Ораза біткен соң мұсылмандар Айт мерекесін тойлайды. Бұл сөз араб тілінен аударғанда «мейрам» дегенді білдіреді. NUR.KZ порталы Ораза айт мерекесін қалай өткізу керектігі жайлы ақпаратты назарларыңызға ұсынады.
Айт күнінің өзіне тән ерекшелігі бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ораза айт пен Құрбан айтта ауыз бекітуге тыйым салған. Ал оразаның қазасын айттан кейін келесі жылдың ораза айына дейін өтеуге болады.
Айт намазынан кейін жиналған қауым дүниеден өткен туыстары мен жақындарының рухына бағыштап Құран кәрім оқиды, дұға етеді. Содан соң үлкендердің, дос-жарандардың, таныстардың үйіне айттап барады.
Айттап барғанда: «Ораза қабыл болсын! Айт құтты болсын!» деп айтылады.
Айт мерекесінде әр мұсылман жеті амалды орындауы тиіс: айтты үлкен мереке етіп тойлау, әдемі киініп жүру, ораза айт намазын оқу, адамдарға жылы қабақпен қарау, жақындарының үйіне айттау, жаныңдағыларға жақсылық жасау, пітір садақасын беру.