Муржия араб тілінде «кейінге қалдыру, кешіктіру және үміт ету» деген сияқты мағыналарды білдіреді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Алғашқы кезеңдерде ортаға шыққан Муржия мәзһабы араб ұлтшылдығына сүйенген Омейядтардың саясатына және шектен шығып кеткен Харижиттік түсінікке қарсы шығып, орта жолмен жүруге тырысқан ағым.
Кейінгі ұстанушылар өздерінің бастапқы бағытынан мүлдем ауытқып кетеді. Сол себепті ғалымдар муржияны екі топқа бөліп қарастырады.
Біріншісі – сахабалар арасындағы түсініспеушілік пен қақтығыс және Умайя билігі кезіндегі бүліктерге үкім беруден бас тартқандар.
Екіншісі – имани мәселеге немқұрайлы қарап, Алла күпірліктен, ширктен басқа бәрін кешіреді деген сеніммен иман еткен кісі не істесе де болады деп, ізгі амалды тәрк етушілер.
Сол үшін бұлар сынға ұшырайды.
Абдулла ибн Аббас Алла елшісінің [с.ғ.с.]: «Үмметімнен екі топ адам бар, олар Исламнан ешқандай нәсіптері жоқ: Муржия мен Қадария» деп айтқан хадисін риуаят қылған [Ибн Мажа, Термези]. Сондықтан да қандай да бір адамға «муржия» деп лақап таңудан сақ болған жөн.