Кішкентай астаналық фортепьяношы Кәмила Ғабдыжамалова тәкаппар Еуропаның өзін өнеріне тәнті етіп қайтты. Ол Италияның Сан Бортоломео қаласында өткен дәстүрлі Джованни Таленти байқауының бірінші жүлдесін жеңіп алды. Бұл халықаралық байқау классикалық музыка орындаушылары арасында жыл сайын өткізіліп тұрады. Қазақстандық жас музыканттар белсенді қатысып жүр. Бірден айта кетейік, дәл бірінші жүлдемен оралған отандастарымыз өте сирек. Солардың бірі – қазақтың қаршадай қызы Кәмила.
Сегіз жасар фортепьяношы классикалық музыкаға осыдан үш жыл бұрын аяқ басыпты. Бір ерекшелігі Кәмила музыка өнерімен өзінің негізгі оқуынан, яғни мектебінен қол үзбей, қосымша айналысады. Бұған дейін елімізде өткен түрлі байқауларда топ жарып жүрген оның бұл шет мемлекетте қатысқан алғашқы өнер додасы екен. Алғашқы аяқалысы осындай – өзі құралпы балалар арасында бірінші орын! Байқауға Ресей, Италия, Германия, Румыния секілді классикалық музыкада орны бөлек мемлекеттердің өкілдері қатысыпты. Қазақстан тарихында тұңғыш рет осы байқаудан бірінші жүлдені алматылық скрипкашы Ақмарал Жанғазина әкелген еді. Ол 11 жаста болатын. Әрі Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінде оқитын. Демек, фортепьянода ойнаумен кәсіби түрде айналыспай, қосымша үйреніп жүрген қаршадай Кәмиланың жеңісінің орны бөлек. Кезінде ешқандай арнаулы оқу орнын бітірмеген, табиғи дарынымен-ақ Парижді бағындырған Әміре Қашаубаевтың ерлігін еріксіз еске түсіреді...
Айгүл БАТЫРХАНҚЫЗЫ, анасы:
– Бір қызығы, біздің отбасымызда музыкамен айналысатын ешкім жоқ. Бірақ өнерді терең түсіне білетін, құрметтей алатын жандармыз деп ойлаймын. Ал Камиланың бойына музыкаға деген құштарлық пен дарын әнді нәшіне келтіріп салатын әжесі Зубаржат Тұрдыбекқызынан дарыған шығар деп ойлаймын. Сосын, әрине, ұстаздарының да еңбегі мол. Байқауға дайындап, өнерге баулып жүрген ұстаздарға алғысымызды айтамыз.
Кәмила ҒАБДЫЖАМАЛОВА, Халықаралық Джованни Таленти байқауының бірінші жүлде иегері:
– Италия маған ұнады. Көп нәрсеге қанығып қайттым. Ең алдымен, бұл байқау, менің классикалық музыкаға деген сүйіспеншілігімді бұрынғыдан да арттыра түскендей болды. Фортепьянода ойнауды жалғастыра беремін. Оқуымнан да қол үзбеуге барымды саламын. Қашан да үмітті ақтауға тырысамын.