Солтүстік Қазақстан облысының аумағында ерекше бір табиғи орын бар. Мамлют ауданына қарасты Афонькино елді мекенінің жанындағы орманда ит тұмсығы өтпес тайгада ғана кездесетін өсімдіктер сақталған.
Ресейдің тайгасына тән өсімдіктерді Қызылжар өңірінен де кездестіруге болады. Қазанақ, көкжидек, итбүлдірген. Бұл арқада кең тарай қоймаған өсімдік түрлері. Тек Мамлют ауданына қарасты Афонькино селосының жанындағы шағын орман арасынан кездестіруге болады. Бұл орманның өзгелерден ерекше екенін ғалымдар өткен ғасырдың елуінші жылдары ашқан-ды. Кезінде ормандағы тайганың осынау бөлігін зерттеуге экспедиция да жасақталған екен.
Орманға екінің бірі емін-еркін кіре алмайды. Себебі жері батпақты, салмағы ауыр затты бірден «жұтып» қояды. Тек солтүстік-батыс жағынан ғана кіруге болады. Ғалымдардың уәжіне назар салсақ, миллиондаған жылдар бұрын жерді жапқан мұздар көшкенде бұл арал алып мұздықтардың итеруімен осы жерге дейін келген көрінеді. Бұл кереметті тек, осылайша, ғана түсіндіруге болады. Жергілікті тұрғындар арасында «Рям» аталған шағын орманның аумағы 6 гектар шамасында. Жалпы, бұталы-қарағайлы батпақты жерлер Батыс Сібірде, тайгада жиі кездеседі, аумағы 100-300 гектарға дейін барады екен.
Тайганың өсімдіктері суыққа төзімді, тапал келетіні белгілі. Негізінен, бұта басым. Папоротник тәріздес өсімдіктер де бар. Ал қазанақты облыста тек осы жерден ғана кездестіруге болады. Қазанақ – көкбұталар тұқымдасына жататын мәңгі жасыл, ащы иісі бар бұта. Солтүстік жарты шардың салқын және қоңыржай белдемдерінде кездесетін 10 түрі белгілі. Қазанақ –дәрілік өсімдік, оның құрамында өткір иісті эфир майы (кетон мен ледолдан тұратын) болады. Осы майдың аса күшті түршіктіргіш қасиеті бар. Ол теріге сіңгеннен кейін орта жүйке жүйесін салдандырады. Қазанақтың шөбінен жасалған дәріні басқа да өсімдіктермен қосып, бронх (қолқа) демікпесін, көкжөтелді, шеменді және ревматизм ауруларын емдеуге қолданады. Итбүлдірген мен қазанақ еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген екен.
Қазанақ – қазақтың қазынасы
Последние статьи автора