Құран – Алланың кәламы, қасиетті кітап. Бірақ, тарихта кейбір адамдар (Құраннан басқа) көктен түскен кітаптарды, қуұдси және кейбір Нәбәуи хадистерді де Алланың уахиімен келуі себепті «Құран» деп таныған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Сондықтан ислам ғұламалары Құранды бұлардың барлығынан ажырату үшін өзіне ғана тән ерекшелігі мен даралығын ескере отырып, арнайы анықтама беруге мәжбүр болды. Сөйтіп олар Құранға «Құран – Мұхаммедке (с.ғ.с.) оқып, құлшылық жасау үшін түсірілген Алла Тағаланың кәламы», – деп анықтама береді.
Алайда бұл жерде кәлам (сөз) адамның немесе періштенің не жындардың сөзі емес, тек Жаратушының сөзі екені дараланып тұр. Бұл туралы Алла Тағала: «(Мұхаммед (с.ғ.с.)): «Егер Раббымның сөздері (жазылу) үшін теңіз сия болса, тағы бір сондайды көмекке әкелсек те, әлбетте Раббымның сөздері таусылудан бұрын теңіз таусылар еді» де» (Кәһф: 109).
«Рас, егер жер жүзіндегі ағаш атаулы; қалам, теңіз (сия болып), одан кейін оған тағы жеті теңіз көмектесіп, (жазса да) Алланың сөздері таусылмайды. Күдіксіз Алла өте үстем, хикмет иесі» – деп хабар береді (Лұқман: 27).
Есімдері Құранда аталған елшілерге, мысалы, Мұса пайғамбарға Таурат, Иса пайғамбарға Інжіл, Дәуіт пайғамбарға Забур және Ибраһим пайғамбарға қасиетті парақтар түскені сияқты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға да Құран түсті. Сондықтан да Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбеті үшін Құранды құлшылық ретінде оқуды Алла Тағала әмір еткен.
Сонымен қатар құдси хадистер де мағынасы жағынан Алланың тарапынан келгенімен сөзі пайғамбардікі екенін естен шығармаған жөн. Сол үшін олар қасиеттілігі жағынан Құран аяттарымен теңелмейді.