Мұсылман адам, егер дүниелік білімдерді сауап үшін және қоғамға, сондай-ақ, еліме, жеріме пайдам тисін деп оқыса, ол үшін сауап жазылады. Амалдар – ниетке байланысты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Мazhab.kz-ке сілтеме жасап.
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ) дүниелік білімдерді төртке бөледі:
* Парыз кифая болған дүниелік білімдер.
* Мұстахаб болған дүниелік білімдер.
* Құп көрілмейтін дүниелік білімдер.
* Мубах - сауабы да, күнәсі де жоқ дүниелік білімдер.
Парыз кифая болған дүниелік білімдерге: қоғам үшін зәру, онсыз әлеуметтік тұрмыс-тіршілік зиян шегіп, дүниелік істер ойдағыдай жүрмейтін салалар жататы. Мысалы, медицина, есеп (математика), құқық, құрылыс, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, тігіншілік, саясат т.б. Қоғам игілігі үшін қажетті мұндай білімдерді оқу - парыз кифая. Парыз кифая дегеніміз не? Парыз кифая дегеніміз, егер бір қала тұрғындарының арасынан ешкім қоғамға зәру білімдерді оқып, маман иесі атанбаса, жергілікті тұрғындардың бәрі күнәһар болады деген сөз. (Бүгінде, қоғамға қажетті маман иелері ретке қойылғаны белгілі. Қазір әрбір елді-мекенде өзінің дәрігері, құқық қорғаушысы, мектеп, мұғалім т.б. жергілікті халық үшін керекті мамандармен қамтамасыз етілген).
Мұстахаб болған дүниелік білімге: медицина, есеп т.б. осы сияқты қоғамға қажетті білімдерді тереңдеп оқып, ғұлама атануды жатқызамыз. Мәселен, медицина оқығанның бәрі медицина саласының профессоры бола бермейтіні анық. Ендеше, қоғамға қажетті білім салаларын тереңдеу оқып, соның нәтижесінде ғылыми жаңалықтар ашып, қоғамға көбірек пайдасын тигізу - мұстахаб (сауапты) амал деп отыр Имам Ғазали (рахимаһуллаһ).
Құп көрілмейтін дүниелік білімдерге: сиқыр ілімі (магия), дуагерлік (колдовсто), фокусшы, айлакерлік (мошенничество) т.б. қоғамға пайдасы жоқ, керісінше зияны бар ілімдер кіреді. Мұндай ілімдермен айналысу күнә. Мысалы, сиқыр (магия) мен дуагерлік ілімімен айналысу харам, үлкен күнә.
Мубах (ерікті, рұқсат) дүниелік білімдерге: шайырлық ілімі т.б. соған ұқсас білімдерді жатқызсақ болады[1].
Демек, қоғамға қажетті білім саласын оқып, сол салада білікті маман атану - үлкен сауап. Дініміз «дүние» мен «ақыретті» қатар алып жүруді насихаттайды. Бүгінгі күн - білім мен біліктіліктің заманы десек, мұсылмандардың дүниелік білімде де елдің алды болуға талпынулары зәрулік. Ислам діні "бүкіл халық дінді ғана оқысын" демейді. Әр саланың қоғамға тигізер пайдасы бар. Қоғам үшін дін ғалымдары мен дін уағызшылары қажет болғаны сияқты, өзге де салалардың мамандары керек. Дініміз мүмін-мұсылмандардың діннің мұсылманшылық шартын білулерімен қатар, дүниелік білім салаларын да жетік меңгеріп, маман иесі болуы тиіс деп есептейді. Оны Құранның қасиетті аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадис шарифтерінен ұғынамыз. Осы тұрғыда, даңқты бабамыз Абылай хан (Әбілмансұр Уәлиұлы) қалай керемет айтқан: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік!»
Алла біліміміз бен біліктілігімізді арттырсын!