Былайша айтқанда, бұл – сахих хадис. Яғни, мұны дәлел етуге әбден болады. Дей тұрғанмен, бұл хадисте баяндалғанындай, куәлік сөзінің шын мәні әлгі жігіттердің: «Бұл сөзді бір рет айтсаң, жұмаққа кіресің» - деген пікірмен толық сәйкес келеді деп айту тағы қиын. Олардың ойынша, оттан құтылып, жұмаққа кіру үшін адамның өмірде бір рет куәлік сөзін келтіруі жеткілікті секілді. Ал бұл хадистің шынайы мағынасы мына жайтты меңзейді: куәлік айтушы адам Аллаға серік қоспауға, Одан басқа нәрсеге табынудан бас тартуға міндеттенуі тиіс. Егер куәлік келтіруші «Бір Алладан басқа тәңір жоқ» - деп шын жүрегімен айтса, оның шын мәнінде иманға келгені. Ал егер ол куәлік сөзін тек тілімен ғана айтып, оны жүрегімен бекітпесе, онда оның сырты ғана мұсылман болғаны, оның ішкі дүниесін мұсылман деп айтуға келмейді. Бұл – екіжүзділікті туғызатын қатерлі сипат. Екіжүзділік демекші, мұнафиқтардың жәһәннәмның ең төменгі қабатында жататынын ескерсек, аузымызбен айта салған куәлік сөзі бізді ешқандай табысқа жеткізбейтініне анық көзіміз жетеді. Өйткені, мұнафиқты өмірінде «лә иләһә илләлла» - деп куәлік сөзін бір рет келтірмейді деп кім айта алады?
Енді, Әнәс ибн Мәлик (р.ғ.) риуаят еткен мына хадисті келтіріп көрелік: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) түйенің үстіндегі ерде отыр екен. Ал Мұғаз (р.ғ.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мінгесіп келе жатыр екен. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «О, Мұғаз ибн Жәбәл!» - деді. Ол: «Ия, Алланың елшісі (с.ғ.с.), тыңдап тұрмын», деп үн қатты. Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы да: «О, Мұғаз!», деді. Хазреті Мұғаз (р.ғ.): «Ия, Алланың елшісі (с.ғ.с.), тыңдап тұрмын» - деді. Үш рет айтқан соң Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Кім шын жүректен Бір Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі» - деп куәлік берсе, Жәһәннамның Отын оған харам етпей қалу жоқ» - деді. Мұғаз (р.ғ.): «Мұны айтып, адамдарды қуандыруға бола ма?» - деп сұрады. Сонда, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ, өйткені олар соған ғана арқа сүйеуді қанағат тұтып, амалдарды тастап қояды» - деді». Мұғаз (р.ғ.) бұл хадисті өмірінің соңында ғана айтып кеткен екен.
Мұнда да, «Кім шын жүректен…» - деп айтылғандықтан, бұл хадистің үкімі мұнафиқтарға жүрмейді. Өйткені, мұнафиқтар Бір Алладан басқа тәңір жоқ екеніне шынайы куәлік келтіруге қабілетсіз болады.
Мүшрик халінде тұрып иман келтірушілер де куәлік сөзінің мағынасын түсіне алмайды. Сондықтан, олар да куәлік ісінде табысқа жетуі екі талай. Олар шын жүректен, шынайы ықыласпен «Бір Алладан басқа тәңір жоқ» екеніне куәлік келтіруді көздесе, онда өздерінің бойындағы ширк күнәсына өкінбей, оған тәубе қылмай тұра алмайды. Өйткені, тәубе ғана ширк күнәсін жуа алады. Ал ширк күнәсі жуылмаса, келтірілген куәліктің мәні болмайды.
Шындығында, шынайы куәлік сөзі мен ширк күнәсі бір жүрекке сиыспайды. Бұл бірі барда бірі болмайтын күн мен түннің мысалындай деуге болады. Яғни, шынайы куәлік келтіру амалы ширк күнәсінен арылғанда ғана жүзеге асатыны анық. Олай болса, былай деп ой түюге болады: Кімде-кім «Бір Алладан басқа тәңір жоқ» - деп айқын иманмен, кәміл сеніммен куәлік келтірер болса, ол ширк күнәсінен арылу жолдарын іздестірмеуі мүмкін емес. Ал ширк күнәсінен шын арылған адам Құдайға құлшылық жасамай жүре алмайды. Өйткені, ол намаз оқымаудың өзі ширк екенін білетін болады. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Кісіні ширк пен күпірліктен бөлетін нәрсе – намаз» - деген. Бұл хадисті Жәбирден (р.ғ.) Имам Мүслим риуаят еткен. Ал енді, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Намаз оқымаған адам Аллаға серік қосқан болады» - деп айтқанын Саубан (р.ғ.) естіген екен. Оны жеткізген Табарани.
Мына хадисті оқып көрелік: «…Ол бірде Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп, былай деді: «Сен істемеген бәлесі жоқ, үлкен-кіші демей, жамандық атаулының бәрін жасаған адам көрдің бе? Оның Аллаға тәубе етуіне бола ма?». «Сен Исламды қабылдап па едің?» - деп сұрады Пайғамбар (с.ғ.с.). Ол: «Мәселе маған қатысты болса, мен Бір Алладан басқа тәңір жоқ, сені - Алланың Елшісі деп куәлік беремін» - деді. Сонда, Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жақсылық жаса, жаман істерді таста, Алла жамандықтарыңды жақсылыққа ауыстырады» - деді». Хадисті Әбу Туаил (р.ғ.) риуаят етіп, Абд әр-Рахмән ибн Жубайр (р.ғ.) жеткізген. Бұл хадисте де куәлік сөзін келтіре салумен мәселе шешілмейтіні айтылып, куәлікпен бірге тәубе ету, жамандықты тастау, жақсылық жасау амалдарын қоса атқару қажеттілігі сөз болып тұр.
Сонымен, куәлік берудегі негізгі мақсат, оны тілмен айтып қана қоймай, шын мән-мағынасын терең түсініп, түйсініп, оны жүзеге асыра білуде жатыр. Яғни, адам куәлік келтіру сөзінен туындайтын аса маңызды шарттар бар екенін біліп және оны орындауы тиіс. Сонда ғана оның келтірген куәлік сөзі оның жұмаққа кіруін қамтамасыз етуі мүмкін.
Шорабек Айдаров,
dinislam.kz
Жан қиналмай жәннат қайда, жарқыным?
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора