– Досай аға, сіз дінтанушы ретінде еліміздегі діни ахуалға қандай баға берер едіңіз? Әртүрлі ағымдар мен теріс діннің жетегінде жүргендер бізге қауіп туғыза ала ма?
– Діни ахуал өте күрделеніп кеткені рас. Соңғы жиырма жылда уахабилік тенденция, яғни исламдағы лютерандық, революциялық сипаттағы топтар, қоғамды өз ықпалы мен саясатына оп-оңай бағыттай алатын күн туды. Дін саясаттың тақырыбына айналып үлгерді. Бұл еліміздегі діннің саясилануы мен жаһандық исламофобияның жемісі деп түсінгеніміз абзал. Қазіргі таңда, азаматтардың арасында «дәлелің бар ма?» – деген тіркес модаға айналған. Тіпті, Құранның өзін конституцияға айналдырып үлгерді десек артық айтқандық емес. Нәтижесінде Құран тек қағидалар жинағына айналып қалды. Осы тұста діни танымның тарихи санамен, тәжірибемен берілген табиғаты мен сипатын, ғылыми тұрғыда тарататын, түсіндіретін беделді қоғамдық институт қалыптастыра алмадық. Қазіргі таңда бір ғана институт қалды, ол – мемлекет. Егер мемлекет осы мәселені өз жауапкершілігіне алмаса, биліктің қолымен елдікті, қоғам тұрақтылығын, мәдениетті, ең бастысы – тыныштықты жоғалтып алатын түріміз бар. Ал, тыныштық бұзылса, еліміздің егемендігі мен салтанатын қызғанып отырған теріс пиғылды топтар мен күштердің, мына киелі де қасиетті жерде қалай атой салатынын елестетудің өзі қиын. Қазақ өзара жікке бөліне бастады. Ал, билік пен қоғам арасындағы наразылық ушығып кететін болса, жиған-тергеніміз еш болады. Менің ойымша, билік мұны біліп те, сезіп те отыр. Оған өзіндік жауаптары болуы тиіс деп ойлаймын.
– Еліміздегі діни шиеленіс мәселесін реттеудің қандай жолдары бар деп ойлайсыз?
– Қазір еліміздегі діни ахуалды реттеудің бір ғана жолы бар. Ол мемлекеттің зайырлылық ұстанымын қайта қарап, еліміздің тарихи жүріп өткен діни тәжірибесі негізінде, егемендікті баянды ету жолында, діни ахуалды қадағалауды, реттеуді, оқытуды, орталықтандыруды ұстаным ретінде жылдам қолға алуы керек. Мысалы үшін «ағартушылық», «насихат» деген ескі әдіс бүгінде қауқарсыз деп ойлаймын. Себебі, мемлекет бүгін жат діни таныммен ғана емес, жаһандық күштермен, идеологиямен де бетпе-бет келіп отырғандығын сезінуі керек.
– Егер шын мәнінде айтатын болсақ, қазақ осы діншіл халық па?
– Бұрынғы қазақ жоқ қазір. Бұрын қазақта діндарлық бар, діншілдік жоқ болатын. Қазақтың дүниетанымдық қабаттарын талдап қарасаңыз, салыстырмалы түрде оның мәдени болмысы мен ділінде мистика кем еді. Сондықтан да діни тәжірибеміз бен тарихымызда аскеттік аз болды. Ал мистикасы кем халықтың діншілдігі де, яғни фанатизмі де кем болады деген сөз. Бұл анықтамалар дін психологиясы мен дін феноменологиясын талдағанда анық көрінеді. Бірақ бүгінгі қазақ болмысында, мәдени мәйегінде, ділі мен тілінде біртектілік бар деп айта алмаймыз. Осы біртектіліктің жоғалуынан басқа «мода» танымдар мен идеологиялар бізге оңай жұққыш болып алды. Менің ойымша, бұл – індет. Оның ықпалы ішке емес, сыртқа бағытталып отыр. Яғни дін адамды Алламен үндестіруші жол еді, ол да адамның рухани ізденістеріне жауап тауып беретін түпнегіз болатын. Біздегі құбылыс үндестікке емес, формалық, жамағаттық, жіктелу мен ерекшеленуге кетіп барады. Бұдан шығатын қорытынды, бұл дін емес, бұл саяси идеология, сыртқы жауларымыздың құралы екендігі анық байқалады.
– Еліміздегі діни хаостың пайда болуына кім кінәлі?
– Кешегі позитивизмнің салдары бүгінгі қоғамдағы, биліктегі негізгі тұғырлар мен қабаттарды қайта тануымызға әлі де кедергі жасап келеді. Соның ең сорақысы, кешегі батыстық культурологиялық анықтамалар мен теориялардың мызғымай әлі де ақиқат ретінде қабылданып келе жатқандығында. Ол – болмысты диалектикалық шаблондармен түсіндіру модасы болатын. Кеше сол шаблондармен ұлтты ұлт қылып ұстап тұрған мәдениет деген тұғырды өркениеттің алғашқы сатысы деп қабылдадық, өркениетті де мәдениеттің шыңы дедік. Бүгін олай еместігін біле бастадық. Қазір адамдық танымдар да антропоморфты түсіндірулерге, теорияларға ауысып келе жатыр. Бірақ біздің бүгінгі гуманитарлық ғылым саласында бұл эпистемиологиялық мәселелер жоқтың қасы. Қазақша айтқанда, бұрын дін мәдениеттің бір бөлшегі болатын. Қазір олай емес, керісінше, дін мәдениеттің мазмұны. Сол мәдениетті сақтаушы да, дамытушы да, түлетуші де дін. Қазір бірыңғай араб мәдениеті уағыздалып жатыр. Араб мәдениеті оның киімі, сақалы, әдеті, салтымен ғана емес, діни танымымен келіп жатыр. Ал діни таным – ұлттық мәдениеттің өзегі. Біздің діни танымымызда Матуриди, Ханафи және Иассауи қабаттары орын алған болатын. Сол қабаттарға уахабилік құрт түсті. Ар жағын өзіңіз ұққан боларсыз..
– Қазақстан не үшін діни қақтығыстардың және шиеленістердің мекеніне айналып үлгерді екен?
– Оның себептері көп. Қазақстанның тұрақтылығы өзімізден басқа ешкімге керек емес. Егер қоғам конфликтологиялық сипатта болса, оған іштен де сырттан да жол көрсетушілер өз «жобаларын» ұсынатын болады. Бұл дегеніңіз – сіздің ішкі саяси ұстанымыңызға білдірмей, сыналап ену деген сөз. Мұның салдары Қазақстанды өз ықпалында ұстап тұрғысы келетін күштердің ығында қалу. Сосын «бөліп ал да билей бер». Оның арғы жағында олардың прагматикалық саясаты мен мүддесі жатады. Біздің ең басты құндылығымыз ол – тәуелсіздік. Бүгінгі қоғамда пайда болған «діни жақтар» мен «танымдық жіктерді» тәуелсіздігіміздің жолында олардың «сен, мен» деген платформаларынан бас тартқызатын құқықтық, онтологиялық, психологиялық механизмдерді дайындау керек. Егемендік болмаса, бәрі далбаса! Дінің де, ділің де, мәдениетің де, еркіндігің де, болмысың да жоқ болады. Қазақ жақсы айтқан: «Ораза, намаз тоқтықта» деп!
– Сіз ислам теологиясы мен философиясы докторысыз. Тарихта бүгінгі біздің қоғамдағыдай тәжірибелер болған ба?
– Негізі мемлекеттің рөлі отбасындағы «әке» сияқты болу керек. Ол отбасындағы балаларына бір көзбен қарап, ортақ ұстаным, ортақ тәртіп, тәрбие беруі тиіс. Біздегі діни ахуалға қатысты құбылыстар орта ғасырдағы Мутазилилердің ролін асырып, басқаларды қуғынға ұшыратқан Аббаси халифаты саясатына ұқсайды. Кейін уақыт өте келе қателік түзетілді. Бірақ талай ойшылдар азап шекті, қуғындалды. Мысалы үшін, бір нәрсені жоққа шығару үшін де оны зерттеу қажет. Сопылық адамның табиғатындағы сыр. Ол исламның мәні. Пайғамбарымыздың жолы, үлгісі, руханияты, ахлақ өлшемі. Иман, ислам, ихсан қабаттары діндегі сопылықтың ақиқатын көрсетеді. Сопылық адамның өзін зерттейді. Кім адамды, өзін танудан қашса, ол, әрине, сопылықты , тарихыңды, діни тәжірибеңді не қылсын! Ислам ең соңғы адамзатқа берілген дін. Ол табиғи дін, фитраттың жолы. Сопылықта универсализм бар. Тұтастық бар. Таухид сыры жатыр. Мен емес, ол бар. Сопылардың өлшемі Алла. Ал исламда Алланы дұрыс танудың өлшемі – Құран. Сондықтан Иассауи сияқты даналар, «Менің хикметтерімнің бар мағынасы Құран» деген, Абай да Құранды «Түгел сөз» деді. Алла дінді адам үшін берген. Өзі үшін емес. Өзінің рахметінің көрінісі ретінде танытқан, жол көрсеткен. Түркілердің исламды қабылдауында тауилдің орны бар. Сол тауил теориясын қалыптастырған Матуриди, сол теория арқылы тасауф дамыды, жайылды, ал Дешті Қыпшаққа Ханафи, Матуриди жолын алып келген Иасауи болатын. Матуриди мен Ханафи, Иассауи тәжірибелері сопылықтың ақиқатын танытатын, тарих бойынша өзін дәлелдеген, сыналған жол. Ол жолды бүгінгі «сопыларға» қарап бағалау не тану «битке өкпелеп, тоныңды отқа жағумен тең». Сопылық ауыр да терең қилы қабаттармен көмкерілген ғарыш. Кірерде қолыңда ғылым мен білім керек, шариғат куәлігі. Сол куәлік сені сопылық ғарыштан адастырмайды. Иассауидің айтқанындай «Тариқатқа шариғатсыз кірме, зинхар». Ал егер куәлігіңді жоғалтып алсаң, сөз басқа. Исламда барлық мәселенің таразысы Ар мен Аллаға қарап бағаланады. Осыны бізге тарих бойынша дәлелдеп келе жатқан жолдың аты сопылық. Бірақ барлық адамға арналмаған. Алланың жамалын аңсаушылар ғана сол жолда төзе алады. Мүмін, Мүслім, Мухсин категорияларына қарасаң, нағыз мүмін, нағыз мүслім, нағыз мүмін солар.
– Исламда тану, таным дегенді философтар қалай түсінген? Уахабилер рух, әруақ дегенге неге қарсы?
– Рухты тану – исламның басты шарты. «Кім өзін таныса, Жаратушысын таниды». Ислам философтары еңбектерінде рух туралы түсіндірмелер көп. Ақыл мен нақылдың тұтастығын методологиялық платформа ретінде қабылдаған Матуриди, Ашарилерден осы ерекшелігі арқылы нақтыланады. Ашари негізінен, Муғтазилаға қарама – қарсы ағым ретінде өзін танытты. Ашарилік сол кезден-ақ бірден диалектикалық табиғатын көрсетті. Ал «Ақыл мен нақылдың» біріншілігі деген ауру исламға «болмыс пен сананың қатынасы» сияқты грек философиясынан жұқты. Осы ойлау жүйесінің орта жолын ұстанған, және дұрыс платформа таңдаған ислам философиясы тарихында тек Матуриди болды. Ал енді уахабилік осы ислам ақиқатын, оның табиғи фитрат діні екендігіне көлеңке түсіріп, Батыстың ойыншығы болып отыр. Өздері оның парқын да білмейді. Аллаға барар жол сенің рухың арқылы өтеді. Ол рух оған дайын болуы үшін де танымдық, психологиялық, эпистемиологиялық, моральдық тұрғыдан азықтану шарт. Осы шартты жүзеге асыруы үшін де рухтың ақыл қабілетін қолдана білуі керек. Ол болмаса, қалғаны далбаса, ол рух емес, өзінен өзі қорыққан құлдан бетер болады. Алла адамнан ондай «құлдық» қаламайды. Абай айтпақшы, бәрі «тахқиқи» болуы керек. Фарабилер шариғат расында рух туралы зерттеуге қарсы болса, ол туралы ислам философтары сөз қозғамаған болар еді. Газалиді қараңдар, оның философиясы рухпен басталып, рухпен аяқталады. Сондықтан рухты тану Алланы танудың басты шарты.
– Не үшін рухты тану басты шарт?
– Алланың барлық сипаттары оның затымен үндес. Ал адамның барлық сипаттары өзінің рухымен үндесе бермейді. Алланың сынағы да осы жерден басталады. Ақыл – рухтың бір сипаты, эпитеті. Ақыл рухтың сипаты ғана емес, оны осы сынақта тасушы. Ақыл өлшем. Оның мына дүниемен байланысы, рухты тасушы сипаты жағынан ғана. Сол Алла рухтың ақыл шеңберінде басқарылуын қалайды. Рух ақыл шеңберінің шегін біліп, тануы үшін де оны қолдану шарт. Қолданбаса, рух қасаңданып, Алланың алдында «қарабет» болады. Ал ақыл кезкелген догмадан рухты ескертіп, Аллаға қарай бағыттап отырады. Сондықтан оның сөздік мағынасы да, функциясы да Алламен «байланысты орнату».
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
qazaquni.kz
Досай КЕНЖЕТАЙ, профессор: “Уахабилік исламға көлеңке түсіріп отыр…”
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора