Жас жігіт сырқат халдегі анасының тілін алмай қажылық сапарға аттанбақшы болды. Шешесі: «Балам, мен сауыққан соң барғаның дұрыс еді ғой. Жинаған ақшаңмен мені емдетсеңші!» – десе де: «Алла жолына жұмсаймын деп жинаған өз ақшам, қалай жұмсауды өзім білемін!» – деп, қажылыққа баруды өз анасының жағдайынан артық көрді. Сөйтіп, қажылыққа анасынан рұқсат бата алмай аттанып кетті. Анасы қатты ренжіген күйі қалады.
Әлгі қажылыққа сапар шеккен жігіт түнделетіп жол бойындағы бір ауылға келді де, мешітке түнеуді дұрыс көрді.
Сөйтсе, сол ауылдан ұрлық істеп дәндеген біреу, дәл сол түні бір үйге түсіп, асыл дүниелерін ұрлап қашыпты. Әккі ұры ауылдың мешітіне тығылып, одан терезеден шығып ізін жасырады. Сезіп қалған ауылдың жандармдары әлгінің ізіне түсіп, мешітке жасырынғанын біледі. Жандарм ауыл адамдарын жинап келіп, мешітті түгел қоршап ұрыны ұстамақ болады. Баспалап кірсе, миғрапқа тығылып ұйықтап жатқан жас жігіттің үстінен түседі.
«Нақ ұрының өзі осы!» дейді. Сотқа тартады, жігіттің дәлелін, өзін өзі ақтағанын ешкім құлағына ілмейді. Талай жыл ауылды зарлатқаның үшін деп, екі көзін шығарып, есеккке теріс мінгізіп, көше-көшені аралатып: «Мынау пәлен жыл ауылдың мүлкін ұрлаған қарабет ұры!» деп, жұртқа әшкере етеді.
Сонда жігіт: «Жоқ, бұл анасының тілін алмай қажылыққа аттанған ақымақ деп айтыңыздаршы!» деп жалынады. Бірақ, алып жүргендер оның бұл айтқанына сенбейді. Ақыры, елді аралатып біткен соң, ұрыны жол шетіне лақтырып кетеді.
Жігіт болса, әлгі сөзін айтумен алақанын жайып, қайыршыға айналады. Жүре-жүре өз үйіне келеді. Анасы есік алдына шыққанда, екі көзінің орнынан қан тамшылаған, таяқтан үсті-басын жарақат басқан, бір қолында таяқ, бір қолын қалтырай жайған өз ұлын көрді. Баласының бишара халге түскеніне өкініштен өзегі өртенді. Сонда, анасының көкірегіне ғайып үні естілді:
«Қажылықты ниет еткені үшін ғана оның жазасын жеңілдеттік. Әйтпегенде, екі қолын да, екі аяғын да алар едік!»
Анасы шүкір етті, екі қолы мен екі аяғын алғанда осылай қайыр сұрап жүруге де шамасы келмес еді ғой, деп...