Кешірім – кешірген адамның дәрежесін көтеріп, барар орнын ұлық етеді. Кешірімді адам біреуге зиянын тигізбейді, өзгеге көмек беруге дайын тұрады. Кімде-кім кешірімшіл болса, бұл дүниеде – бақытты, ал ақиретте сый көреді. Әсілінде, кешірімшіл болу – көркем мінезділіктің белгісі.
Бұл жайлы қазақтың біртуар тұлғаларының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы былай дейді:
Біреудің мінін кешірсең,
Құдай да сені кешеді.
Бірін де қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Пейілі жаман адамның,
Орыны дайын деседі.
«Кешірімділік – анадан, кішіпейілділік – данадан» деген қазақ халқы асыл қасиеттерді Ислам дінінің құндылықтарымен байланыстырған. Сондай-ақ, «Жақсылыққа жақсылық - әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық - ер кісінің ісі» деген де сөз бар.
Дініміздің талабы бойынша, араздасқан екі мұсылманның өкпе-реніші үш күннен аспауы керек. Ол үшін сіз ренішіңізді ұмытып, шын жүректен Алла үшін кешіруіңіз керек. Мұсылмандар бір-бірімен мүміндігінше араздаспағаны абзал. Өйткені мұсылмандар – бір-біріне бауыр. Ақиретте мұсылман бауырларымен араздасқаны үшін де сұралады.
mazhab.kz
(Тақырыбы өзгертілген)