Германия билігі ел аумағындағы мешіттердің сырттан қаржыландырылуын тоқтату мүмкіндіктерін қарастырмақ. Оның орнына мешіт салығын енгізуді көздеп отыр.
Аталмыш елде қолданылатын, протестанттар мен католиктерден өндіріліп алынатын шіркеу салығына ұқсас жолмен қаржыландыруды жоспарлап отыр.
Тіпті, шіркеу салығы Германия конституциясына жазылған. Мөлшері жеке бас табыс салығының 8-9%-ын құрайды.
Құдайдың барына сенбейтін атеистер мен жұмыссыздар, тұрмысы төмен азаматтар, студенттер, мектеп оқушылары, зейнеткерлер шіркеу салығынан босатылған.
Сөз орайы келгенде мынаны айта кету керек, Германия аумағында 900-ге тарта мұсылмандардың құлшылық үйі бар. Олардың көбісі Түркия президентіне тікелей бағынатын Түрік-ислам одағы деп аталатын мекемеге қарайды.
Немістің сарапшылары мен саясаткерлері соңғы жылдары Түркияның ықпалына, дәлірегі, «жұмсақ күшіне» тосқауыл қою үшін елдегі мұсылман жамағаттан мешіттерді өздері қалтасынан қаржыландыруды талап етіп жүр.