"Қисық қабырғаны" қалай түзесе болады немесе қыңыр қатынды түзеу мүмкін бе?

«Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Ақиқатында әйел заты қисық қабырғадан жаратылған.
Түзетемін десең, сындырып аласың. Ал сол қалпы қалдырсаң, қисық күйінде қалады. Сондықтан да, әйелдеріңмен әрқашан да жақсы қарым-қатынаста болыңдар!»

Шынымды айтсам, Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы хадисі мені көп ойландырды, ұзақ толғандырды. Басында бұл хадиске ой тоқтатып, ақыл жүгіртіп, аса мән бермеген едім. Себебі, салт басты, сабау қамшылы болған соң, әйел тәрбиесі дегенге көп бас қатырып жүрмейді екенсің. Кейін жартыңды тауып, шаңырақ құрып, отау тіккен шақта Ардақты Елшіміздің осы өсиеті ойыңа еріксіз орағыта береді екен.
«Үйленсең – өзің құрисың, үйленбесең – тұқымың құриды» деп қағытып қалушы еді аға буын. «Неге олай айтады?» деп ойлайтын едім. «Еркек деген – әлемді бағындырса да, әйелін бағындыра алмайтын сорлы пенде» дегенді де бір күні оқып қалып, «қалай жаман айтылған» деп бір түрлі болдым.
Өкініштен өксігімді баса алмай
Айту қиын ойлы көзге жас алмай
Бір ақсақал бір ауылды билеуші еді
Қазір қалдық бір келіннен аса алмай, – деп жырлаған ақындарымызға да «әйелден қорлық көретіндей не күн туды сонша» дейтін едім кейде. Сөйтсе, мұның бәрін «қисық қабырғаны» қисық күйінде қалдырып қойып, шарасыздықтан амалы құрыған соң айтады екен ғой. Әйтпесе, Қарашаш анамыз жаман болса, Жиренше бабамыздың қабырғасы қайысып несі бар? «Бір жақсы амалды әйел – 70 әулиеден артық» емес пе еді?.. Алып анадан туады. Әйел жаман болса, алыптарды туған Домалақ, Қарқабат, Зере, Айғаным, Ұлжандай аналарымыздың аты Алты Алашқа қайтіп мәшһүр болды деп ойлайсыз? Болмаса, Доспамбеттей жырауларымыз: «Жұпарын қардай боратып, арулар құшқан өкінбес», – деп неге армандады дейсіз.
«Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» дегенде, бір әйел: «Байдан шығады», – депті ғой. Айтқандай-ақ екен. «Баланы – жастан, қатынды – бастан» тәрбиелемеген соң, жаман қатын – байдан шықпағанда, қайдан шықсын? Сондықтан да, мұздай болған әйелді қыздай қылу еркектің де қолында… Еркек түздің тынысы бола білсе, әйел үйдің ырысы бола біледі. Еркек үйге еге бола білсе, әйел неғып шаңыраққа шеге бола білмесін?..
Құран сөзін – қасиет, Пайғамбар сөзін өсиет тұтқан әр момын жоғарыдағы хадиске ойлы көзбен қарап, төркініне барса, әйелімен жақсы мәміле қылса, Шал ақын айтпақшы: «Қыналы бармақ дейтін бір әйел болады: Аз нәрсені көптей қылады, көп нәрсені көлдей қылады. Киіміне кір жұқпайды, асына қылшық тұрмайды. Дүниесінің бәрі таза болады, ерінің бары, жоғын білгізбейді. Ер егіз, енбексіз жалғыз деген, осы талайлы ердің қолына түседі», – емес пе?
Ақиқатында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы өсиетін өзек етіп, зерттеу тақырыбына айналдырсаң, үлкен диссертациялық жұмысқа тати ма деп те ойлаймын кейде. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір ауыз сөзбен терең хикметті, зор мағыналы сырларды паш ететін сипаты барын ескерсек, бұл хадис те күллі сырды бауырына басып жатқанын аңғару қиын емес. Сондықтан да, біз Құрметті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бар хикметті ішіне бүккен осы хадисіне зер сала келіп, «шынында да, әйелмен қандай мәміле жасау керек?» деген сұраққа Пайғамбарымыздың көркем мәмілесінен артық жауап таппадық. Көкейдегі сан сауалдың кілті – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үлгілі өмірі мен өнегесі болды.
Бұл дүниеде Көркем мінездің иесі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) артық әйелмен жақсы қарым-қатынас жасаған адам жоқ. Болуы да мүмкін емес. Ол қайталанбас тұлға. Біз үшін өмірлік нұсқа. «Сендердің араларыңдағы ең жақсыларың – әйелімен бәрінен жақсы қарым-қатынас жасағандарың. Ал мен сендердің барлықтарыңнан да әйелдеріммен жақсы қарым-қатынас жасаймын», – деген екі әлемнің Сардарынан (с.ғ.с.) ақиқатында көркем мәміле жасаушы болмақ емес. Себебі, күллі адамзатқа үлгі етіп жіберілген Пайғамбардың мінезі – Құран еді! Пайғамбарымыздың сахабаларының бірі Әнас (р.а.) та: «Әйелдер мен балаларға қарым-қатынас жағынан мейірімді болған Алланың Елшісінен асқан ізгі жан жоқ», – деген емес пе еді?
Жар таңдау қағидасынан бастап, әйелмен өміріңнің соңына дейін қалай қосақтасып өтудің ережесін көркем көрсете білген Алланың мақтаулысы кімге болсын Темірқазық еді ғой.
«Еркектер төрт түрлі талғаммен жар таңдайды. Бірі әйелдің байлығына бола үйленсе, енді бірі тегіне қарап таңдайды. Үшінші біреуі сұлулығына сүйсініп қосылса, төртіншісі діндарлығына тәнті болып табысады. Сендер әйелдің діндарлығына қараңдар, әйтпесе, ұтыласыңдар!» – деген Ардақты Елшіміздің (с.ғ.с.) өнегелі сөзі бүгінде күллі үмбеті үшін құтты шаңырақ құрудың кілті болды. Байлық – қолдың кірі, бірде бар, бірде жоқ. Сұлулық – уақытша. Тек деген – алдамшы. Ал дін мен діндарлық, тақуалық – мәңгілік ләззат. Әйтпесе, Бұқар жырау бабамыз:
– Қалың малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас.
Жаман қатын алғаның –
Төркініне бере алмай,
Төсегіне жата алмай,
Тең құрбысы келгенде,
Оңды жауап қата алмай,
Жалғанда қор болғаның, – деп бекер айтпайды ғой. «Жаман қатыны» сол, діні – жоқ, құны – көк.
Немесе дініне берік жардың жанға сая болатынын көрген Доспамбет жырау бабамыз:
– Алғаным Әли ағаның қызы еді,
Қас арудың өзі еді.
Маңдайы күнге тимеген,
Желге шашын үрмеген,
Серпіліп адам бетін көрмеген,
Қалай күні кешті екен! – деп тамсана жырламаушы ма еді. «Маңдайы күнге тимегені» – көше кезіп жүрмегені, «желге шашын үрмегені» – шымылдығын түрмегені, «серпіліп адам бетін көрмегені» – ибаны, инабатты көргендігі. Сүннетке берік қазақтың осыдан-ақ не себепті «тұлпардың тұлғасына емес, танауына қарайтыны, арудың сырғасына емес, алауына қарайтыны» түсінікті болған секілді.
Жарыңды тауып, жарты иманыңды түгендеген соң әйелдің әрі қарайғы тәрбиесі еркектің қолында. Ата-анасы қызын қияға қанат қақтырған соң, әйел күйеуіне аманат. Ал аманатқа – қиянат жүрмейді. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Олармен (әйелдеріңмен) жақсы мәміледе болып, тату өмір сүріңдер», – дейді. Алла қалай ескертсе, Пайғамбар сондай еді. Сол үшін де Хабибуллаһ (с.ғ.с.) әйелмен жаман қарым-қатынас жасағандардың Ақыретте азапқа тап болатынын ескертіп: «Кім Аллаға және Ақыретке иман келтірсе, сол көршісін ренжітпейді, ал әйелімен жақсы қарым-қатынаста болады», – дейтін еді ғой.
Отбасы болған соң ерлі-зайыптылардың бәрі бірдей жақсы бола бермейді ғой. «Жақсы әйел – жаман еркектің басын хан қылады, жаман әйел – жақсы еркектің басын даң қылады». Тағдыр басқа жазған соң әр түрлі жан болады. Шал ақын айтпақшы әркімге әртүрлі жар жолығады, соның ішінде мынандай да әйел болады: «ашып атар, жатып ішер…». Ондай әйел «бастама етік көрпілдек, сиыр жапасы сырпылдақ, сормаңдай ерге жолығады».
Қандай әйел жолықса да, қандай еркек кезіксе де Алланың Елшісі (с.ғ.с.) сабыр қылуға шақырады. Ол өзі де асқан сабыр иесі. «Әйелінің жексұрын мінезіне шыдаған еркекке Алла Тағала басына түскен сынаққа көркем сабырлық танытқан Аюбтың сауабындай сауаб береді. Ал күйеуінің қорлығына төзе білген әйелге Перғауынның әйелі Әсияға берген сауаптай сауап жазады», – деген Алла Елшісі сабыр түбі сары алтындай сауаптан үміт еткізеді. Жазмыштан озмыш жоқ. Басыңның соры бесі елі болып, жаман жар кезіксе, сабыр қылғанның сауап қоймасы алтыннан болады.
Бірде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Айша анамызбен бір нәрсеге келіспей, дауласып қалады. Арадағы дауға төрелік айтуға төрт шадиярдың бірі, шыншылдығымен танылған Әбу Бәкір Сыддықты шақырады. Даудың мәнісін түсіндіру үшін Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Айша анамызға: «Сен сөйле, болмаса мен айтайын», – деп сөз кезегін анамызға ұсынады. Айша анамыз: «Сен айт және тек шындықты айт!», – деп қалады. Бұл сөзін ести сала төрелікке келген Айша анамыздың әкесі Әбу Бәкір (р.а.) қызының жағынан тартып жібереді. Қатты тиген соққыдан Айша анамыздың тіпті аузы қанап кетеді. Сөйтеді де: «Сен өз басыңа өзің бәле тілеп отырсың ба? Оның (с.ғ.с.) аузынан шындықтан басқа сөз шығады деп ойлауға қалай ғана дәтің барды?», – деп дүрсе қоя береді. Әкесінен пана іздеген Айша анамыз Пайғамбарымыздың артына тығылады. Сонда Пайғамбарымыз Әбу Бәкірге: «Біз сені осы үшін шақырған жоқпыз және мұны да қаламадық», – деп әкесі мен қызының арасына араша түседі. Ақиқатында Алланың Елшісі (с.ғ.с.) өтірік айтпайды. Пайғамбар сипаттарының бірі – Сыддық. Бірақ, сонда да Ол әкесінің ұрғаны қызына сабақ болсын деп қарап тұрған жоқ. Керісінше әкесі болса қызға да қол көтеруден сақтады. Өйткені, Оның жүрегі тек қана мейірім мен махаббатқа толы еді.
Ардақты Елшінің (с.ғ.с) әйелдеріне деген махаббаты күллі отбасы үшін сарқылмас үлгі. Пайғамбарлық келгенде қасынан табылып, қиын кезеңінде демеу болған Хадиша (р.а.) анамызға деген терең сүйіспеншілігі мен зор махаббаты кімді болсын тәнті ететініне күмәніміз жоқ. Пайғамбарымыз бен Хадиша анамыздың арасындағы махабатты Айша (р.а.) анамыз да кейде қызғанып қалатын еді: «Пайғамбарды өзге əйелдерінен Хадишаны қызғанғаным секілді қызғанып көрген емеспін. Оны өзім көрген жоқпын. Бірақ, Пайғамбар оны көп айтатын. Қөбінесе, қой сойған кезде оның етінен Хадишаның жақындарына беріп жіберетін. Хадишаның атын айта бастаса: «Дүниеде одан өзге əйел жоқ па?» дейтінмін. Расулуллаһ болса оның ұнамды істерін айтып: «Ол менің балаларымның анасы» дейтін». Байқасаңыз, Сүйікті Расул (с.ғ.с.) Айша анамыздың қызғанышын одан әрі көсемей, «Ол менің балаларымның анасы» деп қана жауап беруінің өзі өзге әйелдеріне деген көркем мәмілесі емей немене? Бәрінің де алтын ортасын ұстай білген Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл қылығы да біз үшін үлгі.
Екі әлемнің Сардары әйелдерінің арасындағы әділдікке де қатты мән берді. Айша анамыздың айтуы бойынша, Ол (с.ғ.с.) сапарға шыққанда да әйелдерінің арасында жеребе тастайтын еді. Жеребе кімге түссе, сол Пайғамбарымызбен сапарға шығу бақытына ие болатын.
Бірде Алланың Елшісі Айша анамызды өзімен бірге бір жорыққа ала шығады. Жолда қасындағы сахабаларын алға оздырып, Айша анамызға: «Кел, жүгіріп жарысайық», – деп ұсыныс тастайды. Айша анамыз ол кезде жас, арықтау еді. Анамыз сонысына салып Пайғамбарымыздан озып кетеді. Біраз жыл өткен соң тағы да бір сапарға бірге аттанады. «Ол кезде бұл оқиғаны мүлдем ұмытып кеткен едім. Оның үстіне біраз салмақ жинап, толықсыған болатынмын», – деп еске алады Айша анамыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жолы да Айша анамызға жарысу туралы ұсыныс тастайды. Ұсынысты қабыл алған Айша анамыз бұл кезекте Ардақты Елшіден қалып қояды. Жеңісіне масаттанған Пайғамбарымыз өзіне тән әсем күлкімен: «Бұл өткен жолғы үшін», – деп бұның алдындағы жеңілістен есе қайтарғанын айтып әзілдеседі. Осылайша ол отбасында жалықтырмас жар, көңілді отағасы бола білетін еді. Сосын: «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Ең жақсыларың – әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», – дейтін ғой.
Әйеліңнің аузына өз қолыңмен салған бір уыс ас та үлкен сауабқа кенелетінін насихат еткен Алланың Елшісі әйелге деген мейірім мен махаббаттың жолын да көрсете білді. «Отбасыңды асырау үшін жұмсаған ақшаң сен үшін сауап. Тіпті, әйеліңнің аузына бір үзім нан салсаң да сауапқа кенелесің», – дейді Сүйікті Нәби (с.ғ.с.).
«Барлығың да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қол астыларыңдағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы – бақташы. Ер адам отбасының бақташысы. Әйел ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташы секілдісіңдер және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауап бересіңдер», – деген Ғаламның Рахым Нұры өзінің отбасына деген жауапкершілігін толықтай өтей білді. Әйелдерін қанағатшылдыққа, сабырлыққа, шүкіршілікке, тақуалыққа бірдей тәрбиелей білген ол адамзат үшін, ерлі-зайыптылар үшін сара жол салды.
Өмірі тойып тамақ ішпеген Алла Елшісінің әйелдері де жоққа сабыр қыла білді. Ақыретті көздеген Пайғамбарымыз өзін және отбасын дүниенің ләззатынан тыйды. Кейде мұндай тіршілікке шыдай алмаған кейбір жұбайлары Алла Хабибінен (с.ғ.с.) дүниенің жақсылығын сұраушы еді. Сонда Сардарымыз (с.ғ.с.) оларды 29 күнге қалдырып, не дүниені, не Алла мен Оның Елшісін таңдауға уақыт берген кездерді де білеміз. Жиырма тоғызыншы күні Қасиетті Құранның аяттары былайша уахи етілген еді: «Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңызға айтыңыз: «Егер сендер бұл дүниені қалап, жалғанның ләззатын көксейтін болсаңдар, онда келіңдер, сендерге сол нәрселерді беріп, көркем түрде ажырасайын. Егер Алланы, Оның Пайғамбарын және ақыретті қаласаңдар, онда шек-шүбәсіз Алла сендердің араларыңдағы көркем амал жасаушылар үшін ұлы сый – жәннатты дайындап қойған». Міне, осылайша Алланың Елшісін отбасымен көркем мәміле жасауға Алланың өзі тәрбиелеген және қандай көркем тәрбиеледі десеңізші.
Бір күні Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) бір адам келіп: «О, Алланың Расулы, әйелдерімізбен қандай мәміле жасауымыз керек?», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Өзің не жесең, оны да сонымен тамақтандыр, өзіңе не сатып алсаң, оны да сонымен киіндір. Бетінен ұрма, мазақ қылма! Ұрысып қалсаң, үйде жалғыз қалдырма!», – деп жауап береді. Міне, әйелдің де еркекпен тең құқылы өмір сүруге қақылы екенін Алланың Елшісі баршамызға да өсиет етті.
Пайғамбар тәрбиесінен нәр алған Айша анамыз да басқа әйелдерге де көркем сабақ бере білді. «Уа, әйелдер! Егер сендер күйеулеріңнің алдындағы міндеттеріңді білгенде, шаңның астында қалған өздеріңнен бұрын күйеулеріңнің бетіндегі шаңды қағар едіңдер», – деп әйел қауымының ері алдындағы міндетін ұғындырған. Өйткені, Алланың әміріне бойұсынып, күйеуіне мойынсынған әйелге ғана жұмақтан орын берілетінін Айша анамыз жақсы біледі. Себебі, оның тәрбиешісі – Уәлиуллаһ (с.ғ.с.) болатын!
«Күйеуі әйеліне, ал әйелі күйеуіне махаббатпен қараса, Алла да оларға ерекше мейіріммен қарайды. Күйеуі әйелінің қолынан ұстаса, олардың күнәсі саусақтарының арасынан сусып түседі», – деген ол әйелдеріне қандай мейірімді еді. Пайғамбарымыз әйелдерін және хош иісті ерекше сүйетін. Оны өзі де жасырмайтын еді.
Қолы қалт ете қалса, үй шаруасымен айналысуға арланбайтын. Қолына сыпырғыш алып, үй сыпыратыны да бар еді. Сосын: «Әйеліңе көмектесу – ізгі амалдан», – дейтін. Айша анамыз да оның бұл ұнамды қылығын: «Алла Елшісі өз үйінде жүргенде де қарапайымдылығынан аумайтын. Өз киімін өзі жуып, аяқ киімдерін жөндейтін. Үй істерінде әйелдеріне көмектесетін», – деп айтатын.
Өмірінің соңына дейін әйел қауымына жақсы мәміле қылуды насихат еткен ол үмбеті үшін қатты алаңдады. Себебі, «қисық қабырғамен» көркем мәміле жасау зордың ісі еді. Сол үшін де қоштасар құтпасында қатты тапсырмап па еді?
«Уа, адамдар! Әйелдердің ақысын аяқ асты етпеңдер. Алладан қорқыңдар. Әйелдеріңді Алланың аманаты ретінде, әрі нәзік жаратылыс иесінің ар-намысын қорғауға Алла атымен сөз беріп, адал жар ретінде алдыңдар. Сендер әйелдерің алдында, әйелдеріңнің де сендердің алдарыңда хақысы бар. Сендер одан жар төсегін былғамауды талап етуге хұқылысыңдар. Сендердің қаламаған адамдарыңды үйлеріңе кіргізсе, әйелдеріңді шектен шықпай жөнге сала аласыңдар. Әйелдің ақысын өтеуге міндеттісіңдер, яғни олардың ішіп-жемін, киім-кешегін қамтамасыз ету сендердің міндеттерің», – деген Оның әйелдерге қатысты өсиеті дүниеден өтер алдында, жаны алқымына келіп, тілі күрмеле бастағанда да жалғасты: «Намаз! Намаз! Қол астыңдағыларға шамасы жетпейтінді жүктемеңдер! Алладан қорқыңдар! Әйелдеріңмен қарым-қатынаста Алладан қорқыңдар!»…
Қос Әлем Сардары, Ғаламның Рахым Нұры, Әз Пайғамбардың, Ұлы Нәбидің ақырет демі осылайша үзіліп кете барды… Артында біз үшін өшпес із қалды. Ендеше «Алла – мінсіз, әуелден пайғамбар – хақ. Мүмін болсаң, үйреніп сен де ұқсап бақ…», – дейді емес пе Хәкім Абай…

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста