Таза туынды және плагиат, яғни шығармашылықтағы ұрлық, «жиендiк»... Бүгiнде қайсыбiрiнiң дәуренi жүрiп тұр? Байыптап қараған кiсi қазiргi қоғамда шынайы шығармашылыққа плагиаттың паңдана күлiп тұрғанын аңғарары анық.
«Менiң де бiр тойым болар бiр күнi.
Дәл қай күнi боларын айта алмаймын,
Ешкiмдi де iшкiзбей қайтармаймын...»
Жақында бiр тойда бiр асаба осылай деп өлең оқыды. Және оны «өзiмдiкi» деп жар салды. Жұрт масайрап оған қол соқты. «Бiр тойым барды» туғызарда қайран Төлеген қанша толғатты екен? Сол кезде ол өзi өлген соң, өлеңiнiң тонын осылайша терiс айналдырып, өзiнiкi етiп алатын асабаның пайда болатынын бiлдi дейсiз бе?!. Айбергеновке ауыз салған «жиендiк» күнi ертең-ақ Жұматайды жылатып, Мұқағалиды да мұқатып жүрмесiне кiм кепiл?
Естерiңiзде бар ма, жоқ па, осы Тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi жылдары «Көшпендiлер» трилогиясын рұқсатсыз орысшаға аударғандарды Iлияс Есенберлин ұрпақтары сотқа берiп едi ғой? Айтайын деп айтпайсың, бiрақ... «әруаққа айналған автордың құқы қорғала ма?» деген сауал осыдан кейiн өздiгiнен туындайды екен.
Қазiр ше? Қазiр өнердiң өзегiне құрт түсiп тұр емес пе? Әсiресе, ән әлемiнде. Бiшкекке бара қалсаңыз, қазақтың талай танымал әндерiн қырғыздардың иемденiп алғанына куә боласыз. Ал ендi Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымдысы» Үрiмжiде «Сағындым Шыңжаңымды» деп ұйғырдың әнi болып шырқалып жүр.
Ендi бiр мәселе – белгiлi әндер авторының белгiсiз қалуы не болмаса бiр әннiң басқа бiр композиторға телiнуi. Сөзiмiз дәлелдi болуы үшiн нақты мысал келтiрсек. 1990 жылдардың бас кезiнде бүкiл халық болып шырқаған «Қарындасыма» әнi естерiңiзде шығар. Қыдырәлi Болманов сахнада тұңғыш тұсауын кескендiктен, жұртшылық оны сол кiсiге телiп жүрдi. Тек күндердiң бiр күнi «Үкiлi үмiт» байқауында дәл осы «Қарындасыма» әнi үшiн Қайрат Жүнiсов марапатталғанда барып авторын қалың жұрт бiр-ақ бiлдi.
Эстраданы былай қойғанда, осыған ұқсас құбылыстар дәстүрлi ән саласында да жиi ұшырасса керек. Мәселен, бiз халық әнi деп жүрген «Жиырма бес» Салғараның әнi болса, сондай-ақ ақтабан шұбырынды қасiретiн көз алдымызға келтiрген «Елiм-ай» да, музыка зерттеушiлерiнiң айтуынша, Қожаберген жыраудiкi екен.
Бiздiң елiмiзде шығарма тудырушы да, оны орындаушы да авторлық құқыққа аса мән бермей салғырт қарайды. Мұндайдың алдын алу үшiн тырнақалды туындыларымен шығармашылықтың ауылына қарай адымдаған авторлардың мына нәрсенi бiлгенi жөн.
Қазақстан авторлар қоғамының төрағасы, белгiлi қаламгер Марал Ысқақбай:
– Авторлық шығарманы қорғауға алу деген мәселе бар. Ол үшiн бiзге келiп немесе Астанадағы Интеллектуалдық меншiк комитетiне барып, өзiнiң жазған шығармасын тапсырып, куәлiк алуына болады. Куәлiктiң пайдасы – егер де бiреу әлгi шығарманы рұқсатсыз пайдаланса немесе қолды болған жағдайда автор сотқа беруге құқылы.
Әлемдiк әдебиетте сонау Гомерден берi жазылып келе жатқан 20 шақты ғана сюжет бар екен. Сол сюжеттер әр түрлi нұсқалармен, әрқилы жанрларда бiрнеше шығармаларға арқау болып жүрген жайы бар. Сондықтан жаңа шығарма бұрынғы бар дүниеге ұқсайтын болса, оның басқа айырмашылықтарын көрсетiп, жаңа шығарма екенiн дәлелдеуге болады. Ал ендi тұтастай бiреудiң өлеңiн не әнiн көшiрiп алса, онда «ҚР Авторлық құқық туралы» Заңына сәйкес жазаланады.
Елiмiзде автордың құқына қол сұғуға жол ашып берiп отырған «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңның мына тармағы:
9-бап. Авторлық құқықтың пайда болуы. Авторлықтың ақиқаттылығы.
1. Ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактiсiне қарай туындайды.
Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы ресiмдеу немесе қандай да болсын шарттылықты сақтау талап етiлмейдi. Өздерiнiң айрықша мүлiктiк құқықтары туралы хабарлау үшiн автор немесе құқық иеленушi авторлық құқықты қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, ол белгi туындының әр данасына қойылады және мiндеттi түрде мынадай үш элементтен тұрады:
1) қоршауға алынған латынша «С» әрпi;
2) айрықша авторлық құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);
3) туындының алғаш жарияланған жылы.
Авторлықты айғақтайтын куәлiк алу үшiн мынадай құжаттар керек:
• Шығарма (мәтiн, нота, жоба т.б)
• Төлқұжат
• СТН
Б
iзде авторлық құқық жайлы заң бар. Тiптi оның да айдарынан жел ескен асабалар мен кафе, мейрамханаларда, түнгi клубтарда заңсыз пайдаланылып жатқан автор туындыларына тосқауыл қоюға шамасы жетпегенi ме? Шетелдiк сарапшылар Қазақстандағы қарақшылықтың деңгейiн 60-70 пайыз деп мөлшерлептi. Бiрақ әзiрге интеллектуалдық меншiктi ұрлап, жауапқа тартылып, жазаланған адамды көрген емеспiз.