Осы жұртшылық Қадір түні келгенде түнімен ұйықтамай, дұға-тілек тілеп жатады. Жалпы Қадір түнінің ерекшелігі неде, бұл түн несімен ардақты?
Майра, Жетісай қаласы
Қадыр түні несіменен ардақты деген мәселеде ислам ғұламалары осы түні алғаш рет Құран-Кәрім аяттарының Пайғамбарымыз (с.а.у)-ға паш етілгендігімен байланыстырады. Базбір тәпсіршілердің топшылауынша, Құран-Кәрімдегі: «Негізінде Құранды Қадыр түнінде түсірдік» деген аят, осы түн хақында айтылған. Келесі бір тәпсіршілер бұл құтты күнді Шабан айының он бесінші түніндегі Барағат кеші деп біледі. Себебі, көптеген тәпсіршілер Құран-Кәрімнің келесі бір сүресіндегі «Шын мәнінде оны құтты бір кеште түсірдік...» (Дұхан, 3) деген аятты Барағат түні деп түсіндіреді. Ал, атақты Ибн Кәсир өз шығармасында Ибн Аббастың мынандай риуаятын алға тартады: Алла Тағала алғашқыда Құранды мұртын бұзбастан тұтас Лаухи-Маһбухздан (тағдыр тақтасы) көк жүзіне түсірді. Соңынан біртіндеп, көк жүзінен оқиғалардың барысына қарай жиырма үш жылда Пайғамбарымыз (с.а.у)-ға нәзіл етті». Осы риуаятқа сәйкес, тәпсіршілер Құранның Лаухи-Маһбуздан көк жүзіне тұтас түскен күні Шабан айының он бесінші жұлдызындағы Барағат кеші деп, ал, Құранның көк жүзінен Пайғамбарымыз (с.а.у)-ға алғаш паш етілуі Рамазан айындағы Қадыр түні болған деп жорамалдайды. Қадыр түнінің ерекше қасиеттілігі - бұл құтты кештің мың айдан да қайырлы болуы. Бұл турасында Құран-Кәрімде: «Қадыр түні мың айдан да қайырлы» деп баяндалады. Құран-Кәрімнің бұл аятының Хақ Елшісі (с.а.у)-ға қалай паш етілгендігі хақында Ибн Әбу Хатм, Жүніс Али Ибн Үрбенің мынандай риуаятын алға тартады: «Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у) Исрайл ұрпақтарының ішінде Аюб, Зікірия, Хазикал, Нұн атты төрт адамның Алла Тағалаға сексен жыл тоқтаусыз һәм мүлтіксіз құлшылық жасағандығын айтады. Сексен жыл бойы ешбір кінәратсыз құлшылық еткендерін естіген сахабалар таңдай қағысады. Осы сәтте, Жебірейіл періште Пайғамбарымыз (с.а.у)-ға: «Қадыр түнінің не екенін білесің бе. Қадыр түні мың айдан да қайырлы» деген аятты нәзіл етіп, Жебірейіл (с.а.у); «бұл сенің үмбетің таңдай қағысқаннан да жоғары» дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у) аталмыш аятты сахабаларға паш еткенде, олардың қуанышында шек болмаған еді».
Әлбетте, бұл иллаһи жарылқау Тәңірі-Тағаланың мұсылман жұрағатына деген ерекше қамқорлығы мен рақымдылығы болатын. Мың айды жылдарға шағатын болсақ, сексен үш жылдан астам уақыт болады. Адам өмірі де орташа есеппен жетпіс-сексен жыл шамасында. Бір түннің мың айдан да қайырлы болуы, яғни, Қадыр түнінде Хақты ұлықтаған адам, бүкіл ғұмыр бойы құлшылық еткен болады. Бұл дегеніміз, қасиетті Қадыр түнінің шапағатына бөленген адамның жаны иншалла қиямет күні жасыл бақ жаннатта шалқиды деген сөз.
Қадір түні несімен ардақты?
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора