Қадірлі Алаш оқырмандары! Басылым бетіндегі жазбаша айтысымыз жалғасуда. Газетіміздің 2009 жылғы 8 ақпандағы тұңғыш санында биылғы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында республикалық «Алаш айнасы» газеті Жүрсін Ермановпен бірлесіп, «Алаш ақыны» атты айтыскер ақындардың жазбаша мүшәйрасын өткізетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз.
Басылым бетінде ақындар айтысын жүргізудегі мақсат – ұлтымыздың төл өнері айтысқа деген халықтың ықыласын арттыру әрі айтыскер ақындарды насихаттау. Бұл ұлттық құндылықтарымыз бен мемлекеттік тілдің дамуына да ықпал етеді.
Жаңа жоба аясында бұған дейін Балғынбек Имашев пен Айтбай Жұмағұлов, Айтақын Бұлғақов пен Серікзат Дүйсенғазин, Айбек Қалиев пен Рүстем Қайыртайұлы, Айнұр Тұрсынбаева мен Жандарбек Бұлғақов, Шорабек Айдаров пен Нұрмат Мансұров сынды ақындардың бес бірдей жұбы қолдарына қалам алып, сөзтартысқа түскенін қайыра естеріңізге сала кетейік. Қазіргі уақытта ақындардың алтыншы жұбы – астаналық Еркебұлан Қайназаров пен қарағандылық Дидар Қамиевтің арасында өтіп жатқан тартыс аяқталуға жақын.
Біз жазба айтысқа қатысушы ақындардың жұптарын оқырмандардың есіне сала кетуді жөн санадық. Жеңіске жетіп, келесі айналымға өткен ақынның аты-жөні төмендегі кестеде қарайтылып, асты сызылған. Айтыстың үшінші жұбы тең түсті. Сонымен:
Әдетте айтыс үлкен сахналар мен теледидарда белгілі бір уақыт кезеңінде ғана өтеді. Ал айтыстың баспасөздегі нұсқасы арқылы оқырман қауым айтыс барысын күнделікті қадағалап, оқып, баға беруге мүмкіндік алады.
Оқырмандардың есіне сала кетейік: бекітілген ереже бойынша екі аптада бір жұп айтысады. Өлеңнің көлемі төрт шумақтан, әр шумақ төрт тармақтан аспауы керек. Ал өлеңнің формасын түрлендіріп (мысалы, ромб, квадрат, үшбұрыш, шеңбер жасап) жазамын деушілер болса, олардың жаңашыл ізденісі де ескеріліп, бағаланады. Бірінші шумақта жалпылама ой айтылып, екінші шумақта белгілі бір мәселе көтеріліп, үшінші шумақта қарсыласқа нақты жауап беріледі, төртінші шумақта қарсыласқа сұрақ қойылып немесе жұмбақ жасырылады.
Қарсылас ақын өз кезегінде оған жауап беріп, қайыра сұрақ қойып, жұмбақ жасырады.
Газеттің бір санында бір ақынның өлеңі жарияланады. Келесі санында қарсыластың жауабы беріледі. Осылайша айтыс алма-кезек жүреді.
Әр жұптың айтысу мерзімі аяқталған соң, оқырмандардан келіп түскен телефон қоңырауларын, хаттарды ескере отырып, айтыстың үлкен жанашыры, ақын Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелігін айтып, жеңімпаздарды анықтап отырады.
Айтыстың жалпы қорытындысы биылғы жылдың бірінші жарты жылдығының соңында, яғни 2009 жылдың маусым айында шығарылады. Бұл жобаға тек қана айтыскер ақындар қатыса алады. Айтыс аяқталып, жүлдегерлер анықталғаннан кейін жобаның нәтижесі ретінде үлкен сахнада «Алаш айнасы» газетінің «Алаш ақыны» атты ақындар айтысы өтеді. Жеңімпаздардың жүлделерін тапсыру сол кезде жүзеге асады.