Аты да, заты да ерекше әнші Жұбаныш Жексенұлының орындаушылық шеберлігіне тәнтті тыңдармандарынан сүйінші сұраймыз! Таяуда ғана әншінің «Өмір жолы», «Уақыт. Сезім. Музыка» деген екі бірдей әнжинағы жарық көрді. 28 сәуір күні әнжинақтардың салтанатты тұсаукесері өткен «Тілек тас» мейрамханасына «Алаш айнасы» тілшілері де қатысып қайтқан еді.
Республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері, Мәдениет қайраткері Жұбаныш Жексенұлының альбомдарына өнер иесінің орындауында көпшілік көңілінен шыққан танымал әндері мен дуэттері топтастырылған. Олардың қатарында «Жаным апа», «Бала кез», «Қалқа бала», «Пай-пай, жігіттер», «Өмір жолы», «Бақыт туралы ән» сынды кейінгі жылдары репертуарына қосылған бірегей туындылар бар. Тұсаукесер рәсіміне Мақпал Жүнісова, Жеңіс Сейдолла, Жеңіс Ысқақова, Жанна Орынбасарова, Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Арман Бексұлтан, Нұрлан Абдуллин, Рүстем Нұржігіт тағы көптеген әншілер, арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Сондай-ақ салтанатты кешке Жұбаныштың анасы Бақытжамал апа сонау Созақтан арнайы келді.
Әншінің дискілерінің жарық көруіне орай ұйымдастырылған кеште А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінің оқушыларынан құрылған Нұрлан Байгөзов жетекшілік ететін эстрадалық, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Жұбаныш Жексенұлы бірнеше ән орындады. Сондай-ақ өзінің жолын қуған екі ұлы да өнер көрсетті.
Ешкімді қайталамайтын орындаушылық қасиеті Жұбанышқа киелі Қаратау, шежірелі Созақ топырағынан дарыған. Күміс көмей, жезтаңдай Жұбаныш Жексенұлы 1974 жылы 23 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Ол 8 сыныпта оқып жүргенде-ақ Мәскеу қаласында өткен халықаралықь балалар байқауына қара домьбырасын арқалап барып қатысып қайтқан. Әншінің анасы бақытжамал апаның айтуынша, Жұбаныш кішкентай кезінен-ақ музыкаға аса құмар болды. Сондай-ақ ол футолды да кәсіби аяқдопшылардан кем ойнамайтын көрінеді.
Жұбаныш 1991 жылы аудан орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Жетісай қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы гуманитарлық, педагогикалық колледжін бітірген. 1998-2001 жылы аталмыш колледжде музыкалық жетекші, 2001-2005 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның әншісі қызметін атқарды. 2006-2013 жылы Алматыға қоныс аударып, «Қазақ әуендері» АҚ қарасты «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінде жұмыс істеді. 2005 жылы продюсер Бағлан Омаровтың жетекшілігімен «Өкінбе сен» әніне клип түсіріп, көп ұзамай әнжинағы жарық көрді. 2002 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік медалімен және 2011 жылы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған. Жұбаныш Жексенұлын көпшілік әншілігенен бөлек тележүргізуші ретінде де таниды. Ол «Екі жұлдыз», «Ұлттық шоу», «Қазақтың жүз әні» секілді бағдарламаларды жүргізді.
Мақпал ЖҮНІСОВА, ҚР Халық әртісі:
– Мен Жұбаныш үшін өте қуаныштымын. Әншілердің арасында Жұбаныш мақтанышпен айта аларлықтай азамат. Өзі Алматыдай өнер ордасына кештеу келсе де, алдыңғы қатарлы әншілерідің қатарына бірден қосылды, көп әншілерден озып та кетті. Жұбаныш қазақ өнерінің жарқын жұлдызы. мықты музыкант, көргенді бала, қамқор әке, ардақты жар. Динадай келіншегі әрдайым өзіне демеу болып жүреді. Қазақтың Жұбанышы – халықтың қуанышы. Өнердегі бауырыма шығармашылық табыс, отбасына амандық тілеймін.
Мейрамбек БЕСПАЕВА, әнші:
– Жұбаныш тамаша әнші, менің жақсы досым. Мен Жұбаныштың әнжинақтарының шыққанына өте қуаныштымын. Бұрын оның әндероін әр жерден, интернеттен көшіріп алып тыңдайтынбыз. Мынандай сапалы дискілерінің жарық көргені өте дұрыс болды. Таяуда Жұбаныш екеуміз халыққа деген сыйымыз болсын деп бір әнге дуэт жазбақпыз. Әзірге қандай ән екенін айта алмаймын. Өйткені бірнеше әндердің ішінен әлі де таңдалады. Жұбаныш секілді нағыз орындаушы кез келген әнді асықпай, байыппен таңдайды.
Сәкен МАЙҒАЗИЕВ, әнші:
– Жұбаныш жүрегі де, диапазоны кең, орындаушылық шеберлігі ғажап, өзіндік иірімдерімен әндерді төгілтіп орындайтын әнші. Дәстүрлі ән десеңіз, дәстүрлі әнді, эстрада десеңіз, джазды да, блюзды да, халық әндерін де нақышына келтіріп орындайды. Оның жүрегімен орындаған әндері халықтың жүрегінен орын алып, елдің аузында жүреді. Жұбаныштың әнжинақтары өзін сүйіп тыңдайтын тыңдармандарына үлкен сый болды деп ойлаймын. Оның еңбекқорлығы, ізденімпаздығы өнердегі көп жастарға үлгі.
Жұбаныш Жексенұлының әнжинақтарының тұсаукесері өткеннен кейін қолымызға тиген дискіні алып келіп, бірден компьютерге қосуға асықтым. «Уақыт. Сезім Музыка» дискісін қосып қалғанымда алғашқы ән М.Шахановтың сөзіне жазылған Ш.Қалдаяқовтың әні «Сүймегендер сағынбайды» екен. Жұбаныштың әсем дауысымен әуезді шыққан әнге елітіп, «Аққайыңдай белестегі, Сенің бейнең елестеді. Шуақ шашып төзімге, Сүймегендер сағынбайды, Шын сүйген жан бағынбайды, Асау қызба сезімге...» деп қосыла шырқағанымды байқамай қалдым. Осы тұста бір айтқым келетіні, Жұбаныштың ән айтқанда сөздерін анық етіп, қазақ тіліндегі сингорманизм заңын сақтай отырып орындайтындығы. Айталық, «сағынбайды» деген сөз айтылуында сағымбайды, дәл сол секілді «бағынбайды» деген сөз айтылуында «бағымбайды» болады. Әндердің сөзі қалай жазылса солай орындай салмай, айтылуына мән беретін Жұбаныштың орындауындағы әндердің қазақы, сұлу естілетіні де осыдан-ау деп түйдім....