Менің бастығым - менің талантым.

Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек

Тәрбие мен білімнің ажырағысыз ұғым екеніне қарамастан, оны жүзеге асыру барысында туындаған түйткілді мәселелердің түйіні әлі тарқатылмай келеді. Оның ішінде біздегі қуыршақ театрлары төңірегінде туындаған мәселелер баршылық. Түйінінің тарқалуы қиын,  күрмеуі көп дәл осы сала жайын білу мақсатында «Алаш айнасы» тілшісі Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбекті әңгімеге тартқан еді.

– Қазір театр өнері туралы сөз қозғалса қай жерде болмасын, ең алдымен опера,  драма  театрлары сөз болады да, қуыршақ театрлары тіпті ауызға алынбайтын боп жүр. Салыстырмалы түрде өзге театрларға қарағанда қуыршақ театрына неге көңіл аз бөлінеді деп ойлайсыз?
–Басқа театрларға да жарытып көңіл бөлініп жатқаны шамалы ғой. Бізде қазір дақпырт жасап отырған бір ғана театр бар. Ол - «Астана опера» театры. Бұл театрдың  мәселесі шешілсе басқаларының да жағдайы жақсарып кететін  сияқты боп жатыр. Жер-жерде қаншама қиындықтар бар. Оның бәрі қаражатқа келіп тіреліп тұр. Олардың әлеуметтік жағдайы шешілмей онда жұмыс істейтін режиссер, актер, суретші және тағы басқа да өнер қызметкерлерінің  жағдайы оңалмайды.
– Келер ұрпақ алдыңғы буынды артында қалдырған мұрасымен ғана бағалайды емес пе?
– Баға беретін адам оны жақсы-жаман деп қана қоймай, оның неге солай болғанынның себебін іздейді. Егер біз өлара кезеңде жұртшылықты елең еткізер ерекше шығарма тудыра алмасақ, оны жасайтын таланттарға жағдай туғызып, дарынды жастарды тарта алмағандығымыздан деп түсіну керек. Өйткені театрдағы біздің беріп отырған 50-60 мың теңге жалақымыз  олардың күнкөрісін толық қамтамасыз ете алмайды. Еріксіз қалай ақша тауып, отбасын асырауды  ойлауға мәжбүр болған адам шығармашылықпен қалай алаңсыз айналасады. Мұндай жағдайда олардың бірінен бірдей  ерекше ерлікті күтуге бола ма?
Маған  қазіргі уақыт өлара кезең  сияқты көрінеді. Әлі күнге дейін біз социлализмнен капитализмге өтіп болған жоқпыз. Бір аяғымызбен өткен дәуірден ажырай алмай тұрып, біз қаражаттандыру,  ұйымдастыру, заңдылықтарын жасау мен оның толып жатқан басқа да мәселелерін  кеңестік  дәуірдің шешімімен шешпекпіз. Ал бүгінгі заман мен  оның  қойып отырған талабы одан мүлде  бөлек екенін ешкім ескеріп отырған жоқ.
– Бұл өнер ордасына өзіңіз басшылық еткен уақытта мәдениет саласының тізгінін ұстап жүрген қандай да бір лауазымды тұлғалардың театрға келгендері болды ма?
– Біздің театрдың өсіп-өркендеуі қандай да бір шенеуніктің келуіне ешқандай байланысты емес. Театрды жасайтын, шығармашылық деңгейін  көтеретін біздің өзіміз. Шенеуніктер келіп-кетіпті деп ешқашан көрермендер мұнда жапырай көшіп келмейді. Кеңес дәуірінде өткен ғасырдың 60-70 жылдары Орталық партия комитетінің 1-хатшысы баратын болса театрдың жағдайы бірден шешілетін. Қазір олай емес. Қазір де атқарушы билік өкілдерінің өнер ордаларына ең бірінші шешіп беретін мәселесі оның  ғимараты, ішкі жағдайы, құрал-жабдықтары болу керек. Ал оның жетекшісіне жүктелетін басты міндет олардың шығармашылық деңгейін көтеру болуы тиіс. Егер ол жоғары болса ертеңгі күні көрермен оған ешкімнің күштеуінсіз-ақ келеді. Мысалы жаңа жылдың алдында өзім режиссерлік жасап, «Шығыс ертегісі» атты спектакль қойдым. Көрермендерден түскен қаражат жағынан есептейтін болсам театрдың бұрынғы 1 жылдық қаржылық жоспарын 18 күннің ішінде таптық. Оған еш бастық келген жоқ. Маған оның керегі де жоқ. Менің бастығым - менің талантым.
– Қазіргі заманғы көзқараспен қарағанда бұл жұмысты ұйымдастырудағы менеджерлік қабілет деуге болатын шығар?
– Статистикамен қарайтын болсақ былтыр қыркүйекте театр ғимаратындағы  күрделі жөндеуден кейін қайта ашылған соң біз  3 айда ғана өз репертуарымызды жаңа 4 спектакльмен толықтырдық. Маған осы қызметке келген кезде мәдениет саласына жетекшілік ететін басшыларым 1 жылда ары кетсе 3 спектакль ғана шығару керек деген еді. Мен тек сан қуып қоймай, сапасына да мән беріп, театр репертуарының әртүрлі бағыттарды қамтуына да барлық күш-жігерімді жұмсап жатырмын. Мәселен өткен қазан-желтоқсан айларында театрдағы спектакльдердің қойылымдарынан 13 млн. теңге ақша табыс таптым. Ол театрдың жылдағы табатын табысынан 20-30 пайыз көп. Яғни мен менеджер ретінде дұрыс ұйымдастыра білдім. Өз тәжірибеме сүйеніп, алды-артымды болжадым да осылай жасауға болатынын дәлелдедім. Бізде қазір ұжымдағы 100-ге жуық адамның алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті ғимараттан бөлек, қажетті техникалық құрал-жабдықтарымыз да бар. Сондықтан қолымнан келгеннің бәрін мүмкіндік болғанша мен өзім жасаймын. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, ол менің арқама артылған жүк. Бірінші міндетім соны дұрыс ұйымдастырып, шығармашылық ұжымды ортақ іске жұмылдыру.
– Сіз жоғарыда сөз еткен қаржылық мәселеге қайта оралып, оның жай-жапсарын ұғындыра кетсеңіз?
– Қазір біз мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болғандықтан қажетті қаржынының 85 пайызға жуығы мемлекеттен субсидия түрінде беріледі. Қалғанын өзіміз табуымыз керек. Менің қаржылық мәселе деп айтып отырғаным үкіметтен берілетін 85 пайыз туралы болып отыр. Бізге бөлінетін ақша қажеттіліктен айтарлықтай көлемде кем. Бұл Қазақстандағы бүкіл театрлардың басындағы жағдай.
– Салыстырмалы түрде қаншалықты кем. Соңғы 5 жылмен салыстырғанда оның көлемі біршама ұлғайған шығар?
– Ешқандай да ұлғаюды байқап отырғам жоқ. Азын-аулақ өскенімен оның барлығын инфляция жеп қоюда. Өзіңіз қараңыз актерлардың алатын айлығы ең көп дегенде 50 мың теңге. Онымен  бала-шағасын асырай ма, пәтер ақыға төлей ме, жүрген жолы мен тамағы ше? Ол одан кейін азамат емес пе ертеңгі болашағын да  ойлауы керек қой. Мәңгілік ел боламыз, дамыған 30 елдің қатарына қосылайық деп жатырмыз. Біздің ең үлкен саясатымыз - мәдениет болу керек. Мәдениеттің ар жағында рухани байлық, адамның парасаты мен зиялылығы тұр. Зиялылықтың ішінде патриоттық сезім бар. Осы бір-бірімен жалғасып жатқан тізбекті дүниені біз рухани байлықтан - тарихымыздан, тілімізден, дінімізден, ділімізден бастаймыз. Ал ес біле бастаған 3 жастағы бала соны бізден бастайды. Сол себепті Үкімет тарапынан ертеңгі болашағымызбен жұмыс істейтін бізге зор көңіл бөлінуі керек.
Дамыған елдерде дін мен өнерге ақша керегінше беріледі. Оны сұрамайды. Себебі бұл ұзақ мерзімдік бизнес. Өткен жолы Ресейден келген бір азамат:  «Абай Құнанбаевты қазір көзі ашық, көкірегі ояу адамның бәрі біледі. «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деп бүкіл қазағын оятқан Абайды сол уақытта кім түсінді? Оның 100 жылдан соң үлкен инвестиция алып келетінін ол кезде ешкім білген жоқ. Инвестиция болғанда да бұл өзгелерден бағасы артық, жөні бөлек -  рухани инвестиция болып отыр. Оның беріп отырған пайдасы қаржы институттарымен салыстырғанда 10, 100 есе көп», – деген еді. 
Ұлы Абай – қазақтың ұлттық әлеуетін қаншалықты көтергенін біз әлі
бағалай алмай жүрміз. Бұған мәдениет пен өнерді дамытушыларға қатысты біздің саясатымыздың әлсіздігі кедергі болуда. Үлкен деңгейде қарамай, жоғарғы биіктен шешпей бұл саланың  қордаланып қалған шаруаларының түйінін тарқату мүмкін емес. Мен мысалы 2003 жылы Каирдегі театр фестивалінде болғанда, еліміздің мәдениет министрлігінің  бір уәкілі «құдай қаласа биыл театрларға арналған арнайы ереже жазылады» деген еді. 2014 жылға жеттік ол әлі жоқ.
Халықтың ұлылығы парасатында, оның рухани биіктігінде, байлығында. Әрине саясат пен экономика керек, бірақ адамдарымыз мәңгүрт, не болмаса космополит болып кетпесін десек өнерден қаржыны аямауымыз керек. Қазір қай театрға барсаңыз өз қазанында өзі қайнап жатыр. Оның сыртқа шығуы, көрінуі көңіл көншітпейді.
– Өзге театрлармен тәжірибе алмасу және ұжымдағы буын алмасу үдерісі қалай жүріп жатыр?
– Театр фестивальдері қазір бір-ақ сәттік дүниеге айналып кетті ғой. Оған қатысушы ұжымдар көп жағдайда түсте келсе, кешке қойылымын қойып,  азанда қайтуға мәжбүр болып жатыр.  Бір театр екінші театрды көрмейді. Ешқандай байланыстары жоқ. Онда өзара ақылдасайық, елмен сұхбаттасайық, ішкі жағдайын білейік деп жүрген театр өкілдері де байқалмайды. 
Барлық жерге жастар келу керек деген бір көзқарас бар. Оның жақсы жағымен бірге жетіспейтін тұстары да бар. Мен жастар театрында жұмыс істеп көрдім. Сол сияқты адамдары қартайып кеткен театрларды да көрдім. Театрда аға, орта және қазіргі жастардың буын сабақтастығы керек. Тек жастарға ғана арқа сүйеуге де болмайды. Театрды көл дейтін болсақ, ондағы ескі су ағып кетсін деп театрдағы кәрі-құртаңның бәрін бірдей қуудың қажеті жоқ. Әрине жас буын өзінің көзқарасымен, сөзімен, әнімен, өзінің заманды қабылдауымен, суреткерлік көзқарасымен келеді. Бірақ алдыңғы буынның озығы мен тозығын  көріп, ақыл таразысынан өткізбесе оның орны әрдайым ойсырап тұрады.
– Өнерге жаңадан келіп жатқан жас буынның дайындығына көңіліңіз тола ма? Қазір өнердің шынайылығы жойылып бар жатыр, ізденіс аз дегенді жиі айтып жүр.
–Жүрекпен, сезіммен, жанмен деген сөздің бәрі мен үшін жай ғана құрғақ сөз. Бұл жерде біра-ақ нәрсе бар. Ең бірінші өнер - адамның парасатына әсер ету керек. Сезімге емес. Сезім, жан, көңіл дегеннің бәрі бір сәттік дүние. Мен қазір Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында 1-курстың балаларын қабылдап жатырмын.  Мақсатым  -  интеллектуалды артистерді, суреткерлерді дайындау. 
Театрда жүрекпен ойнау деген теңеу жоқ. Парасатпен ойнау керек. Жүрек деген сезім мен көздің бір тамшы жасы. Ол 3 секундтан кейін кеуіп кетеді. Мықты режиссер, актер болатын болсам оның ең бірінші мақсаты залда қойлымды тамашалап отырған көрерменнің рухын қозғап, сол арқылы парасатына әсер ету, ойландыру. «Спектакльдің өмірі сахнада шымылдық жабылған соң басталады» деген данышпандардың тамаша бір сөзі бар. Театрдан кетіп бара жатқан кезде адам ойпырымай-ай мына спектакльді түсінбей қалдым, әлде менің ой-өрісім жетпей қалды ма,  ертең тағы кеп көрейінші деп ойлауы керек. Мәселен кезінде әйгілі сыншы Белинский  қойлымды түсіну үшін театрға 7 рет келіп көрген екен. Бізде кейбір «театр сыншылары» бәрін толық  көріп-білмей жатып, бәрін өзінше кесіп-пішіп, барлығын орындарына қойып қояды. Жүрекпен ойнау, көзбен, сөзбен ойнау деген солардың теңеуі шығар. Ондай теңеулер жоқ. Тек қана парасат керек.  Мәдениеттің барлық түрі айналып келгенде бір-ақ нәрсеге жұмыс істейді халқымыздың парасатын көтеріп, патриоттық сезімін оятуға.
– Сын туралы ойыңызды тағы да  кеңірек таратып айтып беріңізші. Бізде қазір театр сыны бар ма?
– Жоқ деуге болмайды. Осы заман өлара деп отырмын ғой. «Заманына қарай құрқылтайы» демекші ол теардың ғана емес, адамдардың  да рухани биіктігі жағынан ұсақталып бара жатқанының көрінісі болуы мүмкін.  Бұрын оны жанның байлығымен есептейтін болсақ, қазір қалтаның байлығымен есептейтін болдық. Қай саланы алмаңыз көшбасшы болып жол ашқан бір кездегі Мұқаңдар мен Сәбеңдердің ізін басушылардың шоғырын таба алмайсыз. Біз кезінде 4-ақ кластық білім бар адамдардың ақыл парасатының кеңдігін көріп өстік.  Қазіргі майталман шеберлерміздің көбінде ондай ірілік жоқ. Әрине театр ұсақталып кеткен соң сыншыларымыз одан ұзап қайда барады? Қазір өнерді жасап отырған азаматтар көзге көрер емес. Олардың айналасында өнерді өзінің атағын шығару үшін пайдаланатын пысықайлар көбейді қазір. Жылт етіп бір көрінгенге қызығады көбі. Асыл мен жасықты айырып, халықты дұрыс жолға салмаса ол тобырға айналады. Халықты тобырдан ел жасайтын өнер.
Қазір мен журналистерге қарным ашады. Қай уақытта болмасын теледидарды қоссаңыз өнердің жұлдызы деп 1-2 бейнеклип шығарған шашын жалтыратып, артқа қайырып, құлағына сырға тағып, үстіне бір пәлені киіп алған әншіні отырғызып қояды.  Екі ауыз сөзді қосып айта алмайды, халыққа айтатын сөзі жоқ, өзі кітап оқымаған, тек өзі айтатын 2 өлеңді жаттап алған.  Жастар оларды көріп, еліктейді. Олардың орнына нағыз суреткерлерді, нар түйенің жүгін көтеріп жүрген өнердегі азаматтарды шақырып, солардан сұхбат алмасқа. Жұлдыз болу үшін өнерге жылуыңды төгіп, үлесіңді қосып, пайда әкелуің керек. Айналып келгенде бұл жерде бір-бірімізді сен кінәлі дей беруге болмайды. Сынның ең жоғарғы шыңы Абай. Өзін және халықты ондай сынаған адам жоқ. Сын айтып отырып шындығымызды шығарып, сынымызды көтеріп сол арқылы біз өнерімізді дамытуымыз керек.
– Жастар үлгі тұтар идеялды кім қалыптастырады және олар кімдер?
– Маған біреу сұрақ қойып еді бейбіт өмірдегі ерлік пен соғыстағы ерлікті қалай салыстыруға болады деп. Соғыстың кезінде ерлік жасау өте оңай. Себебі жауың көрініп тұр. Ал мына өмірде идеялды адам меніңіше өзінің арының ала жібін аттамайтын адам. Өзінің болмысын сатпайтын адам ғана нағыз ер. Күнге кірпігін қақпай қарап тұра алатын тек қыран ғана екен. Күн деген нағыз ақиқат, шындық. Өзінің азаматтық арын сақтауды ғана ірілік, тектілік деп айтам.
– Репертуарларыңыз қалай жасақталады?
– Осында  келгеннен кейін  алдымен театрдың стратегиялық жоспарын жасадық. Қазір бізде 3 жылға арналған  стратегиялық жоспар бар. Онда ең бірінші,  реперуардың қалыптасуында қазақтың төл әдебиетінің шығармасы мен дүниежүзілік классикалық әдеби шығармалары 50/50 болу керек деп жаздық. Екінші, оларды көрермендердің жас ерекшелігіне қарай 3 топқа ( 3, 6, 10-13) бөлдік. Себебі 3 жастағыға арналғанды 13-тегі бала қабылдамайды. Сондықтан әр қойылымды балалардың психологиялық қабылдау деңгейіне қарай қоямыз. Үшінші, спектакльдерімізді  шығармашылық және коммерциялық деп бөлдік. Себебі ғаламдану бәрібір бізге де өз дегенін істеуде. Оның ішінде жүріп өзіміздің төл өнерімізді сақтап қалу үшін, шығармашылық пен коммерциялық қойылымдардың үлесі  50/50 болу керек. Барлық репертуар бізде осы 3 қағидамен іске асырылады. Биылғы маусым аяқталғанға дейін тағы 4 спектакль шығарамыз. Яғни 1 маусымда 8 спектакль шығаратын болсақ бұл сенсация болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста