Құран мен сүннет бойынша адам қайғы-қасіретке жолыққанда әрдайым төзімділік таныту мен оптимизмнің көптеген артықшылықтары айтылады. Бірақ сіз төзімділік, сабырлық пен өмірге деген оң көзқарастың адам жанын емдеудің басты екі құралы екенін білесіз бе? Бұл жайында қасиетті Құранда былайша баяндалған: "Әрине, сендерді қауіп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз. (Мұхаммед (с.а.у.) сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр! Қашан оларға бір қайғы жетсе: "Олар шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әрі оған қайтушымыз", - деді. Міне, соларға Раббылары жақтан жарылқау және мархамет бар. Әрі олар тура жолдағылар"/Бақара, 155, 156/.
Қазіргі заманауи ғылыми зерттеулерге сәйкес, бұл сөздің денсаулық сақтау нысанында адамға мол жетістік әкелгендігін көрсетеді. Бернард Дженсен өзінің "Ғылым мен иридодиагностика" (Балама медицина - көз аурулары бойынша диагностика - шамамен.) атты кітабында былай дейді: "Қазіргі заманауи дәрігер адамның ең басты механизмі оның физикалық денесі емес, оны бақылайтын, реттейтін миы екендігін мойындайды". Доктор Тед Мортер "Сіздің денсаулығыңыз-сіздің таңдауыңыз" кітабында мынадай фактіні растайды: "Теріс ойлар - адам ағзасына ауру әкелетін ағзадағы қышқылды қалыптастырудың негізгі көзі, ал адамның денесі белгілі бір ойдан туындаған теріс ақыл-ой мен эмоциялық стресске жауап беретін физикалық қатерлер реакциясы сияқты".
Зерттеушілер клиникалық бөлімдердегі науқастардың 70%-ы органикалық сипатқа шағымданбайтынын көрсетті. Бұл-өте жоғары көрсеткіш. Фрейдтің өзін-өзі талдау тұжырымдамасы бойынша адамдар денсаулығына байланысты мәселені шешуде психикалық жағынан көбірек зардап шегеді екен. Барлығы адам миымен тығыз байланысты, ал ми - басқа да барлық органдар сияқты қоректік заттардан нәр алып, өзге органдардай барлық мәселелерге сезімтал қарайды. Ми адамның өзге ағзалары тәрізді жұмыс істеуі үшін қажетті глюкозаны калий мен майдан өңдеп алатын басқа ұлпаларға қарағанда көп қажет етеді. Нәтижесінде ми қанттың төменгі деңгейінен көбірек зиян шегеді. Ми - бұл адамның барлық басқа органдарын үйлесімділікте ұстайтын басты орган. Сондықтан әрқашан адамның ақыл-ой жағы физикалық жағдайына әсер етеді. Алла Елшісінің (с.а.у.) өз хадисінде: "Күшті адам - адамдарды күшпен жеңген адам емес, өзінің нәпсісі мен ашуын тежеген адам" - деп түсіндірген. Сол үшін физикалық күштің кілті-адамның төзімділігі мен тыныштығында екендігін айқындайды.
Фосфор психикалық стресс пен ішкі мазасыздану кезінде таусылатын бір ғана зат емес. Егер эмоцияларға жауапты негізгі орган - қалқанша безі үстеме жұмыс істесе, адамдар йод тапшылығын бастан кешіреді. Тіршіліктегі әр түрлі жағдайлар, жұмысынан айрылу, ажырасу т.б. кезінде болатын стресс ағзадағы калий мен натрийдің жетіспеушілігіне әкеледі. Қандағы қанттың төменгі деңгейі эмоционалдық уайымға себеп болуы мүмкін. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) тағдырдың әр кезеңдерінде сабырлық, байыптылық танытуға кеңес берген. Алайда біздер уайым келсе, бірден өз сезімдерімізге ерік беріп, эмоцияға берілеміз. Кей кездері уайым туғызатын жағдайлармен бетпе-бет келген сәтте қандағы қанттың мөлшері артып, әлсіздік пен күйзеліске, шаршауға алып келеді.
"Әлхамдулилла" сөзі адам денсаулығына оң әсер етеді екен. Бұл сөз адамның рухына тыныштық, өзіне сенімділік ұялатады. Ұлы Жаратушыны мадақтау нәтижесінде көңіл кірінен тазарып, жанына жеңілдік пайда болады. Тағдырға мойынұсыну арқылы келген шүкіршілік адамды шынықтырып, үлкен белестерге жетелейді, Хаққа деген сенімін, үмітін еселейді. Раббымыздың "Міне, соларға Раббылары жақтан жарылқау және мархамет бар. Әрі олар тура жолдағылар" /Бақара, 156/, - деуінде үлкен ақиқаттың жатқандығын көреміз. Адам өз денсаулығын сақтау мақсатында тыныштықты сақтап, шиеленістер мен стрестерден өзін қорғап қалуы тиіс. Ал сіздің стрестің зиянды ықпалына қарсы тұратын жалғыз тәсіліңіз - Ұлы Жаратушыға сенім білдіріп, сабырлық етуіңіз, оның мейіріміне бүкіл жан дүниеңізбен кәміл сеніп, иек арту, өміріңізде көрініс тапқан барлық мәселелерді оның құдіретті құзырына ұсынып, шешіп беруді тапсыру болып табылады. Өзін-өзі мүжіп жеу, адамды денсаулығынан айырып, үмітсіздік пен қараңғылық құдығына салады. Адам физикалық және психикалық денсаулығы арасындағы байланысты ескермейтін болса, ол өз денсаулығының ең маңызды бөлігін ұмытқаны. Ал, қазіргі дәуірде адам денсаулығына байланысты мәселелер көп-ақ, мұның алдын алу маңызды іс болып табылады.
Тұрлаусыз тіршілік белесінде орын алған эмоциялардың теріс әсерін болдырмаудың ең жақсы жолы - өзін-өзі бақылау және Құран мен хадис даналығын рухына сіңіріп, өмірлік тәжірибеге енгізу. Сондықтан сіздегі осы ғұмырыңыздағы бар нәрселерге әрқашан тұнық ниетпен "Әлхамдулилла" деңіз, бір нәрсені жасамақ болсаңыз "Иншалла", тамаша нәрсені көргенде "Субханалла", ал сабырлығыңыз жоғалып, рухани әлсірегенде "Астағфирулла", қиындықтарға тап келгенде "Аллаһу акбар" деуге дағдылансаңыз, жемісін көретініңіз айдан анық. Бұл қасиетті, терең мағыналы бес сөзді шынайы жүрегімен үздіксіз айтып жүрген адамның денсаулығына шипа, рухына азық болады. Әлхамдулилла!
Сайда Хайат
Аударған: Меруерт Мұхамадиева
islam.kz