1. Неке – Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиеті.
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): ««Ей, жастар! Кімде-кім үйленуге шамасы келсе үйленсін. Өйткені, бұл оның көзін күнәдан сақтауға және тақуа болуына ықпалын тигізеді. Ал, кім бұлай жасауға шамасы келмесе ораза ұстасын. Өйткені ораза оның нәпсісін басуға көмектеседі» деген (Бұхари, Муслим).
Барлық ғалымдар «шамасы келсе» дегенді «еркектік күш-қуаты, физикалық тұрғыда денсаулығы» болса деп тәпсірлейді. Ал егер, жігіт жар іздеп жүріп қалса, шақуатын жеңу үшін ораза ұстауы қажет екен.
2. Неке – сүйікті елшіңнің мақтанышына себеп болуға мүмкіндік.
Өзіңнен кейін отаныңа қорған, үмбетіңе адал болатын, Алла жолында қызмет ететін ұрпақ қалдыру үшін ер азаматқа мейлінше шаңырақ көтеру – ең ұтымды жол. Бұл ұрпақ көбейтуге мүмкіндік ашады. Өйткені, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қияметте біздің көптігімізбен мақтанатындығын айтты. Сенде сүйікті елшіңнің мақтанышына себеп болуға мүмкіндік бар!
3. Неке – Алла «орнатқан бағдарлама».
«Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен" ("Рум" сүресі, 21-аят). Тән тыныштық пен тынымды, ал жан сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлықты іздемей тұрмайды. Өйткені, бұл – жаратылыс Иесінің орнатқан заңы. Ал егер, тән мен жан өз керегін алмаса бұл оның ақылына, біліміне, даналығына, мінез-құлқына, денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Бір данышпан: «Мен некеге дейін бар болдым, некеден кейін өмір сүре бастадым» деген екен.
4. Неке – кедейліктен арылудың жолы.
Бұл туралы бізге жеткен екі бірдей хадис бар: «Әйелдерге үйленіңдер, ақиқатында, олар сендерге мүліктерімен келеді» (Баззар, Хаким), «Некеден ризық күтіңдер» (Дәйләми). Бұл өсиеттерді сахабалардың сөздері толықтыра түспек. Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) айтады: «Мені некенің жеткіліктілігіне үміттенбейтін адам таңғалдырады. Алла Тағала: «Әрі араларыңдағы некеге тұрмағандарды және құлдарың мен күндеріңнің түзулерін үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла оларды Өз кеңшілігімен байытады. Алла – мейірімді Кең, бәрін Білуші» деп айтты емес пе?» («Нұр» сүресі, 32-аят). Басқа ислам ғұламалары: «Құдіретті Алла некенің кедейліктен арылтатын жол екендігін хабарлады» немесе «Алла Тағала некеге отырғандарды Өз рақымымен асырайтындығына уәде береді. Мұсылман үйлену немесе отбасын кеңейту материалдық жағдайды нашарлатады деп жансақ ойламауы тиіс. Өйткені, Алла Тағала шаңырақ көтеруге шақырып, қажеттіліктер мен кедейліктен арылтатындығына уәде берді. Оның көркем есімдерінің бірі – Кең және Білуші. Оның рақымы мен ізгілігінде шек жоқ. Ол кімге рухани және материалдық байлық керек екенін жақсы біледі. Және әрбірін Өзінің білімімен және даналығымен қамтамасыз етеді» деген.
5. Неке – дүниедегі ең жақсы нәрсені сыйлайды
Хадисте: «Дүние өткінші. Дүниедегі өткінші нәрселердің ең қайырлысы – салиқалы әйел» делінген (Муслим). Барлық нәрсенің қатарына зәулім үй де, абыройлы жұмыс та, сапалы көлік те, қымбат киім де кіреді. Яғни, сенде жақсы әйел болмаса дүниедегі ең жақсы нәрсеге әлі қол жеткізбедің! Сондай-ақ, Ибн Аббас (оған Алла разы болсын): « Араларыңдағы ең жақсыларың – әйелдері көптерің» деген. Сонда мүлде әйелі жоқ адамның жағдайы не болмақ?
6. Некенің жемісі – ризықтың келуіне себеп болатын сәбилер
Жақсы жарға үйлену – сенің әлі дүниеге келмеген балаңның хақысы. Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) айтады: «Баланың әкесінде үш хақысы бар: жақсы ана таңдап беру, жақсы есім беруі және Құран үйретуі».
Отбасында баланың дүниеге келуі – некенің жемісі. Және осы үшін Алла Тағаладан шаңыраққа ризық жетеді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Орталарындағы әлсіздің арқасында сендерге көмек көрсетіліп, қажеттіліктерің берілмей ме?» деген екен (Бұхари).
7. Неке – бұл өмірдің қызығымен қауыштырады
Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған бұл дүниеде хош иісті сулар, әйелдер сүйікті етілді, ал намаз менің көзімнің қарашығымдай болды» деген. Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көретіндігіміздің бір белгісі – оның жақсы көргенін жақсы көру.
Алла Тағала бұл бағдарламаны әлдеқашан орнатып қойған. Құранда: «Әйелдерге, перзенттерге деген, үйме-үй алтын күміске, жақсы аттарға, шаруа малдарына және егіндікке деген құмарлықты жақсы көру адамдарға әдемі етіліп көрсетілді. Бұл – осы өмірдің қызығы. Ал, қайтатын жердің көркемі – Аллада» («Әли Имран» сүресі, 14-аят) делінген. Яғни, сен қаласаң да, қаламасаң да дүниеде бұл нәрселерді жақсы көресің, қызығасың. Көрдің бе, Алла Тағала дүние қызығының алғашқысы етіп әйелді атады!
8. Неке – діннің жартысы
Үмбетіміздің ізгілері некені діннің жартысына балаған. Үйлену – құлшылық. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) айтады: «Құлшылық етушінің үйленбейінше құлшылығы толық болмайды» деу арқылы оның маңыздылығын көрсетеді. Және тағы бір сөзінде: «Егер маған жазылған өмірдің он ғана күні қалса және оныншы күні қайтыс болатынымды білсем, азғырулардан сақтану үшін мүмкіндігім болса үйленер едім» деп айтты. Неке күнәдан тосады. Неке – зинадан сақтанудың бірден-бір жолы. Ал зинадан Алла разылығы үшін бас тарту, Алланың бұйрығын орындау, қорқу – тақуалық. Бойжеткендер өзге еркектің көз құрты болуын тоқтатады, ер азаматтар некесіз қарым-қатынасқа барудан тыйылады.
9. Неке – бұзықтықтың алдын алады
Егер бойжеткен өзін сұрап келген тақуа әрі көркем мінезді жігітке тұрмысқа шықпаса нағыз бүлік басталады екен. Хадисте: «Егер сіздерге дініне, мінез-құлқына риза болатын (жігіт қыздарыңызды сұрап) келсе, (қыздарыңызды) оған беріңіздер. Егер олай істемесеңіздер, жер бетінде іріткі кеңінен етек жайған бұзықтық болады» делінген. (Тирмизи).
10. Неке арқылы үйлесімділік орнайды.
Яғни, ер азамат отбасын асырау, үмбетке пайдалы қызмет істеу, ризық табу мүмкіндігіне ие болады, ал оның тәні мен жанының тыныштығын әйел күзетеді. Ас-ауқат уақытында әзір, ұйқысы қалыпты, тазалығы өз дәрежесінде... Ал әйел өзіне қорған, қамқоршы тауып артық қиыншылықтардан құтылады. Алла алдындағы құлшылығын атқарып, күйеуінің тілеуін тілеп, шаңырақтың ұйытқысы болып отырады. Осылайша, әркім өз қызметін орындағанда ғана қоғамда тыныштық пен үйлесімділік орнамақ...