Көңіл айтудағы мақсат – азалы адамды жұбату және сабырға шақыру
Көңіл айту, мәйітті жерлеуге көмектесу, мейірім көрсету кәдімгідей уайым-қайғыны азайтады, қазаны шаттыққа ауыстырады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кімде-кім қайғылы адамға көңіл айтса, оған сол азаға берілген сауап мөлшерінде сауап беріледі», – деген (Тирмизи).
Телефон және интернет арқылы ауызша айтып немесе жазбаша түрде хабарлама жіберіп көңіл айтуға болады. Өйткені көңіл айтудағы мақсат – азалы адамға өзінің сезімін, тілегін білдіру, оны жұбату, сабырға шақыру. Сондай-ақ азалы адамға бір рет көңіл айтқан болса, онда екінші рет айтудың қажеті жоқ (Фәтауаи Һиндия, 1/228).
Қаралы адамға «Алла марқұмды жарылқасын, күнәсін кешірсін, мейір-шапағатына алсын, сондай-ақ сізге сабырлық және сол арқылы сауапқа жетуді тілеймін» сияқты сөздермен көңіл айту мұстахаб саналады (Фәтауаи Татархания, 1/620).
Ең жақсы көңіл айту үлгісі Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан мына сөздері:
«Шынында, алғаны да Алланыкі, бергені де Оныкі. Оның құзырында әрбір нәрсенің ажалы (мерзімі) белгіленген» (Бұхари).