Қарағанды облысында жаңа туған нәрестені ауруханаға апара жатқан жедел жәрдем көлігі жолдан шығып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«5 қаңтарда сағат 00:03-те Дубовка ауылынан 2 шақырым жерде жаңа туылған нәресте бар жедел жәрдем көлігі тас жолдан шығып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Қатты боран мен көктайғақ жағдайында оқиға орнына жеткен құтқарушылар жедел жәрдемде жаңа туған нәрестенің жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанын және арнайы құралсыз көшіру мүмкін еместігін анықтады», - деп көрсетті ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Жедел жәрдем көлігі жолдан 20 метрдей шығып кеткендіктен оны бірден сүйреп шығару мүмкін болмаған. Оның үстіне жедел жәрдем көлігінде жанармай аз болған. Оқиға орнына құтқарушылардың жедел әрекетімен жанармай мен жылы киімдер жеткізілді. Сондай-ақ, баланы Қарағандыдан келген жедел жәрдем көлігіне уақыт жоғалтпай жеткізу үшін тез арада жол тазартылды, өйткені дәрігерлердің айтуынша, жасанды тыныс алу аппаратынсыз баланы 30 секундтан артық ұстауға болмайды.
Қызметкерлердің уақтылы әрекетінің арқасында бала жедел жәрдемге жеткізіліп, кейін Қарағанды қаласының ауруханасына жатқызылды.