Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 115 жылдығына орай республикалық Абай қорық-мұражайы мен Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен «Мұхтар мұрасы – адамзат байлығы» атты қалалық шығармашылық байқауы өтті. Жазушы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталған шараның тағылымды сәттері көп болды. Оған Әуезов өмірін зерттеушілер, ұстаздар және мектеп оқушылары қатысты.
Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастығының орынбасары Берік Көпбаев Мұхтар Әуезовтің туған күні қаламызда жыл сайын аталып өтілетіндігін, дегенмен биылғы жыл жазушы үшін де, семейліктер үшін де ерекше мерейлі екендігін атап өтті. Дәл осы күні қаламыздағы кітапханаларда, бірқатар мәдениет ошақтарында Әуезов мұрасын кеңінен қамтыған шаралар жалғасып жатты. Ал Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражайында шымылдығын ашқан «Мұхтар мұрасы – адамзат байлығы» атты байқау өте жоғары деңгейде өтті. Әуезов шығармаларынан үзінділерді мәнерлеп оқу, ақындар мүшәйрасы, суретшілер сайысына қатысқандардың әрқайсысының ұлы жазушы мұрасын, шығармаларын қаншалықты білетіндігіне кеңінен мән берілді.
Байқау басталар алдында сөз алған Абай мұражайының директоры Жандос Мағазбекұлы Мұхтар Әуезовтің қазақ және әлем әдебиетінде алатын орын ерекшелігін қысқаша баяндай келіп, ашылғанына ширек ғасырдың жүзі болған Бөрілідегі жазушы мұражайының қазіргі хал-күйінен, оның құжаттық рәсімделуінің толықтай бір жүйеге түскендігінен, Абай мұражайы ұжымының ұйымдастыруымен жүзеге асқан жұмыстар барысынан кеңінен хабардар етті. Мұхтар мұрасына деген құрметті айқындайтын тағы бір жайт, Қызылордадан арнайы келген мейман Абат Жолдасова көркемсөз оқу шеберлері байқауына төрелік етті. Сыр елінде Әуезов шығармаларын оқырман жүрегіне жеткізе насихаттап жүрген ғалымды көрермен қауым да жылы қарсы алды.
Байқау жеңімпаздары үш аталым бойынша анықталды. Мәнерлеп оқу сайысында 1-орын Ә.Қайроллаевқа, 2-орын Ж.Дүйсенбаева мен Б.Қанафиянова, 3-орын А.Тоқсанова мен Д.Қаржықоваға берілді. Ал Қарагөз образын сомдаудағы ізденістері үшін Құралай Семізбаева бас жүлде иесі атанды. Ақындар мүшәйрасында Айқын Жұмабек пен Біржан Ахметов ІІІ орындарды бөліссе, ІІ орынға Сәтжан Кәріпбаев пен Әмина Нұрпейісова көтерілді. Жыр сайысындағы І орынды Шәкәрім атындағы СМУ студенті Рүстем Мұхамедрақым, ал бас жүлдені Семей педагогикалық институтының студенті Бауыржан Игіліков иеленді. Қылқалам шеберлерінің байқауында Арлан Исабеков – ІІІ, Ермек Нұрымбаев ІІ орын жүлдегері атанды. Ал Айнұр Әділханова 1 орынды иеленсе, бас жүлде жас талант Жандос Қапановтың еншісіне бұйырды.
Жүлдегерлердің барлығы да бағалы сыйлықтармен марапатталды.