Бізде мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді оқытудың біртұтас жүйесі жоқ

Бижомарт Қапалбеков, Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, филология ғылымының кандидаты:

– Мемлекеттік тіл мәселесі – бүгін­гі қазақ қоғамында толыққан­ды шешілмей келе жатқан түйінді мәселелердің бірі болып отыр. Тығырықтан шығудың қаншама әдіс-тәсілдерін қолдансақ та, тіл туралы арнайы заңымыз болса да, еліміздің кейбір жекелеген аймақ­та­рында бұл бағытта атқарылып келе жатқан жұмыстарға қан жүгірмей отырғаны рас. Жалпы, қазақ тілін дамытуға, оқып, үйре­нуге соңғы уақыттарда мемлекет тарапынан біраз қаржы бөлу жағы да қарастырылып келеді. Мүмкін, осы қаржыны игеретіндей жүйелі жоба-жоспарларымыз нақтылан­бай отырған шығар. Мемлекеттік тілді дамыту институтының басшысы ретінде, ғалым ретінде бұған сіз не дейсіз?
– Қазіргі кезде қазақ тілі төңірегінде бос сөздерден гөрі, нақты ұсыныс-пікірлер мен талап-тілектер көп айтыла бастады. Тәуелсіздігімізді тұғырына қондырған 20 жыл кезеңінде, осы мәселеге шындап кірі­сетін уақыттың келгеніне көзіміз жетті. Елімізде мемлекеттік қызметшілерді оқы­туға жыл сайын бюджет есебінен қомақты қаржы бөлініп отырады. Бұл көрсеткіш жыл сайын кезең-кезеңімен ұлғайып, өсіп келеді. Жергілікті жерлердегі Тіл басқарма­лары жанынан құрылған тіл орталықтары да осындай жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатпен атқарушы органдарда қызмет істейтін үлкенді-кішілі шенеуніктерге арнап қазақ тілі курстарын ұйымдастырады. Кейбір мекемелерде жеке тіл бөлімдері бар. Олар да өз қызметкерлеріне мемле­кеттік тілді үйретіп бағуда.Тіл орталықтары барлық облыста және Астана мен Алматы қалаларында жұмыс істейді. Қазақстанның әр облысындағы тіл орталықтарының өкілдері Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру әдістемелік орталығына келіп, толғандыр­ған мәселелерін ортаға салып, жиі бас қосып тұрады. Бірақ олардың үйлеспей жатқан істері әлі де жетерлік. Сондықтан да ойласып, бірлесіп атқаратын іс-шаралар шаш-етектен.
– Осы орайда сіздің тарапы­ңыздан нақты қандай ұсыныстар бар? Сіздіңше, бірінші кезекте нендей мәселелерге айрықша назар аудару қажет?
– Біріншіден, жер-жердегі бірдей тірлікпен айналысатын жергілікті әкімдік­терге қарасты тіл орталықтарының заңды тұлға ретіндегі деңгейлері бірдей емес. Бірі таза мемлекеттік кәсіпорын болса, бірі – қазыналық кәсіпорын, бірі – коммуналдық кәсіпорын, ал бірі – жауапкершілігі шектеу­лі серіктестік. Біздіңше, тіл орталықтарының жұмысына осылардың қайсысы тиімді екендігін анықтап, біріздендіретін уақыт келген сияқты.
Екіншіден, барлық тіл орталықтары мемлекеттік қызметшілерді «бастауыш, жалғастырушы және тереңдетілген» дең­гей­лер бойынша бір жүйемен оқытқаны­мен, ондағы бағдарламаның сағат саны әр орталықта әртүрлі. Бірінде – 70 сағаттық, бірінде – 90 сағаттық, бірінде 120 сағаттық оқу бағдарламасы қолданылады. Біздіңше, қанша сағаттық бағдарламамен оқытқан ұтымды және тиімді екендігін анықтап, бәрін бір жүйеге түсіру керек.
Үшіншіден, тіл орталықтарында мемле­кеттік тілді оқыту сипаты әртүрлі. Айталық, қазақ тілі сабағы кей жерлерде аптасына екі рет, кей жерлерде үш рет, кей жерлерде күн сайын болады. Тіл үйретудің майын іш­кен әдіскерлердің айтуларына сүйенсек, тілді үзіп-жұлып оқығаннан гөрі, тілдік ор­та­ға толықтай еніп үйренген ұтымды болмақ.
– Бұл орталықтардың тәжірибе­ле­рі қандай? Мұндағы тіл үйрету­дің әдіс-тәсілдері уақыт сынынан өткен дей аламыз ба?
– Тілді күнде оқытатын тіл орталық­тарының тәжірибесіне басқалар да көшу керек деп есептеймін. Мемлекеттік қызмет­шілер мемлекеттік тілді өндірістен қол үзіп оқыса, тіптен тамаша болар еді. Мемлекет­тік және жергілікті басқару институтына мемлекеттік қызметшілер өзінің кәсіби саласы бойынша біліктіліктерін арттыруға тұрақты түрде жіберіліп тұрады. Біздің ойы­мызша, мемлекеттік тілді үйрету курс­та­рын да сондай жүйеге көшірген дұрыс. Өйткені тіл үйретуде тілдік орта және жалғастық деген екі маңызды фактор бар. Аптасына екі реттен 5-6 айға созылған курстардан тіл үйренуші жалығады және күнде-күнде дайындалмаған соң, тілдік ортадан қайта-қайта қол үзіп, бір сабақта білгенін келесі сабақта ұмытып қала береді. Бір-бірімен байланысты тұтас бағдарла­маны аз ғана уақыт ішінде меңгеріп алу, тіл үйренушінің өзіне деген сенімділігін оятар еді. Мұндай тәжірибе өзін-өзі ақтайды деп сеніммен айтуға болады. Десек те, бұл жерде ең бастысы, адамның өз қызығу­шылығы басты орында болуға тиіс.
– Елімізде тілмен айналысатын орталықтар, қоғамдық ұйымдар өзге де ұсақ мекемелер көп. Әрқайсысы өз жарғы-ережелеріне сүйеніп әрекет етеді. Деген­мен олардың жұмыс бағдары мен шығарған оқу-әдістемелік құралда­рын реттеп, жүйелеп отыратын бір орталық болу керек емес пе?
– Негізінен, аталған мәсе­лелерді үйлестіріп, бір жолға қою – Тіл комитеті жа­нындағы Ш.Шаяхметов атын­дағы орта­лықтың жұмысы. Жер-жердегі тіл орталық­тары­ның басты мақсаты мемлекеттік қызмет­ші­лерді мемлекеттік тілге үйрету, соларға арнап оқу-әдістемелік құралдар шығару болғандық­тан, барлығы білген­де­рін ор­таға салып, ақылдасып, респу­бли­калық орталықтан бекітіліп ұсынылған бағдарлама бойын­ша жұмыс жасағаны әлдеқайда тиімді болар еді. Өкінішке орай, бұлай болмай отыр. Мемле­кеттік тілді дамыту жолында әр облыс өз білгендерімен жүріп келеді. Мәселен, белгілі бір облыстың тіл орталығы дайындаған оқу бағдар­ламасын немесе оқу құралдарын келесі бір аймақ өз тарапынан жаңадан қайта жасап, «Аққу, шортан һәм шаян» секілді әркім әр жаққа тартуда. Әрине, мемлекеттік қызметшілерді оқыту үшін жаппай бір ғана оқу құралы болуы мүмкін емес, бірақ Алматының да, Астананың да кеденшілерін немесе қаржы қызметкерлерін оқыту үшін бірдей бағдар­лама, бірдей оқу құралдары қажет.
– Осы ретте сіз басқарып отыр­ған институтта қандай шаруалар еңсерілуде?
– Мемлекеттік тілді дамыту институты қазақ тілінің өрісін кеңейтуге өз тарапынан атсалысу үшін құрылған. Қазіргі кезде біз де өз тарапымыздан тиісті орындарға жо­ға­рыда атап көрсеткен бірқатар ұсыныста­рымызбен шығып отырмыз. Басқа орта­лық­тар сөзімізді қолдаса, біз де бірлесіп жұмыс атқаруға дайынбыз. Біздің институт­тың бағыт-бағдарымен толығырақ таныс­қысы келген оқырман болса, www.mtdi.kz сайтына кіріп, өз қажетін ала алады және онда өзінің де пікірлерімен бөлісе алады.
– Сіз бұдан бұрын да мемлекет­тік қызметкерлердің мемлекеттік тілді игеруіне баса назар аудару керек екендігін талай мәрте айтқансыз. Сіздіңше, тіл мәселесінің осы тұсын дамытуға не жетіспейді?
– Мемлекеттік қызметшіге екінші деңгейден бастап кәсіби қазақ тілі қажет. Ал кәсіптің түрі көп. Яғни жалғастырушы деңгейде заңгер мен құрылысшыны бір оқу құралымен оқыту мүмкін емес, өйткені әр саланың өз тілі бар, соған сәйкес әр саланың өзіндік оқу құралдары болуы шарт. Ол сол салаға қатысты құрастырылған тілдескіштердің, сол саланың терминдер сөздігінің және сол салада күнделікті қол­да­нылатын ісқағаз үлгілерінің материал­дарына сүйеніп жасалуы тиіс. Оны тіл ор­та­лықтары ұсынып, сол саланың ведомство басшылығы бекіткеннен кейін бүкіл Қазақстан аумағы бойынша бір сала бір-ақ оқулықпен оқитын деңгейге жетуіміз қажет. Ал қазір көптеген қала, облыс, аудан заңгерлері – әрқайсысы бір-бірінен бөлек, басқа материалдарды пайдаланады. Оқытуда пісіп-жетілген біртұтас жүйе жоқ. Мемлекеттік қызметшілерді оқытуға және соларға арнап салалық әдебиеттер әзір­леуге Тіл комитеті арқылы республикалық масштабта, ал жергілікті тіл басқармалары арқылы аймақтарға қомақты қаржы бөлінгенімен, әлі күнге шейін мемлекеттік қызметшілерге арналған мұндай салалық оқу құралдары толықтай дайындалып болған жоқ. Көлік саласына, мәдениет сала­сына, медицина саласына, жергілікті әкімдіктерге және тағы басқа да саны бел­гілі департаменттер мен басқармалардың өз лексикасы, өз терминдері, өздерінің ішінде айналыста жүретін ісқағаз үлгілері, синтаксистік стандарттары болатыны белгілі. Әр салаға арналған оқу құралдары мен оқу бағдарламалары осы айтылған тілдік бірліктерге сүйеніліп жасалынуы тиіс.
– Бұл айтуға оңай болғанымен, қысқа мерзімде атқарыла салатын шаруа емес қой. Оқу-әдістемелік құралдар мен арнайы тілдік бағ­дар­ламаларды жасауға біршама уақыт кететіні белгілі...
– Біз онсыз да көп уақытты жоғалтып алдық. Әр облыстағы тіл басқармалары мен тіл орталықтары бір-бір саланың әдебиетін жасап шықса, содан кейін олар бір-бірімен дайын оқулықтарымен алмас­са, мұның бәрі – бір-екі жылда-ақ шешіле­тін мәселе. Бұл іске тек білікті де мықты ма­ман­дарды тарта білуіміз қажет. Тіл ко­ми­­тетінің тапсырысымен, ұлттық тест орта­лығының дайындауымен, былтыр, 2011 жылы аса қомақты қаржыға бес деңгейлік бағдарлама жасалып, таратылды. Біздің­ше, бұл да – сол алдыңғы шыққан оқу құралдарының кебін киіп, беттері де ашыл­мастан, жатып-жатып, күресінге кететіндігі белгілі нәрсе. Оның кәсіби салаларға арна­лып, жіктеліп жасалмағандығы былай тұр­сын, бүгінгі қоғамда оны пайдалануды міндеттейтін заңдық-құқықтық негіз де жоқ бізде. Сондықтан ол кімге керек бол­сын.
Қалай болған күнде де, біз заманға бейімделіп, жаңаша жұмыс жоспарын құ­ра алмасақ, қаншама қаржы дұрыс мақсат­қа жұмсалмай, босқа кетеді. Мемлекет тіл үйренуге соншама ақша жұмсағаннан ке­йін, міндетті түрде оның лайықты нәтижесін көруге тиіс емес пе?! Ал бізде мемлекеттік тілді оқытуға бөлініп жатқан қаржы тесік шелекке құйылған су секілді, далаға кетіп жатқан сияқты. Біз не шелекті бітеуіміз ке­рек, не су құюды тоқтатуымыз керек. Бір жағын тыймай, осылай мемлекеттік қыз­мет­ке тіл білмейтіндерді қабылдай берсек немесе оларды осындай жүйе арқылы оқытуды жалғастыра берсек, онда мемле­кеттік тілге толықтай көшудің ауылы алыстай береді.
Сондай-ақ, бүгінде жеке мекеме ішінен ашылған тіл бөлімдері табандарын қайда тірерін білмей, бастары қатуда. Әлі күнге дейін жеке салаларды (мәселен, кеденші­лерді, заң қызметкерлерін, қаржыгерлерді және т.б) оқытатын ортақ бағдарламалар жасалып, оқу құралдары, электронды бағ­дарламалар жасалған емес. Тәжірибе көрсеткендей, тілді білудің екінші деңгейі­нен жоғары топтардың оқу құралдарын бәріне бірдей етіп жасап, тарату бос әуре­шілік болып отыр. Мәселен, осы уақытқа дейін қомақты қаржыға шыққан «Мәрте­белі сөз» немесе «Мемлекеттік қызметшінің тілдік портфелі» атты оқу кешендері іске жарамсыз болып отыр. Бұл жағы да қатты алаңдатады.
Осы тұста айтар тағы бір ұсынысым бар. Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы өз жұмысын жолға қойып, мемлекеттік қызметшілерге тіл үйретуді республика бойынша бір жүйеге түсіруі тиіс. Сондай-ақ «осы уақытқа дейін тілді дамытуға, үйретуге қатысты шыққан өнімдер және олардың әкелген пайдасы қандай, шығарылған өнімге қоғамда сұраныс бар ма?» деген сауалдарға жауап беретін зерттеу-талдау жұмыстары жүргізілуі керек. Әлеуметтік лингвистика және практик мамандардың ұсыныстарын қорытып, болашақта шығарылуы тиіс өнімдердің тізімін жасау да бүгінгі күні аса кезек күттірмейтін мәселеге жатады. Сонда Тіл комитетінен жұмсалған қаржы жолай, субъективтік пікірлердің ықпалымен анықталған бағыттар мен жобаларға емес, барынша сарапталып, айқындалған мақсаттарға жұмсалар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Ұсыныс
Елімізде мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді оқыту «жалғас­тырушы», «тереңдетілген» және «мамандардың біліктілігін арттыру курсы» деген жүйе бойынша жүргізілуі тиіс. Қазақ мектебін бітірген мемлекеттік қызметшілер тереңдетілген деңгейден бастап, өз саласы бойынша тілдегі жаңа терминдермен, ісқағаз үлгілерімен танысып отыруы үшін үш жыл сайын біліктілігін арттыру курсынан өтіп тұруы шарт. Ал орыс мектебін бітірген азаматтар қазақ тілін бұрын пән ретінде оқығандықтан, мемлекет­тік қызметке келгенде курсты «жалғастырушы» деңгейден бастауы тиіс деп ойлаймыз. Тілді оқытудағы енді бір қисынсыз нәрсе – мемлекеттік қызметке кіретін Қазақстан азаматтарын қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын емтихан арқылы қабылдайтын заңдық талаптың жоқтығы. Бұл мәселе мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламасында ескеріліп, мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгерістер енгізілуі керек. Орта мектепте және жоғары оқу орындарына қазақ тілін оқып келген азаматтарды қайтадан бастауыш деңгейден бастап тіл үйрету мүлдем ақылға сыйымсыз. Тіл үйрету – үйренушінің тіл білу категориясына сай жүргізілуі керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста