Оралұлы кімге риза, кімге өкпелі?

Бейбіт Оралұлы ©halyksozi.kz фото

Оның әндері қора-қопсының айналасындағы әндер емес. Турасын айтқанда төрдегі, одан да анығырақ анықтама берсек дегдар әндер. Яғни, эстрададағы элиталы әндердің қатарында. Бүгінде несін жасырамыз, әні айға, сөзі сайға, әуені айдалаға лағып кеткен шығармалар көп қой. Соларды сараптап отырып осылай ой түюге мәжбүрміз. Қай шығармасын алып қарасақ та нағыз кәсіби маманның қолынан шыққан дүние екенін бірден байқай қоясыз. Расында оның әндері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Бүгінде бір-бірінен әуені де, әуезі де тым ұқсас әндер қаптап кеткен соң амал жоқ айтамыз. Осылай. Өйткені олай демеске лажымыз жоқ.
Әңгімеміз композитор Бейбіт Оралұлының шығармашылығы хақында. Композитордың өзі айтпақшы «Қазір нотаның иісі мұрынына бармаса да, ән жазатын адамдар көбейді, олар өздерін композитормын деп есептейді тағы. Компьютер бәрін жасап береді. Екі-үш тактыны біріктіріп, мелодия тудырғанына мәз боп жүргендер көп расында. Бүгінгі қазақ эстрадасы нота білмейтін композиторлар мен компьютерді жақсы меңгерген 3-4 аранжировщикке күні қарап қалды». Ащы айтса да шындығы осы. Оның жан жүрегінен туындаған «Нұр бейнең» арқылы талай жастың жанына сезім ұялаған, талай жас «Алғашқы көктемін» күткен. Ал кейбірі өз өмірін «Мәңгі көктемге» ұласса екен деп тілейтін. Ал көп әндері патриоттық рухты оятатын отты әндер екені рас. Қайрат Нұртастың әндерімен жүрегі ауыратын бүгінгі буын Бейбіт Оралұлының әндерін білмеуі мүмкін. Оларға да өкпе жоқ. Өйткені композитордың шығармаларын кейінгі шыққан әкеку-сәкекудің айналасында жүрген кейбір жас әншілер орындай алмайды. Дұрысы дауысы жетпейді. Ал Бекеңнің шығармаларын кең диапазонды әншілер ғана орындай алмақ. Мәселен, Роза Рымбаева композитор шығармаларының бағын ашқан әнші. Бәлкім Халық әртісінің бағын ашқан композитордың әндері болар. Қалай айтсақ та екеуінің шығармашылығы бірі-бірінен айырып алғысыз. Бірін-бірі біріктіріп, толықтырып тұрады. Яғни, әнші мен композитордың бірлескен одағы біраз белесті бағындырғаны күні кеше ғана. Одан бөлек әуезі ерек Алтынай Жорабаева да Бейбіт Оралұлының әндерін шырқап талай байқауларда бағы жанды. Кейіпкерімнің өзі айтпақшы тойға арнап ән жазбайды. Жан-дүниесі жеңіл-желпі, әулекі әуенді қаламайды. Сыршыл сезімге толы не болмаса рухыңды көтеретін есті әндердің басым бөлігі Бекеңе тиесілі. «Құлақтан кіріп бойды алатын» нағыз жауһар дүниелер. Әндерін әдейілеп күрделендіріп, тек байқауға ғана арнап жазбайды. Тек ән «жасап шығаратын» жүрегі не дейді, соның үніне құлақ түреді. Әрі қателеспейтіндігі де сондықтан. Бүгін бар болғанымен ертең жоқ, ерте ұмытылатын есірік әндердің авторларының қатарында аты аталмайды оның. Одан қалса күн сайын эфирден түспей, радиодан айтылып әбден мезі ететін хит-сымақтардың да қатарында жоқ. Есесіне шетелдерде «міне, қазақтың әні осындай» деп тамсандырарлықтай. Көбіне рухты, патриоттық сезімді оятатын әндері салмақты, салиқалы ортада айтылады. Той-томалақта емес... Мұнымен біз той әндерінің бәріне топырақ шашу ойымызда жоқ. Тек талғам таразысын төмен тартатын, трактор айдағанда не болмаса қой баққанда ғана айтуға болатын әндердің сахнаға шығып кеткеніне қарнымыз ашқандықтан айтамыз-дағы. Композитордың өзі мойындағандай: «Менің әндерімді айтса, әншілерге тойға шақырту болмай қалады ғой. Оларға да табыс керек, нәпақа табу қажет. Менің әндеріме әзірге сұраныстың аз болып тұрғаны сондықтан шығар». Әрине, мойындау да ерлік. Бірақ шығармалары әлемдік сахналарда топ жарып жатса туындыгерге одан асқан бақыттың керегі не? Одан бөлек бүгінде әншілеріміз «ксерокске» айналып кеткені шындық, өзге елдің әуендерін қазақыландырып хитке айналдыру сәнге айналып кеткені жасырын емес. Ал керісінше қазақтың бақшасына ұрлыққа түсіп, қазақтың әнін әуелетіп жүргендер некен саяқ. Ресейлік «На На» тобы кезінде Бейбіт Оралұлының «Бозжорғасын» боздатып сахнаны «жарғаны» есте. Одан бері де қазақтың қай әні Ресейдің сахнасында бағы жанды? Ал осы «На На» тобының тізгінгері Бари Алибасов кезінде: «Ол өте қарапайым адам екен. Қазіргі заманда олай өмір сүруге болмайды ғой» деп сәлем айтып жіберіпті біреулерден. Ал кейіпкеріміз болса бұл турасында былай дейді: «Өнер адамы қарапайым болуы керек қой. Таланттылардың бәрі қарапайым. Ал көкірегін керіп, көзге ілгісі келмейтіндер кемталанттардың арасында бар болса бар шығар. Бірақ өнерді бар жанымен сүйетін нағыз талант ешқашанда тұмсығын көтеріп, көкіректік көрсетпейді. Мен өзімді «скромный» деп емес, ұстамдымын деп есептеймін. Жасым 60 –қа толады келесі жылы. Мықты тентек емеспін, қой мінезді қазақтың бірімін». Ия, өзін осылай бағалайды. Осындайда ойға қаласың: «Шіркін, бүгінде «атағы жер жарып» тұрған кейбір өнер иелерінің бәрі де Б. Оралұлындай ойласа ғой» деп. «Кәсіби композитор бүгінде не істеп жүр?» деген сұрағымыз да жауапсыз қалған жоқ. «Бүгінде жас әншілермен, балалармен жұмыс істеп жатырмын. Соларға арналған әндер жазып, байқауларда бағы жануына үлес қосып келемін... Жуырда ғана Жұбаныш Жексенұлының орындауындағы «Ала көлім-ай» атты әнім тыңдарманға жол тартты. Әнел Арынова терме толғауымды орындап жүр. Көбісі вокалды шығармалар. Майра Мұхаметқызы жаңа әнімді жарыққа шығармақ. Шансон жанрындағы «Ауылым» атты әнімді кезінде Ресей әншісі Афина айтқан. Бұл бағыттағы дейміз бе, әлде бұл сарындағы әндерді қазақы қауым тыңдамайды, дұрысы білмейді десе де болады. Негізі нағыз кәсібилер осы бағыттағы әндерді ұнатады. Кейіннен осы әнімді Юрий Копнов айтып шықты. «Бақыт іздеп келіп едім қалаға, ауылымды сағындым...» деген жолдары бар. Бүгінде радиодан да айтылып жүр. «Боз жорға» атты Өнер орталығым бар, өзімнің студиямда әндер жазудамын. «Тамсан» атты төрт қыздан тұратын топпен және жас әншілермен той томалаққа, концерттерге, мерекелік кештерге шығып тұрамыз... «Елім менің» және «Тәуелсіздік толғауы» атты байқау өткен болатын. Осы жабық байқаудың шарты бойынша біз оған лақап атпен қатыстық. Яғни, онда ешкімнің атағы да, тәжірибесі де роль ойнаған жоқ. Тек шығарманың мықтылығына ғана мән берілді. Осы екі байқауда да әр номинация бойынша менің 4 әнім 1-ші орынды иеленді». Ия, айтса айтқандай-ақ 4 әннің алдыңғы орыннан көрінуі бұған дейін қазақ эстрадасының тарихында болмаған оқиға. Мақтануға тұрарлық-ақ жағдай, алайда біздің Бекең оған мақтанбайды. Өйткені Бари Алибасов айтқандай өте «скромный»...
Оралұлының оралымды ойлары...
Бейбіт Оралұлының оралымды ойларын қысқа-нұсқа өз аузымен айттырсақ:
Оралұлы Қайрат Нұртасқа неге риза?
Негізінде Қайрат Нұртасты кейбіреулер көп сынайды. Мен ол балаға жақсы көзқарастамын. Өте еңбекқор, ізденімпаз. Өзіне хабарласып бірнеше әндерімді де ұсынғам. Бүгінде «жұлдыз» атауына ие болып, сахнада жүрген жастарды талантсыз деп айта алмаймын, әйтсе де көбінде ізденіс жоқ. Жалқаулық басым.
Оралұлы неге өкпелі?
Бүгінде қазақ эстрадасының төрдегі басын есікке сүйреп жүргендердің көбейгеніне қынжыламын. Басым бөлігінде дайындық жоқ, вокалист ұғымы жойылып бара жатыр. «Современный форматтағылар» қаптап кетті. Ал менің әндерім басқа форматта... Орысша айтқанда «Сладкий әндерді»-ді орындайтындар көп. Яғни, түрі, келбеті келіссе болды, сахнаға шыға береді, дайын әнді, компьютермен өңделген әнді шырқап жүре береді. Дауысы жоқ болса да әнші деген атақты иеленіп жүргендер көп. Кең диапазонды қажет етпейді. Бүгінде қоңыр дауысты әншілер азайып кетті...Той әндері көп деп кінәласудың да қажеті жоқ шығар, өйткені қайғы мұңнан құралған әндерге батып қалмай сілкіну керек сияқты. Той әні де керек. Бірақ талғамды да ұмытпауымыз қажет емес пе? Өнер адамы болған соң артық кемін айтуың керек. Сын керек. Бірақ қатты айтпауың керек екен. Соны түсіндім. Өзім де «жаралы жүрекпін» ғой. Сын айтсаң төбеңнен қарайды, жақсы болсын десең жау көреді. Ән қоғамның көрінісі ғой. Ол - сапа, ол - ізденіс. Әннің түрі тұрпайы болса, әнге қарап қоғамды таниды. «Жолдарына қарап, мемлекетін таны, әніне қарап қоғамына баға бер» деген бар емес пе? Халыққа ұнайды деп той әндерін бере беруге болмайды ғой. Олардың кейбірі талғам таразысын төмен тартады. «Лақ дауысты» деп айтып кезінде көп жау таптым. Жасыратын несі бар әншілер ұсақталып кетті. Арыға бармай-ақ беріден қайырайын Ескендір Хасанғалиевты, Ермек Серкебаевты алайықшы - тұлғалы, келбетті, соған дауыстары да сай... Еркектік пішіні барлар азайып барады. Айтсаң намыс көреді. Оның несіне намыстанады? Расы осы ғой. Лаққа ұқсайтындарды қоя берші, тіпті дауысы бақаға ұқсайтындары да бар арасында. Бізде фильтр жоқ яғни, сүзгі жоқ. Жақсысын асырып, жаманын күресінге лақтырып тастайтын мөлдір сүзгі жоқ. Асыл жауһарларды халыққа сүзіп беретін талқы жоқ. Халық пен әншінің арасын жалғап тұратын алтын көпір - көркемдік кеңес келмеске кетті деп бұрын зар қағатын едік. Енді оған да қол жетті. Қазақ радиосында көркемдік кеңес құрылды жуырда. Сол кеңестің мүшесімін. Талғам дәрежесін биіктететін әндер ғана халыққа жол тартуы тиіс. Ән деген насихат құралы ғой. Халықтың рухын көтереді. Желтоқсанда «Менің Қазақстанымды» бар дауыстарымен шырқағандарын өз құлағыммен естігенмін. Біз үзеңгімізді босатып алдық, кез-келген адам әнші болатын болды. Дауысы бар ма, жоқ па онда ешкімнің шаруасы жоқ. Өнердің құны түсті деген осы. Көрінгеннің ермегі болып кетті. Ерінбегеннің ермегі деген дұрыс шығар.
Оралұлының әндерінің құны қанша?
Ән сұрап келгенде талантты әншінің көзі ұшқын шашып, «Осы әнді орындасам, осы әннің бағын ашсам» деп жанары жанып тұрады. Әннің өз адресаты бар. Яғни, ән өз иесін табуы керек. Олай болмаған жағдайда тұлпардың жабуын әңгіге жапқанның кері болады. Шығармаларымды көп пұлдамаймын. Кей жағдайда қалталылар келеді баласына, қызына ән сұрап. Енді олардың бағасы басқаша. Әнді базарлап жүрген жайым жоқ. Роза Рымбаевамен сынды нағыз жарық жұлдыздарымызбен өзара келісіміміз бар. Сондай сыйластық бар. Маған байланысты концерт болсын, той болсын, іс-шараларға қатысып тұрады. Ән, шығарма жазу еріккеннің ермегі емес, ол да еңбек қой. Ал еңбек бағалануы керек. Кейде түрлі байқауларға облыстық филармониялар, әкімшіліктер, мәдениет басқармалары, телеарналар сұраныс жасап жатады. Кейде демеушілер сұрайды. Олардың бағасы басқа. Нарық заманы...
Оралұлы «Ауылға» ...
Өркениеті дамыған 30,50 - елдің қатарына кіруге бекерге талпынып жатқан жоқпыз ғой. Бірақ көшеде қақырып, түкіріп жүретіндер әлі де бар кезде біз оған қалай қол жеткізбекпіз? Халық мәдениетті, білімді, интеллекті жоғары болса ғана, өркениетке жетеді...Ауылға ақша жетпей жатыр. Бөлінуін бөлінеді-ау, алайда облыстан, ауданнан өткеннен кейін оларға аздаған (жоқтан жақсы) пайызы ғана барады. Онымен ауыл қалай көркеймек? Жұмыс жоқ, ауыл баласы қалаға босып келгенімен ыңғайлы жұмыс табуы мұнда да мүмкін емес. Джип мінгендерді көргенде сол ауылдан келген жастардың қаны қараймайды дейсіз бе? Қарақшылық жасап жатқандары да бар. Әлі есімде.. 1973 жылдары Семейдегі Шұбартау ауданында «Армандастар» атты комсомол жастар бригадасы құрылып, республикаға Үндеу жариялады. Мал шаруашылығын дамытып, өркендетуге күш салды. Марқұм Әсет Бейсеуов ағамыз «Армандастар» деп арнап жазған әні елімізге тарап кетті. Сол сияқты ауылды көркейтуге күш салатындай бір форма ойлап табу қажет. Қазақ мал бағып, малдың соңында кетсін деген әңгіме емес бұл. Неге қазақ алдымен мал жанның амандығын сұраған? Қарға тамырлы қазақ үшін малдың орны ерек. Кішігірім мал шаруашылықтарын көбейтіп, фермерлікті іс жүзінде (сөзбен емес) ақша бөліп, қатаң бақылап, қолы сұғанақтардың қолын кесіп тастамасаң да, қатаң жазалап, сол арқылы ауылды алға сүйреуіміз керек. Сонда жұмыс та табылады, ауылдықтар қалаға босып кетпейді. Біз де ауылдан шықтық, алғашқы жылдары ауылға қарап көп жалтақтайтынбыз, ауылдың дәмін сағынатынбыз. Ауылдағылар соғымын сүйреп жететін, үстерінен ауылдың иісі аңқып тұратын. Сол аңқыған иісін сағынатынбыз. Бүгінде ауыл сол иісінен де айырылып қалды. Кезінде Бауыржан Ибрагимов «Ауылға» деген әнімді, «Соғымға, соғымға...» деп түрлендірген болатын. Ауылға бет бұрсақ, ауылдықтар байып кетпесе де тірлігі тіріліп, жанданар еді.
Түйін...
...Кейіпкерім ағынан ақтарыла барын айтты. Қарап отырсаң жалғаны жоқ. Қоғамда ойып тұрып алар орны бар азаматтың өзіндік көзқарасына, пайымына тәнті болдым. Алып қосарым жоқ...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста