Нақты вирустармен күресу үшін арнайы маман дайындайтын кафедра қажет

Нақты вирустармен күресу үшін арнайы маман дайындайтын кафедра қажет

Еділбай ШУРАТОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Бүгінде қоғамымызда вакцинаға қатысты екіұдай пікір қалыптасқан. Кейбір ата-аналар вакцинаны баласына іздеп жүріп салдыртса, енді бір ата-аналар жергілікті емханалар арқылы мемлекеттің қолдауымен балалардың жас шамасына қарай салынатын тегін вакцинаның өзін салдыртпай, өтініш жазып, бас тартып жатыр. Вакцина туралы мұндай екіұдай пікірлердің қалыптасуы неліктен?
– Шынымен, вакцинаға қатысты мұн­дай мәселе бар. Өкінішке қарай, ата-ана­лар ғана емес, дәрігерлердің арасында да вакцинаға қырын қарайтындар баршылық. Вакцина – биологиялық препарат. Ол әр­бір ағзаға әрқалай әсер етеді. Бұл – табиғи заңдылық. Кейбір ағзада вакцина қол­дан­ған соң, аяқасты өзгерістер болып жатса, кейбір ағзада вакцинаның әсері елеусіз өтеді. Баз біреулерде вакцинаның орны қызарып, дене қызуы көтеріліп кетеді. Осыған орай, адамдарда да вакцинаға қатысты түрлі пікір, түрлі көзқарас қалып­тасып жатады. Сондай-ақ адам ағзасының вакцинаға аллергиялық әсері де болады. Бұл да – қалыпты құбылыс. Мұның ең ауыр түрі аллергиялық шок деп аталады. Мұндай жағдайда адам 15-20 минуттың ішінде өмірден өтіп кетуі де мүмкін. Сон­дықтан вакцина егетін емханалар мен орталықтарда аллергиялық шокқа қарсы арнайы дәрі-дәрмектердің барлығы алдын ала дайындалып қойылады. Аллергиялық шок орын алған жағдайда дәрігерлер қа­жетті медициналық жедел көмектің бәрін жасауға алдын ала даярланады. Бірақ аллергиялық шок – өте сирек кездесетін жағдай. Сондықтан вакцинадан қорқудың қажеті жоқ. Мәселен, бүгінде В гепатитіне қарсы егілетін вакцина көптеген жерде кеңінен қолданылып келеді. Қолданылу барысында біз олардың адам ағзасына қалай әсер етіп жатқанын да үнемі зерттеп отырамыз. Әлемдік зерттеулерге қараған­да, әлгі аллергиялық шок 600 мың адам­ның бірінде ғана кездесетіні белгілі болып отыр. Атап айта кетерлік жайт, вакцина аурудың алдын алуда бірден бір тиімді тәсіл болып саналады. Жүз мыңдаған адам­ның бірінде ғана кездесетін жағдай үшін дүрлігудің қажеті жоқ секілді. Бізде көбінесе басқа діни көзқарастағы ата-аналар қарсылық білдіріп жатады. Бүгінде шамамыз келгенше олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әрине, ата-аналардың балаларының денсаулы­ғына алаңдауын түсінуге болады. Бірақ вакцинаны қолданудан гөрі қолданбаудың қаупі мол екенін ұғынуымыз керек. Ауру таралып кеткеннен кейін онымен күрес­кенше, оның алдын алу әлдеқайда тиімді. Сондықтан бүгінде әлем бойынша вакцина егу әдісі кең таралып отыр. Егер вакцина болмаса, түрлі қауіпті аурулар халық арасында кең таралып кетер еді. Вакцина – жұқпалы аурудың алдын алуда ең тиімді тәсіл. Мәселен, әлем бойынша оба ауруы вакцинаның арқасында жойылды. Ең соң­ғы рет оба 1981 жылы тіркелді. Вакцинаны қол­данудың арқасында обаны ауыздық­тадық.
Тағы бір мысал: қай бір жылы оңтүстік өңірде полиомиелит ауруы тіркелді. Тә­жік­с­­тан жақтан келген деген жорамалдар ай­тылды. Вакцинаның арқасында бұл қауіпті аурудың алдын алып үлгердік. Тәжікстанда сол кездері елдегі қиын ахуалға байланыс­ты халыққа вакциналау жұмыстары жүр­гізілмеген. Соның салдарынан атал­мыш елде полиомиелит дерті тараған. Алыс-беріс арқылы біздің елге келген. Республи­ка бо­йынша жаппай екпе жұмыстарын жүргізіп, оның одан әрі таралуына тос­қауыл қой­дық. Бүгінде әлем бойынша қол­даны­латын вакцинаның 18 түрі бар. Соның ішін­де 11-і біздің елімізде мемлекет тара­пынан қар­жыландырылып, халқымызға тегін егіле­ді. Алдағы уақытта бұл вакци­на­лардың саны әлі де болса артады деп күтілуде. Тағы 40 шақты вакцина әлем бойынша зертте­ліп, тексерілу үстінде. Бүгінде СПИД-тің де вак­цинасы іздестіріліп жатыр. Елімізде вак­цина ең алғаш бала дүниеге келген соң екі-үш күннен кейін перзентханада, одан кейінгі вакциналар република бойынша жаппай баланың әртүрлі жасында егіледі. Елімізде кейбір вакциналар тек белгілі бір аймақтарда қолданылады. Мәселен, кене энцефалиті­не қарсы егілетін вакцина тау­лы аймақ­тарда ғана егіледі.
– Елімізде қатерлі ісік аурулары­ның ішінде әйелдерде кездесетін жатыр мойыншағы ісігінің алдыңғы орынға шығуына орай, аталмыш ауруға қарсы егілетін вакцинаны 12 жастағы қыздарға тәжірибе ретінде егу де көпшілік­тің түсінбестігін тудыруда. Жасөс­пірім қыздарды тәжірибе алаңы ретінде қарастыру қаншалықты дұрыс?
– Бұл вакцина қазір көптеген елде кеңінен қолданылуда. Тіпті кейбір елдерде міндетті вакцинаның қатарына қосылған. Біз қаражаттың аздығына байланысты ал­ды­мен кейбір облыстарымызда қолданып, оның әсерін басқа облыстағы ахуалмен салыстырып, аталмыш вакцинаның қан­ша­лықты тиімділігін дәлелдеуді мақсат етіп отырмыз. Ал аталмыш вакцина тиім­ділігі әлдеқашан дәлелденген. Елімізде қатерлі ісік дертінің дендеп кетуіне бай­ланысты бұл вакцинаны міндетті түрде егі­летін вакциналардың қатарына енгізу қажеттілігі туындап отыр. Елімізде жылына 1 мыңдай әйел қатерлі ісік дертіне шал­дықса, сол бір жылдың ішінде 500-дейі қайтыс болады екен. Әлем бойынша алып қарастырғанда, осы ауыр дертке шалдық­қандардың тең жартысының жыл сайын о дүниеге аттанатыны анықталған. Демек, қатерлі ісік ауруының алдын алуға машық­танбасақ, бұл ауруға шалдыққандарды емдеп сақтап қалу өте қиын екенін тәжіри­бе көрсетіп отыр. Қазір дамыған елдердің көбі халқын қауіпті аурудан алдын ала вакцина егу арқылы сақтап отыр. Мемлекет үшін ең үлкен байлық – дені сау халық. Сондықтан біз де вакцинаға шошып қара­май, оның тиімділігін сезініп, халықтың денсаулығын сақтау үшін әлемдік тәжіри­бедегі вакциналардан қаражатты аямай сатып алып, халыққа тегін егу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Негізі, жыныстық қауіпті вирустар жыныстық қатынас арқылы жұға­ды. Алғашқы жыныстық қатынас арқылы қыз балалардың 80 пайызы түрлі қауіпті вирустар жұқтыратыны дәлелденген. Сондықтан біз қауіпті вирустардың алдын аламыз десек, қыз балалар жыныстық қатынасқа түспей тұрып, вакциналарды егіп үлгеруіміз керек. Сонда ғана қауіпті жыныстық вирустардың алдын аламыз. Вакциналарды неғұрлым ерте ексек, со­ғұр­лым қауіпті рак ауруының алдын алу мүмкіндігі де жоғарылай бермек. Еліміз бойынша қыздарды 11-12 жастан бастап егуге шешім жасалды. Кейбір елдер осы вакцинамен қыздарын 9 жастан бастап егеді. Негізі, бұл вакциналардың бағасы өте қымбат. Бірақ, амал жоқ, адам өмірі бәрінен қымбат.
Негізі вакциналардың пайдасы өте үлкен. Бірақ халқымыз вакцинаның тиім­ділігін сезіне бермейді. Шетелде адамдар аурудың алдын алу үшін өздері іздеп жүріп вакцина салдыртса, біздің елімізде міндетті вакцинаның өзінен бас тартып жатады. Шетелдіктер бір елге жол жүрер алдында сол елдің табиғи жағдайын ескере отырып, қажетті вакцинаны шекарасынан аттамай тұрып салдырып алуды жөн көреді.
– Елімізде вакцина қолданылғалы бері қандай аурудың түрлері қанша пайызға кемігені туралы нақты деректер – бар ма?
– Соңғы кездері күз мезгілінде елімізде тыныс жолдары жұқпалы ауруының алдын алу үшін балалар мен қарт кісілерге тегін вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Жыл өткен сайын вакцина егілетін халық санының артуымен бірге жұқпалы тыныс ауруына шалдығатын адамдардың қатары да кеміп келе жатқаны байқалады. Айта кетер жайт, тұмау секілді ауруды қоздыра­тын 200-ден астам вирус бар. Кейбіреулер «вакцинамен егілсем де, тұмауратып ауырдым» деп реніштерін білдіріп жатады. Мұндай пікірді мен де көп естимін. Бірақ бір еккен вакцина 200-дей вирустың бәріне әсер ете алмауы мүмкін. Бірақ вак­цинациялау бәрібір тұмаудың алдын ала­ды. Қай бір жылы тұмауратып ауырған адамдарды зерттеп қарағанда, бәрінің вак­ци­на салдыртпағаны анықталды. Вакцина егілгендердің 60-70 пайызының мүлдем ауырмайтыны белгілі болып отыр. Ауырған күннің өзінде ауру белгілері науқастың бойында жеңіл өтеді. Аурудың белгілерінің өзі антигендік жағдайлар мен индивидуал­дық ерекшеліктерге байланысты. Өкінішке қарай, вакцина 100 пайыз қорғамайды. Өйт­кені ауру мен вакцина адамның жеке ерекшеліктеріне байланысты әсер етеді. Мәселен, кейбір адамның иммундық қабі­леті өте төмен болуы мүмкін. Сондықтан адам егіліп қана қоймай, иммундық жүйе­сін үнемі күшейтіп отыруы тиіс.
Тұмаудан басқа ауруларды алып қарай­тын болсақ, полиомиелиттің жойылуы вакцинаның арқасы екені даусыз. 1975 жылдан бастап қызылшаға да қарсы егу жалпыхалықтық дәрежеде жүргізілуде. Сол кезеңмен салыстырғанда, қызылша да айтарлықтай азайған. Балалар арасында көп тараған аурудың бірі – А гепатиті. 1998 жылы елімізде 100 мың адамға шаққанда 200-300 науқас анықталған. Бұл – жоғары көрсеткіш. Әсіресе А гепатиті Маңғыстау облысында өте көп тіркелген еді. Республи­камыздың басқа өңірлерімен салыстыр­ғанда Маңғыстау облысы екі есе жоғары көрсеткішке ие болған. 1999 жылы арнайы балаларға арналған америкалық вакцина алдырылды. Вакцинаны алты-сегіз ай сайын екі қайтара 2-3 жастағы балаларға ектік. Нәтижесі айтарлықтай білінді. 2-3 жастағы балалар арасында аталмыш ауру­мен ауыратын балалар саны күрт азай­ды. Ал 6-8 жастағы балалар арасын­дағы ауру деңгейі төмендемеді. «Мүмкіндік болса, қаржы бөліп, егуді 5 жасқа дейінгі бала­ларға да жүргізу қажет» деген ұсыныс айт­тым. Сол кезде осы істің басы-қасында жүр­ген едім. Жергілікті бюджеттен қосым­ша қаржы бөлініп, тағы вакцина егі­ле­тін балалар саны жасына қарай көбей­тілді. Вакцина салынған 12 жылдың ішінде аталмыш ауру 60 есеге кеміді. Қазір 10 жасқа дейінгі балалар арасында бұл ауру түрі мүлдем кездеспейді деуге болады. Басқа облыстармен салыстырғанда, Маң­ғыс­тау облысы А гепатитінен ең төменгі көрсеткіш көрсетіп тұр. Бұл вакцинаның бағасы қымбат. Еліміздегі барлық балалар­ды тегін егумен қамтамасыз етуге мемлекет тарапынан бөлінген қаржы жетпей отыр. Сондықтан Маңғыстау облысының нәти­жесін көргеннен кейін, Үкімет жергілікті бюджеттен балаларды егуге қаржы бөлу туралы қаулы шығарған. Әр облыс өздері­нің шамасы жеткенінше А гепатитінің вак­цинасына ақша бөлуде. Бүгінде облыстар­дағы ауру көрсеткіші де бөлінген қаржы түріне қарай әрқалай. Қазір ауру көрсеткіші жоғары болып тұрған облыстар Қызылор­да, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары. Сәйкесінше, аталмыш облыс әкімдерінің қаржы бөлуі төмен. Сондықтан мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемін әсіресе ауру көрсеткіші өте жоғары Қызылорда мен Оңтүстік Қазақ­стан облыстарына көбірек бағыттау туралы ұсыныстар айтқанбыз. Әзірге бұл өтінішіміз аяқсыз қалып отыр. Тіпті міндетті вакцина­лардың қатарына қосып, вакциналық күнтізбеге енгізу туралы да ұсыныс болған. Өйткені міндетті вакциналар қатарына өтсе, балаларды егу толығымен мемлекет міндетіне өтер еді. Жеме-жемге келгенде А гепатитіне қарағанда пневманиямен ауыратын балалар саны жоғары деп, қар­жы да сол жаққа ауып кетті. Әрине, ауру­дың жақсысы жоқ. Дегенмен денсаулықтан қаржы аямау керек. Қаржы мол болса, ауруға қарсы вакцинаны тегін еккенге не жетсін. Бірақ қазірге қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр.
– Вакцина туралы қауесет көп. Біреулер вакцина адамның ағзасының аурумен күресу қабілетін жойып жібереді дейді. Бұл әңгіме қаншалықты негізді?
– Жоқ, бұл – негізсіз әңгіме. Вакцина, керісінше, ағзаның аурумен күресу қабіле­тін күшейтіп, ауруға қарсы иммундық қа­бі­летті де көтере түседі. Мұның бәрі – вакци­наға қарсы адамдардың шығарып жүрген алып-қашпа әңгімелері. Көп жағ­дай­да балаларын ектіруге қарсы ата-ана­лар «ба­ла­ларымыз ауырған жоқ, егудің қажеті не» дейді. Халқымыз аурудың ал­дын алуға машықтанбаған. Алайда қазір шекарамыз ашық жатыр. Кез келген уақыт­та көрші ел­дер­ден кез келген ауру түрі еніп, ел арасы­на таралып кетуі әбден мүмкін. Тәжікстан­нан полиомиелиттің  келгені се­кіл­ді басқа да ауру түрлерінің кез келген уақытта халық арасына тарап кетуі әбден мүмкін. Олай болмайды деп ешкім кепілдік бере ал­май­ды. Вакцина егілгеннен кейін ағза қорғаныс қабілетін күшейтіп, ауруға да­йын болады. Айта кетер жайт, соңғы кез­дері В гепатитіне қарсы егу жұмыстарын жүргізгелі бері А гепатитінің де төмендеуі байқалуда. Демек, әсеріне байланысты кейбір вакциналар жанама түрде басқа да ауруларға қарсы әсер ете бастайды. «Вак­ци­наға қарсы адамдар – егілуге қатысты толық ақпаратпен қамтылмаған адамдар» дер едім.
– Діни көзқарасына байланысты вакцинадан бас тартатын ата-аналармен сіздердің тараптарыңыздан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?
– Бұл тікелей бізге қатысты нәрсе емес. Негізінен, Санитарлық -эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжіри­белік орталығы түрлі семинарлар өткізіп, БАҚ-ты жұмылдыру арқылы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жергілікті арнайы егу каби­неттеріндегі дәрігерлер де барлық ата-анаға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әйтсе де халыққа көп жағдайда маман­дар­дың аузымен айтылған кеңестерден гөрі ел ішіндегі алып-қашпа әңгімелер көбірек әсер ететі­нін байқаймыз. Біз әрбір емдік шараны көктен алмаймыз. Оның бә­рі – әлемдік дәрежеде жан-жақты зертте­ліп, толық тәжірибеден өтіп, халық ара­сын­да кеңінен қолданылып жатқан емдік шаралар.
– Шыны керек, қазір бұрыннан бар ауру түрлері «жасарып», жастар арасында жиі кездесетін болса, ал енді бір аурулар жаңа­дан пайда болып жатыр. Қазір ауру да, вирус та көп. Мұның негізгі сыры неде?
– Әлем бойынша барлық нәрсе циклдік қайталану заңына бағынады. ХIХ ғасыр­дың ортасынан бастап ХХ ғасырдың ортасына дейінгі уақыт микроб ғасыры еді. Көптеген бактерия ашылып, ауру түрлері де көбейіп кетіп еді. Инфекцияларға қарсы күрес те көп жүргізілді. ХХ ғасырдың орта­сынан бастап бүгінге дейінгі уақытты вирус ғасыры деуге болады. Бактериялар да кездескенімен, вирустың көбейгені байқа­лады. Тіпті жедел вирустық инфекциялар азайып барады. Ал созылмалы ауруларды қоздыратын вирустар табылып, ондай аурулардың да түрлері көбеюде. Мәселен, СПИД, С гепатиті, жатыр мойыншағының ісігі секілді аурулар. Кейбір вирустар адам ағзасындағы бірнеше органды қатар за­қым­дап, бір мезгілде түрлі ауруларға қатар шалдықтырады. Осыдан келіп ауру түрлері де, вирус та көп деп жатырмыз.
– Соңғы кездері халық арасында аллергиялық ауру да көп. Кез келген нәрсеге аллергиялық әсер туындауын қалай түсінеміз?
– Кейде аллергияның туындауына көбі­рек әсер ететін белгілі бір нәрселер бола­ды. Мәселен, мен қаладағы қара­ғаш­тар мен теректердің барлығын кесер едім. Теректің өздігінен аллергия тудыратын аллергендік әсері бар. Жалпы, күнделікті тұрмысымызда адамға аллергиялық әсер беретін заттар жетерлік. Айналып келгенде, мұның бәрі адамның иммундық жүйесінің төмендеуінен деп ойлаймын. Осыдан ке­йін адамдар кез келген экологиялық жағ­дай­дың нашарлауын да, көшедегі аллер­гендік әсері жоғары өсімдіктердің де әсе­рін көтере алмайды.
– Елімізде вирусолог маман жеткілікті ме?
– Өкінішке қарай, дәл қазір біз маман қалыптастыруға көңіл бөлмей отырмыз. Кезінде бізде вирусология саласымен айналысатын алты зертхана болған еді. Содан бүгінде қысқарып, бар болғаны екі лаборатория ғана қалды. Еліміздегі меди­ци­налық оқу орындары да вирусолог ма­ман дайындап жатқан жоқ. Медициналық университеттерде медициналық профи­лактика факультетіне қарасты микробио­логия кафедрасы бар. Бірақ онда вирусо­лог маман дайындауға сағат саны жет­кі­ліксіз. Вирусология микробиология­ның бір саласы болғанымен, нақты вирус­тармен күресу үшін арнайы маман дайын­дайтын кафедра қажет.

Алашқа айтар датым...
ХХІ ғасырды вирусты патологияның ғасыры деп танитын болсақ, оның ішінде баяу тарайтын созылмалы жұқпалы вирустардың тарауы кең етек жайып барады. Демек, елімізде бұл ғаламдық проблеманың шешімін табатын, ғылыми-тәжірибелік зертханалар мен вирустарды зерттейтін медициналық орталықтар ашуымыз керек. Сондай-ақ білікті мамандар мен заманауи, озық технологиялармен жабдықтап және сол орталықтар жұқпалы ауруларды қоздыратын вирустармен күресуді қолға алса, құба-құп болары анық. Оның үстіне, мұндай зертханалар вирусты аурулардың генодиагностикасын дамытуға атсалысып, молекулалық эпидемиология мен вирусология мамандарын дайындауға өз үлесін қосары сөзсіз. Сондықтан әр ауруды зерттеп, алдын алу шараларын жүргізу қызметі өзімізде іргелі түрде пайда болса, дұрыс болар еді. Осындай орталық аясында түрлі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге де мүмкіндік туар еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста