Кәсіподақтар ұйымының өзіне тән қазақстандық үлгісін қалыптастыруға тиіспіз

Кәсіподақтар ұйымының өзіне тән қазақстандық үлгісін қалыптастыруға тиіспіз

Сиязбек МҰҚАШЕВ, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы:

– Сиязбек Өнербекұлы, әңгімені өткен жолы баспасөзде жарияланып, қоғамда кеңінен талқыға түсіп жатқан Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағ­дар­ламалық мақаласынан бастасақ. Президент көтерген мәселенің өзіңіз бас­қарып отырған салаға қатысты тұсы­нан не түйдіңіз? Пайымыңызбен бөліссеңіз?
– Қазақстан – мемлекет болу тарихы­ның 20 жылдығын сәтті еңсерген ел. Ұлт­тық даму жолында жаңғырдық, ұлысы­мыз­ды түлеттік. Бұған ең алдымен ел бас­шы­лығының ұстанған саясаты үлкен демеу болды деп білемін. Дегенмен алда әлі де талай күрделі асулар бар. Ал сол асуларды еңсергенде ең алдымен өткенді саралап, бүгіннің қажеттілігін дөп баса білу шарт деп ұғынамын. Осы тұста бір ой келеді. Қазақстан Тәуелсіздігінен бергі ара­лықта көпшілік қауым мемлекеттік һәм ұлттық идеология бағыты мен тақырыбына қатыс­ты сан-саққа жүгіретін пікірлерді алға тартып келгені есте. Тіпті баспасөзде осы ұлттық идеология туралы тартыс әлі де толастаған емес десем, артық айтпаған болармын. Қызу пікірталастар арқасында ұлтты ұйытатын дүниелер ұдайы көлденең тартылып келеді. Дегенмен барша қоғам ортақ тоқайласып, дүйім жұрт тоқтаған идеология бағытын әлі таппаған секілдіміз. Бұл тұрғыдан келгенде, менің ойымша, Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан­ның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы Қазақстан дамуының келешек сұранысына толық жауап бере алатын, барша қазақстандықтарды ұйытатын идеологияға айналдыру үшін ортаға дөп тасталған ұран деп атауға болады. Мақа­ланың тұтастай мәні – «еңбек етсең емер­сің» деген мәтелге келеді. Бұл – шын мә­нін­де, бүкіл қазақстандық қоғамды оятатын, жаһандық үдерісте бәсекелестікке тө­теп беріп, өзгенің алдында өзіміздің ұлт­тық мүддемізді ажыратуға үндеген ұран. Өйткені Президенттің мақаласы аяқ астынан туындаған мәселе емес, пісуі жеткен, қоғамның күн тәртібіне өзі сұранып тұрған зор қажеттілік.
Баршаға белгілі, Елбасы ұстанған сая­саттың негізінде әу бастан «алдымен экономика, содан соң саясат» қағидаты жатты. Сол экономикалық дамумен бірге, тұрақтылықтың тірегіне айнал­ған ұлтара­лық қатынас, конфессиялар ара­сын­дағы татулық пен бірлік мәселесі де өзекті болды. Ал ендігі шақтың өзектісі – тұрақты қоғамды тұтастай адал еңбекке жұмыл­дыру. Осы тұрғыдан кел­генде, мен «бізде ұлттық идеология жоқ» дегенді айта­тындарға Елбасының мақала­сы нағыз жауап болмақ дер едім. Тағы да тоқтала­тын жайт, Мемлекет басшысы айт­қан әлеу­меттік жаңғырту бүкіл саланы қамтып отыр әрі ондай жаңғырту­дың қай­нар көзі кез келген азаматтың өзі­не және соның еңбегі арқылы келетінін тү­сінетін уақыт жетті. Қазақ халқы неге бас­қадан кем болуы керек? Басқадан ар­тық болу­дың жолы қайсы? Осындай сұ­рақ­тардың жауабы да әлгі мақалада. Елбасы еңбек арқылы ұлт­тың сапасын көте­руді, халық­тың санасын оятып, масылды­ғын жоюды айқын­дады. Ендеше дәл осы мәселені ұлттық идео­логияға айналды­ру­ға кім дау шы­ға­рар? «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз­дың ай­тып кеткен асыл сөзін ұран қылып көте­руден еш ұтылмаймыз. Оның үстіне, біріншіден, ең­бек адамын қолдау, жұ­мысшы жағдайын жақсарту секілді қағида төңіре­гінде еш­қандай дау-дамай болмайды. Екіншіден, еңбек ешкімді алаламайды. Мұн­дай идео­логияның діни, саяси, тілдік көзқарастарға еш қатысы жоқ әрі осы үш мәселеде бір-бірін «жақтыр­май­тын» топтар еңбекке кел­генде бәрібір жүгінеді. Президент бү­гінгі күні барша қазақстандық­тар­ды топтас­тыратын идеологияны тап басып берді, енді тұтас қоғам осы төңі­ректен табылсақ игі. Бұл менің ғана емес, елдегі бар­ша кәсіп­одақ ұйымдарының да ұста­нымы.
– Сол мақалада Елбасы «жұмыс­шылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биі­гінде болуы тиіс» дегенді айтты. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Расында, бүгінгі қоғамда кәсіподақ төңірегіндегі мәселелер баршылық.Маған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ретінде және менің әріптестеріме осы төңіректе жиі жауап беруге тура келеді. Оның үстіне қазақ­стан­дық кәсіподақтардың қоғамдағы рөлі мен мағынасы неде екендігін жете түсіне­тіндердің де көп емес екенін мойындауымыз қажет. Бұны айтулы мақалада Президент те сөз етті. Көпшілік үшін кәсіподақ ұй­ымдары әлі күнге дейін өзіне, болмаса отбасы мүшелері үшін шипажайлар мен демалыс үйлеріне, балалар лагерьлеріне жолдама алуға болатын ұйым ретінде ғана қалып отырған сыңай бар. Әйтсе де мұн­дағы парадокс келесіде. Дәл осы адамдар кәсіпорындарда қандай да бір даулы жағдайларды, мемлекет деңгейінде көте­рі­летін әлеуметтік мәселелерді шешу барысында кәсіподақтар белсенді ұстаным­ды ұстанғанын талап етеді. Яғни, бір жағы­нан, кәсіподақтарға кеңестік дәуірдегідей қарайды, екінші жағынан, оның қазіргі заманның талаптарына сәйкес болуы керектігін көксейді. Әрбір еңбеккер өз құ­қы­ғын өзінің белсенділігімен қорғауы керектігін естен шығара беретіндері басым. Осындай мәселелерді ескере келе, Президент айқындаған 20 қадамның әрқайсы­сына кәсіподақтар тыңғылықты дайындалып, өз үлесін қосуға тиіс деп санаймыз. Оның үстіне бұл бірден бола қоятын дүние емес. Бұған өзіміздің өткенімізді саралап барып, келешек үшін салмақты қадам жа­сағанымыз абзал.
– Дегенмен еңбек дауларына қа­тыс­ты мәселе соңғы уақытта әлем елдерінде ғана емес, Қазақстанның өз ішінде де біршама өршіді ғой. Бұндай шиліккен шиеленістерді тарқатуда кәсіподақтар не істей алды?
– Бұл жерде нақты түсіне кететін жайттар бар. Қайсыбір ақпарат құралдары, сол арқылы кейбір тұлғалар айтып жүргендей, еңбек дауларын қоздататын кәсіподақтар емес. Әсіресе еліміздегі ірі кәсіпорын­дар­да былтырлары, сондай-ақ соңғы уақыт­тар­да туындаған мәселелердің басым бөлігін кейбір ақпарат құралдары «кәсіп­одақтар әлеуметтік алауыздық тудырып отыр» деген ұғыммен айтып қалып, енді соның шешімін де тек қана кәсіподақ табуы тиіс дегенге саятын пікірге барып жатыр. Бұған еш келіспейміз. Қайта керісінше, кәсіподақтар кез келген еңбек ұжы­мын­дағы дауды сыртқа шығармай, олар­дың алдын алуға қызмет етіп келеді. Ал орын алған оқиғалар барысында көтеріл­ген мәселеге келсек, оны шешіп беру еш­қандай да біздің функциямызға жатпайды. Кәсіподақтың функциясы – еңбек дау­ларының алдын алу. Тағы қай­талап айт­қым келеді, заң­на­мада қамтыл­ған талапқа жүр­дім‑­бар­дым қарау салдарынан жыл сайын елі­мізде жүздеген еңбек даулары мен шиеленісулер орын алып жа­тыр. Ал сондай даулардың басым бөлігі кәсіподақ ұйым­дарының қатысуымен бастапқы кезеңде де шешіліп жүргені шын­дық. Мысалға, «Арселлор Миттал» ком­пания­сының кә­сіп­одақ комитеті жеті ай ішінде еңбек­ақыны арттыруды талап етті. Ақыр ая­ғында жұмыс беруші заңды талаптарды мойындауға мәжбүр болып, жұмыскер­лердің талаптарын кезең-кезең­мен шешуге келісті. Жаңаөзендегі қай­ғы­лы оқиға да – біздің тарихтағы қара дақ. Бұл ретте ең­бек қа­ты­насының екі тарапы дау шешуге келгенде ымырасыз қатаң ұста­ныммен қатып қалды, ал соның арты қа­лай аяқтал­ғанын естен шығар­мауы­мыз керек. Жаңа­өзен – бізге зор сабақ.
– Дегенмен дауды шешудің өрке­ниетті жолы қайсы еді? Еңбеккер­лер­дің талабын жоғары жаққа жеткізуде кәсіподақтар қандай қадам жасай ал­ды? Өз талаптарын өткізу үшін күн са­йын мыңдаған еуропа еңбеккерлері көшеге шығып жүр емес пе?!
– Сұрағыңызды түсіндім. Расында, кейбір ағайындар біздерді «жұртты көше­ге шығармайсыңдар, біздің талап туралы тиісті орындарға хабарламайсыңдар» деп кінәлап та жататыны жасырын емес. Осы төңіректе ойланайықшы,«көшеге шығу» арқылы біз әлеуметтік диалог шеңберінде оң нәтижеге қол жеткізе аламыз ба? Текетіресті тартыс нәтижелері қаншалықты жетістік әкеледі? Менің және көпшілік кә­сіп­одақ көшбасшыларының ұстанымы: жоқ олай болмауы керек. Кәсіподақ­тар­дың жал­пы ұлттық наразылығы Қазақ­стан­ның за­манауи жағдайларында тиімді емес және пайдасы мардымсыз, залалы зор деп санаймын. Бұған өткен іс-тәжіри­бе­міз ар­қы­лы да талай көзіміз жеткен. Біз мұндай­ды та­ри­хымыздың ең қиын қыс­тауы саналатын сонау 90-жылдардағы құл­дырау мен дағ­дарыс кезінде де пай­да­ланған жоқ­пыз. Өйткені бұл еліміздің сол кездегі қылшыл­дап тұрған аса нәзік мемлекеттік тұрақты­лығына зор зиянын тигізетінін түсіндік.
Ал қазіргі кезеңге келсек, жұмысшы талаптарын ұрандап жүріп күшпен шешу бүгінгі күні де өзекті дүние емес. Егер әңгіменің өзегі сөз бен істің сәйкестігі туралы қозғалса, онда даулы мәселенің бар­лы­ғын бейбіт жолмен келісімшарттар ар­қылы шешуге ұмтылуымыз керек. Мұнда қандай да бір «велосипедті» ойлап табу­дың қажеті шамалы. Сол тұрғыда кәсіп­одақ қызметкерлері үшін «Еңбек адамына – лайықты өмір», «Еңбекшілердің құқық­тары үшін, әлеуметтік әділдік үшін, әлеу­меттік прогресс үшін», «Адамша өмір сүру мүмкіндігі үшін», «Жұмыс беруші мен жұ­мыскер – өзара диалогы» секілді ұран­дар барынша жақын екенін айтқым келеді.
– Сонда кәсіптік одақтарға қатысты қоғамның көзқарасы қаншалықты өзгерді? Өзіңіз айтқандай, оны кешегі кеңестік режимнің сарқыншағы ретінде қарайтындар да жетеді ғой?
– Бұл сұрағыңа жауап беру үшін мен өзіңе бір ғана қарсы сауал қояйын. Кәсіп­одақ мүшесісің бе?
– Жоқ.
– Міне, гәп қайда! Жұмыс берушімен арада еңбек мәселесінде түсініспеушілік туындаса, құқығыңды қалай қорғайсың? Маған келсең, әрине, көмектесем, бірақ заң жүзінде тікелей араласа алмаймын. Бірден көшеге шықпақсың ба? Мінеки, еңбекшілердің құқығын қорғаудағы түсі­ніс­пеушілікке қатысты мысал табу еш қи­ындық тудырмайды. Кез келген жұмыс­шының құқығын сол арада қорғауға қабі­летті кәсіподақтардың қызметін жалпақ жұртшылық кеңінен түсінбей келеді. Сон­дықтан кәсіподақты кеңінен насихаттау жетіспейтінін мойындаймыз. Әйтпесе көп­шілік жағдайда дау-дамайларды шешуге, түсініспеушіліктерді тарқатуға қатысты тетіктер қолда бар. Ең басты көрсеткішіміз – ұжымдық шарт. Мұнда барлық мәселе қамтылған. Тіпті, менің байқауымша, БАҚ-­тың ішінен тек қана «Казахстанская прав­да» газетінде кәсіподақ ұйымы құ­рыл­ған. Кәсіподақ ұйымын құрып, ұжым­дық шартты біршама жетілдіріп, кеңі­нен қолдансақ, қоғамға пайдалы болатын көп дүние өз шешімін табар еді.
– Дегенмен қазақстандық кәсіп­одақ­тарды халықаралық талаптарға сай дамыту мәселесіне қалай қарай­сыз?
– Бүгінгі жаһанда әрбір мемлекет әртүрлі деңгейде дамып жатыр. Ондағы қоғамдық, азаматтық ұйымдардың күш-жігері де әр деңгейде. Солай бола тұра, бүкіл әлемде кәсіподақ функциясы бірдей: өз құқықтары мен экономикалық мүдде­лері үшін күресте еңбекшілерді біріктіру, оларды жұмыс берушілердің озбырлығы­нан қорғау, жалдамалы еңбек адамдары­ның мұқтаждықтарына жауап беретін әлеу­меттік-экономикалық саясатты жүр­гізу мақсатында мемлекетке ықпал ету. Мінеки, осы жолды әлемдік тәжірибелерді саралап, кәсіподақтар ұйымының өзіне тән қазақстандық үлгісін қалыптастыруға тиіспіз деп санаймын. Расында, біздің өз жо­лымыз бар және соған сай келетін кәсіподақ саласындағы өз үлгіміз болғаны жөн. Сондықтан да кәсіподақтар саласында Қазақстанға ешқандай да Испанияның, ешқандай да Грекияның тәжірибесі мысал бола алмайды. Өйткені өркениетті санап жүрген еуропалық кәсіподақтардың өзі бүгін тығырыққа тіреліп отырғаны белгілі. Тіпті масылдық психологиясы өн бойын жаулап алған кәсіподақтар да сол батыс­тың өзінде жетіп-артылады. Сондықтан біз өз жолымызбен дамимыз. Халықтың психологиясына, ұлттық менталитетіне көп нәр­се байланысты.
– Тағы бір мәселе бізде көптеген кә­сіп­орындарда кәсіподақ ұйымы аты­мен жоқ. Жалақыны кешіктіруден бас­талатын еңбеккерлер құқығын тап­тау, олардың мұңы мен шағымын еле­меу секілді әлеуметтік шиеленістер де көбі­не осындай кәсіподақсыз мекемелерде туындайды деп отырсыз. Ал жал­пы кәсіподақ ұйымын құру үшін онда мұнша жұмысшы болуы керек деген секілді белгіленген бір құқықтық өлшемдер бар ма?
– Он адамнан тұратын бастамашылар жұмыс беруші алдына өздері кәсіподақ ұйымын құратыны туралы мәселе қойса болды, оның құрылуына ешкім кедергі бола алмайды. Ең бастысы, ынта керек. Ал оның пайдасын жоғарыда айттым.
– Дегенмен Қазақстанның кәсіп­одақ­тар федерациясының ұстанымын тағы бір пысықтап өтсеңіз?
– Қазақстан кәсіподақтар федерация­сының «Еңбек адамына – лайықты өмір!» атты басты ұраны бар. Расында, жұмыс­шыға еңбегіне сай лайықты өмір мен ла­йықты тұрмыс қажет. Жұмыс істейтін адам кедейлік жағдайында өмір сүрмеуі шарт. Бұл – біздің бұрыннан қалыптасқан ұстаны­мы­мыз. Әрбір жұмыс істейтін адам жала­қы­сын уақтылы алып қана қоймай, басқа да бағыттағы дамуын жақсартып отырса игі. Соған жағдай жасалса екен. Осы тұрғы­дан алғанда кәсіптік одақтардың қызметіне қатысты бірқатар шаралардың қажеттігін біраз жылдар бойы көтеріп келеміз. Бұл, біріншіден, кәсіподақтар туралы заңның керектігі. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Онда кәсіподақтар құқығы мен жауапкершілігі қоса қамтылуы тиістігін айтып жүрміз.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы­ның Кәсіподақтар федерациясы 26 сала­лық кәсіптік одақты, 15 аумақтық кәсіп­одақ бірлестігін, оларда өз еркі бойынша біріккен 2 миллион 139 мың 683 мүшені біріктіре отырып, ел еңбекшілерінің неғұр­лым өкілді қоғамдық ұйымы болып табылады. Кәсіподақтарда өз Гимні, Туы, Гербі, кәсіподақ қызметкерінің этикасы, жыл са­йын аталып өтетін мерекесі – Қазақстан кә­сіп­одақтары күні бар. Осындай үлкен күш­пен үлкен мақсатты алға ұстап отырмыз.
– Сол мақсаттар шеңберінде жүзеге асуы тиіс еліміздің еңбек қатынаста­рын­дағы өзекті проблемаларды атап өтсеңіз?
– Кәсіподақтар федерациясы Қазақ­стан­дағы өмір сүрудің сапа стандарттарын ұдайы көтеріп келеді. Мұнда көп жағ­дайда басты мәселе жалақыға қатысты. Бұл – Қа­зақ­станда әлі күнге жүйеге келмеген, даму жағдайына сәйкес орныға алма­ған өзекті дүние. Өйткені қазір еліміздегі әрбір кәсіп­орын, кез келген жұмыс беруші жала­қы­ны өзі қалай тағайындағысы келсе, солай та­ға­йындап жатыр. Басқасын қо­йып, мұнай са­ласын алып қараңыз. Маң­ғыстау өңірі бо­йынша бір салада жұмыс атқаратын мұнай­шылардың жалақысы әр ұжымда әр­түр­лі. «Қаражамбаста жалақы неге жоға­ры, Өз­ен­де неге төмен?» дегенге саятын мә­се­ле­лер де жұмысшыларға ой туғызбай қой­май­ды. Бұдан бөлек, шетелден келген ма­ман­дар­дың да жалақысы бір деңгейде емес.
– Неге?
– Бізде оны қалыптастыратын заң жоқ. Шетелдіксің бе, қазақстандықсың ба, оған қарамай-ақ мамандығына, біліктілігіне қатысты жалақы тағайындалса құба-құп болар еді дегенбіз. Ол әзірше болмай тұр. Бюджет қызметкерлерінің өзінде жалақы дұрыс емес. Мұны қалыпқа түсіру керек. Мәселен, керемет білікті хирургтің, тәжі­ри­бесі мол дәрігердің жалақысы министр­дің жалақысынан да жоғары болуға тиіс деп санаймыз. Еліміздегі ең төменгі күн­көріс шегі де нақты емес, қазір 17 мың тең­ге шамасында. Ал 17 мың теңгеге өмір сүру мүм­кін бе? Ендеше бұның бәрі бір жү­йеге келсе игі. Сол үшін мейлі ол жұ­мыс­кер болсын, зейнеткер, студент және басқа болсын, әрбір қазақстандық­тың өм­ір сүру сапасын бағалаудың басты эл­ем­ент­терінің бірі ретінде ең төменгі күн­көріс деңгейінің шамасын айқындау әдістемесін жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүр­гізбекпіз.
Осындай түйткілді жайттарды шешу үшін Қазақстан Республикасы кәсіподақ­тары­ның 2010-2015 жылдарға арналған стратегиясын қабылдаған едік. Мұнда бас­ты стратегиялық әрекеттеріміз бірінші кезек­те еңбекақы төлеу саласындағы кәсіп­одақ сая­сатына негізделген. Мәсе­лен, кә­сіп­одақтар бірқатар заңнамалық актілерді әзірлеп, қабылдауды талап етеді. Бұл тұты­ну бюджетінің және ең төмен еңбекақы нор­маларын реттейтін «Ең тө­мен­гі тұтыну бюд­жеті туралы», «Ең төменгі еңбекақы ту­ралы» заңдарға қатысты болып отыр. Со­ны­мен қатар біз көпке созбай, жалпы ішкі өнімдегі еңбекақы үлесін 5-6% дең­гейіне көтеру және өнімнің өзіндік құнын­дағы еңбекақы үлесін арттыру арқылы ең­бек пен капитал арасындағы қайшылық­тарды нақтылы жұмсартуға ат салысуды парызымыз деп санаймыз.
– Қазіргі жаһанданған әлем ерекше жағдайды бастан кешіріп отырғаны белгілі. Дағдарыс толқыны Еуропа­дағы мыңдаған адамдарды күн сайын көшеге шығарып жатқанын айттық. Ал осындай дағдарыстық құбылыстар­дың алдын алу үшін қандай қадам жасау керек деп ойлайсыз?
– Расында, әлемдік жұмысшылар қоз­ғалысы да күрделі уақыт сынынан өтуде. Дағдарыс салдарынан жұмыс орындары­ның, жалақының жаппай қысқаруы ең­бекшілердің толайым наразылықтарын, ереуілдерін туындатып отыр. Мұндай құ­бы­лыстарды болдырмау үшін елімізде се­ріктестік қатынастардың барлық тараптарына: мемлекеттік органдарға, жұмыс бе­рушілер бірлестіктеріне және кәсіподақ­тарға жаңа әлемдік құрылыс алға тартып отырған барлық мәселелерді шешуге барынша жауаптылықпен қарау міндеті аса өзекті. Сондықтан біз дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асы­руға өз үлесімізді қоспақпыз.
– Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңізге жеміс тілейміз!

Айтарым бар
Қазір еңбектенгісі келген, жұмыс іздеген жан­ға мүмкіндік мол. Жаңа өндірістер қаптап жатыр. Алайда жұмыссыздар қатарындағы өзіміздің қаракөздеріміз осындай мүмкіндікті пайдаланып қалуға тым селқос қарайтыны өзекті өртейді. Шындығында, масылдықтан арыла алмаған еңбек етуге құлықсыздар өзінің ғана емес, мемлекеттің де мәселесін қиындатып отыр. Ендеше олармен күрескен ләзім.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста