Air Astana қатты турбуленттілік жағдайына тап болған ұшақ жайлы қосымша мәлімет таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға бүгін, 2 қаңтарда, Ташкент-Алматы бағытында қатынайтын KC128 рейсінде болды.
Airbus A321 бортында 134 жолаушы мен бір нәресте, сондай-ақ 9 экипаж мүшесі болған.
Авиакомпания қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
Қазіргі уақытта екі жолаушы медициналық көмекке жүгінді. Олар Алматы қаласындағы ауруханалардың бірінде тексеруден өтіп жатыр.
Дәрігерлердің алдын ала ақпаратына сәйкес, ешкімнің еш жері сынған жоқ.
Air Astana авиакомпаниясының қызметкерлері жолаушыларға көмек көрсету үшін ауруханада жүр.
Еске сала кетейік, бүгін Air Astana әуекомпаниясының Ташкенттен Алматыға ұшып шыққан KC 128 рейсінің бортында қатты турбуленттілік болған.
Ұшақ жергілікті уақыт бойынша 14.35-те ұшқан, сапар барысында әуе лайнері кенеттен қатты турбуленттілік аймағына түсті.
Компания оқиғадан жеті жолаушы түрлі жарақат алғанын хабарлады. Кейіннен Азаматтық авиация комитеті «Ташкент - Алматы» рейсіндегі төтенше жағдайдан зардап шеккен жолаушылар жайында мәлімет берді. Комитеттің алдын ала ақпаратына сенсек, оқиғадан 5 адам жапа шеккен. Төтенше жағдайға тап болған Air Astana ұшағындағы өзбекстандық екі әйелдің №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілгені мәлім болды.