Ол кезде қолына қалам ұстағанның бәрін Жазушылар одағының тартып тұратын бір қасиеті болатын. «Болашақта ақын болсам, жазушы болсам» дейтін студенттерден бастап, басқа баспа, газет-журналдар редакцияларында жұмыс істейтін қыз-жігіттерге дейін күніне болмаса да, аптасына бір рет одақтың үйіне соғып кетер еді. Онда одақтың қызметкерлерi ғана емес, «Жазушы» баспасы, «Қазақ әдебиеті» газетi мен «Жұлдыз», «Простор» журналдарының редакциялары да – сол ғимаратта. Үш қабатты ғимараттың іші қайнап жатады. Қайнап жататын тағы бір себебі: басқа мекемелерде көп ұшыраса қоймайтын қызыл күрең ішімдік пен кофесі қашан болсын даяр тұратын бар дейтіні тағы бар. Кофе ішу – сылтау. Біздің алдымыздағы аға буын өкілдері барға жиі барады. Біздің шаруа – сыздықтатып кофе ұрттаған болып, сол кісілердің әңгімелеріне құлақ түру. Бір үстелдің басында бір-екі жігіт отырғанбыз.
– Мына орындарың бос па? – деген дыбысқа жалт қарасам, Рекең, Рымғали Нұрғалиұлы екен. Бұрын «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінің солтүстік облыстарында меншікті тілші болып жүрген кезінен сырттай біліп, жазған әңгімеге бергісіз очерктерін үлгі етіп, қызыға оқитынбыз. Жастар газетінен кейін Жазушылар одағының сын бөлімінде жүрген кезінде жақынырақ танысқанбыз. Біз де студенттік жылдармен қош айтысып, қызметке араласа бастаған тұста ол кездегі жалғыз университет – ҚазМУ-ға ұстаздық жұмысқа ауысқалы бері көзге көп түсе бермейтін.
– Ассалаумағалейкум, Реке, – деп бірер жас үлкендігін пайдаланып, сәлем бердім. – Не ішесіз: кофе, одан ащылауын?
– Бір шыны аяқ кофе алдыра ғой.
Кофесін ішіп бола бергенде бір тың әңгіме бастаған:
– «Қойнаудағы ауылыңды» оқыдым, – деді. Бір нәрсе айтардағы әдетімен көзін сығырайтып, бетіме қиғаштай қарады. Мен қарымды әрі әділін айтар сыншы ретінде танылып қалған ол не айтар екен деп елеңдеп отырмын.
– Маған ұнады. Екінші кітапшаң ғой, талабың жаман емес. Қолдау мақала жазып, «Қазақ әдебиеті» газетіне бердім. Бұл – сені қанаттандырғаным. Авансом. Әйтпесе шығармаларыңда журнализм басым. Көркем шығармаға шешенсу жараспайды. Онда нақтылық, көркемдік компоненттер мол болғаны жақсы.
Алайда мен «авансом» болса да, сыншының пікір айтқанына қуандым.
– Реке-ау, ол пікіріңізді оқымасақ та, «жуып» жібермейміз бе?
– Кейін, – деді ол. – Әлі жарық көрмеген мақаланы атап өтуге болмайды. Оның үстіне мен ол пәлекетіңе жоқпын ғой.
Иә, «ол пәлекетке жоқ екеніне» Рекеңмен 15-20 жыл бойы саяжайда көрші болған кезде көз жетті. Саяжайдағы көршілердің ортасындағы егделеу дейтін Танаш Дәуренбековтің 50-ді жаңа еңсерген кезі. Ақын ағамыз Сағи Жиенбаевтың өлең жазудан қолы қалт етсе, ақ қағаздарын сызып, картасын сапырып дегендей, Ақселеу марқұм «адамзаттың ақыл-ойының тағы бір жемісі» деп атайтын преферансқа кірісеміз. Ойда отырғанда жайлауға, қырға қарай қашатын жылқы сияқты аптаның жұмасын Құдай қолға берген бетте-ақ төрт үйіміз жұмыстан кейін сол жерден табылар едік. Айтшылап жүргендей, бір үйден түстеніп, бір үйден кешкілігімізді ішіп дегендей, екі күн, екі түннің бес-алты сағатын ала қағазбен алысуға арнаймыз. Бұл бәсекеде «дүлдүліміз» Сәкең Тәкең екеумізді «быжылдатып» қойып, мырс-мырс күлер еді. Рекең бұл өнерден құралақан болмаса да, көбіне бізден бөлініп, бір үлкен ағаштың көлеңкесіне отырып алып, сарғайып кеткен көне қағаздарды, ескі дәптер, кітаптарды оқып отырар еді. Кейде сарғайған қағаздардан алған әсерін шыдай алмай бізге оқиды. Үшеуміз де жездеміздей әзілімізді жарастыратын Тәкеңе қалжың айтамыз.
– Тәке, тыңдаңызшы. Түнде бір өлеңдер жазып едім, сынап беріңізші:
Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл қолым емес кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп барады да...
Рекең қағаздан басын алмай зуылдатып оқып жатыр. Өлең шіркін өзекке өрт болып түсіп, тұла бойды алауға орағандай ерекше бір күйге бөледі. Рекең бәріміз сияқты балаң шағында өлең жазса, жазған шығар, қазір оның өлең жазбайтыны, дәл мына өлеңді жазбағаны анық еді. Сондықтан мен әліптің артын бақтым. Сәкең, Сағи көкем, көзілдірігінің астынан көзі күлімдеді. Өлеңнің тегін танып отырғанын бірден байқатты: «Безо-з-зо-браз-з, осындай данышпан ақынды қор қылғанымызбен қоймай, халқына әлі қайтара алмағанымыз қандай өкінішті...»
– Енді мына өлеңді тыңдаңдаршы, – дейді Рекең.
– Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,
Надан адам өлім жағын сезбейді.
Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би,
Қандай ессіз не қылдың деп тергейді... «Менікі өлмейді» дейді. «Менікі өлмес», ақынның «мені де өлмейтіні» анық. Мағжандай ақындар қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз ғой.
Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақыптардың есімдерін студент кезде еміс-еміс естігеніміз болмаса, олардың шығармаларының бір жолын оқи алмағанымыз шындық еді.
– Реке, осының бәрін қайдан тауып аласыз? – деймін қолындағы латын, араб әріптерімен жазылған жазуы бар дәптерлерге қарап.
– Бейсекеңдей, Бейсенбай Кенжебаевтай ұстазың болса, сенде де мұндай дәптерлер болар еді.
Рас, Бейсекең көп шәкіртке ұстаз болды. Ұстаз жалғыз, шәкірт көп. Барлық шәкіртіне мұндай құпия қазынаны тапсыра бермесі – тағы шындық. Ұлы ғалым түптің түбінде әділдіктің орнайтынын, сол кезге дейін есімдерін де айтқызбай келген арыстардың халқына қайтып ораларын біліп, олардан қалған мұраларды КГБ-ның қырағы көздерінен жасырып, ең сенімді деген бір-екі шәкіртіне тапсырып кеткені қазір құпия емес. Бұл күнде ол арыстарымыздың мұқабалары әдемі безендірілген том-том кітаптарын көргенде сарғайып кеткен қағаздар, дәптерлер, содан соң алма ағашының көлеңкесіне жайғасып алып, өлең оқып немесе қазақтың тұңғыш романы «Бақытсыз Жамал» туралы әңгімелеп отырған Рекең көзіме елестейді.
* * *
– Әй, бауырым, сен осы Абай атаңа барып, сәлем беруді ұмытып жүрсің-ау деймін, – деді бір күні кешкілік Рымғали Нұрғалиұлы телефон соғып. Менің бұл сөздің мәнін ұға алмай, күмілжіп қалғанымды сезіп, пікірін айқындады. – Қолың бос болса, Абайдың ескерткішінің жанына келші.
Мен ескерткіштің жанына келгенде ағамыз бұрынырақ келіп, тосып тұр екен. Есендік-саулық сұрасқан соң, мен қызмет істеп жүрген «Жалын» альманахындағы жұмысым, шығармашылығым туралы біраз сұрағаннан кейін мені өзі бас редактор болып істеп жүрген «Қазақ энциклопедиясына» қызметке шақырғысы келетінін айтты. «Ойбай-ау, Реке-ау, өзіндік ерекшелігі бар, әріптерді үнемдеп, сөздердің өзін «ж. т.» (жылы туған) деген сияқты қысқартып пайдаланатын энциклопедия жұмысына әбден төселу керек болар. Жоқ, қолымнан келмес», – деймін мен. «Жұрттың бәрі іштен оқып тумайды. Бірер айдан соң-ақ меңгеріп кетесің. Жаныңа көздерін энциклопедиялық басылымдармен ашқан жігіттерді қосып беремін», – дейді ол. Не керек, Абай атамыздың ескерткішінің жанында өткен бірер сағаттық «келіссөзден» кейін «Жалынның» бас редакторымен өзі сөйлесетін болды.
Екі күннен кейін бас редакцияның әдебиет, өнер бөлімі меңгерушісінің креслосына барып орналастым. 130-ға жуық қызметкері бар, ежелден қалыптасып қалған беделді мекеменің әкімшілік-шаруашылық басшылығын айтпағанда, он шақты бөлім меңгерушісінің өздерінің жүрістері мығым. Кеткелі жүрген меңгерушінің орнына «ендігі жол менікі» деп отырған аға редакторлар да баршылық екен. Олар кезексіз келіп киліккен менімен жүре сәлемдесіп жүргенде, екінші бір бөлімге Құрманғалидің Қуанышбайы келіп, ие бола кеткен кезде бізден гөрі, ұжым басшысы Рекеңнің бұл шешіміне қарсылар көбейді. Меңгерушілер – түгелге жуық партбюро мүшелері. Бюро отырысы – ұжымдағы ең жоғарғы әрі беделді мәжіліс. Сондай бір кезекті мәжілісте бір ағамыз Рекеңе қарап тұрып: «Сенің мынауың, – деп маған қарай сұқ саусағын шошайтсын, – бәлкім, босағалы тұрған жауапты хатшының орнынан дәмелі шығар?» Бюро мәжілісінде отырғанымды ұмытып, өре түрегелдім.
– Қытайдың жансызы сияқты жылмиған, атаңа нәлет, шошайған саусағыңды қайырып, артыңа тығайын ба осы! – деппiн ашу үстiнде. – Қызметке қызығар кісің мен емес!
Әрине, менің бұл оспадар сөзіме жылмиған ағайды ғана емес, бюро мәжілісін, тіпті партияны сыйламағаны деп баға берушілер көбейді. Үлкен дауға айнала жаздаған осы бір оқиғаның тігісін жатқызып, бәріне де «жарайды, ендеше» дегізген Рекеңнің ешқашан ашу шақырмай, күліп отырып жүргізетін қазылық шеберлігі еді. Ол ғана емес, бүкіл қызметкердің ауызбірлікті іскер ұжымға айналуы жолында аса білгірлік көрсететіні әлі күнге есте.
Ол басшы болып жүрген кезде бас редакциядан жарық көрген төрт томдық «Қазақстан» қысқаша энциклопедиясы, «Шаңырақ», «Ол кім, бұл не?», «Негеш», «Ислам», «Әлемде талай қызық бар» т. б. энциклопедиялық басылымдар ұлтымыздың рухани қазынасына айналды.
Р.Нұрғалиұлының әдебиеттанушы, өнертанушы, қазақ драматургиясын тыңғылықты зерттеуші ретіндегі жыл құрғатпай жарық көріп жататын монографиялары, том-том еңбектері өзі пір тұтатын Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев сынды ағаларының нағыз ғалымдық жолдарын ілгері апарушы адам екенін дәлелдеді.
Оның алдынан Алматы, Астана шаһарларының жүздеген, мыңдаған шәкірті өтті. Енді оның ісін жалғастырып қана қоймай, ілгері апарушы «ойлы сана, отты жүректер көп болғай» дейтін тілек қана көңілге ұялайды.
«Әй, бауырым, осы сен Абай атаңа барып, сәлем беруді ұмытып жүрсің-ау» деп кездесуге шақырып тұрар даусын сағындым. Иә, енді ол ешқашан да өйтіп қоңырау шала алмайды. Мағжан ақынның өзі оқитын өлең жолдарындағы «Мен өлмеймін, менікі де өлмейді» дейтін сөзі енді академик Рымғали Нұрғалиұлының өзіне арналғандай...