Мемлекеттік кірістер комитеті интернет-платформалармен бірлесіп, такси жүргізушілері мен курьерлерге ыңғайлы функционалды жүзеге асыруда.
Такси немесе курьерлік жеткізу қызметтерін көрсету кезінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу немесе мекемеге (басқа кәсіпкерге) жалдамалы қызметкер ретінде рәсімдеу жолымен салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуге міндетті.
"Осыған байланысты, интернет-платформаларды пайдалана отырып, қызмет көрсететін тұлғаларға салық міндеттемелерін орындауға көмектесу үшін мемлекеттік кірістер комитеті "eSalyq Business" мобильді қосымшасын пайдалана отырып жүргізілетін салық режимі негізінде пилоттық жобаны іске қосуда", - делінген хабарламада.
Оның шеңберінде жеке кәсіпкер ретінде тіркелу тікелей интернет-платформада өтеді, интернет-платформа операторы табысын төлеу кезінде тиесілі салықтар мен әлеуметтік төлемдерді ұстайды және төлейді, содан кейін мәліметтер автоматты түрде комитетке беріледі.
Бұл жеке тұлға салық органдарына бармай-ақ, салық міндеттемесін орындайды, ал салықтарды есептеу мен төлеудегі қателіктер жойылады.
Бүгінгі күні ақпараттық жүйелерді баптау бойынша "Яндекс.такси"-мен жұмыс жүргізілуде, жұмыстар аяқталғаннан кейін азаматтар ерікті негізде пилоттық жобаға қосыла алады. Техникалық жүзеге асырудың жоспарланған уақыты – 2023 жылдың 1 шілдесі.