Абайдың айналасы – ақындық мектеп қана емес, қайраткерліктің, ұлтшылдықтың ұлы өнегесі

Абайдың айналасы – ақындық мектеп қана емес, қайраткерліктің, ұлтшылдықтың ұлы өнегесі

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қазақтың басынан кешкен тарихының кейбір кезеңдерін жырлайтын бір өлеңінде «Бұқар тұсы», «Абай тұсы», «Маса тұсы» деп қазақ басынан өткен кезеңдерді нақты тұлғалармен, олардың ұлт алдындағы ерен еңбегімен екшеп, айрықша бөліп алып суреттейтіні бар. Расында, мұндағы «Абай тұсының» ел тарихындағы орны маңызды еді. Патшалық Ресей қазақты отарлау саясатын барынша игеріп тұрған уақытта өмір сүрген Абай өз заманында айналасындағылардың, соңынан ерген шәкірттерінің біліммен сусындаудағы, мәдениет пен саясат жолындағы рухани ұстазына айналып, кейіннен олардың ұлт ісінде айрықша серпілуіне үлкен себеп болды. Абай өзінен кейінгілерге ісімен ғана емес, дана ойшылдығымен, елшілдік ұранымен де үлгі-өнеге бола білді. Өзінен дәріс алғандарды «жылтыраған түйме», шен-шекпен үшін емес, халқы, ұлты үшін қызмет етуге үндеді. «Орыс айтты өзіңе ерік берем деп, кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп», – дей келе, патшалық әкімшілік тарапынан жүргізіліп отырған саясатты сынап, сол жолда далбақтап жүгіргендерді надандар қатарына жатқызған болатын. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың» деген өлмес өсиетті де Абай қалдырды.
Мінеки, осындай дана­лық­тың үлкен мектебінен өткен ақын шә­кірттерінің қай-қайсысы болса да ел басына күн туған шақта өз басының амандығын күйттеп кетпей, қиын-қыстау заманда жұртымен бірге болды. Шама-шарқынша ұлттың ауырт­па­­лы­ғын мойнымен көтере бө­лісіп, сол жолда құрбандыққа бастарын да тікті. Сондықтан да «Абай тұсынан» кейінгі «Оян, қазақ!» тұсында да «Маса тұсы» мен «Алаш тұсында» өмір сүрген қазақтың біртуар азаматтары, ұлт қайраткерлерінің баршасы дана Абайды рухани ұстаз ре­тін­де санағандығы белгілі. «Қазақ­тың бас ақыны – Абай. Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», – деп жазған Алаштың ардақты қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы да мысал өлеңдерін жазғанда Абай салған соқпаққа сүйенеді. Осы бағытта таза Абай үлгісімен отаршылдық зар­дабының қазаққа батқан жағ­­дайын суреттеп, «Маса» ат­ты әйгілі өлеңдер жинағын шы­ға­ра­ды.
Мұхтар Әуезовше айтқанда, А. Бай­­­тұрсынұлының «Маса» атты бұл еңбегі «қазақ оқушысына естілген екін­ші ел­шілдік ұраны болды». Жинақ 1911 жылы ба­сылып шығып, бүкіл қазақ да­л­асында қол­дан-қолға таралды. Ендеше, дәл осы «Маса тұсында» өмір сүрген Абай шә­кірттері де Алаш партиясының көсемдері та­рапынан ай­тыл­ған елшілдік ұранын өз­деріне барынша жақын жүрекпен қа­был­дап, ұлт қай­рат­кер­лерінің сын сағаттағы әре­кеттеріне жан-жақты қолдау білдірді. Абай қайтыс бол­ған­нан кейін оның ағар­ту­шылық мұрасын дә­ріп­теген ақын шә­кірт­тері сол кезеңдегі қазақтың кең да­ла­сын­дағы зиялы топпен рухани байланысты аң­­сағаны заңдылық. Осы ретте ақынның тұң­­ғыш өлеңдерін Әлихан Бөкей­хан­ның ыж­даһаттықпен басып шығаруға жәр­дем бергені Абай шәкірттерінің орта­сын­да жо­ғары бағаланатыны да заңдылық. Со­ны­мен бірге, Абай шәкірттері де сол кезең­дер­де шығып тұрған «Қазақ» газетіне шын ар­қа сүйеп, газетті, оның ұйымдастырушы, шы­­ғарушы азаматтарын қазақ халқының нағыз қамқоршысы ретінде түсінді.
Шындығында, Абай шәкірттері мен ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялыларын байланыстырып тұрған сабақтастықтың бір ұшы ақынның даналығын мойындап, оның ұлы құдіретіне табынуға келіп тіре­леді. Өйткені Абай өмірден өткеннен кейін оның атын алғаш баспа жүзіне кө­те­ріп, дала оқушыларына ғана емес, орыс зия­лыларына да кеңінен таныс­тыр­ғандар да осы Алаш зиялылары болатын. Нақ­ты­ла­сақ, Әлихан Бөкейхан Абайдың атын оның көзі тірісінде-ақ (1903 жылы) қазақ­тың мәдениеті мен салты жайында ғы­лы­ми-экспедиция бойынша жазған жаз­ба­ла­рын­да орыс оқымыстыларына таныс­ты­ра­ды. Кейін­нен «Семипалатинский листок» газетіне Абай туралы қазанама жазып, жақын арада ақын өлеңдерінің жинағы ба­сылып шығатынын жариялайды. Бұл жинаққа сол уақыттарда Әли­ханмен жол­дас­тығы жарасып қалған Тұ­рағұл Абайұлы мен Кәкітай Ысқақұлы көп көмек бергені мәлім. Бірақ сол газет хабар­ламасы шық­қан­нан ұзамай жатып-ақ Әлихан Павлодар түрмесіне қамалып, баспаға дайын тұрған Абай өлеңдері басылмай қалғаны белгілі. Осын­дай зобалаң заман, сұм саясаттың кесірінен Абайдың тұңғыш кітабы тек кейінірек 1909 жылы ғана жарыққа шығады. Бұл жөнінде Мір­жақып Дулатұлы «Қазақ» газетіндегі ма­қаласында «1909 жылы Абайдың ба­ла­ла­ры мен інілерінің ризалығы һәм Әли­хан­ның ыж­даһатымен Абай кітабы Петербургте Бу­раганский баспаханасында басылып шықты» деп жазады. Мінеки, ғасыр ба­сын­дағы көзі ашық зиялы топтың осылайша бір-бірімен алыстан түсінісуі арқасында олардың ын­ты­мақтастығы Алаш партиясы дүниеге келген, яғни Сұлтанмахмұтша айт­қанда, «Алаш тұ­сында» да одан сайын бе­ки түсті. Абай мектебінің шәкірттері Көкбай, Баймағамбет, Иман­базар, Шәкәрім, Тұра­ғұл, Кәкітай секіл­ді басқа да кесек тұлғалар Алаш партиясының құ­рылуына жан-жақты қолдау білдіріп, ұлт­тық бірігуге барынша құшақтарын ашты. Тіпті Абай шәкірттері 1917 жылдары Алаш партиясына қарсы құ­рылған «Үш жүз» атты партияның ұстан­ған қате­лік­терін бетіне басып, баспасөз арқылы «Қазақ­тан шыққан арамзалар» деген атпен жұрт­шылыққа арналған үн­деу­лерін жариялайды. «Сарыарқа» га­зе­тінде басылған бұл мақа­ла­да: «Біз, Алаш пар­тиясының соңынан ере­міз, анық көш­бас­шымыз сонда!» деп Үндеу соңына қол­да­рын қойған азаматтардың ішін­де Абай шәкірттері, атап айтқанда Иманбазар Қа­зан­­­ғапұлы, Көкбай Жанатайұлы, Дін­ис­лам Тәңір­берді немересі, өздерін Алаш пар­тия­сының қолдаушысы ғана емес, қор­ғау­шысы ретінде де көрсетеді. Ал Абайдан кейінгі оның өнегесін жалғастырушы ұлт қай­раткері Шәкәрім Құдайбердіұлының Алаш партиясы қатарындағы айрықша орны бар тұлға екен­дігі мәлім. Шәкәрім Орын­борда өткізіл­ген Екінші жалпықазақ съезіне арнайы шақы­ры­лады. Шәкәрім осы жолы құрылған Алаш­ор­даның қазысы, яғни төбе биі болды.
Алаш партиясы құрылғанда оның Се­мей об­лыстық комитетінің мүшесі болған бел­сен­ділердің бірі – Тұрағұл Абайұлы. Тұ­рағұл алғаш Абай жинағы жарыққа шық­қаннан бастап Әлихан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы, Міржақып Дулат­ұлы­мен бір тілекте бол­ды. Бірақ кейін­нен билікке келген кеңес өкіметі Алаш­тың белсенді мү­шесі ретінде Тұра­ғұл­дың басына да қара бұлт боп үйірілді. Алаш қайраткерлерінің рухани көсемі бол­ғандықтан да, Абай өнегесі қызылдар та­рапынан барынша мансұқталып, Абай­дың ұрпағы, шәкірттері жаппай қудалауға ұшы­рағаны белгілі. Алашорданы біржолата ха­лықтан шеттету мақсатында олардың ру­хани ұстазы – Абайды қаралауға бағыт­тал­ған ма­қа­лалар баспасөзде етек алып, соңы ай­тыс-тар­тысқа ұласады. Әпер­бақандық пен жалған айып­тау­шы­лық­тың салдарынан Абайдың даналық мектебінің ізбасарлары түгелдей қуғынға ұшырады. Абайдан кейінгі ұстаз саналған Шәкәрім қарттық өмірінің ақыр­ғы кезең­дерін қайғы-қасіретпен өткізіп, 1931 жылы қазан­ның 2-сінде 73 жасында қы­зыл­дың қандықол жендет­терінің қолы­нан қаза тапты. Абай баласы Тұрағұл да Әли­хан­дардың қа­та­рында түрмеге жабы­лады. Түрмеден босап шық­қан­нан кейін бай тұ­қымы ретінде кәмпескеленіп, Шым­кентке жер ауда­ры­лады. Тұрағұлдың жақын туыс­тары Семейде тобықты елінің бас көтерер 70-ке жуық адамымен бірге қызыл­дар қолынан атылып, өзі 59 жасында нау­қас­та­нып, Шымкентте қайтыс болады. Сүйегі қаладағы мұсылмандар қабіріне жер­лен­гені­мен, кейіннен сол зираттың үстіне Шымкент химзауыты салынып, Тұрағұлдың сүйегі со­ның астында қалып кеткенге ұқ­сай­ды. Жал­пы, Абайдың ақын­дық дәстүрін ілгері жал­ғас­­ты­рушылардың ұлт қыз­ме­тін­дегі ерен еңбектері әлі де толық зерттеліп, мұнымен жұртшылық кеңі­­нен танысқан жоқ. Біздің ойымызша, Абай туған өлкеде, оның көзі ашық шәкірттері топтасқан ор­тада Алаш ор­да­сының туы тігі­ліп, Алаш қа­ласы ретінде шо­ғырлануы да жайдан-жай емес. Өйткені ал­мағайып заманда ұлт зиялыларын ал­ғаш­қылардың бірі болып қолдаған топ осы Абай шәкірттері еді. Сон­дықтан да Алаш пар­тия­сына атса­лыс­қан Абай шәкірттерінің қай­рат­керлік ең­бек­тері түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Абай мектебі – тек ақындық мектеп қана емес, да­налықтың, ұлтшыл­дықтың ұлы өнегесі. Абай шәкірттері мен ұрпақтарының басына бұлт үйіріліп, бағы таюы да өз хал­қының басына түскен ауыр күн, зұл­мат­тармен ас­тарлас. Түйіндей айтсақ, Абай мектебінің зерт­­теушісі атанған Қайым Мұха­мед­ха­нов­тың ақын шәкірт­терінің мұрасын зерт­теу­дегі еңбегі орасан зор. Дегенмен де Абай шә­кірт­терінің қай­рат­керлік ісін зер­де­леу кемшін. Ел бола­мыз десек, елшілдік жолындағы ұлт зия­лы­­лары қалдырған ру­хани мұра толық иге­рі­луі керек. Алаш зия­лылары ту еткен ұлттық идея биі­гінен кө­ріну – қазақ зия­лы­сының ғана емес, бүгінгі әм келер ұрпақ ал­дында тұрған басты мін­дет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста