Астанадағы Оңтүстік Корея елшілігіне қарасты «Корей мәдениеті» орталығында «Фолиант» баспасынан шыққан «Кәріс ертегілері» кітабының тұсаукесері өтті.
Айта кетелік, кәріс ертегілері қазақ тіліне алғаш рет аударылып отыр. Ал оқырманға жол тартқан туындының авторы елімізге белгілі шығыстанушы, аудармашы, жергілікті және мемлекеттік басқару саласының маманы Дастан Ақаш.
Жалпы соңғы кездері екі елдің арасындағы экономикалық һәм мәдени байланыстың тамырына қан жүгіріп келеді. Ал кәріс ғалымдары өз кезегінде екі ұлттың арасында тұрмыста, болмыста өзара ұқсастық барын жиі айтып жүр. Бәлкім, бұл ұқсастықтың тамыры тереңде жатқан болар? Мұны алғаш рет қазақ тіліне аударылған кәріс ертегілерінін-ақ айқын аңғаруға болады.
Кәріс ұлтының еңбекқорлығын, адалдығын, мейірім-қайырылымдығын, ізетті де ізгі қасиеттерін арқау еткен ертегілердің тілі тартымды, мазмұны бай. Бір сөзбен айтқанда, мектеп жасындағы балаларға лайықты тілмен аударылған кітаптағы 10 ертегінің оқырманды ойлантып-толғантары, бей-жай қалдырмасы анық. Кітап балдырғандарға ғана ғана емес, сонымен бірге кәріс тілін үйренуші студент жастарға, корей мәдениеті мен экономикасына қызығушыларға арналған. Бұл ретте, әлем халықтарының ортақ қазынасы саналатын ертегілерді қазақ тіліне аударуға мұрындық болған «Фолиант» баспасының кішкентай оқырмандарға кәріс халқының көне мұрасын қызықты көркем суреттермен ұсынуы қуанарлық, құптарлық жай.
Тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрген кітаптың тұсаукесер рәсіміне екі елдің дипломаттары, оның ішінде Қазақстандағы Оңтүстік Корея елшісі, бизнес өкілдері, қаламгерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.
"Кәріс ертегілері" кітабы жарыққа шықты
Последние статьи автора