АВТОВАЗ жаңа «Нива» жобасын қайта қолға алды
Тольяттидегі зауыт «Ниваның» жаңа буынын шығаруға қайта кірісті. «Автопоток» telegram-арнасы машинаның Renault Duster-ге еш қатысы болмайтынын хабарлады. Жаңа өнім 2027 жылға дейін шығатын қазіргі «ниваның» орнын басады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Кolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Былтыр көктемде АВТОВАЗ бен Renault арасындағы қарым-қатынас үзілгенге дейін француз маркасы Тольятти топтамасын CMF B платформасына көшіруді көздеп жүрген. Сол қатарда Lada Niva-ның жаңа буыны Renault Duster-дің жол талғамайтын нұсқасына айналады деп жоспарлаған.
Қазір зауытта платформаға техникалық рұқсат болғанымен, жобаны аяқтау мүмкін емес. Инсайдерлер модель өндірісін бастауға мүмкіндік жоқ екенін айтады. Сол үшін процесті қайта басынан бастау қажет.
Қазір ғылыми-зерттеу жұмысы деп аталатын алғашқы кезеңге дайындық жүріп жатыр. Жол талғамайтын көліктің өлшемі қандай болатыны да белгісіз, бірақ «Нива-3» қазіргі «шнивадан» (Lada Niva Travel) сәл ғана үлкен болуы мүмкін. Сондай-ақ модель басты артықшылығы — толық жетек пен баяулатушы берілісті сақтап қалады.
Жақында зауыт басшысы Максим Соколов Lada классикалық «Ниваны» кем дегенде жарты ғасырлық мерейтойына дейін шығаратынын айтқан (2022 жылы модель 45-ке толды). Демек қазіргі буын 2027 жылға дейін конвейерден түспейді, соған сай оның орнын басатын жаңа «Нива» онжылдықтың аяғына қарай шығады.
«Нива-3» жобасы Тольяттиде шығатын тағы бір модель — Vesta NG платформасындағы кроссоверден өзгеше болады. Жол талғамайтын «Веста» әлдеқайда шағын әрі оның толық жетек жүйесі болмайды. Ол Vesta NG SW Cross универсалы болуы мүмкін.