Халық сүйген «Қаламқас»

Еліміздің шығысында алғашқылардың бірі болып құрылған «Қаламқас» ән-би ансамблі биыл 40 жасқа толып отыр. Ол 1973 жылы Чехословакияның Стражница қаласында өткен этнографиялық өнер ұжымдарының әлемдік сайысында Одақ намысын абыроймен қорғады. Кейін де Франция, Италия, Щвеция, Қытай, Әзірбайжандағы өнер байқауларында ұлттық өнердің ерекшелігін танытты. Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Алматы, Атырау облыстарында гастрольдық сапарда болып, еңбекші қауымның ықыласына бөленді. Өз қатарынан жүздеген өнерпазды қанаттандырып, «Балдырған», «Қызғалдақ» сияқты жас түлектерді тәрбиелеп, еліне ерен еңбек етіп келе жатқан Молдабек Жанболатұлының «Қалам­қастың» қалай құрылып, қалыптасқаны жөніндегі естелігін ұсынып отырмыз.

Шыңғыстаудан шыққан шын таланттар
Шыңғыстау жұртшылығының көне тарихына үңілсек те, бүгінгі болмысын сара­ласақ та оның өзгелерден қара үзіп тұратын өнердегі үлгісін, өнерпаздарының тұлға, тұрпатын тануға болады.
Кеше сал-серілерімен, әнші-күйші­лерінің өнерімен ерекшеленген Шыңғыс­таулықтар ұлы Абай, Шәкәрім заманында өнердің жаңа биігіне көтерілгені белгілі. Одан кейінгі кезеңдегі Әбдірахман, Мұқа­мет­жан, Мұқа, Қиясбай, Әлмағанбет, Ағаш­аяқ... тұсында да өрлей түскен елдің өнер қазынасына Тоғжан, Әйгерім, Керім­бала, Зағипа, Әмір... салған әсем ән, Өте, Ағыбай Қалдау тартқан құдіретті күй, Көкбай, Ақылбай, Мұсағали, Әйтікеш... қосқан жаңа ән-күйлер қаншама?!
Қазақтың сахна өнерінің шаңырағын көтеріп, шымылдығын ашқан да шың­ғыстаулықтар болғаны еліміздің өнерінің тарихында жазылған ақиқат.
Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы тұрмыс­тың ауырлығын әндетіп жүріп жеңген шыңғыс­таулықтар елдің тарихын өнермен жазған іспетті.
Сол өнер көшін ілгері өрістеткен ұрпақ 50-жылдарда өткен облыстың өнер байқауларында үнемі жеңімпаз танылып, ақыры 1955 жылы Алматыда өткен ал­ғашқы Республикалық фестивальға қаты­су мәртебесіне ие болған екен.
Ауданның экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағдайы жақсарған тұста елдің өнеріне де қанат біткендей қатары жас таланттармен толысып, өнер бүкілхалық­тық сипатқа ие бола бастады.
Осы орайдағы жастардың, жастар ұйымының белсенділігі арта түскен еді. Сол бір іске ұйытқы болып жүрген аудандық комсомол комитеті.
Өнерлі жастарды жинап, мәдениет мекемелеріне еңбекке орналастыру үшін аудандағы пәтер үй тапшылығына қарамай мәдениет бөлімінің иелігіне сегіз пәтерді бекітіп берді.
Тарихи өлкетану мұражайын ашу үшін бес бөлмелі ғимарат салып, оған арнайы адам ұстауға рұқсат етілді.
Аудандағы әрбір шаруашылықта, мек­теп, мекемелерде көркемөнерпаздар ұжы­мы құрылып, олардың өзара бәсеке­лес­тікпен шығармашылық ізденіс жасау дағ­дысы қалыптасты.
Өнерпаздықты өрістетіп, ауыл мәде­ниетін көтеруде басты назар драмалық шығармаларды қою болғандықтан әрбір көлемді еңбек ұжымдарында драма үйір­мелері құрылып, өзге өнерпаздар соның маңына топтастырылды. Онда ерекше көзге түскен өнерпаздар аудандық Мәде­ниет үйінің жанындағы үйірмелерге тар­тылды. Ақыры еліміздің шығысында алғаш­қылардың бірі болып 1967 жылы «Абай халық театры» құрылды. Ол облыс­тық, рес­публикалық, бүкілодақтық фести­валь­дардың лауреаты болып танылды.
Қазақстан көркемөнерпаздарының тұңғышы болып, ол Мәскеудің Кремль театрын­да Бейімбет Майлиннің клас­сикалық шығармасы – «Жалбырдың» әде­би-музыкалық нұсқасын қойып, Бүкіл­одақтық фестивальдың үлкен Алтын медалын жеңіп алды. Ұжым фестиваль лауреаты атанып, алты адам I дәрежелі дипломмен марапатталды.
Жеткен жеңіс, алған атақпен бірге өнерпаздар үлкен сахнаны көріп, ән айтып, би билеп, оркестрде ойнап, өнердің клас­сикалық мектебінен өтті. Өнерпаздар өз бойында мол мүмкіншілік барына көзі жетіп, көңілі сенді. Өнердің кең шалқа­рына, биік белестеріне ұмтылуға үйренді.
Мұның бәрі – атап айтуға тұрарлық мол еңбек, зор шығармашылық табыстар, жемісі мәуелі игі істер мен өнерпаздарды тәрбиелеген, қанаттандырған өнер, өмір мектебі. Бүгінгі әңгіме етпек болып отырған «Қаламқас» эстрадалық ән-би ансамблінің іргетасын қойған, қасиетті орта болғаны анық.
Олай дейтінім – қойылған әрбір спек­такльден соң өнерпаздардың концерт қоюы әуелден дәстүрге айналған еді.
Алғашқыда көркемөнерпаздар бай­қауы болып басталып, кейін де еңбек ұжым­­дарының аудан жұртшылығы алдындағы есебі, дәлірек айтсақ, мекеме, мектеп, совхоз күндеріне жыл сайын жаңа міндет, талаптар қойып отырдық. Ол өнер түрінің жанрларын көбейтіп, өнерпаз­дардың, өнердің өсуін, сахна өнерінің түрлерін жетілдіріп, өмірдің өсу ырғағына ілесу талабынан туатын.
Алғашқыда екі дауыста ән айтып, әнді орындағанда сахнада жүріп, аз-кем қимыл жасауға, би элементтерін қосуға қинала­тын өнерпаздар біраздан кейін бірнеше дауысты шығарманы акоппелламен айтып, ән-күйге лайықты көріністер қоюға, төрт дауысты хор орындауға жетті. Бірнеше түрлі саз аспабымен көлемді, күрделі шығар­маларды орындап, әншілер мен бишілерге жетекші болуды меңгерді. Концерттік бағдарламаларға акробатика­лық, цирктік жанр үлгілерін қамтитын болды. Эстра­далық шығармаларды орын­дауға деген талапты алғашқы қостаушылар да, оны жүзеге асырушылар да өнерлі жас­тар еді.
Ол кездегі тапшылық тіпті музыкалық аспап, киім-кешектің өзін үй-үйден жи­науға мәжбүр ететін. Соған қарамай дом­быра, гитараға телефонның микро­фонын орнатып, киноқондырғының дыбыс кү­шейткішін пайдалануды үйрендік. Маг­нитофон микрофонын қолдан жасаған штативке байлап қойып, пионерлердің барабандарын қосарлап, әртүрлі дыбыс, дауыс шығаратындай етіп те көргеніміз бар.
Сахнаны көркемдеу, әртүрлі реңмен безендіру үшін рампа, сафит, прожек­тор­ларға шыныны түрлі-түске бояп, пайда­ланатын едік. Мұндай ізденістерге жас­тардың ынтасы зор болатын. Мектеп оқу­­­­­шы­­­­­ларынан горн, барабан, дом­быра­ларды пайдаланып құрылған өнерпаздар тобы өздерін ансамбль деп атауға әуес болатын.
Алғашқы асулар
Екі-үш жылда әр жерде құрылған ол ансамбльдер арнайы концерттерге, жастар кешіне шыға бастады.
Біздің Жанболатовтар, Исатаевтар, Еспаевтар, Отынбаевтар үлгісімен әр ауыл­да отбасылық ансамбльдер өмірге келе бастады. Өнер байқауларында біз оларды бөлекше бағалауды дәстүрге енгіздік.
Концерттік бағдарламаларда көркем сөз оқу, интермедия, шағын сатиралық этюдтер мен скетчтер қоюды дағдыға айналдырдық. Әрине, өмірге белгілі бір жаңалықты әкелетін, қалыптастыратын адам болмаса ол ғайыптан пайда болмасы түсінікті жай ғой. Ең алғашқы әнді дауысқа бөліп ай­тудың негізін жасаған Хафиз Әміренов болды. Ол кісіні 1964 жылы қазан айында Семейдегі – әкесі, ақын  Тәңірбергеннің үйіне барып, қалап, сұрап әкеліп, Мәдениет үйіне орналастыруыма тура келген болатын.
Күлдіргі, сатиралық шығармаларды сахнаға шығаруға Мейрамғали Исатаев, Өмірбек Боранбаев, понтомимо көрсетуге Қабыкен Әлімбеков... бастамашы болды.Әншілердің өзінің табиғи дауысына лайықты шығармаларды дұрыс таңдап алуына және оған жеткілікті дайындалуға Болат Баймұратовтың еңбегі зор болды.
Ол «Абай халық театрына» режиссерлік міндетке біздің сұрауымыз бойынша Мәдениет министрлігінен 1966 жылы жіберілген Алматыдағы Абай атындағы опера-балет театрының студиясында оқып жүрген адам екен.
Сахнада Сапар Оразалин көрсететін араб, түрік, орыс, өзбек т.б ұлттардың биі­нің әсері көп болды. Ол 1967 жылы Мәс­кеудің Кремль театрында қойылған аудан өнерпаздарының «Жалбыр» әдеби-музыкалық трагедиясындағы билермен толысып, жетілді. Олар кейінде ән-күйге би қоюға, тіпті белгілі тақырыпта көлемді композициялар қоюға да негіз болды
Концерттерде эстрадалық ән-би элемент­терін сахнаға шығаруға көркем сөз оқудың шебері – Шаймангүл Жұма­лиеваның қосқан үлесі айтарлықтай маңызға ие болды. Сахна өнерін мейлінше жете меңгерген Шаймангүл кейінде халық театрының режиссерлігін жемісті атқарып, бірнеше көлемді классикалық шығар­маларды сахналады.
Әнші, биші, күйші, әртіс, музыкант – Баян Сағынбаева, Раушан Нұрпейісова, Қарлығаш Мұқтарова, Несіпжан Исатаева, Қантай Таутанова, Оңалия Бұланбаева, Үміткен Жалелова, Роза Жакеева, Нагия Бұланбаева, Тәттібек Оразбеков, Өмірбек Боранбаев, Жәнібек Кәрменов, Болатбек Жанболатов, Еңбек Мүслиев, Марат Ғайсин, Қуантай Тәтенов, Қаппас Қасымов, Манат Есекеев, Жарклен Кемпірбаев, Қозы­хан Изатов, Болат Кенжебаевтар өнердің қай түріне болса да бәлсінбей белсене қатынасатын. Білмегенін үйренуге, өзінен кейінгілерге білгенін үйретуге мейлінше пейілді өнерпаздар болды.
Ұйымдастырылған сан-салалы шара­лардың нәтижесінде, ауданның барлық партия, кеңес, кәсіподақ, комсомол ұйым­дарының жетекшілері мен оқу-ағарту, мәдениет мекемелерінің басшылары ауыл мәдениетін көтеруге ден қойды. Өнер бәсекесін тек сауық-сайран емес, өздерінің азаматтық атағына сын деп қабылдайтын дәрежеге жетті.
Ауданда өнерпаздарға халқымыздың өнер адамына құрметпен қарау дәстүрі қалыпқа келе бастады. Соның нәтижесінде әр ауылда ауылдың мақтанышы, еркесі, көңіл ашар өнерпаздары өсіп-жетілді.
Осы орайдағы Архат, Бірлік, Қайнар, Саржал ауылының, Абай атындағы орта мектеп, аудандық емхана, қазақ ауыл шаруашылығы техника бірлестіктері басшыларының игілікті ісі көпшілікке үлгі болды.
Жыл сайын өтетін аудандық өнер бай­қауы қарсаңында әр ұжымға аудан орта­лығындағы іске төселген, қабілетті аза­маттарды көмекке жіберу әдетке айналды. Біріншіден, ол сол ұжымды қалыптастыру, өнер биігіне көтеру міндетін атқарса, екіншіден, сол өңірде беті ашылмаған талант иелерін тауып, сахнаға, жарыққа шығаруды, өнер атаулы тылсым қазы­наның қайнар көзін ашуды мақсат тұтатын.
Ол үміт, мақсатымыз жүзеге асып, «Абай халық театрының» ізін басып, үлгісін дамытып Қайнар, Құндызды, Бірлік, Саржал­дағы драма ұжымдары халық театры атағын алып, оны абыроймен қор­ғап келеді.
Олардың шығармашылық табыстарын тану үшін Әміре Қашаубаев атындағы Қай­нар халық театры 1971 жылы өткен ұлы Абайдың 125 жылдық мерейтойында «Абай» эпопеясы бойынша Бүкілодақтан жиналған зиялы қауымның алдында «Дала сахнасында» көрініс қойғанын айтсақ та жетер.
Әр кезде ұжымға қосылған – Бақыт Шағатаева, Жеңіс Бекхожин, Қарлығаш Мұхтарова, Мұрат Садуақасов, Айғаным Сайна, Ғайни Торғайбекова, Өмірбеков, Боранбаев, Зәйра Қабышева,Тамара Көз­баева, Бақыт Кеншімбаева, Қабыкен Әлім­беков, Тәңірберген Кенжеханов, Ырымбек Асхатов, Мұрат Тұраров, Ақан Телібаев, Секен Аманбаев... өздері оқыған, жүрген жерінде естіп, көрген өнердің үздік үлгісін, жаңалықты шығармаларды ортаға салып, өнер базарын нәрлендіре, нұрландыра түсті. Этнографиялық қол өнері, ұлттық спорттық өнер түрлерін де жандандыруға талпындық. Қарт ұстаз Ұлықбек Байыр­беков жастарға тоғызқұмалақты, партия қызметкері Кәкім Құмаров шахмат ойы­нын үйретуді қолға алды. «Қалам­қас» тек сахналық өнер емес, өнердің сан-саласына ұйытқы болған іргелі де игілікті дүниеге айналды.
Өнерге деген осы бір құлшыныс талай адамның ішінде жатқан қабілет, қасиетінің буырқанып сыртқа шығуына жол ашты. Жастар сахна өнеріне, көркемдік әлеміне терең бойлай бастады. Талай жас талант сахнаға шығып ән айтып, күй тартып, би биледі, бейнелеу, кескіндеу өнеріне бой ұрды. Ұлттық өнерге деген қызығушылық артты. Көпшілігі қолына қалам алып, көкейіндегі көркем ойын қағазға түсіріп, қаламгерлік өнерді меңгерді.
Көңілінің күйін ән сазымен жеткізген Арғынбектің, Мейрамбектің, Хафиздың, Мәшрафтың, Мерғалидың, Мейрамғали­дың, Зәбираның... әндері мен жырлары қалың қауымды өнімді еңбекке, берекелі ынтымаққа, елін, Отанын сүйетін парасатты да, салихалы өмірге құштарлыққа жігер­лендірді. Оның бәрін шағын мақалаға сыйғызып айту мүмкін емес.
Өнер мектебіне айналған ұжым
Өнер – гүлдей нәзік, сүттей таза кірпияз дүние. Оны кіршіксіз сақтап, баптай білсек қана гүлдене, көркейе бермек. Әр кез еккен дән, отырғызылған бұтақтың бүрі ертеңінде-ақ өнім бере қоймайтыны сияқ­ты өнерпаздық та ниет еткен күні, айында нәтижесі көріне қоймайтыны белгілі. Әр шығармашылық іс – қалыптасу, даму, сатысынан өтіп барып қана, өзінің қуат-құдіретін танытатын киелі дүние.
Сондықтан да «Қаламқас» ән-би ансамблін мен бастап қолға алып, не әлдекімнің бұйрығымен құрдым, немесе дуалы ауыз кемеңгердің берген батасымен бола қалды десек, өнер табиғатын танымағанымыз, ардақтамағанымыз болар еді. Ондаған жылдар ізденім­паздықпен еткен жүздеген өнерсүйгіш адамдардың еңбегін есепке алғанымыз болары анық.
Асылында, өз өнерімен ауылдастарына мәдени қызмет көрсетіп, халқымыздың ұлттық өнерін өлтірмей, оның рухани қуатын әлсіретпей кейінгі ұрпаққа қаз қалпында жеткізуге тырысқан аға буынның еңбегіне ерекше құрметпен қарау ләзім.
Өйткені олар сол еңбектеріне ешқашан да, ешқандай да өтемақы алған емес. Ешқашан еткен еңбегін, көрсеткен өнерін бұлдап оған мадақ, марапат дәметпей ерікті құлықпен атқарған ісін азаматтық, адамгершілік борышым деп есептеп, кісілік қасиетті ту етіп ұстады.
Осы бір парасаттылықпен өмірге келген, жарты ғасырға жуық толассыз еңбегімен ел мерейін асырып келе жатқан «Қалам­қастың» тарихы ел тарихы деп түсінуге тиістіміз.
Әлемге әйгілі аудан, облыс қана емес, республика мақтанышы болып шетелдерге шығып, халқымыздың өнерін паш еткен «Қаламқас» ән-би ансамблінің тарихында талай тағдыр, төгілген тер, тынымсыз еңбек, тарыққан жүйке күйзелісі барын ұмытпайық.
Оның кейбірі ала қолды адамдардың сүзгісінен өте алмай, таңдауына татымай көзден таса, көңілден шет болып жүргені өкінішті.
Бірақ игілікті ісі сақталған, өнері өрістей түскен адамдардың есімі ел есінде, қалың қауым, салауатты жұрттың жадында сақтал­ған, тәтті сезімінен, ризалық ықы­ласынан өше қойған жоқ.
Өйткені ол – халықтың өнері. Сол халықтың төрт-бес буын өнерпаз ұрпағы­ның ақ ниетпен атқарған адал еңбегінің баға жетпес қазынасы, асыл мұрасы, жалғасып келе жатқан киелі мирасы.
Ал өнер ұжымы калай «Қаламқас» деп аталуы жөніндегі әңгімеге келсек, Мәскеу сапарынан қайтқан 1967 жыл «Еңлік-Кебек» пьесасының жазылып сахнаға шыққанына жарты ғасыр толған мерейлі жыл еді ғой. Сондықтан аудан басшы­ларының рұқсатымен «Киіз үйден Кремль сахнасына дейін – 50 жыл» деген мерейтой шарасын өткіздік.
Халық театры жөніндегі сөз – бөлек шаруа. Ол іргелі ісіміз болғанымен оған қоса ішінара өмірдің өсу ыңғайына орай жаңалықтарды да ескеріп, сол кезде Республика, Одақ көлемінде таныла бастаған эстрадалық ұжымдарға ұқсас концерттік бағдарламалар жасай бастаған болатынбыз. Ол өз көңілімізге толған сәтте Облыстық комиссияға арнайы бағдарлама ұсындық. Ансамбльге халықтық деген атақ беруді сұрадық. 1966-1969 жылдарда облыстық байқаулардағы еңбектерімізді көріп, риза болып, оны Республикаға ұсын­ды. Республикалық комиссия да ол еңбектерімізді көріп, атақ беруге риза­лығын танытты. Тек ол «ұжымның аты болуы керек» деп талап қойды.
1970 жылдың бас кезінде ұжымға қандай ат қою қажетін ойланып, пікір жи­нап, оны көпшіліктің талқысына салу үшін арнайы концерт қойдық. Мәдениет бөлі­мін­де өзіміз жиырма шақты атауды іріктеп, аудандық комитет, атқарушы комитеттегі адам­дардың ұсынысын жинадық.
Қаппас Қасымовтың жеке дауыстағы әнімен «Айттым сәлем, Қаламқасты» хормен бастап қойылған концерттік бағдарламамызға көрермен қауым риза болды.
Концерттің соңғы шығармасы етіп «Қаламқасты» кайтадан орындап, көрер­мен қауымға аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, осы істің ұйымдас­тырушысы болып жүрген мен оны қайталап орын­дауымыздың мәнін жұртшылыққа түсін­дірдім. Онда:
– Бұл ән-би ансамбліне облыстық, республикалық комиссия халықтық атақ беруге ризалығын білдірді. «Тек оған атақ беру үшін нақты атауы болуы керек» – деп талап қойып отыр. Соған байланысты өзіміз іріктеген жиырма шақты ансамбль есіміне лайық деген есімдерді атап, осы атаулардың ішінен «Қаламқас» деген атауды өмірге жаңа келген өнер ұжымына қолайлы көріп отырмыз. Сіздер оны мақұлдар ма едіңіздер? – деп сұрадым. Аз-кем тыныш­тық орнаған үнсіздікті бұзып мақұлдаған пікірлер айтылып, қол соғыла бастады.
Ендеше осы есім – «Қаламқас» өнері­міздің жас түлегінің аты болсын деген адам әнге қосылсын деп «Айттым сәлем, Қалам­қасты» қайтадан бастадық. Зал толы қауым-көрермен орнынан тұрып, әнге қосылып кетті.
Көрермендермен ансамбль мүшелері қосылып, айтылған әннен кейін қол соғы­лып, құттықтасып жатты.
1972 жылы Фольклорлық ансамбль­дердің байқауында Қазақстанның намысын қорғау мәртебесін жеңіп алған «Қаламқас» 1973 жылы Әлемдік өнер додасы өткен Чехословакияға «Қаламқас» есімімен аттанды.
Қалың қауым, осылайша, атын қой­ған «Қаламқас» халқының абыр­ойын аспанға көтеріп келеді. Міне, 40 жылда жүздеген өнерпаз ұрпақты тәрбиелеп, баба есіміне қылау түсірмей шарықтап, шалқуда.
Лайым, «Қаламқастың» қанаты тал­май, ғарышқа самғай берсін деп тілеймін!

Молдабек ЖАНБОЛАТҰЛЫ, ҚР оқу-ағарту ісінің озаты, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Абай ауданының құрметті азаматы.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста